Әлібек Асқаров. Қазығұрт

Егемен Қазақстан
19.03.2017 418

Кілт

Оралхан Бөкейдің тамаша бір эссесі: «Ер екеніңді білейін, Қазақстанның өзге өңірі туралы осылай жазып көрші…» – деген сөйлеммен аяқталушы еді ғой. Өзінің туған Алтайы туралы толғанғанда тілін тоқтаусыз төгетін сөз зергерінің бұл жаз­ғанында терең ой жатқандай. Ауылдағы анасын Алматыға алдыра алмай, амалы таусылғанда Жұмекен ақынның: «Туған жер деп, әттең-ай, туған жер деп кет­педің, туған жерді сен жалғыз Бошалаққұм деп пе едің?!» – деп қиналатыны еске түседі осындайда. Әри­не, әрбір қазақ үшін ән сап тұрған бүкіл қазақ сахарасы оның туған жері екені және рас.

Біз де Алтай туралы ша­ма­мыздың келгенінше, өреміздің жеткенінше жазу­дай-ақ жаз­ған екенбіз. Осы «Еге­мен Қазақ­станның» бетіне «Көккөл», «Шын­дығатай», «Мұзтау», «Шабанбай», «Мар­қакөл» атты эсселеріміз жария­ланды. Олардың бәрінің басы қосылып «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсай­мын», «Алтай – алтын бесік, атажұрт» атты кітаптар мен альбомдар да жарық көрді. Бірақ бәрібір Оралхан ағамыздың әлгі бір сөзі көкейден кетпей-ақ қой­ған… Еліміздің өзге өңірлерінің ғажа­йып табиғаты, тағылымды тарихы туралы неге көсіліп бір жазбасқа деп қиялдай­тын­мын. Өйткені, қазақ жерінің қадір-қасиетін әр қаламгер өзінше таниды, өзінше көреді, өзінше қалам тербейді ғой!

«Байқа, досым, Алтайдан бас­қаға қаламың шабандап қалып жүрмесін?» деп Мәжіліс депутаты, әдебиетші ғалым Сауытбек Абдрахмановтың анау бір жылдары әзілдегені бар. Сөйт­ті де Ас­танадан арнайы келіп, мені Хан Тәңі­рінің баурайына алып барған. Тікұшақпен шырқау биікке көтерді, Алатау мен Тянь-Шанның өзен-көл­дерін, сай-саласын аралатып, Жер жәннаты Жетісуды көктен тамашалатты. Тәңір таудың алқымын иіскетіп, етегін­дегі көкшалғын жай­лауында демалдырды. Сол сапардың ұмытылмас әсерінен «Ас­пантау» деген көлемді эссе жазыл­ды. Ол да «Егеменде» жарияланып, оқыр­­манның жылы лебізіне ие болды.

Өткен жылдың жазында: «Се­нің ауылыңа 7-8 рет бардым. Енді сен де менің ауылыма жүр. Қасиетті Қазығұртқа бірге шы­ғайық. Қазығұрт туралы жазу да, жазбау да өзіңнің адамгершілігіңе байланысты. Бірақ ол жақтан жаның жадырап, көңілің марқайып қайтарыңа мен кепілдік берем», деп ежелгі әдетінше қалжың-шыны аралас қолқа салған. Артын­ша, сол жылдың шөп буыны бекіген қараөзек бір шағында жолымыз түсіп, Қазығұртты армансыз аралаудың жөні келген.

Оңтүстік сапары

Біз оңтүстік өңіріне келгенде тамыз­дың шағырмақ күні жер дүниеге шапағын молынан шашып, мейірімін елжірей төгіп тұр­ды. Шымкент қаласынан жолға шыдамды екі «внедорож­ник­пен» таңсәріден сапарға шық­қанбыз. Алдыңғы машинада то­бымыздың жолбасшысы, осы өңір­дің тумасы, сенатор, «Ауыл» пар­тиясының төрағасы Әли Бек­таев. Келесі жолаушы – алыс Алтай­­дан ат арытып арнайы келген, бұ­­рынырақта Қатонқарағай ұлт­тық табиғи паркінің, кейіндері «Берел» қорық-мұражайының дирек­торы қызметтерін атқарған Ерен Жұмағұлов. Оған иықтасып артқы орындықта мен отырмын. Соңы­мыздағы машинада Сауытбек Абдрах­манов, оның көршісі – тіл­уар сая­сатшы ініміз Ерлан Саи­ров.

Бірер сағаттан соң жорғадай тай­палт­қан асфальт та таусыл­ған, қия­ның шаңы борап, шоқы­рақтаған қара жолына түстік. Құрғыры, қара жо­лың да таусылып бермес ұзақ екен, шаршап-шалдығып, ырғатылып көп жүр­дік. Жібектей желкілдеген жосалы жазықтарды, боз жусаны аңқыған қобыз жондарды басып өттік. Содан, Өгем асуының текшесіне жете тізгін тежегенбіз. Осы арада аяқ суытып, бой жазып жарым сағаттай дем алдық. Асудың ең биік, өркешті тұсы осы екен, бетімізге жаныңды жадыратқан салқын самал лекіді. Оның арғы етегінде ертек сипатты көгілдір аңғар мұнартады. Салқын самалмен рахаттана тыныстап, қарсыдан ашылып салған мол панораманы құмарта қызықтаймыз.

– Мына аңғардың көрінісі Алтайдың тайгасына ұқсайды екен! – дейді Қатон­қарағайдан келген Ерен досымыз.

Рас айтады, ондай ұқсастықты мен де байқап тұрғам. Бірақ, Алтайдың сесі басым, түсі суық, айды­ны ызғарлы. Қия басып қате­лікке ұрынсаң, жұтып қояр­дай нойыс. Оңтүстіктің таулары көңілге қуаныш ұялатып, көзге жылы ұшырайды екен. Десек те, мына Өгем аңғарынан тек Алтайдың ғана белгісі емес, Баян­ауылдың қыз жүгіндей текшеленген майда тастарын, Қарқаралының қоңыр жон қа­рағайлы қырқаларын, Бура­байдың толқын шапаттаған көгіл­дір көлдері мен самаладай сыңсыған жасыл ормандарын, Тянь-Шанның маңқиған асқақ паңдығын көргендеймін. Жер бедерінің мұндай ұқсастығын Алтайдан да табар едің, Алатау мен Арқадан да кездестіресің. Қазақ жерін тұтастырып тұрған да тегі осындай көзге таныс, үйрен­шікті көріністер, жүрекке жақын суреттер болар!

Шығыс көкжиекте төбесін қы­рау шал­ған шың-шоқылар аға­рады. Ағарып қана тұрған жоқ, шекесінен шекшигендей. Әйгілі Ақсу-Жабағылының сеңгірі сол десті. Аңғардың біз тұрған күнгей бет­­кейі жартасты, ағашы сирек, алақат. Деген­мен, әр тұста шоқ-шоқ бо­зарша, долана мен қалың бұта қарауытады.

Етекке құлар жолдың айналмасы көп, бұрылысы одан да мол, кейбір тұсы төменге тік шан­шылған құлама екен. Қазір күн ашық, жол шаңытқан құрғақ, соның өзінде мына жол сайтан сира­ғын сындырғандай қауіпті көрінді.

– Жаңбырлы күндері бұл жолдан машина түсе де, шыға да алмай қалады. Тек шынжыр табан трактор ғана жүреді, – деді Қазығұрт ауда­нының әкімі Төлеген Тел­ғараев. – Ал қыс айларында, оның өзін­де күн ашық күндері трактормен болмаса, етектегі Өгем ауылына қа­тынас мүл­дем жабылып қалады.

– Сонда қыс бойы олар қалай күн көріп жүр?

– «Северный завоз» дегенді естіген шығарсыздар? Өгемдіктер қыстың қорын жазда жасап алады да, қорасында малын бағып, үйінде бала-шағасын асырап, төбеге қарап жата береді.
Өгемге түсе берісте табиғаттың тағы бір кереметіне кездескенбіз. Еңкейістегі өзектің бұралаң бір мүйісінде фантас­тикалық бейнедегі қалың жартас көзге шалынған. Асқар биіктегі сәнді мүсіндер ке­шені сияқты. Өздері күйдірілген кірпіштей қып-қызыл. Көкке найзадай шаншылып, самаладай сап түзей қапты. Өзіміздің Қазығұрт емес, құдды бір суы жоқ, нуы жоқ Қызыл планетаның беде­ріне ұқсап кеткен. «Қырық қыз дейтін табиғат ескерткіші осы болады! – деп таныс­тырды топ басшымыз Әли Бектаев. – Тура осыған ұқсас табиғаттың киелі ескерт­кіштері Қазығұрт баурайында үшеу».

Естуімізше, сол үшеуіне де байланыс­ты үш түрлі аңыз бар екен. Солардың бірін Әли былай­ша әңгімелеп берген: «Баяғы бір жаугершілік замандарда ел шетін­дегі Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуен құрып, ауылға қай­тып келе жатқан қырық қызды жау шап­қыншылары байқап қалады. Қыздарды көріп көздері қызарған жау айғайға басып, соңдарынан қуа жөнеледі. Тағдырлары тығырыққа тірелген қыздар Құдайға: «Уа, Жаратқан Ием, жаудың қолына түсіріп, өмірімізді қор қылғанша, мына қуғыншыларды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп тізе бүгіп жалбарына кетеді. Қыздардың тілегі сол арада қабыл болып, бөк­терді бойлай далақтап шауып келе жатқан жау әскері жақпар-жақпар қара тас боп қата қалады. Ол жер содан бері «Қаратас» ата­лып­ты. Ал ару қыздар ары-бері өт­кен жолаушылардың көзін қы­­зық­тырып, әсемдене тізілген қай­таланбас мына ескерткіштерге айнал­ған екен».

Біз төмендей бергенде, са­мала­дай сап түзеген осы найза­тас­тар­дың етек жа­ғында селтиген тағы бір тас көзімізге түскен. Сақшыдай шақшиған оның түсі тіпті ерекше – аппақ. Әкпен әдейі сылап қойған ба дерсің. Жұрт оны «Күйеу тас» деп атайды екен.

Айтары жоқ, жайлаудай жазиралы жазықтар, сылаңдап са­ғым ойнаған бозалаң белдер, сал­қын сабат өзен аңғар­лары көз суар­ғандай әсем. Салқар созылған аңғар­дың табанында бұраңдай аққан Өгем – хас сұлудың мой­нын­дағы күміс моншақтай. Тау қойнауында мөлдіреген Сусіңген мен Мақпал көлдері Қазығұрт пен Қаржантаудың жасаураған жанарына ұқсаған. Солтүстігінде – ағысы қатты, шайпау мінез Бадам. Оң­түстік етегінен әйгілі Келестің бір саласы бастау алады. Әйтеуір, көпіріп ақ­қан көкпеңбек өзендер, бұлқына аққан бұра­тарт бұлақтар бұл жақта жеткілікті тәрізді. Қа­зығұрт пен Қаржантауды төрт құ­бы­ласына бұлақтан сүт ағызған абзал анадай елестеттік. Қалай десек те, әсем дүние әуезі біздің көңілде де ән боп тербелгені рас еді.

Қазығұрттың басында

Қазақы салт-дәстүріміздің мәйегін уыздай ұйытып, ұлты­мыз­дың ырым-жоралғысын көз­­дің қарашығындай сақтап отыр­ған оңтүстіктегі ағайынның қонақ­жайлығы ел ішінде аңыз болып тараған. Әулие тауды іздеп келген біздің топты қай жерге барсақ та аруақты өңірдің азаматтары қырық жыл көрмеген туысындай қарсы алысып, шынайы ықылас білдірісіп жатты. Әр жерге бір аялдап, ауыл ақсақалдарымен, жергілікті азаматтармен, орманшы-егерьлермен көңіл жазып әңгіме-дүкен құра­мыз. Артынша тағы да шаңы бұрқыраған қия-жартасты, жоталы-таулы сапарымызға шығамыз.

Үшінші күні мақсат етіп алыс­тан іздеп келген әулие тауды бетке алған едік. Қалыптасқан дәстүр бойынша Қазығұрттың биігіне шығар алдында, алдымен Ақбура әулиенің басына барып, құрмалдық шалып, тауап қылу керек екен. Біз де елдік дәстүрден ауыт­қымай, бәрін мұқият сақтауға тырыстық. Тайпақ сайдың тұйы­ғындағы әулиенің көкжасыл жы­ланкөз жа­лат­қан күмбезді кесенесі алыс­тан көрініс берген. Сай іші жеміс ағаш­тарының алуан түріне малынып тұрды. «Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен», деп Асан қайғы бабамыз айтқандай, бұл өңірдің байлығына таңданбасқа лажың қалмағандай.

Ақбура әулиенің басынан шық­қан бойда машинамен ыр­ғатылып тағы біраз жер шалдық. Әлдебір үңірейген шаттың етегіне жете созалаңдап машинадан түсіп едік, ерттеулі дайын түрған бір топ ән­дігер аттар көлденең тартылды. Содан, жалғыз аяқ жетім сүрлеуді бойлап, тау биігіне салт аттармен тартып кеттік.

Тау төбесінде үй орнындай жазаң бар екен. Қия жолдың қиындығы қалалық­тарға ауырлау тиді ме, аттардан түскен бойда тіземізді баса алмай қаппыз. Амалсыз жерге домалай құладық. Құ­ла­дық та, ойпаңның көк шалғы­нына бел жазып, аяқ созып аунай кеттік. Біз шалғынына аунап жатқан ой­паңның аты «Кеме қалған» аталады екен. Расында да, ойпаң­ның екі қап­талы аруақтай аспанға шаншылған ақсөңке жартас­тар. Нұх пай­ғамбардың алып кемесі осы секиген сүң­гі тастардың арасына тұм­сығымен сұғы­на кіріп, кептеле барып тоқтаған деседі.

Бұл тұстан төңірек алақан­дағыдай ап-айқын, күншілікке дейін көкпеңбек болып жарқырап жатты. Түстік жақта тұң­ғиық кө­сілген салқар көш, боз дала. Те­ріс­тікте ұлы-жіңгір бұйрат бел, құй­қалы адыр. Бұйрат белдердің үсті шахматтың тақтасына ұқсаған шақпақ-шақпақ егістік алқаптар. Қалтарыстағы сай-саладан үл­кенді-кішілі ауылдар, етекті ел нобайланады. Әне, кешегі қанды соғыстың атақты Батыры, генерал Сабыр Рахимовтың ауылы. Батырдың ауылы сай бойына созыла қоныс теуіпті. Оның етегінде Әли досымыздың ауыл­ы ағарады. Анау Қаржантаудың теріскейінде Сауытбектің кіндік кесіп, кір жуған Ұя атты ұядай ұйыған ауыл­ы. Осы­дан бес жыл бұрын Ұяға бар­ған сапа­рымыз еске түсіп еді, жүректі әлде­бір мұң шымшылап өткен… Ол сапарда Әбіш Кекілбаев ағамыз, Фариза Оңғарсынова апамыз да бар еді ғой! Дариға-ай десеңші, өмір деген осы да, өтеді де кетеді! Әбіш­тей заңғармен біз бір заманда өмір сүріп едік дегенге келер ұрпақ сенер ме екен, сенбес пе екен?

Баяу соққан желмен қосылып Қар­жантау жақтан құлағымызға әлдебір мұңлы сарын жеткендей. Таудың жазықтау түскен шығыс арқасы «Орда қонған» деп аталатынын білдік. Пілдің жонындай жайқала созылған осы тепсең біздің дәуірімізге дейін Қаңлы мемлекеті хандарының жазғы ордасы саналыпты.

Жазушы ағамыз Қалаубек Тұр­сын­құлов сырқаттанып жүріп «Қазығұрт» атты тамаша кітап-альбом жазып кеткені жұртқа мәлім. Алуан суреттермен байы­тылып, жан-жақты мазмұндалған тари­хи-танымдық осы кітапта ертеде Қазығұрттың баурайына Көктүріктің Истеми ханы, одан беріде Тәуке сияқты қазақ хандары жаз айларында ордаларын тіккені жазылған. Халқымыздың от ауызды, орақ тілді ақылгөйі Төле бидің жайлауы да осы жер екен. Арқадан арнайы келген Қаз дауысты Қазыбек би де сол жерге ат басын тіреп, ала жаздай мей­мандап кетіпті. Сабалақ бала – жас Абылайдың Төле бидің түйесін бағатын жері де осы маңай деседі. Қысқасы, елім деп еңіреген, халқым деп қайысқан талай батырлар мен баһадүрлердің ту тіккен жері, ақындар мен абыздардың, хан мен қараның бас қосқан киелі ордасының бірі мына Қазығұрт болыпты.

Бергідегі тарихты айтпағанның өзінде, біздің жыл санауымыздан бұрын Геродот та, Страбон да, Птолемей де бұл өңірді білген, біліп қана қоймай, сараң да болса өз еңбектерінде атап өткен.

Осындайды ес­керіп, «Қорқыт ата» мен «Оғызнамада» жырға қосылған Қазығұрттың маңызын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақса­тында 1998 жылдың 17 қаңта­рында «Егемен Қазақстан» газе­тінде ашық хат жарияланады. Оған академиктер Әбдуәли Хайдари, Қилы­бай Медеубеков, про­фессор Әбдез Стамқұлов, ақын-жазушылар Қалихан Ысқа­қов, Қуандық Шаң­ғытбаев, Қадыр Мырзалиев, Қалаубек Тұр­сынқұлов қол қойып­ты. Халқымыздың тұлғалы азаматтарын алаңдатқан бұл хатта былай делінген: «Қазығұрт тауы – біздің көне дәуіріміздің алып ескерткішінің бірі. Жалпы қазақ даласының тарихы ұшан-теңіз ғой. Кеңес дәуірінде оны біріміз білсек, біріміз білмей келдік. Абырой болғанда, тәуелсіздігіміз қол­ға тиіп, жоғалтып ала жаздаған сол асыл қазынамызды біртіндеп болса да түгендей бастаған сияқ­тымыз… Қазақтың Аты­раудан Алтайға, Сарыарқадан Жеті­суға жайылып жатқан кең даласында талай-талай тарихи жерлер бар. Тек қана Ұлытау мен Қаратаудағы, Қозыбасы мен Аңырақайдағы, Ерейментау мен Маңғыстаудағы тарихи орындардың өзі неге тұрады! Осылардың бәрінің тарихын бір ізге түсіріп, жүйелей білсек, бүкіл қазақ даласының да, қазақ халқының да төл тарихы жарқырап шыға келері даусыз. Осындай қасиетті орын, киелі мекеннің бірі – Қазығұрт тауы!».

Ашық хаттың авторлары, сондай-ақ, Қазығұрттың Ұлы Жі­бек жолының бойында жат­қандығын ескеріп, таудың басына мемориал ескерткіш орнату жөнінде үндеу тастайды. Тау баурайын­да жыл сайын Наурыз мейрамын атап, ақындар айтысы, бәйге, көкпар сияқты ұлттық ойындар, Қырғызстан мен Өзбекстан жастарын тарта отырып, түрлі спорт сайыстарын өткізіп тұрса деген ұсыныстар жасайды. Осы үндеуден кейін, Нұқ пайғамбардың кемесін символикалық түрде бейнелеген алып мемориал ескерткіш Қазығұрттың етегінен өтетін Шымкент-Ташкент тас жолының бойына, шоқының биігіндегі көрнекі тұсқа 2004 жылы орнатылады. Кейінірек Қазығұрт тауының биігіне жалт-жұлт еткен айнасы күншіліктен шұғыла шашқан обелиск бой көтереді.

Асқақ мемориалдың да, обелис­кінің де бой көтеруіне мұ­рын­дық болған – сол кезде Қазығұрт ауданын басқарған қайраткер азамат, қазір біздің қасымызда жүрген Әли Бектаев болатын.

Бабалар мекені

Мамандар Қазығұрт сілемі есте жоқ ескі замандарда жанар­тау­дың атқылауынан пайда бол­ған деседі. Зерттеу­лер тау төңі­регіндегі тұма бұлақ­тарда түрлі химиялық қосындылардың, ми­нералдық қоспалардың молдығын дәлелдепті. Басқа жермен салыс­тырғанда, Қазығұрттың бауырында өсетін же­містердің дәмі де өзгеше, қуаты да ерекше, денсаулыққа әсері де бөлекше сияқты. Түрік әлемінің ХVI ға­сыр­дағы ғұламасы әл-Бұхари: «Қазығұрт баурайы – гүл жай­наған бау-бақшалы, көк майсалы жер», деп, анау заманның өзінде мақтап кетіпті. Ендеше, жайсаң жұрты бар, жазиралы жайлауы бар, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін жерұйық мекенге кім қызықпасын? Сол себепті де бұл өңірде қанды соғыстар көп болыпты, нелер бір қылышты қылилар, найзалы нар батырлар көптеп шығыпты.

«Қазығұрт» кітабында осы аймақты біздің заманға дейінгі VI-V ғасырларда сақ тайпалары мекендегені жазылған. Академик Карл Байпақов Қазығұрт маңайын сақтар мәдениетінің ізбасары – қаңлылар мекен еткенін, сон­дықтан бұл өлке «Қаңлы елі» деп аталғанын айтады. Х ғасырда өмір сүрген Истахри атты араб саяхатшысы біз сөз етіп отырған өңірді «Оғыздар қонысы» деп атапты. Жер тарихы біздің негізгі тақырыбымыз емес, сон­­дықтан мақаламызда біз өткенге тым тереңдеуден аулақ­пыз. Әңгіме – әулие Қазы­ғұрттың маңайы тұнған тарих екенін еске салу, елі үшін, жері үшін жан қиған ерлердің, еңку-еңку жер шалған ереймен батырлардың мекені болғанын мақтан ету.

Бізді қызықтырған бір жағдай – Қазығұрттың бауырын­да жұрт­шылық пір тұтатын, тауап етіп сиынатын қасиетті мекендердің көптігі болды. Әулие жер­дің мол­дығы жөнінен Қазығұрт өңірі Маңғыстаудан кейін екінші орында тәрізді. «Шілтер Ата – Имандылық шыра­ғы ғой, Ақбура – ізгіліктің бұлағы ғой, Қазығұрт – әулиелер тұрағы ғой!» деген ескіден қалған өлең жолдары соның бір дәлелі болса керек. Осы Қа­зы­ғұрттың бауырында жер асты­нан қайнап шығып жатқан үш бұлақ барын естідік. Олар «Көзбұлақ», «Өңеш­бұлақ», «Құлақбұлақ» деп аталады екен. Әңгімеге қарағанда, осы бұлақ­тардың сулары бір-біріне әсте ұқса­майды, дәмдері де бөлек. Аттары көр­сетіп тұрғандай, емдік қасиеті сол ағзаң­ды емдеп жазуға септеседі, әсері айтар­лықтай.

Қазығұрт десе ең алдымен Нұқ пай­ғам­бардың кемесі, ерте заман­ғы аңыз-әпсаналар, Жер үстін басқан топансу ойға оралатыны заңды. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деп басталатын дастанның өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол себепті де, Қазығұрт туралы жазған қаламгердің қай-қайсысы да топансу тақырыбын айналып өте алмасы анық. Шүкір, осы жазбаға кірісер алдында біз де әлемдік топансу жайында біршама материалдар жинастырған едік. Солардың ішінде жоғарыда сөз еткен «Қазығұрт» кітабынан біршама деректер кездестірдік. Шымкенттік қаламгер Құралбек Ергө­беков «Қазығұрт ата әулие» кітапшасына ел арасына ауызша тарап кеткен бірнеше аңыздарды хатқа түсіріп, жинақтап беріпті. Бұл кітапша көлемі шағын бол­ғанымен, өз басым оны үлкен еңбекке баладым. Ауыл-ауылды аралап жүріп, ел аузындағы маржандай аңыздар мен жырларды теріп жазып алған. Оны айтқан кісілер бүгінде арамызда жоқ, әлдеқашан өмірден өтіп кетіпті. Әрине, мен үшін бұл деректер де аздық етіп, өзім қызмет жасайтын Ұлттық кітапхананың қорынан да іздеу салдым. Ескі газет-журнал тігінділерін ақтардық, интернетті қопардық. Библияның түсін­дір­мелерін, Құранның аударма сөрелерін де парақтауға тура келді. Ең қуаныштысы, Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысудың жөні түсіп, сол жерден әлемдік топансуға қатысты ағылшын тілінен жаңадан ауда­рылған бірнеше зерттеу кітап алып келдім. Осы жинақтар білім көк­жиегімізді кеңейтіп, көп нәр­сеге көз ашқандай болды.

Сондықтан, бұл эссеге әулие Қазы­ғұрт қозғау салғанымен, әлемдік топансу жайындағы біз­дің жиған-тер­ге­німіз топтастырылды. Оларды жұрт­­шы­лыққа тас­тай қатқан жүйеде емес, факто­гра­фиялық құрылымда жасақтап, жеке кітапша ретінде жарыққа шығармақ ойдамын. «Егемен Қазақстан» оқырмандарына сол ұзақ баянның ықшам нұсқасы ұсынылып отыр.

Қыш кітаптың қисыны

Жалпы, топансу өмірде шын болған оқиға ма? Бұл сұрақ ғасырлар бойы талай-талай ақыл-ой иелерін, сақалы сала құлаш данышпандар мен қалың қабақ діндарларды, арыстан тұлғалы ғалымдарды тығырыққа тіреген. Оларды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, көз майын тауы­сып терең зерттеулер жасауына мәжбүрлеген. Бәрібір әлі күнге ешкім оның жауабын нақты айта алмай келеді. Осылайша, ғасырлар бойғы ізденістің арқасында ғылым әлемінде алуан түрлі болжамдар, кереғар пікірлер молынан жинақталыпты.

Орыстың көрнекті мә­де­­­ниет­­­­тану­шысы әрі теологы, Биб­лия мен Құранға түсін­дірме жа­саушылардың бірі Д.В.Ше­дровицкий былай деп жазады: «Топансудың болған-болмағаны туралы ғылым әлемінде талас пен тартыс әр заманда болып тұрған. Бұл алапат оқиғаның салдарын іздеп, көптеген археологиялық зерттеулер де жасалды. Түрлі құр­лықтарда жүргізілген сол зерт­теулер расында да ескі заманда жер бетін әлдебір ғаламат су басқанын айғақтап отыр». Осылай дей келе, мәдениет білгірі бүгінгі теңіз деңгейінен әлдеқайда биік қыратты, үстіртті аймақтарда теңіз табанының белгілері көптеп кез­десетінін алға тартады. Суы жоқ шөлейтті өңірлерден ежелгі су жәндіктері мен теңіз өсімдіктерінің қалдық­тары табылуда. Жердің қыртыс-қабаттарында лай басқан белдеу­лердің бары да соның бір айғағы болмақ. Өйткені, топы­рақтың әрбір қыртыс қабаты – Жер тарихының ашылмаған парақтары екені даусыз.

Қазба жұмыстарында мұндай мысалдар көп. Сондықтан, топансу жайындағы археологтар тұжырымын осымен доғара тұрайық та мынаны баяндайық.

…1872 жылы монета сарайы­ның бұрынғы гравері, кейін Британ музейі­нің қатардағы қызметкері Джордж Смит (1840-1876) дүниені дүр сілкіндір­ген жаңалық ашады. Ол оған дейін осы музейде сақтаулы қыш тақтайшалардағы сына жазуларды жылдар бойы оқумен шұғыл­данған болатын. Сол тақтайшалардың ішінен он екі өрім өлеңнен тұратын «Гиль­гамеш дас­танын» да ежіктеп талдап, оқып шығады. Ең ғажабы, осы эпикалық шығарманың он бірінші тарауы оған дейін Библияның Тауратында тастай болып жазыл­ған, ел-жұртқа бұрыннан жақсы мәлім топансу апаты туралы екен. Ол бұл әлемдік маңызға ие жа­ңалықты сол жылдың 3 желтоқсанында Лондонның ар­хео­логиялық қоғамының жалпы жиналысында жария етеді. Сол-ақ екен, оның жаңалығы әлемге әйгіленіп, елеусіз клерктің атағы бірден аспанға шарықтайды.

Археологтар содан бірер жыл бұрын Месопотамияның қиыр солтүстігіндегі ескі Нине­вия қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Сонда олар б.з.д. 669-633 жылдары патшалық құрған Ашшурбанипалдың орасан зор кітапханасын табады. Бұл патша өз қаласын ғимараттармен ғана әсемдеп қоймай, жаулап ал­ған елдерден көптеген тарихи, табиғи білімдерді, грамматика мен діни тұрғыдағы мәтіндерді жинастырған жан екен. Яғни, өзінің халқын сауаттандыруға ұмтылған ойы өрісті, ниеті келісті патша болса керек. Жи­налған мәтіндердің баршасы жұмсақ қыш тақтайшаларға сына жазу түрінде жазылып, соңынан олар ыстық пеште күйдіріліп, болашаққа сақтау мақсатында кітапханада қатталып отырған. Ғажабы сол, әлгі мыңдаған қыш кітаптарда және оның әр кездері сынған бөліктерінде Библиядағы топансу жайындағы баяннан айнымайтын мәтіндер кездескен.

Сүлкиіп таңнан кешке дейін қыш тақтайшаларға үңіл­ген елеусіз бір қызметкер ғы­лым әле­мін осыншалық таңғал­ды­рады, ресми шіркеуді дүр сіл­­кін­діріп, аяқтарынан тік тұр­ғызады деп кім ойлаған? Ол өз жаңалығымен ағылшын үкіметін де әбігерге салады. Ол кезде көзі ашық азаматтарды бы­лай қойғанда, әліпті таяқ деп біл­мейтін қараңғы жұртқа шейін Библиядан хабары болушы еді. Көпшілік жұрт оның мазмұны мен ол жердегі аңыз-әңгімелерді жатқа білісетін. Сөйтсе, қайдағы бір қазбадан табылған елеусіз қыштың сынығында «көктен түсті», Құдайдың әуезі дейтін Қасиет­ті Кітаптағы канондық мәтін қай­таланған? Бұл не сұм­дық! Үйде де, түзде де, кө­ше мен шір­кеуде де бұл жаңа­лық неліктен жұрт­шылықты осын­шалық әбігерге түсірді? Әсіресе, ресми шіркеудің беделіне зор нұқсан келтіріп отыр­ған мәсе­ленің төркіні неде еді?

Нойдың өмірі мен топансу жайын жан-жақты баяндаған бұл сына жазулар христиан әлемінің сиынатын, тәу ететін Қасиетті Кітабынан мың жылдан астам бұ­рын жазылыпты! Ал, керек болса! Қалыптасқан наным-сенімді күл-талқан еткен мұндай әңгімеге ресми шіркеу алдымен жағаларын ұстап таңданған. Артынша жатып кеп шамданған, ерін бауырына алып тулаған! Еврейлердің де, христиандардың да, арабтардың да Қасиетті кітаптарында Құдай адамдардың қамсыз тірлігіне, жүгенсіз іс-әрекетіне наразы. Азғындығы үшін оларды Құдай қатал жазаға бұйырады. Былайша айтқанда, жер бетінде қыбырлаған, жы­бырлаған дүниенің бәрін сыпы­рып тастап, аппақ қағаздан Жаңа, жасампаз өмір бастауды, Жерде Жаңа дәуірдің бетін ашуды ниет етеді. Және ол Жаңа дәуір мейірімге, жақсылыққа, ізгілікке, иман­дылыққа толы боларына сенеді.

Содан, Жаратушының жар­лығымен жерге қырық күн, қы­рық түн толассыз жаңбыр төгеді. Жаңбырдан соң 110 күн бойы жер үстінде ұшы-қиыры жоқ көк мұхит тербеліп-толқып тұрып алады. Нойдың кемесі осылайша 150 күн көк мұхиттың үстінде салындыдай қалқып жүре береді.

Библия бойынша, топансу Адамата, Хауанадан басталған жыл санаумен есептегенде, 1656 жылы жер бетін басқан. Бұл – қазіргі заманның есебі бойын­ша біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2369 жылы болған оқиға. Яғни, шамамен бұдан 4400 жыл ертедегі алапат… Десек те, топансудың өмірде болғанын дүние жүзі халықтары мен тай­паларының этнографиялық де­рек­тері, сондай-ақ қазбадан табылған көне жазулар айғақтап отырғанын айту парыз. Осынау алуан мифтер мен көне жазулардан басқа, топансу оқиғасы ежелгі тарихшылардың да еңбектерінде баяндалғанын ескерген жөн.

Әлемдік мифтер

Жалпы топансу жайындағы мифтер әлемнің көп халқының мәдениетінде кездеседі. Мұндай мифтердің негізгі арқауы – адам­­заттың жарық жалғандағы бақыты мен барын көтере алмауы, қызыл-жасыл дүниенің парқын бағалай алмауы, соның салдарынан азғындық жолға түсуі, құдай мен тәубесін ұмы­туы. «Асқанға – тосқан», жаман істің түбінде бір сұрауы болады, адам­зат өзі жасаған күнәсі үшін түбінде бір жауап беруі тиіс.

Топансу туралы тақырыпты қозғайтын үш жүзден астам аңыздар мен мифтер бар екен. Олардың кей­біреуі бі­рер фраза­дан ғана тұр­са, енді біреулері кәдімгі әдеби жәдігерлер, алуан үлгідегі өлеңдер болған. Солар­дың ішінде Қазығұрт жайындағы екі қазақ дас­таны да бар. Қайталап айтайын, тақпақ емес, өлең емес – екі дастан! Әлемдік фольклордан дәл мұндай көрнекі мысалды табу қиын шығар!

Жүздескен кейбір азаматтар­дан біздің естігеніміз, Қазы­ғұрт­тың тарихын да, қасиетін де бір кісідей білетін жан – ғы­лым докторы Аманбек қажы Ақай­ұлы десті. Сапар барысында ол кісімен кездесудің реті кел­меді де, Алматыға жет­кен бойда іздестіріп, қажы­ның кітаптарымен танысып шық­тық. «Көне аңыздар бойын­ша жер бетін топансу қапта­ғанда Нұқ пайғамбардың ке­месі тоқтаған орын деп Қазы­ғұрттан басқа Ара­биядағы – әл-Жуди, Кавказдағы – Арарат, Палес­тинадағы – Синай тау­ларын айтып жүр. Бірақ олар­дан Қазығұрттың бір ерек­ше­лігі – мұнда аңыздарда айтыл­ған белгілердің сақталып қалған­дығы», – дейді Аман­бек қажы кітабында. Сосын өзі айтқан әлгіндей бел­гілерге былайша тоқ­талып өтеді: «Атап айт­қанда, Қазы­ғұрт­тың 1720 метр биі­гінде Нұқ пай­ғамбардың ке­ме­сінің ізі, сол жерді мекен­деген адам­дар­­дың үңгірі, су ішкен бұла­ғы осы күнге дейін бар… Қа­­­зығұрт тау­ына кеме тоқ­тап, тір­­шілік қайта жалғасқанда Нұқ пайғам­бар­дың Хам, Сам, Иа­фес атты ұл­дары осы арада төрт түлік мал өргізіпті. Міне, сол төрт түліктің тасқа түскен із­дері, Пай­ғамбардың тамақ пісір­ген ошағы, дастарқаны, жайнамазы тас күйінде адамзаттың алғашқы тұрмыс-тіршілігінен сыр шерткендей болады. Тіпті, «дас­тар­қанның» жанындағы таста жас баланың ізіне дейін сақ­­та­лып қалған… Мінеки, осы мы­­сал­­дардың өзінен-ақ Қазы­ғұрт тауының адамзат үшін қан­­шалық­ты қасиетті екендігін бай­қаймыз».

Арарат ақиқаты

«Нұқтың кемесі қайда тоқ­тады?» дегенде, көпшілік жұрт­тың ойына алдымен Арарат тауы түседі. Өйткені, «Библияда солай жазылған» деп олар дәлел келтіріп, бой бермес еді. Өзге әңгімені тыңдағысы және жоқ. Тереңдей үңілсек, Библияда солай жазылғаны рас, бірақ тура сол мағынада емес екен! Ол жағын ешкім айтқысы келмейді, аңғармағансиды. Мінеки, қарап көріңіз: «И вода стала медленно уходит с земли. На сто пятидесятый день вода начала спадать: в семнадцатый день седьмого месяца ковчег остановился на Араратских горах. Вода медленно отступала; настал десятый месяц года. В первый день десятого месяца показались вершины гор».

Байқасаңыз, еврейлер жазған бұл мәтінде тау туралы көпше түрде айтылған – «на Араратских горах» дейді, «показались вершины гор» деп тағы да көпше түрде баян етеді. Қазір біз «Алтай тау­лары», «Тянь-Шань таулары» жалпылама айта салатынымыз сияқты, бұл жерде де Араратты жал­пылама түрде сипай кеткен. Арарат – шошайған жалғыз шоқы, іргесінде елеусіз тоқал жотасы бар. Сондықтан таудың аты көпше түрде айтылмайды. Яғни, «ол нақты Арарат шоқысы емес, одан әрі іркес-тіркес жалғасып кеткен Кавказ таулары да болуы әбден мүмкін», дейді аузы дуалы Ирвинг Финкель. Ол кісінің сөзіне иланбасқа шара жоқ. Өйткені, ол – британиялық атышулы ассириолог, шумеролог, Британ музейінің Таяу Шығыс бөлімі «Сына жазулар коллекциясының» меңгерушісі. Британ музейінің Таяу Шығыс бөлімінде қазіргі кезде 130 мыңдай сына жазулы қыш тақтайшалар бар. Сына жазуларды зерттеуде бүгінгі таңда ол кісімен теңдесер маманды таппайсыз. Финкельдің «Ковчег до Ноя» атты іргелі зерттеулері ағылшын тілінен орысшаға аударылып, 2016 жылы Мәскеуде кірпіштей қалың фолиант түрінде жарық көрді. Біз біршама жаңа деректерді Ресейден әкелген Финкельдің осы кітабынан алып отырмыз.

Ал ертеде кең мағынаға ие «Арарат» сөзі «Урарту» атауынан шыққанын ескерсек, тағы да қалың сұрақтың астында қалады екенбіз. Өйткені, Урарту – шо­шайған тау аты емес, «Жер кіндігі» аталған Месопотамияның солтүстігіндегі саяси және гео­гра­фиялық дарқан аймақтың жал­­пылама аты. Финкель осы дерекке де шұқшия үңіліп, мұқият ойлануды ұсынады. Бір қызығы, Арарат тауы тектоникалық өзге­рістердің әсерінен арадағы бес мың жыл ішінде 20 шақырым оңтүстікке қарай жылжығаны анық­талып отыр. Арарат тұрған Жердің қырқыншы градус ендігі қазір Армения жеріндегі жұртқа белгісіз бір төбешікте қалыпты.

Ирвинг Финкель кеме тоқта­ған таулардың бәрін тізбелеп, сергек санамен саралай келе, мынадай тұжырым жасайды: «Ковчег пристал к земле на чрезвычайно удаленной гигантской горе, расположенной далеко за страной Урарту, на противоположенном берегу Океана, окружающего обитаемую землю, и далеко за пределами человеческого знания. Иными словами, чтобы найти Ковчег, надо пересечь всю область Урарту и продолжить в том же направлении, в некотором смысле в бесконечную даль».

Байқасаңыз, бұл жердегі «Океан» дегені Каспий теңізіне келеді. Одан арғы «бесконечная даль» – Тұранның дарқан даласы сияқты. Ондай жағдайда «чрезвычайно удаленной гигантской горе» – біздің Қазығұрт болуы әбден мүмкін! Осы арада ескеретін жайт, Финкель қыш жазулардан да мың жыл ертеде сызылған «Бабыл картасы» атты тақтайшаны зерттей келе, картаға байланысты мәтін­дерді жан-жақты талдай келе, осындай тұжырым жасап отыр.

Патша заманында Санкт-Петер­бургтен Императорлық орыс география қоғамының бас­тама­сымен «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көптомдық анықтамалық энциклопедия шыққаны мәлім. Көптеген сая­хатшылардың сапар жазбаларымен, түсініктермен, карталармен, диаграммалармен, сызбалармен толықтырылған осы энциклопедияның «Туркес­тан­ский край» деген 13-томы 1913 жылы жарық көріпті. Бұл кітапты біз Ұлттық кітапхананың сирек қолжаз­балар қорынан көтеріп, парақ­таған едік. Анық­тама­лық­та Қазығұрт тауы бі­ріне-бірі қа­тыссыз екі ма­қалада сөз болады. Алғашқы мақалада В.И.Масальский деген князь былай дейді: «Ка­зы­курт пользует­ся ши­рокой известностью среди окрестного мусульманского насе­ления не только как место обитания и погребения святого Казы­курта, но и как пункт остановки ковчега Ноя после потопа и является таким образом туркестанским Араратом».

Келесі деректі анықтама­лық­тың соңғы жағын­дағы бір мақаладан ұшыраттық: «Казы­курт, замечательная не столько своей вышиной (около 5.000 ф.), сколько широкой известностью среди мусульманского населения края, как место погребения святого Казыкурта и остановки Ноева ковчега после потопа. Об этом туркестанском Арарате сложен ряд легенд и преданий, и киргизские певцы, играя на кобызе и домбре, до сих пор перечисляют в своих песнях животных, спасшихся в ковчеге на вершине Казыкурта».

Қалай десек те, Ной-Нұқ пай­­ғамбардың кемесі қазақтың Қазығұртына қайырлапты деген хабарды Ресейдің ғылыми айналымына алғаш енгізген осы анықтамалық болып отыр.
2003 жылы «Аргументы и факты» апталығының 7, 8 нө­мір­лерінде журналист В.Писа­ренконың «Кос­мопоиск» деген қоғамдық-ғылыми бірлестіктің ашқан жа­ңалығы туралы қы­зықты материалы жарияланады. Онда Вадим Чернобров дейтін азамат басқарған бірлестік мүшелерінің «Арарат құпиясын» ашу мақса­тында 2002-2003 жылдары біраз әрекет жасағаны айтылады. Олар таудың Түрік үкі­меті баруға тыйым салған батыс қыраттарына шығыпты. Ебін тауып түрік бақы­­­лау­шыларын ай­налып өтіп, тауға жасырын кө­терілген. Чер­нобров соңы­нан осы саяхаты туралы мер­зімді баспасөзге сұхбат береді. Сұхбатында ол ал­дымен осы «Арарат құпиясы» туралы жарияланған, айтылған мақалалар мен құжаттардың бар­­­шасын жиып-теріп, мұқият оқып-танысып шыққандарын баян­дайды. Соларды бір-бірімен салыстырған кезде, олардағы толып жатқан қайшылықтар мен сәйкессіздіктерді батыл көр­сетеді. Бірлестік мүшелері тау шыңына жету үшін шаршап-шалдығып 3-4 күн сапар шегеді. Ақыры 1950 метр биіктікке көтерілгенде, төмендегі бір бел­гісіз бейнені байқайды. Чер­нобров бұдан әрі былай дейді: «Точно! Я вспомнил фото, которое кочует в интернете из одного сайта в другой. То же плато, те же холмы, только…здесь еще должен быть ковчег! Прекрасно помню, как на снимке виден остов разрушенного корабля – для контрастности его еще опоя­сали белыми ленточками. Остов был на месте, уже без ленточек. Только вот при ближайшем рассмотрении «корабль» оказался сложенным из камней и припорошенным землей… загоном для скота, правда, очень большим. Сюда на ночлег пригоняют ота­ры овец. Одной легендой стало меньше».

Бұдан әрі Чернобров келесі бір биікке көтерілгенде, тау төбесінде бір жағына қарай қисайып жат­қан кеменің сұлбасын көреді. Төртінші күн дегенде сол араға жетеді: «Только это не ковчег. Лежащее на боку «судно» длиной более 200 метров на самом деле оказалось каменным карнизом вулканического происхождения. Лишь по форме он напоминал большой корабль. Кажется, природа будто специально создала обтекаемые «корабельные» обводы. А «поперечный каркас белого цвета» – свисающие сверху гигантские сосульки. Видели бы вы эти сосульки! Длиной 30-50 метров, шириной с железнодорожный вагон!…Итак, можно было констатировать главный вывод. Тот объект, что на снимках из космоса ученые принимали за отпечаток днища, на самом деле – всего лишь обрыв. Этакий грамадный козырек высотой до 50 метров, на котором не задерживается снег – именно поэтому он хорошо различим на больших расстояниях из огромной каменной полости, которую принимали за открытый корабельный трюм, ветер, вода и время удалили всю более мягкую породу».

Бірлестік жетекшісінің берген сұхбаты, мінеки, осындай. Арарат тауындағы ғалымдар арасында «Арарат аномалия­сы» деп аталған бұлағай жұм­бақтың шешіміне орыс баспасөзі осылай нүкте қойыпты. Соны­мен, Нұқ кемесі Араратқа тоқ­таған дегенді таза ғылыми тұрғыдан тиянақтауға тырысып жүргендердің сөзінің тас-талқаны шықты. Жалпы, «кеме менің тауымда тоқтаған» деп біржолата кесіп-пішіп айтуға ешбір халықтың хақысы жоқ шығар деген ойдамыз.

Енді Сауытбек Абдрахманов­тың «Қазығұрт» альбомына жаз­ған алғысөзіне назар салайық: «Құдайдың құдіретіне шек жоқ, сондықтан бұл аңызға шәк жоқ. Мәселе басқада… Мәселе ежелгі бабалар санасының әлемді жапқан топансу туралы классикалық мифке үн қосқан сұлу­лығында, саралығында, дүние­нің жаратылысына адам­заттың жер-жаһанға жаратылысына қызыққан, соны өзінше түсіндірген даралығында. Қазақ мифологиясының әлем­дік сарындар ауанынан аумай­тынының өзі тәнті етеді».

Бұл тұжырымды Википедия былай қуаттайды: «Согласно исследованиям Дж.Фрэзера, обнаружены следы сказаний с подобным сюжетом в Вавилонии, Палестине, Сирии, Армении, Фригии, Индии, Бирме, Вьет­наме, Казахстане, Китае Австра­лии, на многих остравах (Ин­донезии, Филиппинах, Анда­ман­ских островах, Тайване, Кам­чатке, Новой Гвинее, островых Меланезии, Микронезии и По­линезии), среди множества индейских племён от Огненной Земли до Аляски (всего учтено почти сотни версий)».

Мінеки, ұлы ғалымның зерттеу еңбегінде алып Еуразия кон­тинентінен Қазақ жері де атал­ған! Ендеше Қазығұрт аңыз­дары – халқымыздың әлемдік фольклорға қосқан дара дүниесі екені даусыз дүние.

Түйін

Шүкір дейік, Оңтүстік – өр­кені асып, тірлігі тасыған, құдай­дың назарындағы, бақыттың базарындағы ел екен. Қай жерге барсаң да шекарадан қарсы алып, шекараға дейін шығарып салған ас та, төк құрметтің куәсі болдық.

Бұл өңірде сонау балапан басына, тұрымтай тұсына қашып, өткел таппай үріккен тоқсаныншы жылдардың қиындығында да ел іргесі сөгілмепті. Жаңа заман шақшадай басты шарадай қы­лып, нарық деген аш бөрідей бүйірден қысқан кезде де ірге алдырып, береке мен бірлікті жоғалт­папты. Ескен жел жоқ, көшкен ел жоқ. «Көрмейін десем көзім бар дегендей», өзге өңірлерді де ісса­пармен аралап, көріп-біліп жүрміз ғой… Қазақ ауылдарының біразы аузы үңірейіп, терезесі саңырайып, бейнебір белгісіз жау тапап өткендей қирап қалған. Ал оңтүстіктің елінде ауылды иесіз тастап көшу деген, ауылдан кету деген ұғым санада жоқ сияқты. Қайта, қайсыбір ауылға барсаң да бұрқыратып коттедждер мен үйлер салып, құрылысты қарқындатып, асфальтты аршындатып, абаттандырып, жайнатып жатқан тірлікке қанасың. Ең бастысы – ағайын арасы тату, ауыл абыройлы, ел еңсесі биік, шеңбері берік. Сауыны мен бәсіресі жайылыс­та. Сол жайылысы мен жайлауы да тотыдай түрлене түскен. Бәрін көрдік! Көрдік те, елдің тіршілігіне риза болдық, бет сипадық, тәубе еттік. Осындай игілікті істермен көзіміз ашылып, көңіліміз ағарып қайтты.

Жүрекке қуаныш ұялатқан бір жағдайды айта кетпесе тағы болмас… Оңтүстік жұртшылығының біз жүздескен азаматтары: «Қазы­ғұрт жұртының мінез-құл­қы өзге­ше, қазығұрттық екені іс-әре­кеті мен сөйлеген сөзінен-ақ аң­­ғарылып тұрады», дегенді айтты. Іздеп кел­геніміз, зерттеп жүргеніміз Қазы­ғұрт болғасын, біз де бұл әңгімеге құлақ түріп, қызықтай түскенбіз.

– Қазығұрттықтар кеңпейіл, бауырмал, ізетті келеді, – деді осы жердің тумасы Әли Бектаев досымыз.

Әлидің сөзі маған өткен бір жылдары Ұяға барған сапарымызды тағы да еске салған. Аядай ауыл өнерпаздарының күшімен ұйымдастырылған концертті тамашалап, басқа да түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, елмен емен-жарқын араласып жүргенде қалтамнан ұялы телефоным түсіп қалыпты. «Айфон» дейтін мар­каның енді шығып жатқан кезі, Алматыда да, Астанада да ол телефонды көпшілік әлі біле қоймаған. Маған Пекинде жұмыс істеп жүрген күйеу балам сыйлаған-ды. Өзі удай қым­бат дүниенің қалтамнан түсіп қалғанын Шымкентке келгенде бір-ақ аңғарайын…

– Қазығұртта қалғаны рас болса, табылады. Көресің, ертең өздері әкеліп береді! – деген, сол жолы да қасымызда бірге жүр­­ген Әли Бектаев. Біреуге табыс­тап кеткендей-ақ сөзі нық, өзіне сенімді. Әлекең дос ретінде көңіл­жықпастықпен айтып тұр ғой деген оймен:

– Әлі ешкімде жоқ мықты телефон еді! – деп мен «қош айтыс­қандай» өкініш білдірдім.

– Қазығұртта ондай жағдай болмайды! – деп Әли де айтқа­нынан қайтпады.

Мен ертесінде таңертең қыз­мет бабымен шұғыл Астанаға ұшып кет­тім. Өзге жұрт бірер күн де- ­м­ал­­­маққа Сарыағашқа жол тартты.

Айтқандарындай-ақ, сол күні кешке телефонды балалар шөп арасынан тауып алып, ауылдың әкіміне әкеліп табыстапты. Әкім келген қонақтың бірінің телефоны екенін сезіп, ертеңінде телефонды арнайы кісімен Сары­ағашқа жібереді. Ол кісі телефонды Фариза Оңғарсынова апамыздың қолына тапсырады. Фариза апам Астанаға қайтып келген соң әдетінше іні-қарын­дастарын қонаққа шақырып, жиналған жұрттың көзінше телефонды «сүйіншілеп» маған қай­тарды. «Әлібек, мен бұл оқиға туралы өлең жазамын. Ол өлең «Басында Қазығұрттың сотка қалған» деп басталатын болады», – деп бәрімізді ду күл­дірсін…

Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұхтар Мо­мынов:

– Біздің азаматтар «қазы­ғұрт­тық» деген имидж­ді түсір­меу­ге тырысады. Қазығұрт­тық­пын деу зор мәртебе! Сол үшін де олардың ішкі мәдениеті жоғары. Турасын айтсам, біздің ауданда айғайшыл еркек, шарқая қатын деген болмайды! – деп, жалғастыра түсті.

Соңынан естігеніміз, Қазы­ғұрт ауданында біреуді біреу жамандау, өсек тасып облыс бас­шыларының есігін тоздыру немесе жоғары жаққа ша­ғым жазып, шу шығару секілді келең­сіз жайлар әсте болмап­ты. Қазығұрттықтар алдымен ырымшыл жұрт екен, содан кейін намысшыл екен. Таулық ағайындармен бірер күн аралас­қанымызда, ондай әйбәт мінез­дерін біз де байқағанбыз. Өрнекті ой иелерімен, өрелі сөз иелерімен кездесіп, жүрек ашып шешіле сөйлесіп жүрдік.

Қысқасы, адам бойынан ізгі­лік­ті көре білу, жақсылықты тани білу үрдісін қазығұрттықтар көп­тен бері өздерінің өмір салтына айналдырыпты.

– Қазығұрттықтардың үлгісін күллі Қазақстан үшін моральдық кодекс іспетті қабылдаса да, жақ­сы болар еді! – дейді заң ғылым­дарының докторы, профессор Қанатбек Досалиев әзіл-шыны аралас.

Біз осы айтылған сауап-тілек­тердің баршасымен бас шұлғып келістік. Әрі Қазығұрт Алланың шапағаты түскен, Пайғамбардың кемесі тоқтаған әулие тау ғана емес, жаныңа жапырақ жаяр жақсылар мекені екеніне де көзі­мізді жеткізіп қайттық.

Әлібек Асқаров, жазушы

Оңтүстік Қазақстан облысы

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

26.06.2017

«Астана» велоспорт клубы «Тур де Франс-2017» турниріне қатысатын спортшылар тізімін жариялады

26.06.2017

Сенат Төрағасының орынбасары Финляндия Республикасы Парламентінің депутатымен кездесті

26.06.2017

Петропавлда тұңғыш рет «ҚымызFest» фестивалі ұйымдастырылды

26.06.2017

Әскерилер өнері көпшілікті тәнті етті

26.06.2017

Қарағанды кәсіпорындары 2278 бос жұмыс орнын ұсынып отыр

26.06.2017

Шығыстың сарбаздары «Әскери керней» халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін биыл да иеленді

26.06.2017

Маралды көлінің жағалауы демалушылар үшін абаттандырылмақ

26.06.2017

«Атамекен» Өзбекстанмен туризм саласында ынтымақтасу бойынша меморандум түзді

26.06.2017

Динара Сәдуақасова шахматтан FIDE-нің аймақтық чемпионы атанды

26.06.2017

Павлодар Ораза Айт мерекесіне 18 қазан палау дайындалды

26.06.2017

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы тағайындалды

26.06.2017

Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы тағайындалды

26.06.2017

Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы тағайындалды

26.06.2017

Балқаш туризмін дамыту үшін көлік қатынасы жақсартылады

26.06.2017

ШҚО-да оқушылар үшін 889 демалыс лагерьлері мен алаңдары жұмыс істейді

26.06.2017

ШҚО-дағы Үбі өзені үстінен жаңа көпір салынады

26.06.2017

Павлодарда оқушылар киіз үй лагерлерінде демалады

26.06.2017

Павлодарда "Мен қазақпын"мега-жоба жүлдегерлері аталды

26.06.2017

Мәйіттің бүйрегін алу заңға қайшы келмейді

26.06.2017

Солтүстік Қазақстанда «Мағжан көктемі» республикалық фестивалі өтті

КОЛУМНИСТЕР

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Төрінен қонақ үзілмейтін үлкен үй

Кез келген қаладағы келімді-кетімді жолаушыларға лайықты қызмет көрсетіп, адамдардың демалуы мен жүріп-тұруына жағдай жасау – жауапты міндет. Әлемнің дамыған елдері бұл бағыттағы жұ­мыстарды логистикалық карта аясында жүргізіп, қонақ қабылдау мен қызмет көрсетудің де озық үлгі­лерін қалыптастырып отыр. Яғни, туризмнің дамуына күш, қай­рат, қаржы жұмсау арқылы оны есе­леп қайтарып алу қамында көптеген жұ­мыстар жасалуда. Қуанарлығы, еліміздегі логистика бағытындағы дамыту жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр. 

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Кәденің қадірін білейік

КСРО-ның бір қиырындағы Мурманнан екінші қиырындағы Владивостокқа бет алған 66 жастағы желаяқ жүгіріп келе жатқан жолынан бұрылып, Ұзынағашта екі сағат аялдады. Тайлы-таяғымыз қалмай ғажап жанды көрмекке аудандық партия комитетіне – қазіргіше, аудан әкімдігіне жиналдық. Орыс ақсақалы жүгіруді 20 жыл бұрын бастапты, кереметі – бір заманда алпыс екі тамырына құрсау салған 10 шақты ауруынан құлан таза айыққан.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Клай-фай жанры немесе әдебиеттегі табиғат апаттары

Бірер апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың қоршаған ортаны қорғауға қатысты Париж келісімінен шығамын деген еді. 2015 жылдың желтоқсан айында 194 мемлекет қол қойған Париж келісімі – ғаламдық жылыну процесін тежеуге арналған әрекеттер жоспары. Тараптар өздеріне климаттың өзгеруіне икемделу, техникамен қайта жасақтану, ауаға залалды заттардың шығарылуын азайту бойынша шаралар қабылдауға міндеттемелер алған болатын. АҚШ аталған келісімнен бас тартып отыр. Бір қуаныштысы, шығамын деген сәтте шыға салуға болмайды, бұл рәсім төрт жылға созылады екен. Осы жағдай есіме клай-фай жанрындағы әдебиетті түсірді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Үкілі үміт үдесі

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, Арқа төсіндегі ару Астанада жаһандық шара – ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірегеніне, міне, он күннің өрмегі ауды. Осы уақыт ішінде «Ұлттық жобаға» деген егемен елдің үкілеген үміті ақтала ма, Бүкіләлемдік жетіс­тіктер көрмесінің қос ғасырға тақау шежіресінде өткен көрмелер керуенінде «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің алар орны қандай дәрежеде болар екен деген сұрақтарға жауап іздеуіміз де заңды.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Жік пен жіп

Автобуста өзіңнен жасы үлкен адамға ұшып түрегеліп орын беру үшін кісіге соншалық көп ақылдың керегі жоқ-ау. Отбасында адам қан­дай тәрбие алса, көшеде, қоғамдық орындарда мұнысы тайға таңба басқан­дай көрініп тұрады емес пе? Бірақ қай ата-ана «автобуста көзіңді тас жұмып, құлаққабыңды киіп отыра бер» деп үйдегі баласының сана­сын бөтен оймен лайлайды дейсің. Соған қарағанда, адамның мәде­ниетті болмағы үйдегі алған тәрбиесіне қоса, «Тірлікте көп жаса­ғандықтан көрген бір тамашамыз» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айт­пақшы, әр адамның өмірден дұрыс сабақ түйіндей білуіне байланысты болса керек-ті. 

Пікірлер(0)

Пікір қосу