03 Мамыр, 2015

Бокс. «Ғасыр жекпе-жегінде» Мэйвезер Пакьяодан басым түсті

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
3-05-2015-gasyr zhekpe-zhegi 01 АСТАНА. 3 мамыр. Кәсіпқой бокстан жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша бүкіл әлем көз тіккен америкалық Флойд Мэйвезер мен филиппиндік Мэнни Пакьяо арасындағы айқас аяқталды. «Ғасыр жекпе-жегі» атанған тартыста Мэйвезер төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Кездесу 12 раундқа созылды. Алғашында америкалық боксшының басымдығы байқалған. Кейін жекпе-жектің орта тұсында Пакьяо белсенділік танытты. Десек те, соңғы раундтарда ширақ қимылдаған Мэйвезер ұпай санымен басым түсті. Осы жеңістен кейін америкалық WBA, WBC және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Алғашқы екі тұжырымның чемпиондық атағы бұрыннан Мэйвезерге тиесілі болса, соңғысын бүгінге дейін Пакьяо иемденіп келгенін айта кетейік. Бокс кеші АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы MGM Grand аренасында өтті. Бұл жекпе-жектен Мэйвезер 120 млн, ал Пакьяо 80 млн. доллар табыс табатыны алдын ала белгілі болды. Кейбір дерек көздерінде кездесуден түсетін жалпы табыс көлемі 500 миллион доллардан асатыны айтылуда. Осыған дейін Мэйвезер 47 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткені белгілі. Яғни, бүгін ол өзінің 48-ші жеңісіне қол жеткізді. Ал 58 мәрте айқасқа түскен Пакьяо 50 жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған. 2 мәрте тең нәтижеге қол жеткізген ол бүгінгімен 6 рет қарсыласына есе жіберді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: twitter.com.