05 Ақпан, 2015

«Бұл – ғажайып құрылыс!»

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ACD_3349 Бұрын «Самара – Шымкент» тас жолы Қызылорда қаласы арқылы өтетін. Әрі-бері ағылған көлік нөпірі қала көшелерінде кептелек жасап, жұртты әбігерге салды дей алмаймыз. Дегенмен, алып жүк көліктерінің қала ішінде зырғып жүргені аса бір сүйкімді көріністердің қатарынан емес еді. Алысқа бармай-ақ, Шымкент пен Тараз қалаларын айналып өтетін айналма жол бар. Осындай айналма жол Қызылордада да болса екен дейтін едік. Өткен жылдың соңына қарай Елбасының қатысуымен тікелей телекөпір өтті. Аталған шара барысында Қызылорда облысынан екі нысанның тұсаукесері болды. Оның бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Сырдария өзенін кесіп өтетін көпір еді. «Ғасыр жобасына» баланған жол құрылысы ақмешіттік ағайынның арманын орындады. Қос құрлықты жалғайтын қара жол Қызылорда қаласын айналып өтетін болды. Әрине, айналма жолды жасау қиын емес қой. Бірақ теміржол мен дарияның үстінен, сондай-ақ, қалаға кірер жерге айналма жол салу керектігін ескерсек, онда жұмыстың еселене түсетінін байқаймыз. Десек те, осы жұмыстың бәрі жасалды. Дарияны қиып өтетін 210 метрлік көпір де бітті. Солайша, телекөпір барысында аталмыш көпір пайдалануға берілді. Шараға қатысқан Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Берік Камалиев қаты­насты жақындататын, байланыс­ты жылдамдататын бұл көпірдің маңыздылығын ерекше атап өтті. Жалпы, дарияның үстінен көпір салу оңай шаруалардың қатарынан емес екенін айттық. Оның үстіне Қазақстанда тұңғыш рет «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы аясында Қызылорда облысында көпір салудың жаңа үлгісі, озық технологиясы, яғни монолитті технология қолданылды. Бұл көпір – қызмет ету мерзімінің ұзақтығымен, қауіпсіздігімен, сенімділігімен, жылдам құйылып, салынатынымен, эстетикалық көркінің және кез келген жобаға қолдануға ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Телекөпір барысында Елбасы «Бұл – ғажайып құрылыс!» деп өз бағасын берді. Сондай-ақ, аталған көпір еліміздің оңтүстігі мен батысын байланыстырып тұратын болады. Қызылорда облысынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің 812 шақырымы кесіп өтеді. Бүгінде жұмыс аяғына жақындап қалды. Ғасыр жобасына 3 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Құрылыс басында 5405 адам жұмыс істеді. Айта кетерлігі, жұмысшылардың 65 пайызы, яғни 3507 адамы жергілікті тұрғындардан құралды. Ал Қазақстанның өзге өңірлерінен 1550 адам үлкен жолдың құрылысымен айналысса, шетелден 348 азамат шақырылды. Бүгінде бірінші санаттағы 246 шақырым және екінші санаттағы  369 шақырым, барлығы 615 шақырым пайдалануға берілді. Қалған құрылыс жұмыстары өз кестесіне сай атқарылып келеді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.