Өркениетті, дамыған 30 елдің қатарынан орын алу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 100 нақты қадам Алматы облысында да мемлекеттік саясатқа сай жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Махабат Бигелдиев былай деп әңгімелеп берді.
– Махабат Сәдуақасұлы, Елбасы ұсынған 100 қадамның 84-ші қадамы, яғни әлеуметтік көмектің сипатын күшейте отырып оңтайландыру Жетісу жерінде қалай жүзеге асырылуда?
– Мемлекет басшысының Ұлттық жоспар стратегиясын орындау бойынша белгіленген 100 нақты қадамның 84-ші қадамында «Әлеуметтік көмекті, оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру» тапсырылған. Төл міндетімізді адал да әділ атқарып, өңірде әлеуметтік көмекке шынымен зәру азаматтар ғана анықталып, берілетін болады. Негізі отбасына кіргізетін кірісі төмен, бірақ еңбекке қабілетті азаматтардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысқаны үшін атаулы әлеуметтік көмек беріледі.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Әлеуметтік даму тұжырымдамасын іске асыру барысында Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі табысы аз азаматтардың санатын әлеуметтік қорғаудың бұрынғы моделінен белсенділікті арттыру моделіне өткізу жұмысын жүргізуде. «Өрлеу» жобасы – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту үшін шартты ақшалай көмек беру бағдарламасы болып саналады. Шартты ақшалай көмек дегеніміз, отбасы мүшелерінің белсенділігін арттыруда әлеуметтік келісімшарт талаптары бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аз жеке тұлғаларға немесе отбасыларға мемлекет беретін ақшалай төлем. Ағымдағы жылы 1 шілдеден еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатқан «Өрлеу» пилоттық жобасы облысымыздың Еңбекшіқазақ ауданында жүргізілуде. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 40,9 млн. теңге қарастырылды. Аталған бағдарлама аясында 365 отбасын, оның ішінде 1277 адамды қамту жоспарланған. Олардың еңбекке қабілетті жастағы азаматтары – 384 адам болды.
Бүгінде 2 консультант, 9 ассистент жұмысқа алынып, белгіленген елді мекендерде «Өрлеу» жобасына ілінуге үміткерлердің құжаттарын қабылдауда. Ағымдағы жылдың 3 тамызына 33 табысы аз отбасы «Өрлеу» жобасына ілінуге өтінішін тапсырып, оның ішінде 13 адам тұрақты жұмысқа, 36 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Бұл жобаның негізгі мақсаты әлеуметтік көмекке шын зәру отбасыларының құрамындағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік көмек алушылардың санын азайтып, өзін-өзі жұмыспен қамтитын бөлігінің жан басына шаққандағы табысын арттыру болып табылады.
– Мемлекеттік саясатқа сай электр энергетикасындағы тарифтерді реттеуге орай, өзге өңірлерге үлгі тұтар жұмыс Алматы облысында бар ма?
– Бар. Облыстың энергия жүйесі бойынша Талдықорған аймағында энергия таратушы кәсіпорын «ТАТЭК» акционерлік қоғамы, Алматы аймағында «АЖК» акционерлік қоғамы жұмыс жүргізеді. Бірізділік қалыптасып, тұрақтылық орнаған. Сөйтіп, екі компания ірілігін көрсетуде. Бұл ел үшін мүмкіндіктер жолын ашатыны хақ. Орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі 99,9%-ды құрайды. Үлестіру жүйелерінің ұзындығы 36,3 мың шықырым, подстанциялар саны 8,6 мың дана, жүйелердің тозуы 60%, энергия жоғалту 14,7%. Жылыту маусымында электр энергиясын пайдаланудың үдемелі деңгейі 525 МВт-ты құрады.
– 100 нақты қадамда мүлікті және қаржыны заңдастыру рәсімдерін оңайлату туралы да айтылған. Осы ретте қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазақстан Республикасының азаматтарына, атамекеніне қайтып келген қандастарға және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдарға мүліктерін жария етулеріне рақымшылық жасау туралы заңнама өткен жылдың қыркүйек айынан бастап өз күшіне енгені мәлім. Заңнамаға сай барлық аудан, қала әкімдіктерінде тұрақты комиссиялар құрылып, жұмыс істеуде. Мүлікті жариялау негізгі алты бағытта жүргізіледі. Ақша, құнды қағаздар, шетелде орналасқан мүлік салық органдары, екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылса, құжаттары тиісті түрде рәсімделмеген, құжаты басқа адамға рәсімделген және заңды тұлғалардағы жарғылық үлестер аудан әкімдіктерінің құзырында құрылған комиссиялар арқылы қаралады. Мұндай рақымшылық жасау мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетіліп отырған жеңілдік.
Өзінің жекеменшігіндегі дүниені заңдастырып, заң талаптарына келтіруге, ешбір айыппұлсыз құжаттарын рәсімдеуге мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндік. Бұл мүмкіндіктің азаматтарға расымен де керек екенін статистикалық мәліметтер растауда. Айталық, ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін облыс көлемінде барлығы 15 758 өтініш түсті. Оның 423-і жариялаудан бас тартылып, 1187-сі қараусыз қайтарылды, 10 094 арыз қанағаттандырылды. Басым көпшілігі Қарасай ауданы – 5224, Талғар ауданы – 3066, Іле ауданы – 2 240. Мүлікті жария етуге ұсынылған нысандардың барлық сомасы – 73 890 809,6 теңгені құрайды. Негізі жалға екі жылға берілген жер телімдерінде орналасқан нысандар жариялауға жатпайды. Мүлікті жариялаудың басты талабы жер телімі меншік құқығында болуы керек.
Құрылыс нормасына сай келмейтін шлактан, саманнан салынған үйлер өте көп. Мұндай үйлерге сарапшылар оң қорытынды бере алмайды. Себебі, құрылыс нормаларына сәйкестік жариялаудың шарты болып табылады. Сөз реті келгенде айта кетсек, тәуелсіз сарапшыны әкімдіктердегі жасалған тізімнен табуға болады. Қаражатын өтініш беруші төлейді, екеуінің, яғни өтініш иесінің және сарапшының арасында келісімшарт жасалады. Иесіз қалған пәтерлер жариялауға жатпайды. Өйткені, пәтерлер мүлікті жария етудің субъектісі болып табылмайды. Мүлікті жариялау барысында салымдар алынбайды. Тек шет мемлекеттерде орналасқан мүлік үшін жариялау салымдары алынады және жарияланған қаражат мерзімінен бұрын депозиттен алынған жағдайда мемлекет пайдасына салым алынады. Жария етілген мүлік Үкіметтің 2014 жылғы 29 тамыздағы № 959 қаулысымен енгізілген ерекше тәртіпте тіркеледі, яғни пайдалануға қабылдау актілері жасалмайды. Оның орнына сарапшы қорытындысы және мүлікті жария ету комиссиясының шешімі тіркеледі. Мүлікті жариялауға байланысты рақымшылық жасау заңнамасына сәйкес, арыздар мен өтініштер 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылданады. Комиссиялар 2015 жылдың 31 желтоқсанында жұмысын тоқтатады.
– Қалай десек те, пайдаланылмай жатқан жер телімдері баршылық. Бұл орайда 36-шы қадам бойынша не істелінді?
– Жетісу жерінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге түгендеу және анықтау барысында 100 нақты қадамға сәйкес тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылып, мемлекеттік саясатқа сай әрекет етуде. Бүгінгі күнге дейін 29263 гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оның ішінде 4113 га. жер – суармалы егістік, 7732 га. жер – тәлімді егістік, 17399 га. жер – жайылымдық, 20 га. жер – шабындық болып бөлінеді. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатса, 35-ші және 36-шы қадамдардың жекелеген тармақтарына сәйкес бірқатар іс-шараларды жүргізу мүмкіндігі туындайды деп ойлаймыз.
Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.