17 Қаңтар, 2017

«Қанатты қызды» асқақтата білсек…

3164 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы «Хиуаз» атты жинақ жарық көрді. Белгілі журналист Тұрсын Қалимованың бастамасымен және Атырау облысы әкім­ді­гі­нің қолдауымен жарық көрген бұл еңбек – елінің бейбіт өмірі мен бақыты үшін жан аямай күрескен, өмірі мен игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған ардақтымызға деген құрметтің бір көрінісі.

«Қанатты қызды» асқақтата білсек…

Хиуаз Доспанованың есімі мен жанқиярлық ерліктері туралы алғаш рет туған нағашым Төкен Омарбековтен оқушы ке­зімде естіген едім. Майданға 1944 жылы шақырылып, Үшін­ші Украин майданында со­ғыс­қан, Харьков авиациялық учи­ли­щесінің байланыс бөлімінде оқы­ған ол «Бүкіл халық болып Әлия мен Мәншүкті қас­тер­лей­міз. Қас­терлеуге тұратын қа­зақтың та­ғы бір керемет қызы бар. Ол – жаужүрек ұш­қыш Хиуаз Дос­панова. Өзі Раскованың шәкірті» деп бастау­шы еді әңгі­ме­сін. Бір немересіне Хиуаз есі­мін де берген болатын.

Жинақта даңқты ұшқыш­тың өзі жазған «Халқым үшін» («Әскери ұшқыштың жаз­­бала­ры») және «Под коман­до­ванием Рас­ковой» атты кө­лем­ді ес­те­ліктері берілген. Ол ави­а­ция тарихында тұңғыш рет әйелдерден құралған №588 түн­гі бомбалаушы әуе пол­кінің штур­ман-атқышы болған. Ал­ғаш­қы жауынгерлік тап­сыр­­масына жиырма жасында Крас­но­дон жерінен ұшып, ай­нал­дыр­ған бір жарым-екі жыл ішін­де Оңтүстік майданда, Сол­түс­­тік және Күн­гей Кавказда, Ук­­раина мен Бело­руссияда, По­льшада жау нысандарына 300 рет шүйліккен және соның барлығында жеңіске жет­кен жаужүрек қыздың бұл есте­ліктерін бейжай оқу мүмкін емес. Жау тылында көптеген әскери тапсырма орындаған, үш мәрте ауыр жараланып, қай­та­дан сапқа қосылған жап-жас қыз­дың отансүйгіштігі, еш­те­ңеге де мойымас рухы, сон­ша­лық­ты намысқойлығы, ми­ға сыймастай ержүректігі таң қал­­дырса, достыққа адалдығы, кіші­пейі­лдігі мен көпшілдігі ерекше сүй­сіндіреді.

Соғыс кезеңінде гвардия аға лейтенанты Хиуаз батыр Қызыл Ту ордені, Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерімен, «Кавказды қор­ғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.Ерлікті атақ үшін жасамайды, дегенмен де Жұбан мен Са­ғын­ғали ақындар «қанатты қыз» атан­дырған Хиуаздың таң­ға­жай­ып ерліктері үшін мұның барлығы аз еді.

Жинақтың «Есімі ел есін­де қалар мәңгі» атты тарауы Хиуаз батырдың кейінгі ке­зе­­ңі­не арналыпты. «Қанатты қыз» соғыстан кейін де еліне үл­­­кен еңбек сіңірген. Бейбіт өмір­­­дегі еңбек жолын Батыс Қазақстанда аудандық партия ко­митетінің нұсқаушылығынан бас­таған ол, Алматы қалалық партия ко­ми­тетінің хатшысы кезінде де халық үшін ма­ңыз­­ды істерді шешуге белсене атсалысқан. Ал 1951 жылы Қа­зақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесінің депутаты бо­лып, ал­ғашқы сессиясында Пре­зи­диум хатшысы болып сай­лан­ған.

Көрнекті ақын, халық жа­зушы­сы Фариза Оңғар­сы­но­ваның осы жинақтағы сұх­ба­тында ай­тылғандай, қа­зақ­тың ұлы қыз­да­рының бірі, жас­тық шағын Отан үшін от пен оқтың орта­сын­да өткізген Хиуаздың ер­лігіне ел болып құрмет, қо­ше­мет көрсетуіміз керек. Құр­­мет, қошеметтің шыңы, әри­не, Хиуаз Доспановаға Ел­ба­сы Жарлығымен 2004 жы­лы Ха­лық қаһарманы мәртебелі ата­ғы берілуі. Ал кейін­гі ұр­пақ даңқты ұшқыштың ер­лік­­­тері мен отансүйгіштігін те­­рең зерделеуі және мақтан етіп, өнеге алуы үшін Хиуаз Доспанованың есімі мектеп және жоғары оқу орындарының тарих оқулықтарына енгізілуі керек. Көркем шығармалар жа­зылып, көркем фильмдер түсірілсе, тіпті, орынды болар еді. Мұның бәріне қоғамның тара­­пынан, жекелеген азамат­тар­дан бастамашылдық ке­рек-ақ. Азаматтық қоғамның жақ­­­сы бір көрінісі де осы бас­та­­ма­­шылдық және бастаған істі соңына дейін жеткізу. Бұл рет­­­те Хиуаз Доспанова есі­мі­­нің жаңғыртылып, мектеп оқу­­лық­тарында есімі Әлия жә­не Мән­шүк­пен қатар аталып, Аты­рау ха­лықаралық әуе­жай­ына қанатты қыз­дың есі­мін беру туралы бас­таманы кө­те­ріп жүрген белгілі журна­лист Тұр­сын Қалимованың «Хиуаз» жи­нағында көтерілген мә­­селе­лер­дің шешімі табыла­ды, онда ай­тылған жақсы ұсы­ныс­тардың бар­лығы да бір­тін­деп жүзеге асады деген ойда­мыз.

Орайы келгенде, «Хиуаз» кі­­­та­бының Астанадағы та­ны­с­­­­­тыры­лымында Астана­да Ха­лық қаһарманы Хиуаз Дос­па­нов­аның еңселі ескерткіш­інің бой көтерсе және қазақтың батыр қыз­дары Әлия мен Мәншүкті қатар атап, «Қос шынар» деген атауға Хиуаз Доспанова есімін қосып «Үш шы­нар» деп атау­ды ұсынамын», деген журналист Тұрсын Қалимованың тілегіне атқарушы билік өкілдері назар аударса деген тілегіміз бар.

Әлия БӨПЕЖАНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері