Театр • Бүгін, 08:12

Ұлттық операның белесті шағы

13 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының жарнамасында пайда болған жаңа туынды өнерсүйер жұртшылықты елең еткізген елеулі оқиғаға айналды. Ағайынды композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының әлемдік тұсаукесері тәуелсіз қазақ елінің 35 жылдық шежірелі тарихында ұлттық опера репертуарын жаңа деңгейге көтерген, руханиятымызды байытқан ерекше мәдени қадам ретінде тарих парақтарына алтын әріптермен жазылды.

Ұлттық операның белесті шағы

Алдымен, «Аппақ есімді қып­шақ аруы кім?» деген сұраққа жауап іздесек, тарихтағы ізі ортағасырлық парсы тілдес әдебиеттің көрнекті өкілі Низами Гәнжауидің (1141–1203) өмір сүрген дәуіріне алып барады. Зерттеушілердің деректерінде шығыс әдебиетіндегі махаббат, адамгершілік, даналық, билік мәселелерін көркемдік тұрғыдан терең бейнелеуімен ерекшеленген Низамидің қыпшақ қызы Аппаққа (Афаққа) ғашық болып, оған үйленгені, Аппақ қайтыс болғаннан кейін өз шығармаларын арнағаны айтылады.

Шығыс поэзиясының көрнекті өкілі туралы шығармалар қазақ әдебиетінде де бар. Солардың ішінде Қалихан Бекхожин «Әппақ-намә» (1974) лиро-эпикалық дас­­танын жазса, жазушы-драматург Ғабит Мүсіреповтің «Қыпшақ қызы Аппақ» (1982) атты драмалық-поэмасы да осы дастанның негізінде жазылған. «Ұлы ақын Низами, қазақ қызы Аппақ» атты кіріспе бөлімінде жазушы: «Аппақ аңыздан туған бейне емес, өмірде болған. Низами жасаған аса көрнекті әйел бейнелеріне негіз болған қазақ қызы. Қазақтың осындай дана қызына ақ мрамордан қандай биік ескерткіш орнатсаң да болатын ерекше туған бір аяулы жан – елінін рухы, естілігі, сұлулығы, ерлігі. Менің жазғаным осындай бір белгі болып қала алса деген үмітпен, сеніммен», деп болашақ ұрпаққа аманат артқан екен. Автор Серікжан Әбдінұровтың айтуынша, бұл шығармаға деген қызығушылық 2010 жылдан басталған. Сол жылы белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев оған Ғабаңның (Ғабит Мүсіреповтің) «Аппақ» есімді ару туралы жазған мә­тіні бар екенін айтады. Кезінде түрлі жағдайларға байланысты өзінің жазуға уақыты болмағандықтан, аға музыкант аталған туындыны жас композитор Серікжанға аманаттап кеткен екен.

Опера Ғ.Мүсіреповтің драмалық поэ­масы негізінде жазылғанымен, сахнаға дайындық кезеңінде елеулі өзгерістерге ұшыраған. Тілеуғазы Бейсембектің либреттосы мен авторлардың музы­калық драматургияны қатаң ұста­нуы туындының сапасын арттыра түсті. Сюжет желісі кейіпкерлердің қақты­ғыстарымен, олардың мінезін ашатын драмалық сахналармен, дала мен қала мәдениетінің ерекшеліктерімен, сондай-ақ бай музыкалы-интонациялық бояумен байытылған. Режиссер енгізген толықтырулар қойылымның мазмұны мен көркемдік тұтастығына жаңаша үн мен эпикалық кеңдік берді. Нәтижесінде, шығарма бүгінгі күннің өзекті мәселесі – соғысқа қарсы тұруға шақыратын маңызы зор сахналық туынды болып шыққан.

Белгілі опера режиссері Михаил Панджавидзе 2 бөлім, 9 көріністен тұратын ауқымды спектакльді әлемдік «Grand opera» үлгісінде сахналады. Аталған бағыттың басты ерекшелігі – тарихи-қаһармандық тақырыптар, көп актілі құрылым, хор мен оркестрдің кең ауқымда қолданылуы және сахнаның салтанатты безендірілуі. Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың композиторлық ізденісі опера партитурасының әр бетінен байқалады. Ұлттық бояуы қанық, әуезді музыкалық бөлімдерде қыпшақ даласының тынысы, көшпенділердің жігерлі ырғағы мен тұрмыстық әуендері классикалық ария, дуэт, хор, оркестрлік үнмен астасып жатыр. Ұлы даланың батырлық пен нәзіктікті, еркіндік пен шынайылықты ұштастырған музыкалық бейнесі операның алғашқы бөлімінде-ақ ата-бабаларымыздың бітім-болмысын барынша айшықтап тұр.

Операның үштен екі бөлігі Дербент билеушісі Мұзаффар ханның сарайы мен Низамидің үйінде өтеді. Бұл көріністерде шығыс музыкасына, соның ішінде әзербайжан халқының ұлттық мұрасы – мұғамның ырғақтық-интонациялық ерекшеліктеріне негізделген сахналарға айрықша мән берілген. Осылайша, біз отандық опера жанрында туыстас түркі әлемінің ажырамас бөлігі саналатын әзербайжан халқының музыкалық мұрасы кең көлемде қамтылған жарқын үлгіні көреміз.

Қоюшы дирижер Ерболат Ахмедияров опера партитурасындағы авторлық идеяны толықтай ашып, қойылымның барлық компонентін шашау шығармай біріктіре алды. Оның жетекшілігімен оркестр жаңа операның бай дыбыстық палитрасын тыңдарманға өте тартымды жеткізді. Операның басты ерекшелігі – классикалық аспаптармен бірге қылқобыз, Аппақтың ішкі сезімін жеткізетін домбыра, Низамидің бейнесін айшықтаған әзербайжанның ұлттық тар аспабының қолданылуында. Салтанатты шеру көріністеріндегі кернай, египет кернейлері мен клавесиннің үні де өзара үйлесім тауып, шығарманың ұлттық колоритін байытып, кейіпкерлердің жан дүниесін жан-жақты қырынан шебер ашады.

Операда хор ұжымының атқаратын рөлі өте жоғары. Композиторлар бас­ты сахналарда хорды әртүрлі құрамда қолданып, шығарманың көркемдік бояуын қанықтыра түскен. Хор әртіс­терінің орындаушылық деңгейі мен мизансценалардағы белсенділігі жоғары кәсібилікті көрсетеді. Алтынғалым Ахме­това жетекшілік ететін балалар хоры да қойылымның толыққанды мүшесі ретінде көрінді. «Балауса» ұжымның күмістей сыңғырлаған дауысы мен таза интонация­сы спектакльге ерекше реңк беріп, оның ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай күрделі туындыда балалар хорының мүмкіндігін шебер үйлестіру – ағайынды Әбдінұровтардың өзіндік композиторлық қолтаңбасы мен бай тәжірибесінің жемісі.

Спектакльдің қоюшы хореографы Айбар Тоқтардың да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бұл қойылымда би өнері хормен бірге көпшілік сахналардың мазмұнын байытуда үлкен рөл атқарған. Хореограф спектакльдің балеттік шешімінде дала мен қала мәдениетіне тән қимыл-қозғалыс ерекшеліктерін дәл бере білген. Мысалы, алғашқы көріністегі қыпшақтардың мерекелік сәті қыздар мен жігіттер тобының жігерлі де қызуқанды қимыл-әрекеттеріне құрылып, өзіндік өрнегімен көрінсе, Дербент әміршісінің сарайындағы бидің табиғаты мүлдем бөлек. Мұндағы қыздар тобының орындауындағы нәзіктік пен мың бұралған әсем қозғалыстар шығыс­тық плас­тика эстетикасымен көмке­ріл­ген.

Сахналық кеңістікті безендіру, кос­тюмдер мен декорацияларды әзірлеу­де қойылым суретшілері Софья Тасма­ғанбетова мен Павел Драгуновтың еңбегі зор. Олар қыпшақ және дербент әскерлерінің қару-жарақтарын, көпшілік сахнадағы топтар (балалар, тұтқындар, хор, бишілер, сарай өнерпаздары) мен басты кейіпкерлердің көркем бейнесін сәтті сомдап шықты. Режиссер сахнаға бес жылқы, екі түйе мен арбаларды тиімді араластырып, шынайы атмосфера қалыптастырған. Ал сегізінші көріністегі кеменің асау дауылмен арпалысқан сәті визуалды тұрғыдан өте әсерлі шыққан. Осы тұста спектакльдің жарық бойынша суретшісі Сергей Шевченко мен бейнеарт контенті бойынша суретшісі Павел Суворовтың да жұмысын айрықша атап өткен орынды.

Аппақ партиясын екі тұсаукесер кеште театрдың жетекші әншілері Бибігүл Жанұзақ пен Ұлпан Әубәкіровалар бар шеберліктерін салып орындады. Орындаушылар партияны дайындауда жауапкершілікпен кәсіби дайындалғаны анық көрінеді. Аппақтың бұғауланып темір торға тоғытылып алаңға алып шығуы, басынған әміршіні сабасына түсіретін әрекеттерінде батыл мінезімен айналасын жасқай алған батыр қыздың кейпін көреміз. Операдағы оқиға желісінің жылдам орын ауысуына байланысты қыпшақ қызының образын жасаудағы психо-физикалық өзгерістерді оңтайлы әрі нанымды беру де оңайға түспеген секілді. Аппақ партиясының музыкалық келбетін сан қырынан ашуға ұмтылған театрдың талантты әншілерінің сомдауында ақбоз атпен сахнаға атойлап шығатын ақылды, батыр, қайраткер, сүйікті жар Аппақтың бейнесі көрермен жадында жатталып қалды. Даңғаз хан партиясын орындаған Талғат Ғалеев те өз кейіпкерінің батырлығын, ел болашағына деген алаңдаушылығын сәтті жеткізді. Ол қызына екі ел арасындағы соғысты тоқтатып, Дешті Қыпшақ даласында бейбіт өмір орнатуды аманаттаған данагөй әкенің, парасатты ханның тұлғасын сәтті аша білді.

Низами Гәнжауи партиясын орындаған театр әнішісі Жан Тапин кейіпкердің ішкі болмысын ашуға мән берген. Мұзаффар әміршінің сарайында сарай ақынының кейпін салмақты, жинақы сахналық әрекетімен жеткізген әншінің дауыс диапазоны күрделі жазылған вокалдық партияны жетік меңгерген. Ақын мен Аппақ арасындағы өрбитін танысу, білісу, үлкен махаббатқа ұласатын сахнада көріністен-көрініске әнші өз кейіпкерінің өсу жолын жүйелі сомдауға күш салды. Аппақтың ел мен елді бітістіру мақсатында атқа мінген азаматтарды сабырға шақырып, қанды соғысты болдырмауға бағытталған қадамын Низами де барынша қолдайды. Осылайша, екеуі бейбітшілік елшісі болып, бірге алыс сапарға шығады. Сол секілді әнші Евгений Чайников орындаған әмірші Мұзаффардың бейнесі – өте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы. Ол алғашқыда көрсеқызар, қызықшылықтан жалыққан билеуші ретінде көрінеді. Билік пен мансапты бәрінен биік қойып, өз жары Мехрибанды бағаламаған әміршінің өз қателігін кеш түсініп, бармақ тістей өкінетін ішкі драмасы әнші орындауында өте нанымды көрінді. Ал Татьяна Вицинскаяның кейіптеуіндегі Мехрибан бейнесі Аппақтың келуімен сарай өміріне елеулі өзгеріс енгенін көрсететін, тұтқын қызға ауған әміршінің көңілін өзіне қайтаруға ұмтылған, махаббаты мен қызғанышы қатар жүретін, сол жолда ештеңеден тайынбайтын қарама-қайшылыққа толы, сезім иірімдерімен арпалысқан беймаза жан сипатында көрініс тапты. Актриса өзінің партиясын бар орындаушылық шеберілігін салып вокалдық желісін нанымды орындап шықты.

Операдағы оқиғаның дамуына әсер етіп, драмалық қақтығыстарды дамытатын әнші Талғат Мұсабаев орындаған әскербасы Шарафтың партиясы – ішкі қарама-қайшылығы мол жағымсыз кейіпкердің бірі. Шарафтың жорықтан оралуы, оның әскери арба үстіндегі айбынды тұрысы мен жүрісі, сондай-ақ жеңілген тұтқындарды, соғыс олжалары мен жау туын әміршінің аяғының астына тастайтын сахнасы кейіпкердің өзіне сенімі зор қолбасшы екенін өте әсерлі көрсетті.

Сонымен қатар спектакльде өзіндік тың музыкалық бөліктерімен көрерменді тәнті еткен бірнеше ұтымды сахналық номерлер бар. Ол – екінші көріністе жеңімпаздардың тойбастарында әнші Талғат Аллабірінов құйқылжыта орын­даған сарбаздың желдірмесі. Кез келген шығыс әміршісінің сарайында кездесетін кейіпкерлерді бейнелеген әншілер –  Әлихан Зейнолла, Бейімбет Таңарықов, Сұлтан Бақытжанның орындауындағы сайқымазақтар триосының киімдері мен түр-сипаттары да өте келісті. Үш дауысты фугаға негізделген бұл сахна өзінің жылдам, көңілді ырғағымен ерекшеленеді. Келесі бір назар аударарлық тұс – Мехри­банның жатын бөлмесіндегі қос сарай қызметшісінің лирикалық дуэті. Оны табиғаты сирек кездесетін контртенор дауыс иелері Павел Ким мен Диас Омар жоғары деңгейде орындап шықты. Жалпы, операда бұдан басқа да көрерменді тәнті ететін сәтті музыкалық бөліктер өте көп.

Қойылымның музыкалық жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің айтуынша, спектакльді қоюға театрдың барлық шығармашылық тобы бір кісідей жұмыла атсалысқан. Жалпы, сахнаға арналған мұндай күрделі, синтетикалық жанрдағы опера, балет, драма спектакльдері тек композитор немесе либретто авторының ғана емес, тұтастай шығармашылық топтың ұйымшыл ұжымдық жұмысынан туындағанын көре­­міз. Келесі жаңа жобалар да осылай жасал­са, қазақ ұлттық операсының бағы жанарына сенім мол.

Ағайынды Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Астана Опера» сахнасында көрерменге жол тартқан «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының әлемдік тұсау­ке­сері — отандық композиторлық мектеп пен ұлттық опера өнерінің сәтті үндестігін көрсеткен айтулы оқиғаға айналды. Театр ұжымының ұлттық мәдениетті өркендетуге бағытталған жаңа жобаларын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта да өнерсүйер қауым осындай тың әрі мазмұнды туындылармен қауыша береді деп сенеміз.

 

Аманкелді МҰҚАН,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино

бөлімінің меңгеруші, театртанушы

Соңғы жаңалықтар