06 Мамыр, 2015

Өңір өміріндегі өзгеріс  

405 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ACD_7487

V «Байқоңыр» инвестициялық форумы сәтті отті

Қызылорда облысында аймақтың инвестициялық келбетін арттыратын, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға атсалысатын V «Байқоңыр» инвестициялық форумы өтті. Дәстүрлі форумның туризм саласына қатысты бөлігі Байқоңыр қаласынан бас­талды. Туристік саланы дамытудың инвестициялық тартымдылығын таразылаған форум жұмысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, шетелдік және отандық туроператорлар мен инвесторларға өңірдегі туризмнің болашағы туралы айтты. Басқосуда Қызылорда облысының туристік әлеуетін саралаған шетелдік және отандық мамандар өз ұсыныстарын білдірді. Ғарыш кемесінің көк төсіне самғаған сәтін тамашалау – миллиондаған саяхат­шының арманы, көпшілік қызықтағысы келетін керемет көрініс екені даусыз. Сондықтан да, Сыр топырағына табаны тиген форум қонақтары алдымен «Бай­қоңыр» ғарыш айлағындағы алаңға барып, «Союз» зымыранының кезекті ұшырылым сәтін тамашалады. Қонақтар мұнан кейін Жұлдызды қалашықта ұйымдастырылған тақырып­тық секцияға қатысты. Секция жұмысын ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көптеген мемлекеттердің туризмнен қомақты табыс тауып отырғанын, соңғы жылдары оны аймақта дамыту үшін үлкен жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді. Басқосуды Инвестициялар және даму министрлігі туризм индустриясы де­­партаментінің директоры Тимур Дүй­сенғалиев жүргізіп отырды. Жиын модераторы алдымен аймақтық экономикаға тартылған инвестиция көлемінің жыл сайын өсіп, даму қарқыны бойынша респуб­ликада алдыңғы қатарда келе жатқанын, әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы аймақтың бойтұмары екенін атап өтті. «Қызылорда облысы туризм саласының инвестициялық тартымдылығы» тақыры-бындағы секция жұмысында алты мәселе қаралды. Шығысеуропалық «FVW Median GmbN» қорының маркетинг жөніндегі директоры Мирослав Рончак Қызылорда облысына туристерді тарту үшін ең алдымен қызмет көрсету саласы халықаралық стандарттарға сай болуы керек дейді. Сыр өлкесінің тарихи-мәдени ескерткіштер мен ортағасырлық ескі қалаларға бай екені, бұған қоса Арал теңізінің де туризм саласында таптырмас құрал болатыны да айтылды. «Еуропалық, әсіресе, германиялық туристерді Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізі қызықтырады. Тіпті, олар Қазақстан деген сөзді естісе, ең әуелі Байқоңырды тілге тиек етеді», деді Мирослав Рончак. Ал Қазақстан туристік ассоциа­циясының директоры Рашида Шайкенова өңірдегі соңғы 3 жылда атқарылған жұ­мыстарға ризашылығын білдірді. Әсі­ресе, туризмнің дамуына қажетті ин­фра­құрылымның жетілдіріліп жатқанын ерекше атап өтті. Р.Шайкенова жыл сайын «Қорқыт ата» ескерткіш-кешенінде өнер фестивалін, Шиелі ауданында «Бей­біт атом күнін», «Түйелер керуені» мен «Қымыз» және «Күріш» фестивалін ұйым­дастыруды ұсынды. Айта кетейік, осыған дейін өткізілген ІV инвестициялық форумның нәтижесінде 49 меморандумға қол қойылды. Мысалы, Қызылорда облысы Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) екінші инвестициялық форумда келісімге келді. Нәтижесінде, жалпы құны 63 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Байқоңыр қаласынан қайтар жолда форум қонақтары дәстүр бойынша Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» ескерткіш-кешеніне атбасын бұрды. Елбасының тапсырмасымен қайта жаңғырған кешенмен танысқан қонақтар оның сәулеттік келбетіне ерекше назар аударды. Форумның жұмысы одан соң Қы­зыл­­орда қаласында жалғасты. Мұн­да «Қызылорда облысының жаңа инвес­тициялық стратегиясы» тақырыбында пленарлық мәжіліс өтті. Басқосуға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Инвес­тициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау, Ресей Федерациясы Кострома облысы губернаторының бірін­ші орынбасары Иван Корсун, «Бәйтерек» ҰБХ» басқарма төрағасы Қуандық Би­шімбаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бас­қарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев, ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман, Ресейдің білікті ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Абел Аганбегян мен отандық және шетел инвес­торлары, кәсіпкерлер қатысты. Алдымен аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев осыған дейін өткізілген төрт форумның нәтижесін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасады. – Ғарыш айлағында болып, зымы­ранның қалай ұшқанын тамашалап, түркітілдес елдердің тәу ететін Қорқыт ата мемориалды кешенін көрдіңіздер. Бұл туристік артықшылықтарымыз. Бұған дейінгі форумдардың нәтижесі жаман емес. Инвесторлардың барлығы өңірге ағылмағанымен, аймақтың артық­шылықтарына көз жеткізгендер келе бастады. Бізбен әріптестік байланыста жұмыс жасап жатқандардың қатары артты, – деді облыс әкімі. Жалпы, Сыр өңірі – инвесторлар үшін қолайлы аймақ. Өткен жылы құрылысы аяқталған «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралінің, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында облыс халқының 93 пайызы тұрады. Сондай-ақ, Қызылорда әуежайы халықаралық мәртебе алып, алыс-жақын шетелге қаты­настар ашылуда. Тоғыз жолдың торабындағы аймақта инвесторлар үшін бар жағдай жасалған. Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау индустрияландыру бағдарламасының орындалуына тоқталды. Ал «Бәйтерек» ҰБХ» басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев аймақ экономикасына ірі өндіріс орындарын ашу оң ықпал ететінін жеткізді. Бұл ретте, Қызылорда қаласында шыны зау­ыты салынатындығын жағымды жаңалық ретінде мысалға келтірді. Зауыт жылына 197 100 тонна шыны табақшасын өндіреді және өңдейді. Пленарлық мәжілісте сөз алған Ресей Федерациясы Кострома облысы губернаторының бірінші орынбасары Иван Корсун былтырғы форумда екі аймақ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-мәдени салада байланыс орнатуға келісім жасағанын тілге тиек етті. Енді осы қарым-қатынасты баянды ету керек. Ол Ресейде ағаш өнеркәсібі дамығандықтан, осы бағытта қызылордалық кәсіпкерлер жобалар ұсынуға шақырды. Қызылорда облысы Еуропа қайта құру және даму банкімен байланысын одан әрі нығайта бермек. Бұл туралы аталмыш банктің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман мәлім етті. Ал экономика ғылымдарының док­торы, профессор Абел Аганбегян Қы­зыл­орда облысының даму қарқыны таңғалдырғанын айтты. – Өз басым 30-40 жылда біраз мемлекетте стратегиялық даму жоспарын жасаумен айналыстым. Соның ішінде Қызылорда облысын ерекше атағым келеді. Үш жыл бұрын облыс республикада 16 аймақтың соңында тұрды. Содан білекті түріп іске кірістік. Жергілікті билікке риза болғаным барлығы бұған мүдделі екендіктерін аңғартты. Маған да жұмыс жасауға ыңғайлы болды. Нәти­жесін көріп отырсыздар. Қазір аймақ үздік үштікте. Облыс бюджеті айтарлықтай өскен. Әлеуметтік салаға қаржы бөлу жөнінен алдыңғы орында, – деді Абел Аганбегян. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Көшер­баев Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы, оның ішінде агроөнеркәсіп кешені бойынша инвестициялық мүм­кіндіктері жөнінде талдау жасады. Өңірдегі туризм саласын дамыту және инвестиция тарту мақсатында ұйым­дастырылған форумға туризм саласы бойын­ша алыс-жақын 12 шет мемлекеттен өкілдер белсенді қатысты. Осы мақсатта ынтымақтастық меморандумына да қол қою рәсімдері өтті. Атап айтар болсақ, Қызылорда облысы әкімдігі және FVW Medien GmbN компаниясы арасында келісімге қол қойылды. Осындай меморандумдар Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі және Қазақстан Қолөнер шеберлерінің одағымен де жасалды. Форумның екінші күнінде бес секция жұмыс істеді. Аталған бес секцияның бірі облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Исламдық қаржыландыру. Негізгі қағидаттары мен тетіктері» деп аталады. Оған облыс басшылығы, Ислам банкі мен компанияларының өкілдері, сондай-ақ, қаржы институттарының басшылары мен аймақ кәсіпкерлері қатысты. Секция жұмысын облыс әкімінің кеңесшісі Евгений Ким қысқаша сөз сөйлеп ашып, аймақтың инвестициялық саясатымен және оны дамыту бағытындағы жүргізілген жұмыстармен таныстырды. Секция барысында Ислам банкі және компанияларының басшылары мен өкілдері исламдық қаржыландырудың негізгі бағыттары мен ерекшеліктері жайында әңгімеледі. Негізінен дәстүрлі қаржы құралдарының баламасы ретінде жүзеге асырылатын бұл қаржыландыру заңға қайшы келетін әрекеттерге бармайды, Ислам дінінің қағидаттарына, шариғатқа сай жұмыс жүргізеді. Жасалған келісімшарттар нақты іске құрылуы тиіс, жобада қоғам тыйым салған әрекеттер болмауы керек. Сайып келгенде, әлемнің 70-ке жуық мемлекетінде толыққанды және баламалы түрде жұмыс істейтін исламдық қаржыландыру жүйесінің мүмкіндігі жоғары. Оны Сыр өңірінің кәсіпкерлері де тиімді пайдаланғаны жөн. Кездесуде тараптар Сыр өңірінде исламдық қаржыландыруды дамыту мәселесін жан-жақты талқылап, ұсынылған жобалар бойынша әріптестік негізде бірлесе жұмыс атқаруға пәтуаласты. Тағы бір секциялық отырыс облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында болды. Онда «Бизнес прогресті тиімді басқару үшін жаңа жоспар және біржақты ІТ-индустрия. ІТ-индустрия дамудың маңызды қозғалтқышы» тақырыбында басқосу өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев, Ресей ғалымы, профессор Абель Аганбегян, отандық және шетел инвесторлары мен кәсіпкерлер қатысты. Отырыста облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабар беріп, аймақта кенже қалған ақпараттық технология саласына тоқталды. Аймақта ІТ саласын дамыту көзделіп отыр. Оған мемлекет қолдауы мен қоса білікті мамандар тартылатын болады. Сыр өңіріне алғаш рет келіп отырған Ресей «Жоғары технологиялар ІТ паркі» директоры Антон Грачев, білікті мамандар ақпараттық технологияның негізгі тірегіне айналатынын айтып, Қазан және Набережные Челныда орналасқан ІТ паркінің негізгі қызметімен таныстырды. Расында, ақпараттық технологиялар саласын білікті мамандарсыз алға жылжыту мүмкін емес. Бұл туралы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма басшысы Нұрлан Көпбосынов сөз кезегінде атап өтті. Заман ағымына сай бізге жоғары технологиялық өндірістерді құрастырып, жинайтын мамандар да аса қажет екенін баса айтты. Қысқасы, кезекті инвестициялық фо­рум өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шықты деуге негіз бар. Өйткені, осы басқосу барысында өңірді дамытуға байланысты бірнеше меморандумдарға қол қойылып, Қызылорда облысына инвестиция салуға мүдделі кәсіпкерлердің саны артты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.