«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері ұйымның «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз» атты сайлауалды бағдарламасын насихаттау барысында оңтайлы тәсілдерді қолға алуда. Мәселен, партия белсенділері «Менің ауылым» тақырыбында фотобайқау ұйымдастыру арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ауылдағы сан түрлі тіршілік ырғақтарын паш етуге, жергілікті ауыл халқының жетістіктерін суреттеуге және Қазақ елінің сұлу табиғатын көрсетуге басымдық беріп отыр.
Партия төрағасының бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаттығынан үміткер Толымбек Ғабділәшімов акцияның маңыздылығына тоқтала келіп: «Бұл шараның мәні тереңде. Біз ауылдағы тіршілікті сурет арқылы өрнектеп, жұртты қызықтыруды мақсат тұттық. Өйткені, бұл акция туралы естіген жастар ауылымызда фотоаппарат объективіне ілінерлік қандай көріністер бар деп ойлана бастайды, өз ауылына сырт көзбен қарап, жырақта жүрсе туған жерін, өскен ортасын санасында бір жаңғыртып алады. Мұның өзі біздің мақсатымыздың орындалғанын білдіреді. Ең бастысы – көпшілік арасында ауылға деген сағынышты, махаббатты ояту», – деді.
«Менің ауылым» фотобайқауын жариялауға арналған жиында белгілі болғандай, акцияға қатысқысы келген азаматтар өзінің ауылы туралы немесе ауылдағы көршісінің қызықты әдеттеріне қатысты, ауылы туралы аңыз әңгімелерді, ауылының салт-дәстүрін сурет арқылы таныстыра алады. Ол үшін байқауға қатысушылар өз туындыларын «Ауыл» партиясының auyl-patriot@mail.ru ресми поштасына немесе Инстаграмм желісіне #ауылпартиясы, #партияауыл, #ndppauyl хэштегімен орналастыруына болады. Акция барысында дауыс беру әдісімен үздік шыққан суреттер партияның арнайы альбомында жарияланады.
Фотоакцияны ұйымдастырушы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тумасы, партия белсендісі, фотосуретші Оспан Әлидің айтуынша, байқауға ниет білдіруші кез келген адам қатыса алады. Сондай-ақ, бірнеше жыл мұхит асып, АҚШ-та тұрып келген фотосуретші шараны өткізуге не түрткі болғанын түсіндіріп берді.
«Менің ауылым» акциясы ауылдың өмір салтын дәріптеуді көздейді. Ал үздік суреттер ескерусіз қалмайды», – деді Оспан Әли.
Жалпы, ұлттық мәдениетті сақтап, оны дамыту үшін табандылықпен қызмет етуді мақсат етіп отырған «Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің рухани өміріне оң әсерін тигізетін шараларды қолға алуды басты назарда ұстауда. Бұл өз кезегінде партияның өскелең ұрпақты дәстүрлі құндылықтар рухында тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосуға ниетті екенін білдірсе керек.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.