Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі – 19 жыл жүргізілген үлкен шаралар мен ел мүддесін көздеген тиянақты келіссөздердің жемісі, салиқалы ішкі-сыртқы саясат пен экономикалық және құқықтық реформалардың жеңісі, биылғы жылдың ең үлкен жетістігі мен жаңалығы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жасаған мәлімдемесі мен Марракеш келісіміне қол қойғаны – ел үшін елеулі оқиға, үлкен үміт, зор қуаныш, тәуелсіз Қазақстан тарихында басталған жаңа жасампаз кезең.
Бұл оқиға елімізге не береді? Ұтыламыз ба, әлде ұтамыз ба? Қарапайым халыққа қандай пайдасы бар? Бұл үдерістің плюстері мен минустары қандай? Дүниежүзілік бәсекелестікке ел экономикасы төтеп бере ала ма? Бұл сұрақтарға отандық және шетелдік сарапшылармен қатар, қатардағы ел тұрғындары жауап іздеп, әртүрлі пікірлерін жарыса білдіруде. Оларға құлақ түрсек, оң пікірлер көбірек, күдіктен үміт басымдау. Ең бастысы, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру Қазақ елінің әлемдегі абыройын асқақтатып, халықтың саяси және экономикалық әлеуетін жоғарылатады. Бұл бағыттағы басты мақсат – әлемдік нарыққа ұтымды кірігу, озық технологиялар мен заманауи ғылымға сүйенген инновацияларды кеңінен енгізу, еркін сауда мен бәсекелестік ортада қарыштап дамудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, мемлекеттің мүдделерін қорғау, елдің есесін ешкімге жібермеу, жан басына өндірілетін өнімді еселеп ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту. «Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз дұрыс па?» деген сұрақты күн тәртібінен алып тастасақ та, артық кетпейміз. Себебі, біз әлемнің бір бөлшегіміз. Сондықтан да, үлкен әлемге кірігуден, дүниежүзі елдерімен еркін сауда жасап бірігуден қашқақтаудың жөні де, реті де жоқ. Заманымыздың басты үдерісі – жаҺандану тоқтамайды. Күннен-күнге өзгеріп, өркендеп жатқан өркениетті әлеммен бірге дамып, батыл экономикалық реформалар жасап, дамыған отыз елдің қатарына ену үдерісін барынша жақындатудың жолдарын қарастырған жөн. Бәйгеге қосылған аттардың жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлары ғана оза шабатынын атбегі дана бабаларымыз баяғыда айтып кеткен. Бәсекелестіктің не екенін жылқы жанды қазақ жақсы біледі, терең ұғынады. Сондықтан, тоқмейілсіп тоқырауға, еріншектік ұстап жалқаулануға, ысырапшыл шашпа болуға, ел тыныш, жұрт аманда үдеріске ілеспей көштен қалуға, досқа – күлкі, дұшпанға – таба болуға мүлдем жол жоқ.
Керісінше, әр азамат, әр басшы, әр қызметкер, әр жұмысшы, әр отбасы, әр ұжым, әр мекеме, әр кәсіпорын, әр сала, әр аймақ, қысқасы, басшысынан қосшысына дейін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға атсалысып, күш-жігерін аямау керек. Елдегі тыныштық пен татулық, қазақ елінің халқының бірлігі, соның ішінде қара шаңырақтың иесі қазақ халқының ауызбіршілігі бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырып, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына орнын тауып, кірпіш болып қалануына негіз болары анық.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Ағайын тату болса, ат көп. Абысын тату болса, ас көп», «Бірлік жоқ жерде, тірлік жоқ», «Ырыс алды – ынтымақ», «Кәсіп болмай, нәсіп болмас», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Біткен іске сыншы көп», «Біткен істе мін жоқ, бітірген ерге сын жоқ».
Қазақта айтылмаған сөз жоқ шығар, бабалардың айтып кеткен аталы сөздерінен сабақ алып, сөзден іске көшіп, жұдырықтай жұмылып, жұмыс жасайық, дүниежүзілік нарықта бәсекеге қабілетті болайық. Біздің ел Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп бірдей тең жағдайда еркін сауда жасап, жаһандық экономикалық үдерістерге белсене қатысуға құқық алды, халықаралық нарыққа шықты. Осыған байланысты, инвестициялық мүмкіндіктері артатын Қазақ елінде экономикалық және технологиялық оң өзгерістер орын алады, жүздеген жаңа кәсіпорындар салынады, жаңа өнімдер өндіріледі, мыңдаған жаңа жұмыс орындары пайда болады. Еуразиялық экономикалық одақтың нарығына шыққанда еліміздің өрісі кеңейген, енді дүниежүзілік нарықтың одан бірнеше есе үлкен екенін ұғынып, неге мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланбасқа.
Дүниежүзілік нарық пен бәсекелестік Қазақ елінің экономикасы мен халқымыздың өмір сапасын, жаңа сатыға, жоғары деңгейге көтеретін күн алыс емес. Соған сенім мол, енді бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру – басты міндет. Бәсекелестікке төтеп беру үшін күш-қайрат, ақыл-айла, ізденіс, ұқыптылық, үнемшілдік, ерен еңбек, ұтымды экономикалық саясат, жоғары еңбек өнімділігі, шығындарды барынша азайту, өндірілетін өнімдердің сапасын арттыру, тиімділікті арттыру ауадай қажет. Менеджмент, маркетинг, ғылыми болжам, жан-жақты мониторинг секілді экономикалық әдістерге ерекше көңіл аударсақ, минустардың алдын алып, жойып, плюстерді көбейтсек, ұтпасақ, ұтылмаймыз. Плюсы мен минусы дегенде, нарықтағы мың құбылған өзгерістерді қадағалап, ескеріп отырған дұрыс. Бір жақсысы, қарапайым ел тұрғындарына баж салығы төмендеудің нәтижесінде, Батыстың сапалы тауарлары қолжетімді болып, олардың тұтынушылық қабілеті артады. Бір жаманы, сырттан келетін салықтарға салынатын баж төлемдерінің айтарлықтай төмендегені, отандық тауар өндірушілердің жағдайына әсерін тигізуі ықтимал.
Осыны ескерген қазақ Үкіметінің бірқатар талаптары ескеріліп, келіссөздердің арқасында Қазақстанға ауыл шаруашылығына субсидиялар беруге рұқсат етілді. Мысалы, еліміздің ауыл шаруашылығында мемлекеттік ассигнованиялардың мөлшері 8,5 пайыз деңгейінде 2020 жылға дейін сақталады. Салыстырсақ, көптеген елдерде ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар 5 пайыз шамасында екенін ескерсек, бұл біршама жеңілдік екені даусыз. Біздің елімізде ауыл шаруашылығының негізгі саласының бірі, ата кәсібіміз мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын әлемдік деңгейге жеткізіп, экспорттық әлеуетін және еңбек өнімділігін арттыруға зор мүмкіндіктер бар. Елімізде ірі қара, қой, ешкі, жылқы және түйе шаруашылықтары өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сапасы жоғары сүт, қымыз, шұбат, «мәрмәрлі» ірі қара еті, сүт татыған бұзау және қозы еттері, жүн, түбіт, тері өндіруді дұрыс жолға қою керек. Қымыз, шұбат, балқаймақ, құрт, қазы, қарта, жал, жая, бағылан еті, қуырдақ, түбіт шәлілер секілді өнімдерді мол өндіріп, стандарттарды жетілдіріп, беркітіп, сапаларын әлемдік деңгейге жеткізіп, инновациялық патенттер алып, неге ұлттық брендке айналдырмасқа.
Атамыздың асын адамзаттың асына айналдыруға не кедергі? Елімізде отандық мол өнімді ақбас сиыры, еділбай, ақжайық етті-жүнді және Атырау етті-майлы, құйрықты-елтірілі қойлары, көшім, адай, Мұғалжар және Қостанай жылқылары, қазақтың қос өркешті түйелері өсіріледі. Сонау 1950 жылы бекітілген қазақтың ақбас сиырының тұқымы биыл 65 жасқа толды. Өнімділік және тұқымдылық қасиеттері бойынша шетелдік тұқымдардан кем емес, ал жергілікті жағдайға бейімділігі бойынша олардан анағұрлым артық мал. Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары мен асыл тұқымды шаруашылықтардың мамандарының көп жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесінде қазақтың ақбас сиырының Батыс Қазақстан тұқымішілік, аңқаты іріленген және шағатай тоқал зауыттық сүлелері, Майлан және Коппертон зауыттық аталық іздерін шығарып инновациялық селекциялық жетістіктері үшін бес патент және бірнеше авторлық куәліктер алынды. Бұл бәсекеге қабілетті, мол өнімді зауыттық сүлелер мен аталық іздердің малы дүниежүзілік нарыққа төтеп беретін селекциялық жетістіктер екені тәжірибеде дәлелденген.
Заманауи ғылым мен озық тәжірибе ұштасса, жоғары бәсекелестік қабілеттің кепілі. Біздің ғалымдар мен мамандар бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыруда. Ғылыми жобаларға байқаулар өткізіп, қаржылай қолдауды ұлғайтсақ, өндіріске инновациялық технологиялар көптеп енгізілмек, ел экономикасының бәсекелестікке қабілеті артпақ. Ал дүниежүзілік нарықта бәсекеге қабілеттілер ғана ұтады, осыны әрқашан естен шығармайық.
Болатқали ТӨЛЕБАЕВ,
білім беру ісінің құрметті қызметкері, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, ғылым кандидаты.