02 Мамыр, 2015

Тиянақты, тыңғылықты тірлік тірегіне айналар тұжырымдар     

498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ортақ ойымыз – отыздықтан көріну ERA_6591Қуаныш СҰЛТАНОВ, Мәжіліс депутаты: – «Қазақстан -2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын халық жақсы біледі. Осы бағ­дарламалардың аясында нақты-нақты алып жобалар да жүзеге асырылуда. Ал енді кешегі әлеуметтік жағдайға байланысты айтылған сөзіндегі елдің экономикасын көтеру, әлеуетін, руханилығын арттыру, тұрмыс жағдайын көтеру бағытындағы ұзақ мерзімді жос­парлары халықтың сапасын, санасын көтеруді мақсат еткені көрініп тұр. Осы сөздерден кейін біз «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының мақсат-мүддесін тереңірек ұғына бастадық. Түптеп келгенде, соның бәрі Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асырудың қадамдары екен. Сонымен қатар, іс-әрекеттердің сапасын арттыру бағытында елді жаңғырту жөніндегі комиссия құрылды. Ұлықтау рәсіміндегі сөзінде Елбасы ол туралы айтқан еді, біз оны жуық арада құрыла қоймайтын шығар десек, ол кеше жедел түрде құрылып та үлгерді. Оның тармақтары барынша дамыған елге қажетті дүниелердің бәрін қамтыған. Мен комиссия жұмысының тиімді боларына сенімдімін. ERA_6547Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты: – Бүгін еліміз шат-шадыман болып Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлап жатыр. Бірлік – біздің еліміздің ең үлкен мақсаты. Кешегі ұлықтау рәсіміндегі сөзінде де Елбасы осы сөзді айтты. Сонымен қатар, ол өзі ұсынған бес институттық реформаны алға жылжыту үшін комиссия құратынын да айтқан болатын. Сол Ұлттық комиссия да құрылып, өзіне жүктелетін міндеттерді қабылдап алды. Парламент палаталарынан да оған өкілдер енгізілді. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бізді жинап алып, комиссияның алдында тұрған міндеттер туралы айтып берді. Дағдарысқа қарсы күресте Елбасы ішкі жалпы өнімді арттыру мақсатын да алға қойып отыр. Осы бағыттағы жұмыстың белсенді жүргізілуін де комиссия қадағалайтын болады. Халықтың әлеуметтік жағдайын жоғары деңгейде ұстап тұру да назардан тыс қалмайды. Экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдай қай күнде тепе-теңдігін жоғалтпауы керек. Егер осы теңгерім бұзылатын болса, онда дефолт болуы мүмкін. Сондықтан әрі экономиканы алға жылжытып, әрі халықтың әл-қуатын арттыруды қатар алып жүру керек. Елбасының негізгі тапсырмасы да осыған саяды. ERA_6522Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы: – Биылғы Қой жылының көктемі біздің халқымызға той жылы болып басталып жатыр. Күні кеше ғана халқымыздың зор белсенділігінің арқасында бірауыздан сайланды деп айтуға болатын Президентіміздің ұлықтау рәсімі болып өтті. Халықпен біртұтас болған ардақты ұлы бүкілхалықтық қолдауға ие болғанын бүкіл әлем көзімен көрді. Ұлықтау рәсімінде ол алдағы уақытта атқарылатын істердің бағдарламасын айтып берді. Оның ішінде өзі Ұлт жоспары деп атаған Қазақстанды жаңғырту жөніндегі реформаларды айрықша атауға болады. Мен осы реформаларды жүзеге асыру үшін өзімнің барлық күш-жігерімді жұмсайтын боламын, деген еді Президент. Бұл реформалар біздің елімізді 2050 жылы барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізетін қадамдар екені даусыз. Осы реформаларды іске асыру үшін Президент бірден Ұлттық комиссия да құрып үлгерді. Ол бірнеше саланы қадағалайды. Соның ішінде кәсіби мемлекет құруға, оның іс-әрекеттерінің мөлдірлігіне баса назар аударылып отыр. Еліміздің еркін дамуы, оның ішінде, индустриялық-инновациялық даму бағыттарына да ерекше көңіл бөлінетін болады. ERA_6562Борис СОРОКИН, Мәжіліс депутаты: – Мерекелік көңіл-күйім өте жақсы деп айтуға болады. Бірінші мамырдың дәл бүгінгідей жадыраған күйін бұрын Астанада көрген жоқ едім. Бұлт болмаса да ызғар кетпей тұратын, ал бүгін айрықша күн екен. Оның үстіне бұл күн Қазақстан халқының өз Көшбасшысын дұрыс анықтағанына Жаратқанның жасап жатқан сыйы ма деп отырмын. Мемлекет басшысы кешегі ұлықтау рәсімінде бәріміздің алдымызға нақты тапсырмалар қойды. Соның ішінде жаһандық қауіп-қатерлер туралы да айтып өтті. Олардың біздің экономикамыздың дамуына кеселін тигізетіні анық екені айтылды. Осының бәрі меніңше, өте дұрыс айтылған сөздер. Біздің осындай қатерлерге қарсы тұратын басты күшіміз – еліміздің бірлігі, халқымыздың біртұтастығы. Мемлекетті жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысы айқын. Ол қолға алынған реформалардың орындалуын қадағалайды. Меніңше, нақты істерді қадағалайтын осындай нақты комиссияның құрылғаны дұрыс шешім болды. ERA_6570Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Мәжіліс депутаты: – Ел Президентінің жанынан құрылған Ұлттық комиссия бұрын айтылған 5 реформаны кезең-кезеңмен жүзеге асыруды басқарып, мемлекеттік органдардың, бизнес сектор мен азаматтық қоғамның іс-әрекеттерін үйлестіретін болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі өткізген кеңесте осы комиссияның құрылғанын жариялады. Ұлттық комиссияның жанынан беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылардан тұратын консультативтік кеңес құрылатынын да Президент ұлықтау күнгі сөйлеген сөзінде атап өтті. Консультативтік кеңес халықаралық тәжірибенің озық үлгілерін пайдалануға ықпал ететін болады. Меніңше, бұл комиссияның жұмысы барынша тиімді болуға тиісті. Комиссия құру туралы Жарлықта оның негізгі бағыттары мен оларды қадағалауға жауапты адамдар да белгіленді. Осының өзі комиссия жұмысының нақты бағыттарын айқындап отыр. Әрине, халық бұл комиссияның жұмысына қолдау білдіруі керек, тек халық қолдағанда ғана кез келген іс нәтижелі болады.