Қоғамның қозғаушы күшінің бірі – жастар. Санасы сергек, ойы азат жастар ғана мемлекеттің келешегін кемел ете алады. Осы ретте «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатына артылар жүк пен жауапкершілік зор. Себебі, бұл – еліміздегі жастар саясатымен тікелей айналысатын іргелі ұйым.
Қызылордалық жастар еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды жіті бақылап, заманның көшімен бірге дамып келеді. Осы орайда түрлі бас қосулар мен дөңгелек үстелдер, пікір сайыстар мен дебаттар ұйымдастырады. Кеше облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының «Жас Отан» жастар қанаты «Қызылорда – Ақиқат айнасы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындауда жастардың рөлі» атты дебаттық сайыс өткізді. Оған аймақтағы белсенді жастардан құралған 4 дебат клубы қатысты.
Дебатқа қатысушылар мемлекеттің басты бағдарының бірі саналатын Стратегияның мәні мен маңызын, түпкі мақсатын, одан туындайтын тапсырмалар, оның орындалу жолдарын жан-жақты талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Осы ретте Сыр бойындағы жастардың мемлекеттік бағдарламаны терең зерттеп, зерделеп, ой елегінен өткізіп, оны орындау жолында бар ынтасымен жұмыс істеуге дайын екендері байқалды.
Сайысқа қатысушыларға облыстық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Абылай Сабанбаев, «Қызылорда – Ақиқат айнасы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы Уәлибек Тұрарбекұлы және белсенді жас Нұрдос Кеңесбек төрелік етті. Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы дипломмен марапатталды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.