АСТАНА. 12 қаңтар. Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов оқу жылының соңында Жетіген және Талдықорған гарнизондарына жоспарлы жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жұмыс сапары барысында бас қолбасшы әскери бөлімдердің жаңа оқу жылына дайындығын, оқу-материалдық база объектілерінің жай-күйін тексерді. Комиссия құрамында келген бір топ офицерлер ғимараттарды, үй-жайларды тексерді, Жетіген және Талдықорған гарнизондарының аудандық пайдалану бөлімдерінің бастықтарымен жұмыс кеңесін өткізді.
ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы мен Қорғаныс министрінің атынан қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін ӘҚК-нің бас қолбасшысы мемлекеттік наградалар табыстады. Полковник Сергей Поплавский ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, майор Бақытжан Кәрімов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, ҚР ҚК-нің қызметкерлері Виктор Боровиков пен Лидия Лазарева құрмет грамотасымен марапатталды.
Әскери міндетін үлгілі орындағаны үшін бірқатар әскери қызметшіге мерзімнен бұрын кезекті әскери атақ берілді.
ӘҚК-нің бас қолбасшысы офицерлерді мемлекеттік наградалары және әскери атақтарымен құттықтап, сәттілік тіледі.
«2016 жылы жауынгерлік сайыстың ұраны «Мәңгілік ел» тұғыры – Қуатты Армия!» атты атаумен өтеді. Жауынгерлік әзірлікті арттыру, жеке құрамды қазақстандық патриотизмге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу үшін барлық күш-жігерімізді, біліміміз бен шеберлігімізді салу қажет. Жауынгерлік әзірліктің негізінде мықты әскери тәртіп болуы тиіс. Оның талаптарын барлық әскери қызметшілер орындауы ләзім. Сол кезде ғана кез келген ең күрделі жағдайда қойылған жауынгерлік тапсырманы орындауға болады», деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі.