Ақан Сатаев: Шетелге прокатқа шығаратын фильмдер түсіруіміз керек

Тәуелсіздіктің елең-алаңымен араласа қазақ киносына шоқ жұлдыздай жарқырап бір шоғыр кинорежиссерлер легі келді. Солардың алдыңғы қатарында Ақан Сатаев есімі тұр. Ол шынайы өмірдің шытырман оқиғаларына құрылған «Рэкетир», «Бизнесмендер» сынды фильмдерден соң «Жаужүрек мың бала» атты тарихи көркем суретті фильм түсіріп, тәуелсіз қазақ жастарының рухын асқақтатса, «Анаға апарар жол» фильмі арқылы қазақ халқының басынан кешкен қиындықтарымен қоса, алаш азаматының  адал махаббатын, кесек кісілік келбетін сомдады. Ел көңілінен ерекше орын алған сол фильмі үшін режиссерге 2018 жылы Мемлекеттік сыйлық берілді. Сондай-ақ ол «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Көшбасшы жолы. Астана» атты алтыншы бөлімін түсірді. «Томирис» атты тарихи фильмді де таспалады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі кинорежиссер Ақан Сатаевпен болған сыр-сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Егемен Қазақстан
04.01.2019 7013
2

− Қадірлі, Ақан мырза! Өзі­ңіз­бен әңгімені балалық шақ­­­­тың ес­те­ліктерінен баста­сақ. Режиссер бо­луыңызға не түрткі болды?

− Ата-анам ұзақ жылдар Қарағанды­ның Сә­кен Сейфуллин атын­дағы театрында абыройлы еңбек еткен өнер адамдары болды. Екеуі де Халық әртісі атанды. Бала ке­зім мектеп пен театр арасында өт­ті десем де болады. Өзім Қа­ра­­ғанды қаласындағы дарынды ба­ла­ларға арналған мектеп-интернатта оқыдым. Театр менің өнер жолыма ай­рықша әсер етті. Бала кезімде әке-ше­шеме ілесіп, екі-үш айлық гастрольдік сапарларға да шығатынмын. Театр репертуарында мен көр­меген қойылым жоқ та шығар. Біз әлемдік классикалық шығар­маларды сахнадан көрдік. Мыса­лы, «Шекспирді» қойғанда мен репетицияларына қатысып, кейіпкерлердің рөлін жаттап алатынмын. Сосын үйге келгенде ойыншықтардың әрқайсысына «рөлдерді беріп», газет, кітаптан декорация жасап, классикалық шығармаларды «сахналайтын­быз». Менің қалыптасып, маман­дық таңдауыма театр­ ерекше әсер етті. Кейін Алматыдағы қа­зіргі Темірбек Жүргенов атын­­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­де­мия­сына оқуға түсіп, «Телевидение және кино режиссері» мамандығы бо­йынша диплом алдым.

Ол заман кеңес уақыты бол­ған­дық­тан, Американың кинолары келе қой­маған кез. Болса да бірен-саран. Оған билет те­ жоқ. Есесіне кинотеатрда Фран­­цияның комедиялары жиі көр­сетілетін. Пьер Ришар деген ак­тердің ойынына қызықтым. Ке­ңес Одағының да жақсы фильм­дері көп еді. Соның бәрі киноға қызықтырмай қоймайтын. Әкем кинода да көп рөлдер сомдады. «Көксерек» фильмінде Хасенді, «Құлагерде» Ақан серіні дегендей. Әкем сол Ақан сері рөлін сомдап жүрген кезде мен дүниеге келіппін. Сонда атымды атақты кинорежиссер Болат Мансұров қойыпты.

− Өте қызықты дерек екен. Өзі­ңіз де өнер жолын ак­тер­­лық­тан баста­ды­ңыз емес пе?

− Жоғарыда айтқанымдай, бала күнімде ата-анаммен бір­ге театрда жүріп, Дулат Исабеков­тің «Әпке» спектаклінде бала­ның рөлін де ойнағаным бар. Кейін студент кезімде Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмінде басты рөлді сомдадым. 3-курсты оқып жүрген кезім, он шақты бала кастингке бардық. Ол фильм­нің тағдыры күрделі болды.  Елде қаржылық дағдарыс бас­талып, ақшаның құны түсіп кет­кен уақыт-тұғын. Сөйтіп да­йындық мерзімі созылып кетті. Ал­дында бір-екі рет сынақ­қа барғам, режиссер басты рөл­ге мені бекітіпті. Сөйтіп мар­құм Қайрат Рысқұлбековтің рө­­­­ліне таңдалдым. Сол фильм ма­ған ерекше әсер етті. Алайда «Ал­лажар» сондай ауыр кезде түсірілді. Тіпті өз басым оқу­ды тастап кетем бе деп те ой­лағам. Бірақ Аллаға шүкір, жағ­дай біртіндеп басқаша қа­лыптасты. «Аллажар» филь­міне түскен соң киноға деген ш­ы­найы сүйіспеншілігім арта түсті. Кейіннен Сатыбалды На­рымбетовтің «Көзімнің қарасы» фильмінде басты рөлді сомдадым. Актер ретінде түскен негізгі фильмдерім осы. Қазір өз киноларымда кішкентай эпизодтардан көрініп қалып жүрмін. 

– Сіз 2000-жылдардың басына дейін үш жүзден аса ролик түсіріпсіз. Роликтерді не үшін жасадыңыз? Үл­кен кино­ға дейінгі мектеп пе?

− Сол кезде ролик менің негіз­гі жұмысым еді. Бірден кино түсіруге де, қандай нәрсемен айналысамын дегенді таңдап жатуға да мүмкіндігім жоқ  кезде ролик түсіре бастадым. Яғни, ролик тақырыбы сонау студенттік кездерден басталады. Осы тақырып бойынша дип­лом қорғадым. Былайша айтқанда, ол кезде ро­лик – жұмысым, табысым, мамандығым болды. Ролик ар­қылы табыс таптым, дипломымды қорғадым, режиссер ретінде тәжірибе жинақтадым. 

− 90-жылдардағы тақырып­қа «Рэке­­тир» атты екі фильм және «Биз­нес­мендер», «Аудан­дар» атты екі фильм арна­ды­ңыз. Белгілі бір себебі бар ма? 

− Ол өте қызық уақыт. Ме­нің жастық шағым. Үлкен им­перия құлаған соң он бес мем­лекеттің тәуелсіз ел ретінде аяқ­­қа тұру кезеңі ғой. Қат-қабат қиын­дықтармен қатар жаңа мүм­кіндіктер де көп. Мен ол кезде студент едім. Бұл кезеңнің оқиғалары менің жанымда болып жатты. Сол 90-жылдардың қилы оқиғаларына араласқандар арасында менің жақын достарым да болды. Өзім де спортпен айналыстым басында. Кәдімгі кәсіби спортшы болам дедім. Қысқасы, сол кездің оқиғалары маған айрықша әсер етті. Дәл осы 90-жылдарды түсірем деген ұстаным болған жоқ. Көрер­мендерге қызық болатын шығар деген оймен түсірілді. 

− Жаңа фильмге қалай да­йын­да­ласыз? 

− Сценарий туралы идея пай­да болған кезден бастап мен оны кинолента түрінде басымда «айналдырамын». Кино түсіру туралы шешім қабылданған соң, бірден жұмысқа кірісесің. Қар­жылық жағы, фильм түсіретін жерлерді анықтау мерзімі бар. Оған кемі үш нысан болуы керек. Оны басында суретші, операторлар фотолармен жібереді. Сосын режиссердің өзі барып көріп, соңғы шешімді айтады. Бұл екі аралықта кас­тинг жүріп жатады. Ең алдымен фотокастинг жасалады. Суреттері арқылы он шақты адам таңдап алынады. Сосын видеокастинг өтеді. Таңдап алған адамдар арасында мәтінмен жұ­мыс істейтін де кастинг өткі­земіз. Өз басым фильмнің кез кел­­ген сценасын алдын ала қа­ғазға түсіремін. Бұл мен үшін өте маңызды. Түсірілімге дейін бәрінің суреті салынып, қағазда тұруы керек. Уақытқа да, ақшаға да, адам ресурстарына да бұл өте оңтайлы. Жалпы, кино түсіруге өте тиянақты дайындаламын.

− Түсірілім алаңында им­про­ви­зацияға еш орын бермей­сіз бе сонда?

− Меніңше ол жақсы емес. Өйткені кино бірінші қағазға тү­сіп қойған. Кино тілінде оны «раскадровка» дейміз. Жақсы­лап дайындалғаннан кейін мүм­кін­дігінше жоспар бойынша жа­саған дұрыс. Бірақ, кейде күт­пеген оқиғалар да орын алып жатады. Сенің кадрыңда күн ашық болу керек, бірақ, сен тү­сіру алаңына келгенде күн бұлт­ты, жаң­быр жауып кетті дегендей. Осындай кездерде ғана им­­провизация орын алса, оның не­­­гізгі оқиғаға өзгеше әсері болмаса ештеңе етпейді.  

− Актерлермен қалай жұ­мыс іс­тей­сіз? Мұны сұраған себе­бім, сіздің фильміңізде жақ­сы ой­наған актерлер басқа фильм­де ондай деңгейде ой­най алмай жа­­татын сияқты болып кө­рі­неді. Құ­­пияңызбен бөліс­сеңіз. 

− Біріншіден, солай баға­ла­ға­ныңызға рахмет. Актермен жұ­мыс істегенде кас­тингке, дайын­дық мерзіміне көп көңіл бөлемін. Бір сөзбен айтқанда, кастингке көп мән беремін. Ол енді менің ға­на жұмысым емес, команданың жұ­мысы десем болады. Бірінші талап, адамның іші мен сырты ұқсас болу керек, содан кейін об­разбен сай келуі тиіс. Егер та­лапқа сай адам табылмай жатса, біз қанша уақыт болса да іздеуді тоқтатпаймыз. Мен кас­тингте өте талапшылмын. Актердің кішкене бір жерінде кілтипан болып, сәл ғана күдігің болып жатса да ал­мауға тырысқан дұрыс. Егер кө­ңілшектікке салынсаң, ол күдік фильм түсіру барысында сені де, актерді де әбден қи­­найды, образ да сәтті сомдалмайды. Сон­дықтан тап­­қанша іздей беремін. Образға сай адам табылған соң ол әрі қарай судағы балық сияқты жү­­зеді. Өзіне кеңістік бересің, ер­кін самғайды, бәрін еркін иге­реді. Мысалы, Шәріп Серік деген жігіт болды. Өте талантты, бірақ амплуасы шағын, жан-жақ­ты емес. Біз оны басында «Бизнесменде» бас кейіпкер бо­лады дедік. Үш рет сынақ жа­сап түсірдік. Қалай ойнатсақ та бас­ты кейіпкерге келмей-ақ қой­ды. Тартпайды. Өйткені оның ор­­ганикасы басқа. Сосын өзінің «ху­лиганский территориясына» жібердік. Ол жақта енді балықша жүзді десе болады. Актер таңдап алу жалғыз менің ғана ісім емес, ұжыммен болатын жұмыс. Мен таңдау бары­сында «мынау ұнайды» деп бір­ден айтпаймын. Басқалардың да пікірлерін тыңдаймын, сосын ба­рып соңғы шешімді айтам. Ал­лаға шүкір, нашар таңдаулар бол­ған жоқ, және командам бір актерді, мен бір актерді таң­дап, қатты қайшылыққа түскен кездеріміз жоқ. Өзіңіз білесіз, мен Әлия Нұрсұлтанқызымен жұ­­мыс істеймін ғой, ол кісінің де талғамы мен өнерге қояр та­лабы жоғары. «Анаға апарар жол», «Томирис» жобаларында кастинг оңай болған жоқ. Әлия Нұрсұлтанқызымен, ми­нистрлікпен келісімге келу керек. Құдайға шүкір, олар мені тың­дады, сенді. Сол үшін Аллаға тәубе деймін. Актер таңдағанда продюсерім «бұл адам маған ұнамайды» деп табандап тұрып алған жоқ. Олар объективті түрде қарады да, келісті. Бұл жерде ең бастысы – кәсіби адал болу керек. 

− Ақан Сатаев фильміне тү­су қиын, оның санаулы ғана ак­­терлері бар, солар ғана ойнайды. Сонан соң са­па жақсы болады дейтін әңгімелер болып жатады...

− Менде ондай шектеу жоқ. Негізінде ондай ой қалай қалып­тасқанынан бейхабармын. Мы­салы, Берік Айтжановты бір ки­ноға түсірдік. Мен онымен жұ­мыс істеген соң оны білемін, бел­гілі деңгейде сенемін. Енді екін­ші бір жоба басталғанда, ол менің ойымда тұратыны заң­­дылық. Өйткені ол актер ре­тінде не­ге қабілетті дегенді бі­лем ғой. Бірақ бізде «көше кас­­тингі» деген де болады. Біз шек­теу қоймаймыз. Тек қана Бе­рікке «жабысып алмаймыз». Біз бә­ріне мүмкіндік береміз. Тіпті жаңа бет-бейнелер табылып жатса қуанамыз. Біз фильмдерімізде актерді барынша «ашқымыз» келеді. Бұрын театр­да ойнап жүрген болса, енді оның кинода ашылуына мүмкіндік береміз, өзін-өзі табуына жол ашылады. Бірақ айналып келгенде мұның өзі біздің негізгі мақсат емес. Яғни, әр жаңа кино сайын жаңа актерлер табуды мақсат етпейміз. Маған өз жұмысымды жақсы жасап, жақсы фильм түсіру керек. Сондықтан бұл жерде қатып қалған қағида жоқ.

Біз жақсы сценаристі де із­дей­міз. Менің инстаграмда, фейс­бук­та­­ парақ­шаларым бар. Соған да жазып­ жататындар бар. Маған роликтер жібереді. Уа­қытқа байланысты мен бәрін қа­рай алмаймын. Бірақ, біздің продю­серлер бақылап отырады. Өзінің шығар­машылық қы­рын көрсеткен мық­ты жұмыс бол­са оған назар аударамыз. Қа­лай түсірілген, кім түсірген, кім ойна­ған, диалогтары қалай жаз­ылған деген тұр­­ғыда бақылап отырады. 

− Киноөндірісінде ең үлкен мә­селе бюджет екені рас. Деген­мен, біздің елде кино жасауда қар­жыдан бөлек қандай қиын­дық бар? 

− Бізде нарық көлемі шағын. Егер нарық көлемі мол болса, қар­жылық қиындықтар ең­се­рілер еді. Нарық көлемі ки­но­өн­дірісіне, сапалы фильм тү­сіруге тікелей әсер етеді. Егер елде адам саны көп болса, кинотеатр­лар саны да, көрермен саны да кө­бейер еді. Түсірілетін кино да көп болар еді. Саннан сапа дегендей арасынан сапалы дүние көп шығып, киноөндірушілердің де мүмкіндігі молая түседі. Қа­зіргі жағдайда коммерциялық ки­но­ның адымы қысқа. Мысалы, бір ки­ноны түсіру шығыны 500 мың доллардан асып кетсе, оны ақтау қиынға түседі. Ал біздің жағдай басқашалау. Тарихи фильмдерді мемлекеттік қолдаумен түсіріп жатырмыз. Тарихи фильм болған соң, бюд­жеті де жоғары бола­тыны белгілі. Бір фильмнің қар­жысы 10 миллион долларға де­йін кетіп қалады. Оны ақтау өте­ қиын.  Сондықтан менің ар­ма­ным – шетелге прокатқа шыға­ратын фильмдер түсіру. Жақын көр­­шілеріміз Ресейге, Қытайға шы­ғарсақ жақсы болар еді. Ресей біз үшін әлеуетті нарық болар еді. Америка өз фильмдерін бү­кіл әлемге экспорттайды. Сол ар­қылы өз мәдениетін, идеология­сын насихаттайды. Олар кинолары арқылы әлемді құтқарып жат­қан сияқты әсер береді. Біз де олар­дан үйре­нуіміз керек. 

− Сіз әлемдік кинода қай ре­жис­сердің шығармашы­лы­ғын ұнатасыз? 

− Мықты режиссерлер көп қой. Ара­сынан біреуін бөле-жара ай­ту керек болса, Дэвид Финчер деген амери­калық режиссерді атар едім. Оның фильм­дерінің «тұ­рақты сапалылығы» ұнайды. Мы­салы, кейбір режиссерлердің бір кино­сы ұнағанымен, келесісі ұнамай қалуы мүмкін. Финчердің барлық киносын тәуір көремін. Әдейі іздеп жүріп көрем деп айта алмаймын, бірақ, кез боп жатса, рахаттанып тамашалаймын. Қа­рап болған соң өзімше іштей талдау жасаймын. 

− Мықтылығы неде?

− Дэвид Финчер дайындыққа қат­ты мән беретін режиссер. Мен оның бір кадрды бір күн тү­сіргенін білемін. «Айдаһар таң­балы қыз» деген фильмінде қыз­дың бір құжаттарды қарап оты­ратын жері бар, сол кадр­ды бір күн түсірген. Әрине ол бюд­жетке байланысты. Оның бір кадрды бір күн түсіргеніне про­дюсері өкінген шығар, бі­рақ ондай үлкен тұлғалардың мүм­кіндігі де жоғары. Америка киносының бюджеті де осал емес. Егер бізде ондай мүмкіндік болып жатса, мен де бас тартпас едім. Мысалы,  жапонның Акира Куросава деген режиссері бар. Сол қар жауып тұрған кадрды түсірмек ниетпен түсіруші топты қар жауып тұрған далаға әкеледі де, түсірмей кетіп қалады. Неге десеңіз оған қардың дәл бұлай жауып тұрғаны ұнамаған. Ол өзінің ойындағы кадрды түсіргісі келеді. Бірақ оны көре алмайды. Сонда не істейді? Бір ай күтіп жүріп, ақыры ойындағы кадрды түсіреді. Сондықтан мұндай нәр­селер әртүрлі жағдайларға – ре­жиссердің өзінің ынтасына, бюд­жетке, продюсерге тәуелді. Кез келген суреткер өз мақсатына же­ту жолында қандай да бір тәуе­келдерге барып жатса оған тек қуану керек. 

− Сіз үшін кино деген не? Қазақ киносының сапасы қа­лай көтеріледі?

− Бұған нақты тұжырыммен жа­уап беру қиын. Иә, біреулер үшін кино – бизнес. Бәзбіреулер үшін өзін-өзі көрсетудің жолы. Бірақ, бір шындық бар. Жақсы кино көргенде демаласың. Өмірді барлық бояуымен қабылдайсың. Мен үшін кино түсіру – ең алдымен мамандығым, өз-өзімді іздеу үшін ең­бектенуім, табысым. Шын мәнінде кино – жасампаз өнер. Үлкен талап тұр­ғысынан кел­сек, суреткер киносы айналасына, қоғамға, елге пайда әкелуі қажет. Меніңше, кез кел­­ген киноөнім жасампаз болуы керек. Яғни, киноңызға кел­ген адам басқаша ойланып, жарты қадам болса да жақсылық жа­ғына қарай ұмтылуы тиіс. Кез келген өнім проблеманы кө­те­ріп, одан шығатын жолды да нұсқауды ұмытпағаны абзал. Әрине, кино өнер тілімен жет­кізіледі. Мысалы, Әділхан Ержан деген мықты режиссер жігіт бар, оны шетелде жақсы таниды. Фестивальдерде де жақсы ба­ға алып жүр. Бірақ мен онымен кездес­кенде айттым, қанша қа­раңғы өмірді түсірсең де бір сәуле болуы керек шығар деп. Ұзын да қараңғы құбырмен ұзақ жүргенде соңында болса да бір жерінен жарық көрінуі тиіс қой. Бұл, әрине – менің ұстанымым.

Сапалы және сапасыз кино әр елде бар. Америка, түріктің кино­лары бізге сүзгіден өтіп ке­леді. Бізде де сапалы мен сапасызы бар. «Көш жүре түзеледі» дей­ді ғой. Көп өнім бола бергені жақсы, сапалысы өзін дәлелдеп, сапасызы сызылып қала береді. Кино көп түсірілсе, жақсы фильмдер тезірек жарыққа шы­ғады. Тіпті жарық берушілер, операторлар, суретшілерден бастап, мамандар кинодан киноға өседі.

− Жақында кино туралы заң қа­былданды. Қазақ кино­сының дамуы­на қандай ық­палы болады? 

− Заңның қабылдануы үл­кен жеңіс деп есептеймін. Өкі­нішке қарай, біз әлі күнге киноға қанша билет сатылды, қанша адам кел­ді дегенді бақылай алмаймыз. Ал басқа елдерде бұл то­лық ше­шілген. Мысалы, Ресейде бір фильм­­нің продюсері Мәскеуде отырып Владивостоктағы кинотеатрда көр­сетілген фильмінде қанша билет сатылды, қанша кісі кірді, бәрін бақылап отырады. Жаңа заңның арқасында біз енді осыған келеміз. Жа­қын­да  «Болашақ» қауым­дас­ты­ғы жасаған «Шақыл­дақ» мульт­фильміне бардым. Өте сапалы дең­гейде қазақшалаған. Осындай 30-ға жуық жоба жасапты. Залға қарағанда жартысынан көбі балалар. Олар келе-келе осындай сапалы қа­зақша дүниелерді із­дейді. Талап қойылса, іздесе, кинотеатрдан сұраса, олар мін­детті түрде қояды. Қазіргі заң осыған басымдық беріп отыр. Егер сұраныс күшейсе, заңдағы жеңілдіктер жақсы жүзеге асады.

−«Томиристі» қашан көре­міз? 

− Түсірілім аяқталды, қазір мон­таждалып жатыр. Бұйырса, көктемде жарыққа шығады.

− Алдағы жоспарла­рыңыз­бен бө­ліс­­­сеңіз.

− Қазір Ресейде және бас­қа да елдерде спорттық фильм­дер түсіріп жатыр. Бізде де сондай кино болу керек. Боксшы, Олим­пиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірін арқау еткен  «Боксер» деген фильм түсіргелі жатырмыз. Көктемде түсірілімді бастаймыз. 

− Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.02.2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды қолдаудың 10 қадамы жасалды

22.02.2019

Қостанайда әкім есебі жаңа ғимаратта өтті

22.02.2019

Қарағанды облысының тумасы Қазбек Нұржановтың құрметіне арналған 41-ші жеңіл атлетика жарысы өтті

22.02.2019

Қарағанды облысында 479 жоба іске асады

22.02.2019

Ұлттық валютадағы мәтін тек қазақ тілінде болады

22.02.2019

Sanofi - күдіктен ада компания

22.02.2019

Сенатор С.Айтпаева Германиядан келген делегациямен кездесті

22.02.2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сертификаттары беріледі

22.02.2019

Ақтөбе облысында су тасқынына дайындық шаралары қабылданып жатыр

22.02.2019

Құралай Ахмет: Шет елде оқуға ынтасы бар кез келген адам «болашақтық» бола алады

22.02.2019

Жастар кәсіпкерлігіне арналған «Jas Business» семинары өтті

22.02.2019

Халықтың әл-ауқатын жақсарту – басты мақсат

22.02.2019

Жоғарғы сот жемқор судьяларды анықтауды күшейтеді

22.02.2019

Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасы әлем чемпионатында бақ сынайды

22.02.2019

Ерлан Қошанов көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қалай қамтамасыз етілетінін айтты

22.02.2019

Мамандар: Денсаулық туралы жаңа Кодексті қабылдау бизнес үшін кедергілер туғызуы мүмкін

22.02.2019

Семейде «Нәджип Әмір» атындағы аудитория ашылды

22.02.2019

«Әбу-Даби Плаза» елордада жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді

22.02.2019

Милад Карими мен Аким Мусаев Мельбурндегі Әлем кубогінің финалына өтті

22.02.2019

Юлия Галышева бастаған Қазақстан командасы Жапониядағы әлем кубогіне қатысады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Jol erejesinen buryn, saqtyq kerek

Jasyratyny joq, ózimizdiń bir áriptesimiz, Qaraǵandy tas jolynan Astanaǵa kirer tusta keshqurym, ıaǵnı alageýim shaqta kóligimen bir adamdy basyp ketti. Ol jaıaý júrginshi jolaǵymen júgire basqan jandy kórmeı qalǵan. Qansha jerden kinásin moıyndasa da, ol – jaýapker. Sebebi jaıaý júrginshige arnalǵan jolaqta ereje buzdy. Toqtamady. Al toqtar edi, biraq adamdy kórgen joq. Mine, endi mundaı jaǵdaıda kimge kiná artasyz? Jaıaý júrginshi de opat boldy, júrgizýshi de qamalady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Tyıym men tıyn

Toı-toımalaqta tún jamylyp óner kórsetetin kámelettik jasqa tolmaǵan, ómirleri aq paraqtaı taza, kóńilderi aq bulaqtaı móldir kishkentaılarymyzdy jasyna laıyqsyz kıindirip, boıandyryp kópshiliktiń aldynda shyǵarý, án saldyrý – qý aqshaǵa qunyqtyryp qoıǵan ata-analarynyń kinásinen. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу