Ашық-шашық далам-ай!

Еліміздегі археологиялық ескерткіштердің бүгінгі қорғалу және сақталу деңгейі қандай?
Егемен Қазақстан
18.04.2017 2691

Дүние жүзінде жерінің көлемі жағынан 9-шы орындағы елімізде мәдени-тарихи құндылықтардың орасан зор қоры бар. Бұл керек десеңіз, мұнай, газ бен түсті металдардан да мол қор. Дегенмен, біз заттық және рухани мәдени мұраларымызды қорғау мен сақтау мәселелерінде шетелдерден ширек ғасыр артта қалып қойдық! Соның салдарынан ескерткіштер ескерусіз, иесіз қалып, әртүрлі әсерлерден жойылуда.

Мәдени мұра заттық және бейзаттық деп екіге бөлінеді. Заттық мәдени мұраға ескерткіштер мен жәдігерлер жатса, бейзаттық мұраға эпикалық мұра, ұлттық музыка, айтыс, күйшілік, шешендік өнер, фольклор, салт-дәстүр, қолөнер, ұлттық ойындар, мифология және т.б. жатады.

Қазақстан егемендік алғаннан бергі ширек ғасырда технологиялық және әлеуметтік жаңғыру процестерінің тез жүруі мен жерді өндірістік, шаруашылық мақсатта қарқынды игеруі кеңінен етек алды. Бұл өз кезегінде әртүрлі маңыздағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жойылуы мен олар орналасқан мәдени ландшафтының бұзылуына алып келді.

Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздегі археологиялық ескерткіштер адами әсерден жаппай бұзылудың мынадай бірнеше ірі сатысын бастан өткерген:

Бірінші, патшалық Ресейдің Қазақ даласын отарлаудағы басты құралы – казак отрядтары мен жаппай қоныстанған келімсектердің Қазақ даласында алтын іздеп, арнайы түрде обаларды шахталық әдіспен жаппай тонаулары. Кейбір казак жасақтарының құрамында мыңға дейін адам болған делінген дерек бар. Осы XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың аяғында казак жасақтарынан тыс Қазақ жеріне әртүрлі мақсатпен келген экспедициялар, саяхатшылар ел мұрасын өзге елге сұраусыз әкетіп отырған.

Екінші, кеңестік кезеңдегі тың игеру уақыты. Жоспарды асыра орындау үшін қажетті, қажетсіз мақсатта жерлер жыртылып, бар-жоғы үш жылда елімізде мыңдаған ескерткіштер мәдени ландшафтысымен бірге бұзылды. Бірақ бұл кезеңде Қазақстан бойынша археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, 1960 жылы алғаш рет Қазақстанның археологиялық картасы жасалынған еді.

Егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған жылдарда археологиялық ескерткіштер жаппай бұзылу мен тоналудың үшінші ірі сатысынан өтуде. Бұл кері процесті дер кезінде тоқтатпасақ, келер ұрпақ алдында кешірілмес үлкен күнәға батарымыз айдай анық!

Қазақстан Республикасының Заңы бойынша, жер, не су астында көмулі қалған археологиялық мұра нысандары (тас дәуірінен кейінгі ортағасырларға дейінгі қала жұрттары, обалар, жартастағы суреттер, қоныстар мен тұрақтар және т.б.) мемлекеттің меншігі мен қорғалуында болуы тиіс. Мемлекеттік есептегі ескерткіштерден тыс жыл сайын археологиялық барлау жұмыстары барысында жаңа ескерткіштер табылып жатады. Археологиялық ескерткіштерде жүргізілетін жұмыстардың барлық түрі арнайы рұқсат – лицензия негізінде жүзеге асады. Қазба жүргізген әр жеке және заңдық тұлға табылған жәдігерлерді зерттеу жұмыстарын жасап болғаннан кейін мемлекеттік Музей қорларына тапсыруы тиіс. Өз қолдарында көп уақыт ұстау, не жеке мүддесі үшін пайдалану заңсыз болып табылады.

Шын мәнінде, біздің елде археологиялық мұра нысандарындағы жұмыстар мерзімсіз берілген лицензия түрінде жүргізіледі. Соның салдарынан қай тұлғаның (заңды және жеке) Қазақстанның қай жерінде, қандай нысанды, қай әдістемеге сүйеніп қазғанын, нендей жәдігерлер тапқанын және қазылған ескерткіштер қалай жабылғанын, не жаңғыртылғанын еш құзырлы мекеме толық білмейді. Шетелдік тәжірибелерге сүйенсек, археологиялық ескерткіштерде атқарылған жұмыстардың міндетті түрде ғылыми есебі, оның ғылыми сараптамасы және нендей жәдігерлер табылғандығының толық тізімі болуы шарт. Ең бері айтқанда, көрші Ресейде археологиялық зерттеу жұмысын жасау рұқсатнамасы тек бір нысанға ғана беріліп, ондағы атқарылған жұмыстардың толық есебі беріліп, сараптамадан өткен соң ғана келесі зерттеуге рұқсат беріледі. Бізде лицензия жеңілдетілген түрде бәріне, Қазақстан бойынша, ескерткіштердің барлық түріне жұмыс жасауға беріледі. Жер астынан қазылып алынған есепсіз, тіркеусіз мұраларымыздың қайда, кімнің қолында, қанша мөлшерде жүргендігін біле алмай отырған жайымыз бар. Зерттелінген ескерткіштерде сақтау және музейлендіру шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Бұл – әлемдік тәжірибе.

Бүгінгі таңда археологиялық мұралардың жойылуының қауіпті жаңа факторы пайда болды. Ол – еш рұқсатсыз жасалынатын тонаушылық қазбалар. Бұл қазбалардың жаппай етек алуына ескерткіштерді қорғаудың мемлекеттік жүйесінің әлсіздігі ықпал етуде.

Жекелеген адамдардың (көбіне ауқатты) сату үшін ежелгі бұйымдарды табу мақсатындағы тонаушылық қазбалар жасауы соңғы жылдары өте жиіледі. Заңсыз жолмен тапқан, негізі мемлекеттің меншігі болып саналатын жәдігерлерді интернет-сайттар арқылы жекелей сату қалыпты үрдіске айналып отыр. Қазақстан бойынша осылай сауда жасайтын көмбе іздеушілердің интернет-сайттары, жеке парақшалары, форумдары, бейне түсірілімдері бар. Археологиялық жәдігерлердің еркін сауда айналымында жүруіне шектеу қоятын кез келді.

Тарихи ескерткіштердің тоналғандығын тіпті жергілікті әкімдік пен полиция бөлімшесінің өзі білмей қалып жатады. Себебі қарамағындағы ескерткіштердің санын, қайда орналасқандығын және тарихи құндылығын білмейтін ауыл басшылары көп.

Осыдан бірнеше жыл бұрын солтүстіктегі көршімізде металл детектормен қаруланған көмбе іздеушілер мен тонаушылық қазбалар жасау мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып, әр деңгейде қоғам болып талқылап, соңында рұқсат етілмеген металл құралмен іздеу жасағаны үшін 500 000 рубльге дейін айыппұл салу мен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыратын заң қабылданды, жаппай тонауды тоқтатты.

Бүгінде археологиялық мұраларды жинаумен айналысатын сол жеке коллекционерлер мен әуесқойлар біздің заңдағы олқылықты, шекараның ашықтығы және жұрттың ақпаратпен толық қамтылмағандығын пайдаланып, Қазақстан жерінде өз әрекеттерін емін-еркін жалғастыруда. Яғни археологиялық жәдігерлер түріндегі ұлттық құндылықтарымызды турист ретінде келіп, ел аралап, тиынға сатып алып, шетке әкетуде. Тіпті жергілікті әуесқой көмбе іздеушілердің топтары құрылып, кейбірі ауқымды түрде тонаушылық қазбалар жасап жүр.

Мұндай тонаушылық әрекеттер Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында қатты өршіп тұр. Оларды қылмыс орнында жоғарыда аталған себептерге бола ұстау фактілері өте аз. Мұраларымызды сақтаймыз десек, жаппай дертке айналмай тұрғанда, тонаушылық қазбалар мен металл детектормен қаруланған көмбе іздеушілерді құрықтау қажет.

Бұл жерде елден өз заманында шетке әкетілген мәдени құндылықтарды (археологиялық жәдігер және т.б.) қайтару – реституция мәселесі қайта туындайды. Осы мәселемен шағын жұмыс тобы айналысып, әкетілген құндылықтардың (тек археологиялық жәдігерлер ғана емес, оған қоса антропологиялық және палеоостеологиялық топтамалар да) толық тізімін жасау және халықаралық құжаттар мен құндылықтар сақталған елдің заңдарына сүйене отырып, олардың түпнұсқаларын, не көшірмелерін жасату арқылы қайтарудың жолдарын іздеуі тиіс деп санаймын. Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен басталып, аталмыш облыс аумағында жарты ғасыр бұрын қазба жүргізген археологиялық экспедициялардың Мәскеуге әкетілген жәдігерлерінің көшірмелері жасалынды. Өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан үкіметтік деңгейде Кейкі батырдың бассүйегінің қайтарылуы осы бағыттағы жұмыстардың басы деп санаймыз. Музейлер арасындағы халықаралық байланысты нығайту, мәдени құндылықтарды заңсыз саудалау, құндылықтарды табылған еліне қайтарту мәселелерінде Халықаралық музейлер қауымдастығының Қазақстандық өкілдігі – ИКОМ Қазақстанның алар орны ерекше.

Ел қазынасы – ескерткіштерді сақтау мен қорғау әр адамның азаматтық міндеті. Алайда ескерткіштердің құндылығы мен оны бұзған жағдайда қандай жауапқа тартылатынын білмейтін ел азаматтарының кейбірі тонаушыларға көмектесіп, кездейсоқ тапқанын оларға сатып, бизнеске айналдырып та жүр.

Жалпы, Қазақстандағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалуы мен сақталуына облыстық әкімдіктер жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану мекемелері (әр облыста формалары әртүрлі – инспекция, бөлім, орталық т.б.) жауапты. Сонымен қатар ескерткіштердің сақталуына қатысты дабыл қағуы тиіс қоғамдық ұйым – тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғаудың Қазақ қоғамы да бар. Ескерткіштерді сақтау қоғамдық ұйымының жұмыстарын еліміз бойынша жаппай қайта жаңғырту – бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуына жер-жердегі өкілдіктерді тарта отырып, партиялық бақылау жасау да қажет сияқты.

Әр жер иесі немесе оны пайдаланушы сол территориядағы ескерткіштерді қорғау міндеттемесін түсінуі және қазу, не тонау фактілерін көргенде жергілікті әкімдіктерге, музейлерге, болмаса облыстық ескерткіштерді сақтау және қорғаумен айналысатын мекемелерге хабарлауы тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 247- бабына сәйкес, жер телімінің иесі немесе жылжымайтын мүлік иесі өз жерінен мәдени құнды жәдігерлерді тауып алған жағдайда арнайы сыйақыға мемлекетке қайтаруы тиіс. Кездейсоқ түрде олжаға ие болған, не істерін білмей отырған азаматтар да жергілікті музейлер мен ескерткіштерді қорғау инспекцияларына хабарлағаны дұрыс.

Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғаудың тағы бір жолы – облыстар бойынша әр деңгейдегі есепте тұрған және жаңадан ашылған тарих және мәдениет ескерткіштерін жаппай инвентаризациядан өткізіп, Қазақстанның археологиялық нысандарының ұлттық тізімін дайындау қажет. Әрине, әр облыста әр жылдарда әр деңгейде дайындалған өңірдегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинақтары баспадан шығарылған-ды. Бүгінде бұл мәліметтер жаңа ескерткіштердің ашылуымен толықты. Ескерткіштер жинағын облыс емес, әр аудан бойынша жіті барлау жасап, құжаттау өзекті болып отыр. Осы ақтаңдақтардың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша орнын толтыру мақсатында Қазақстанда алғаш рет 2004 жылы археолог М. Елеуовтің бастамасымен далалық барлау жұмыстарының нәтижесінде «Оңтүстік Қазақстан облысының археологиялық картасы. 1 том. Түлкібас ауданы» атты әкімшілік ауданның жинағы баспадан шықты. Кейіннен 2008 жылы аталған археолог бастаған топ жеке кәсіпкер – «Абди компани» АҚ-ның президенті Ә.Бимендиевтің қаржылай қолдауымен Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы Қарақұр ауылдық округінде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, «Қарақұр ескерткіштері» атты ауылдық округтің ескерткіштер жинағын шығарып, кітапты өз ауылының қазынасын біле жүрсін, қорғай жүрсін деген мақсатпен тұрғындарға таратқан. Яғни, әр ауыл тұрғындары өз жеріндегі ескерткіштерді жатқа білуі тиіс. Бұл жұмыстың нәтижесінде бір ауылдық округтің аумағынан 61 ескерткіш жаңадан табылып, ғылыми айналымға енгізілді.

Бұл бағыттағы археологиялық барлау, есепке алу, құжаттауды әр әкімшілік аудан бойынша ұзақ жылдар бойы жүргізіп, дайындаған әзірге Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары ғана болып отыр. Сондықтан республика бойынша бізге белгілі 25 000-нан астам тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны төрт-бес есе өсуі мүмкін. Республикалық маңызы бар мемлекеттік тізімдегі 218 нысанның саны да артары анық. Жоғарыда мысал келтіргендей, бұл жаппай науқанға бизнес өкілдерін де тарту маңызды.

Есепте тұрған және жаңадан ашылған археологиялық ескерткіштердің бұзылуын бақылап, жиі мониторинг жүргізу өте қажет. Менің ойымша, жыл сайын ғылыми мониторинг пен сараптамаға сүйенген ұлттық баяндама дайындалып, сонда айтылған жетістіктер мен кемшіліктер бойынша келер жылғы осы саладағы жоспарлар бекітілуі қажет сияқты. Мысалы, жыл сайын ел бойынша жойылудың жоғарғы сатысында тұрған нысанның тізімі жасалып, сол тізімге және туристік кластерлер мен бағыттарға сай зерттеу, консервациялық және реставрациялық жұмыстар жасалынса екен.

Жуықта дүниежүзілік мұралардың алдын-ала тізіміне енген ортағасырлық Талһиз қала жұртының көз алдымызда қиратылуы халықаралық ЮНЕСКО мекемесінің қаһарының төгуі мен Қазақстан Үкіметінің осы тізімдегі ескерткіштерді дүниежүзі алдында сақтау мен қорғауға жауапты болғандығы арқасында аман қалды. Ал тарихи құндылығы бұдан да жоғары, күнделікті бұзылып, елеусіз, иесіз жатқан қаншама ортағасырлық қала жұрттары, обалар, жартастағы суреттер галереялары бар. Бір ғана мысал, соңғы бес жылда тек Шығыс Қазақстан облысындағы археологиялық ескерткіштерде мынадай тонаушылық пен бұзушылық әрекеттері орын алған: Шыңғыстау өңіріндегі «Қаражыра», «Балапан» көмір өндіру орындары, «Алтынқазған» сынды ірі кен өндіру орындарындағы ескерткіштердің бұзылуы; Аягөз ауданындағы Қырықоба қорымының бульдозермен қазылып, тоналған ерте темір дәуірінің обалары; Семей қаласы аумағындағы Көкентау обалары мен қоныстары және т.б.

Археологтар М.Елеуов пен Д.Талеевтердің еңбектерінен алынған мәліметтер бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қолдан бұзылып жатқан ортағасырлық қалашықтар мен елді мекендер мыналар: Қазығұрт ауданында Тұрбат, Төрткүлтөбе, Шарбұлақ, Алтынтөбе, Күлтөбе, Тентектөбе сынды қалашықтары; Түлкібас ауданында Жамбасарық, Балықты 2, Еңбек, Сарыбұлақ, Кіші Көкбұлақ елді мекендері, Төрткүлтөбе қалашығы; Түркістан ауданында Хантағы төрткүлі, Күлтөбе, Алмалысай, Құшата, Қарашық 1 елді мекендері; Бәйдібек ауданында Қостөбе 2, Мыңбұлақ 1, Кеңес төрткүлі, Жарты төбе, Шақпақ; Созақ ауданында Шолаққорған қалашығы мен Көкбұлақ, Балатұрлан, Қошқар ата елді мекендері; Шардара ауданында Шәушіқұмтөбе, Үтіртөбе қалашықтары мен Көксутөбе елді мекені.

Жамбыл облысының Жуалы ауданында Ақтөбе, Бурнооктябрьск 1, Қырк күріз, Бекініс, Дарбаза, Шыңбұлақ, Ұзынбұлақ, Шайхана қалалары мен елді мекендер; Жамбыл ауданында Айша бибі ауылынан оңтүстіктегі елді мекен, Бектөбе ауылынан батыстағы елді мекен; Талас ауданында Тамды қалашығы; Сарысу ауданында Бұрқатты елді мекені; Шу ауданында Қорғаншы бекінісі сынды ортағасырлық қалашықтар мен елді мекендер бұзылып, апатты жағдайда тұр. Бұл тек үш облыстағы біз білетін жайлар, ал бізге белгісізі қаншама...

Ескерткіштерді қорғау мен сақтауда облыстық әкімдіктер өз жауапкершіліктерін әлі де толық сезінбеуде. Дегенмен, соңғы жылдары Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының мысалында ескерткіштерді зерттеу, сақтау мен насихаттау саласында жақсы бастамалар бар. Мысалы, Қызылорда облысында сақтардың Шірікрабат қала жұрты, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалажұрттары және Сауысқандық петроглифтері зерттелініп жатса, Жамбыл облысында ежелгі Тараз қалашығында кешенді қазба жұмыстары жүргізіліп, «Көне Тараз» археологиялық паркі жасақталды. Маңғыстау облысы әкімдігінің «Тарих және мәдениет ескеркіштеріне қоғамдық қамқоршылықты бекіту туралы» 2006 жылғы маусымның 30-ындағы қаулысына сәйкес, облыс көлеміндегі республикалық және жергілікті мәртебелі ескерткіштерге қамқоршылыққа кәсіпорындар мен жауапты мемлекеттік қызметкерлер бекітіліп, 2006–2010 жылдар аралығында ескерткіштерді қорғау аймақтарында 28 қоршау, 23 қорғау тақталары, 29 жолсілтегіш орнатылды, мемлекеттің қорғауындағы тарихи және мәдени ескерткіштерінің қорғау аймағына көгалдандыру және абаттандыру шаралары жүргізілді. Былтырдан бастап осы бастамалар жалғасы Шығыс Қазақстан облысында Шілікті, Берел, Елекесазы және Абылайкит сынды археологиялық ескерткіштерді зерттеумен жалғасқан-ды.

Жаһандық әлемде Қазақстанды қай жерден көретініміз біздің мәдени-рухани құндылықтарымызды қалай қорғауымыз, сақтауымыз бен жаңғыртуымызға байланысты.  

Ақан ОҢҒАРҰЛЫ,

Ұлттық музейдің 

«Халық қазынасы» ғылыми зерттеу 

институтының басшысы,

тарих ғылымдарының кандидаты

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

16.12.2017

БҚО Бөрлі ауданында Тәуелсіздік күніне орай бірнеше нысан ашылды

16.12.2017

АҚШ елшісі қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады (видео)

16.12.2017

Қостанайда бірінші коммуналдық қызмет орталығы ашылды

16.12.2017

Қызылордада мемлекеттік наградалар табыс етілді

16.12.2017

ОҚО-да медицина қызметкерлерінің аллеясы ашылды

16.12.2017

Шымкенттегі кондитерлік фабрика жаңа өндірістік желісі арқылы 200 т өнім шығарған

16.12.2017

Google қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

16.12.2017

Рух

16.12.2017

Павлодарда бүлдіршіндер арасында асық ойнаудан жарыс өтті

16.12.2017

Шығыста «Біз­дің жетістіктер – біздің елге» ат­ты ак­ция өтіп жатыр

16.12.2017

Көкшетауда «Алаш мұраты – Тәуелсіз Қазақ елі» атты ақындар мүшәйрасы өтті

16.12.2017

Журналист Бекболат Әдетов Талғар ауда­­нының құрметті азаматы атанды

16.12.2017

Қазақ – қашанда қазақ!

16.12.2017

Көсегемізді көгерткен Көкарал

16.12.2017

«Метель» операциясынан бір күн бұрын...

16.12.2017

СҚО-да жеке кәсіпкер 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етті

16.12.2017

Біржан елінің байрағы биіктеді

16.12.2017

Инновациялық кәсіпорында жаңа өнімдер қатары молая түсуде

16.12.2017

Ақтөбеде офтольмологиялық орталық ашылды

16.12.2017

Өскеменде 22 мектепке жаңа автобус берілді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан»

Жасампаз жылдар жылнамасы

Әйгілі Уинстон Черчилльдің «Та­рих біз туралы жақсы айтатын бо­ла­ды, себебі оны өзіміз жазамыз» де­ген сө­зі бар екен.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Елдіктің киесі

«Қазақ елі үшін ең басты құндылық не?» десе, мың-миллиондаған отандастарымыз: «Ол біздің алтыннан да ардақты, күмістен де салмақты Тәуелсіздігіміз!», деп жауап қатары шүбәсіз.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері

Намыс туралы нақыл

Ата-бабалардан мирас болып жет­кен Ұлы Даланың түпкі тари­хына­ бармай, ХХ ғасыр басында, тура 100 жыл бұрын Ресей патша­лығы құрдымға кетуге таяп, ақ пен­ қызыл айқасқан кеңестік жаңа импе­рия күш ала бастаған шақта, 1917 жылы 5-12 желтоқсанда Алаш қай­раткерлерінің Алашорда автономиясын құру қадамы сан ғасыр­дың қойнауында қайнап піскен ұлттық намыстың тәуелсіз ел болуға ұмтылысының басы еді. 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Әділеттің ақ жолынан Трампша аттау

Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің ас­та­на­сы дегенді мойындап, АҚШ ел­шілігінің Тель-Авивтен сол қалаға кө­шірілетінін мәлімдеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында ғана елші­лікті көшіруді кейінге қалдырған Трамп­тың бұл шешімі қандай да бір қы­сы­мның күштілігінен екені көрініп тұр.   

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Дарын мен қарым

Дарын – тағдырдың сыйы. Ұстай алсаң құстай ұшасың, ұстай алмасаң мұрттай ұшасың. Ұстай алғанның қарымы зор. Бағы биік. Затына қарай аты, еңбегіне қарай өнбегі телегей теңіз. Ұстай алмағанның ұсқыны кірмейді. Қадамы ілгері жүрмейді. Қанша жетектегенмен, қамқорлық көрсеткен кері кетіп, күндердің күнінде күлкіге айналып, көлденең «кермеге» ұрына береді. Мұны өмір сабағына көз жібергенде көріп-біліп отырмыз.

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу