Көрме • Бүгін, 08:15

Таңбалы тас тағылымы

4 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейде «Таңбалы: Бабалар коды» халық­аралық көрмесі ашылды. Бұл жоба Таңбалы музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Таңбалы тас тағылымы

Таңбалы петроглифтерін өнер мен цифрлық технологиялар мүмкіндіктері арқылы таныстырған көрме өткен мен бүгінді сабақтастырып, келешекке көз тігуді де меңзегендей. «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Бибігүл Дәндіқарақызының айтуынша, жоба аясында тарихи мұраның түпнұсқалығын сақтау мен оны келешек ұрпаққа жеткізу мәселесіне ерекше назар аударылған.

 – «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесінің атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Бүгінгі шара арқылы бабалар тасқа қашап қалдырған тарихты сөйлетуді мақсат еттік. Дайындық кезінде мультимедиялық технология­лар мен жасанды интеллект пайдаланылды. Сонымен қатар көрмеде ескерткіштердің түпнұсқа суреттерін тамашалауға болады. Біз ұстанған басты қағидат – тарихи мұраның шынайылығын сақтау, – деді Бибігүл Дәндіқарақызы.

Шараның ашылу салтанатына ЮНЕСКО өкілдері, жартас өнерін зерттейтін халықаралық сарапшылар, сондай-ақ отандық археологтер, тарихшылар, мәде­ниет­танушылар мен музей қыз­меткерлері қатысты.

Көрмеде ұсынылған он бір фотокартинаның алғашқысы, Таңбалы петроглифтерінің ең танымал әрі жұмбақ бейнелерінің бірі – «Бұқа үстіндегі күнбасты» адам. Композицияда басынан күн сәулесі шашырап тұрған антропоморфты кейіпкер бұқаның үстінде отырғандай бейнеленген. «Күнбасты адам» көрменің негізгі бойтұмары ретінде таңдалған. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев «Күн­басты адам» бейнесінің мәні туралы айтты.

«Күнбасты антропоморфты фигураларды Таңбалының ең ма­ңызды белгісі деуге болады. Ғалымдар арасында олардың нақты мәні туралы ортақ пікір жоқ. Меніңше, бұл жазбаларда қола дәуіріндегі діни рәсімдерге қатысқан абыздар немесе бақсылар бейнеленген. Бұл сол дәуірдегі күнге, аспан денелеріне табыну түсінігімен байланысты болуы мүмкін» дейді ғалым. Сондай-ақ адам баласы Алла берген қабілетін жарық шашуға, ізгілік таратуға қолдансын деген бабалар аманаты шығар.

Ежелгі көшпенділер үшін Күн жылу мен жарықтың, береке мен молшылықтың нышаны саналған. Ғасырлар қойнауынан жеткен осы таным халық жадында сақталып, ұлттық рәміздерімізде де көрініс тапты. Мемлекеттік туымыздағы алтын күн бейнесі – соның айқын дәлелі.

Көрмедегі тағы бір туынды «Палимпсест» – тарихи өзге­рістер мен мәдени жад­тың сақ­талуын жеткізетін мұра. Онда әу баста бұқаның бей­несі қашалса, кейіннен оған жылқының белгілері енгізілген. Бұл таңбалардың көпқабатты мағынасын ашып, ежелгі адам­дардың отырық­шы­лықтан көшпелі өмірге қадам басқанын көрсетеді. «Палимпсест» атауы­ның өзі бұрынғы жазулар мен бейнелердің үстіне жаңасының түсуі арқылы мәдени жадтың қалыптасуын білдіреді. Осы идея арқылы картинада әр дәуірдің ізі мен адамзаттың даму тарихы көрініс тапқан.

Сонымен қатар түркі дәуірінен жеткен ту көтерген салт атты жауынгер бейнесі де бар. Ежелгі суретте ту тек әскери белгі ғана емес, тайпаның бірлігі мен рухани күшінің символы саналған. Ал жауынгер тұлғасы туған жерге деген жанқиярлық қызметті меңзейді. Бұл образ барша түркі хақының көшпелі өркениеті мен әскери мәдениетінен сыр шертіп тұрғандай («Ту ұстаған жауынгер» суреті «Qazaqstan» ұлт­тық телеарнасының
2002–2006 жылдардағы лого­ти­пінде де қолданылды). Картина өткен мен бүгінді жалғап, Таңбалы мұрасын заманауи көркемдік кеңістікте жаңа қырынан көрсетті.

Тасқа қашалған тарихты уақыт өшіре алған жоқ. Керісінше, «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі сол үнсіз мұраны сөйлетіп, өткен дәуір мен бүгінгі күннің арасын жалғаған ерекше мәдени алаңға айналды. Әрбір фотокартинада бабалардың ізі, әрбір таңбада ұлттың жады сақталғандай. Сон­дықтан бұл көрме тек өнер жобасы емес, өткенге тағзым жасап, болашаққа бағдар беретін рухани көпір іспетті.

 

Калима ТЕМІР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар