Фото: Ашық дереккөз
Синоптиктердің мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде батыс циклонының әсері сақталады. Соның салдарынан ауа райы құбылмалы болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде жел күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал.
9-11 маусым күндері еліміздің солтүстік-батысында және солтүстігінде, ал 11 маусымда оңтүстік-шығыс өңірлерінде жауын-шашын күтіледі.
Ал кезеңнің басында шығыс аймақтарда, ал ортасынан бастап оңтүстік-батыста ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады.
Температуралық көрсеткіштерге келсек, батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы +27...+35 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік облыстарда ауа температурасы +17...+28 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік-шығыс пен орталық өңірлерде аптап ыстықтың беті қайтып, +25...+33 градус шамасында болады.
Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде +27...+35 градус аралығында сақталса, шығыста күн райы әлі де ыстық болып, ауа температурасы +32...+39 градусқа дейін жетеді.
Еске сала кетейік, «Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, маусым және тамыз айлары әдеттегіден ыстық болады.