Racing Team – энергия үнемдейтін технологияларды әзірлейтін алғашқы команда. Жоба жетекшісі, команда капитаны және негізін қалаушы Әлібек Ибраимнің айтуынша, биыл Shell Eco-marathon қатысу шарттары мен стандарттары қиындағанына қарамастан, Сәтбаев университетінің командасы техникалық байқаудан сүрінбей өтіп, жарыс алаңын үш рет айналып, үздік нәтиже көрсетті.
Биыл 16 елден 50-ден астам команда қатысқан энергия үнемді көліктер шеруі әлемге әйгілі «Формула-1» халықаралық Lusail Race Track жарыс жолында өткен.
Команда электромотор құрастыруда негізгі бөлшектерді жасау үшін қайта өңделген пластик және 3D принтермен қоса, инновациялық технологияларды пайдаланған. Бұл жобаға әр факультеттен студенттер қатысып, білген білімдерін ортаға салуының нәтижесінде ерекше жарыс көлігін құрастырды. Жобаға Shell Kazakhstan компаниясы бас демеушілік етсе, жаңа көлікті әзірлеуге Tesla Kazakhstan компаниясы қолдау көрсетіп отыр.
Осылайша Racing Team командасы әзірлеген TOQ prototype 4.0 жарыс машинасы 1 кВт энергиямен 205 шақырымды еңсеріп, жоғары көрсеткішті бағындырды. Команданың ендігі бағыты Қытайда өтетін жарысқа қатысу. Ол үшін үлкен дайындық пен демеушілердің қолдауы қажет.
Былтыр Индонезияда өткен жарыста Racing Team командасы «Қауіпсіздік сыйлығына» ие болып, 3 мың доллар иеленіп қайтқан болатын.