- Өткен аптада еліміздің футболшылары өз жанкүйерлерін қуантты. Грекияның Солоникиінде өтіп жатқан жастар арасындағы Еуропа чемпионатының (U-19) іріктеу турнирінде жерлестерміз Сербияны 3:1 есебімен жеңді. Бәсекенің 9-минутында алғашқы голды сербтер соқты. Бұл жағдай біздің жігіттердің жігерін жасытқан жоқ. Көп кешікпей Төре Исмағұлов таразы басын теңестірсе, Исмаил Бекболат дубль авторы атанды. Бұған дейін жерлестеріміз Португалиямен 1:1 есебімен тең түскен еді. Сөйтіп, отандық футбол шеберлері жарыс кестесінде көш бастап, жарыстың келесі кезеңіне өтті.
- Аралас жекпе-жектен Братиславада ұйымдастырылған «Oktagon 89» турнирінің басты бәсекесінде 37 жастағы Жалғас Жұмағұлов (19-9) 23 жастағы бразилиялық Игор Севериномен (10-1) айқасты. Кезінде UFC-де өнер көрсеткен қос спортшының арасындағы бәсекеде жеңімпаз анықталмады. Себебі екінші раундта Северино белден төмен соққы жасады. Қарсыласының ереже бұзған әрекетінен кейін Жалғас жекпе-жекті жалғастыра алмады. Егер осы жарыс-та жерлесіміз жеңіске жеткенде, онда екі салмақтың чемпиондық белбеуін иеленетін еді. Турнирде тағы бір жерлесіміз Дастан Амангелді (10-1) франциялық Моктаром Бенкасиден (25-10-0-2) басым түсті.
- Англияның Борнмутында жалауы желбіреген кәсіпқой кешінде аса ауыр салмақтағы Иван Дычко (15-1, 14 КО) алаң иесі Харви Дайкспен (7-0-1, 0 КО) жұдырықтасты. 10 раундқа есептелген кездесу соңына дейін созылып, төрешілердің шешімі бойынша отандасымыз жеңіске жетті.
- Ұлан-Батырда тұсауы кесілген рейтингтік турнирде еліміздің грек-рим күресі шеберлері үш жүлдеге қол жеткізді. Нұрасыл Аманалы (97 кг) күміс, Еркебұлан Ардақов (63 кг) пен Олжас Сырлыбай (130 кг) қола медаль иеленді. Әйелдер күресінен Нилуфар Раимова (57 кг) мен Эльмира Сыздықова (76 кг) үшінші орынға табан тіреді. Еркін күрестен өткен жарыста жеті жерлесіміз жеңіс тұғырына көтерілді. Асыл Айтақын (61 кг), Азамат Дәулетбеков (92 кг), Едіге Қасымбек (125 кг) күміс, Мейрамбек Қартбай (57 кг), Әділет Әлмұхамедов (61 кг), Шамсат Тайыр (79 кг), Болат Сақаев (86 кг) қола медаль еншіледі.
- Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы Ереванда Армениямен жолдастық кездесу өткізіп, матч тең аяқталды – 1:1. 50-минутта Максим Самородов соққан допқа 53-минутта Эдуард Сперцян жауап қайтарды.
- Еліміздің жас теннисшілері Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай Түркияның Қайсерісінде шымылдығы түрілген халықаралық турнирдің жұптық сайысында бас жүлдені жеңіп алды. Финалда олар жергілікті ойыншылар – Дуру Соке мен Дого Түркіменнен басым түсті – 6:2, 2:6, 10:5.
- Аралас жекпе-жектен Санкт-Петербургте ұйымдастырылған «Fight Nights 138» турнирінде еліміздің қос спортшысы күш сынасты. Бағашар Қораласов (4-1) ресейлік Махмуд Акимовті (9-1-1) ұпай санымен ұтса, Гойти Дазаев (12-4-1) сол елдің тағы бір өкілі Сергей Романовқа (26-6) есе жіберді.