01 Мамыр, 2015

Жеңімпаздар анықталды

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі музыкатанушы, композитор, профессор Өмірбек Байділдаев атындағы V қалалық «Туған ел» патриоттық әндер байқауы мәреге жетті. Без имени-2Қалалық ән байқауына Абай атындағы ҚазҰПУ-дің, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының, Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері мен П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің және т.б. оқу орындарының студенттері қатысып, бақтарын сынады. Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Майра Ілиясова бастаған өнер қайраткерлері қазылық ­жасады. Қалалық деңгейде өткен байқауды ашқан ректор аппаратының жетекшісі Санат Айнақұлов: «Өмірін өнерімен өрнектей білген Өмірбек Байділдаев біздің университетте Музыка теориясы және тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сол жылдары музыка мәдениетінің тарихы мен теориясын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосып, көптеген әндерімен баға жетпес мұра қалдырды. Оның халық арасында кең тараған «Туған ел», «Қазақстан салтанаты», «Алматым – астанам», «Қимаймын сені», «Ауыл кеші», «Май жыры», «Қыз бен жігіт айтысы», «Жаңа жыл кешінде», «Сұлу екен Алматының қыздары» және т.б. сәтті туындылары – қазақ саз өнерінің қорына қосылған өзіндік мол мұра. Бұл байқау жас­тарды отансүйгіштікке баулып, туған тіл мен өнерге қызығушылықтарын арттырары сөзсіз», деді. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдеге Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ІІІ курс студенті Мейрамбек Тағанов ие болды. І орынды Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері – Эстрада-вокал мамандығының 1-курс студенті Азамат Амангелдіұлы, Музыкалық драма әртісі мамандығының 3-курс студенті Айдар Ақыпбаев және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің Академиялық ән салу бөлімінің 4-курс студенті Мейірбек Балнұр иеленді. Төрт үздік орындаушы, сонымен қатар, Майра Ілиясованың «Сағындырған әндер-ай» концертіне қатысуға мүмкіндік алды. Бұл жолдама жас әншілердің үлкен сахнаға шығуына, бақтарын сынауға, танымал әнші болуға септігін тигізері сөзсіз. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Аталмыш шара соңында байқауға демеушілік көрсеткен Өмірбек Байділдаевтың шәкірті Гүлнар Чимбаева ректордың Алғыс хатымен марапатталды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.