Осы игілікті істің алдында Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Кеңес Нұрпейісұлының Алаш тарихына қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференция болып, алғашқы сөзді Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған алып, ғалымның ұлт тарихына қосқан үлесін тарата айтып, өзі бастаған шәкірттерін де еске салды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы халықтық идеяларға тоқталды.
Академик Болат Көмеков бұл шара қазақ ғылымына, оның ішінде тарихшыларға көрсетілген құрмет екенін, алаштану ғылымының негізін салған ғалымның екінші өмірі басталғанын, ол елдің рәмізі – еркіндік деп білгенін, қай еңбегінде де дерексіз сөйлемейтінін тілге
тиек етіп, жарты ғасыр бірге қызмет еткенін, рухының тазалығы сонша, бар қазақты өзіне санағанын, мен өмірден озғанда арулап аққа орайтындар Болат пен Карл (Байпақов) болсын деп кеткенін толқи тұрып еске түсірді. Ол сонымен қатар, Қазақстан тарихының 5 томдығын шығару тұсында 4-томына жетек-
шілік жасағанын, алаштануды айналымға қосқанын, Елбасының соңғы мақаласындағы 100 тұлғаның қатарынан орын алатын азамат екенін жеткізді.
Қоғам қайраткерлері, профессорлар Әділ Ахметов адами қасиеттерін, кішілігі мен кісілігін үлгі етсе, Камал Бұрханов бірінші алаштанушы деп, классикалық академиктің үлгісі, тіпті эталоны Кеңес Нұрпейісұлы деген байламын ортаға салып, қазір академиктердің көбейіп кеткенін де атады. Шынында, ғылымға кімнің қандай үлес қосқанын уақыт анықтар, әйтсе де ел білмейтін академияның академиктері мен шикі «членкорлары» қаптап кеткені рас. Академик Ғарифолла Есім Елбасының мақаласы туралы жан-жақты ой тербей келіп, ұлтымызға ұйысатын, бірігетін кездің келгенін, рухани залы ашылып отырған шын зиялының мықты қазақ болғанын, ол зерттеген Алаш тарихын жан-жақты білу бәрімізге сын болып тұрғанын атаса, жазушы Шәрбану Бейсенова нағыз санасы ояу, өресі биік ғалымның басылымдарға мақала жазудағы сауаттылығы мен өнегесінен дә-
йектер келтірді. Профессорлар Қазыбекби Бүйтекұлы құнарлы жерден шыққан азаматтың тек тамырына тоқталса, Қадыр Ахметов қазақ тілін тарих ғылымында ғылым тіліне айналдырған бірден-бір тұлға Кеңес Нұрпейісұлы деген байламын назарға салды.
Ал академиктің рухани мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, Ұлттық кітапханаға тапсырып отырған профессор Талдыбек Нұрпейіс әкесінің бүкіл өмір жолына барлау жасап, Алашты зерттеуіне Бауыржан Момышұлының ой салғанына дәлелдер келтірді. Қас батыр «Сен халық жауының баласы екенсің, бірақ оның ақиқаты Аллаға ғана аян, партия мен совет тарихын академик Ақай Нүсіпбеков екеуің жазып болған шығарсыңдар. Енді Алаш тарихына баруларың керек, ұлт ақиқаты сонда жатыр!» деп Әлихан, Ахмет, Міржақып туралы аз-кем мәлімет беріпті.
Ғылыми залдың ашылу рәсімінен кейін де академиктің шәкірттері Ж.Қуанышев, З.Дүкенбаева, Қ.Еркінбекова, Қ.Еңсенов ұстаздарының қамқорлығынан, көрген шарапаттарынан мысалдар келтірсе, магистрант Е.Тоқтарбай ғалымның рухани дүниесінің Астанаға келуі жастар үшін тиімді екенін жеткізді. Әдемі істі Ұлттық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева қорытып, осындай жақсы іске жол ашқан Мәдениет және спорт министрлігіне, тілектес барлық азаматтарға шын ниеттен алғысын білдірді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»
Пікірлер(0)
Пікір қосу