03 Наурыз, 2015

Қиындықтардың барлығы да өткінші

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100-850 Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы және дағдарысқа қарсы іс-шаралар барысы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен сөз болды. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Мәжіліс депутаттары, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі Владислав Косарев пен осы фракцияның мүшесі Тұрсынбек Өмірзақов өз ойларымен бөлісті. Алдымен сөз алған фракция жетекшісі В.Косарев Мәжілісте қаралған 2015-2017 жылдарға арналған бюджет жобасын оңтайландыру азаматтардың әлеуметтік жағдайына еш теріс әсер етпейтінін баса айтты. Депутаттың сөзіне қарағанда, барлық әлеуметтік бағдарламалар бұған дейін қаралған деңгейінде көрініс тауып отыр. «Үкімет шығындарды оңтайландыру кезінде әлеуметтік жағдайды нашарлатпау және өндірісті түсірмеу үшін кейбір жобаларды кейінге қалдырғаны орынды болды. Мұнайға деген әлемдік бағаның екі есеге дейін құлдырауынан еліміз 870 миллиард теңге кіріс ала алмады. Сондықтан да бюджет жобасында шығындарды кемітуге тура келіп тұр. Алайда, еліміз «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы экономикада үлкен секіріс жасағалы отыр. Аталған бағдарлама жағдай жақсарған кезде өндірісті екі-үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді», деді Владислав Борисович. Бұл ретте, «халықтық коммунист» ведомстволар басшыларына қаратып айтқан сынында қарапайым тұрғындар жұмыс істегісі келгенімен, олардың бұл арманы орындала бермейтіндігіне қынжылыс білдірді. Үкімет, министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар ел азаматтарына жұмыс істеп, нәпақаларын табуына қолдау көрсетуі тиіс. Оның пайымынша, жұмыс берудің орнына, керісінше, мемлекет жұмыссыз адамға әлеуметтік атаулы көмек, ал балаларына жәрдемақы төлеу сияқты шараларды жүзеге асырып келеді. «Одан да азаматтарымызды жұмыспен қамтамасыз еткен әлдеқайда тиімді» деді В.Косарев. Депутаттың мәліметіне қарағанда, қазір елімізде 16 миллион бас қой болса, соның әрқайсысынан 2,5 килограмм жүн қырыққанның өзінде ол 30 мың тоннаны құрайды екен. Отандық кәсіпорындар әзірге тек 1 мың тоннаға жуық жүн өңдесе, қалғаны төмен бағамен Қытай асып жатыр. Жергілікті билік тұрғындардан жүнді жинап, оны толығымен өңдеуге жіберуі тиіс. Сол сияқты, сүт пен көкөністерді де осындай жолмен өңдеген орынды. Қазіргі таңда шаруалар делдалдар үшін жұмыс істегісі келмейтіндігін өткір мәселе етіп көтерген В.Косарев қалыптасқан әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысты еңсеру үшін жаппай-тұрмай еңбек етуіміз керектігіне ден қойды. Оның айтуынша, Қазақстанда бақуатты өмір сүру үшін материалдық ресурстар жеткілікті. Әріптесінің сөзін жалғастырған Т.Өмірзақов бюджет жобасы шығыс бөлігінің 10 пайызы (700 миллиард теңгедей) оңтайландырылғанын, бұл анау айтқандай онша көп қаржы еместігін жеткізді. Осы ретте, Есеп комитетінің мәліметіне сүйенген депутат 2014 жылы бюджет бұзушылықтары 760 миллиард теңгені құрағандығын алға тартып, бұл соманың оңтайландыруға түскен қаржымен бара-бар екендігіне назар аудартты. Сондықтан да қолдағы бар бюджетті тиімді пайдалануға барлық мүмкіндік жеткілікті. «Ал қысқартуға кеткен қаржы көздері әзірге экономика үшін онша маңызды емес жобаларға арналған-ды, сондықтан да кейінге ысырылып отыр. Бұл жерде мәселе әкімшіліктік шығындарды қысқартуға қатысты. Үкімет шамамен 4 миллиард теңгені қысқартады», деді Тұрсынбек Қазенұлы. Квазимемлекеттік компаниялар да өз шығындарын 7-18 пайызға дейін оңтайландыратыны атап көрсетілді. Мұның барлығы әлемдік геосаяси жағдайдың өзгеруімен байланысты екендігі де көлденең тартылды. Оның сөзіне қарағанда, мұнай мен металдарға және өзге де шикізаттарға деген бағаның төмендеуінен 2015 жылы ІЖӨ-нің өсімі 1,5 пайызды ғана құрайтын болса, 2019 жылға қарай 4,5 пайыз деңгейіне дейін көтеріледі. Қазір орын алып жатқан келеңсіздіктердің барлығы да уақытша екендігін айтқан депутаттың пікірінше, әлемдік қоғамдастық басынан кешіп отырған қиындықтарды еңсеру үшін Қазақстанның әлеуеті жеткілікті. Бұдан кейін депутаттар жұмыспен қамту, өндеу саласын дамыту және өзге де мәселелерге байланысты қойылған бірқатар сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».