Астанада арманыма жеттім – Айман Мұсақожаева

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаевамен сұхбат
Егемен Қазақстан
06.07.2017 3356

– Айман Қожабекқызы, бүгінде өзіңіз басқарып отыр­ған оқу ор­да­сының ашылуына Елбасы тікелей қол­дау көрсеткені белгілі. Тарих қай­талауды қалайтындықтан соны тағы бір рет есіңізге түсі­ріп көріңізші, қалай болып еді? 
– Менің өмірімнен ойып орын алған осы оқиға ойыма жиі оралады. Бәрі есімде. 1997 жылы Республика сарайында үлкен шабыт үстінде шығармашылық кешімді өткіздім. Соған арнайы қатысқан ардақты Президентіміз концерттен кейінгі дастарқан үстінде алда қандай жоспарларым бар екендігін сұрады. Алғашқыда аңтарылып қалдым да, артынша бойымды жылдам жинап алдым. Орайлы сәтті пайдаланып, көптен көкейімде жүрген ойымды жайып салдым. Гастрольдік сапармен шетелдерге барғанымда талантты жастарды тәрбиелейтін талай оқу орындарында болғанымды, соларға қызығатынымды алға тарта отырып, Алматыда өнер академиясын ашқым келетінін айттым. «Аша­сың, − деді Нұрсұлтан Әбішұлы бір­ден қолдау білдіріп. – Бірақ, сен жос­парлағандай Алматыда емес, Ақ­мо­лада!». Сөйтіп, санамды сан саққа жү­гірт­кен күрмеуі көп күрделі мәселе осы­лайша күт­пеген жерде шешімін тапты. Еге­мен­діктің елең-ала­ңынан елімізді өркениет өріне сүйреп келе жатқан Елба­сымыз халқына қажет игі идея­­ларды іліп әкетер іскерлігін көрсетіп, ірі мінез танытқанына іштей қатты сүйсіндім. 
Астана ауыстыру оңай ма? Жаңалық атаулыға жатырқай қарайтын қашанғы әдетімізбен әу баста кежегеміздің кейін тартқанын жасырып қайтеміз. Майда самалы маңдайынан сипаған мамыражай Алатау баурайын сақылдаған аязы сай-сүйегіңнен өтетін Сары­арқа төсіне айырбастауға ешқайсымыз құлықты емеспіз. Есіл жағасында жайнаған елор­да орнайтынына онша сенің­кіремейтін секілдіміз. Әйтсе де, әртүрлі алып-қашпа әңгі­мелердің әсеріне берілмей, әрі-сәрі күйден ада-күде арылып, тәуе­келге бел будым. Оның үстіне Отаны­мыз тарихындағы ора­сан іргелі іске араласқым келді. Қараша ай­ында қалың көштің алды Арқаға аттанды. 
– Солардың соңын ала Сіз де жаңа елор­дамыз жаққа ат басын бұрдыңыз ғой...
– Иә, қарлатып-борандатып, қыстың көзі қырауда Ақмолаға жеттім. Қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің қабылдауында болып, мәселенің мән-жайын түсін­дірдім. Ол кісі менің қа­да­мымды құптап, бас ша­һарда мәйекті мәдени-рухани орта қалыптастыруға аянбай атсалысатыныма сенім арт­ты. Әкімнің идеология жөніндегі орынбасары Төлеген Мұхамеджанов та қуа­на қарсы алып, бұйымтайымды бұлжытпай орындайтынын жеткізді. Ескі таныстар емеспіз бе, тез тіл табыстық. Аз-кем пікір алмасудан кейін алдағы атқарылар ауқымды шаруаларды айқындап алдық. Содан көп кешікпей қала әкімінің Ақмола музыка училищесінің негізінде академия ашу туралы шешімі шықты. Іле-шала Үкімет қаулы қабылдап, рес­публикалық бюджеттен қажетті мөл­шерде қаржы бөлді. 
Академияның ашылу салтанатына қатысқан Елбасы қазіргі күнге дейін бізге қамқорлық көрсетіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының қазақ өнерінің қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өткеніміз абзал. Анау «Астана Опера» театрының ға­жайып ғимараты ішкі-сыртқы көр­кемдігімен көздің жауын алады.  «Қазақ­стан» орталық концерт залының сахнасына шықпаған әйгілі әртістер кемде-кем. Былтыр ғана шаңырақ кө­тер­ген Хореография академиясының қа­бырғасынан талай балет жұлдыздары түлеп ұшары талассыз.
– Қайсыбір жылы орган залын салу­ға және аталған аспапты сатып алу­­ға қа­жет қаржы сұрап Пар­ла­мент де­пу­тат­­та­рының алдына бар­ға­ны­ңызды білеміз. 
– Кезінде журналистер жеңіл юмор­мен жазған бұл жайында... Академия­мыздың атына лайық кең концерт залы керек болды. Болса да зәулім сарай салдырған соң оның ішіне неге орган орнатпасқа деген ой келді өзінен өзі. Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясында оқып жүргенімде көргем. Біз де сондай мүмкіндікке ие болып жатсақ, жаман емес қой. Ендеше, не тұрыс? Үмітімді үкілеп Үкімет үйінің табалдырығынан аттадым. Ондағылар мақсатымды мақұлдағандарымен, қара­­жат жағын қарастыру Парламент құзы­рына кіретінін, депутаттар демеп жіберсе ғана дегенім болатынын айтып, сыпайы шығарып салды. 
Көздеген көмбенің кілті қайда екенін біліп алған соң қарап отырамын ба, қатталған-шотталған қағаздарымды көте­ріп, Парламентке тарттым. Сон­дағы сұрай­тыным – 300 миллион теңге. Ол кезде бұл әжептәуір ақша. Эко­номикалық-әлеуметтік саланы кө­теруге күш салып жатқанда менің мына келісім кейбіреулерге күлкілілеу көрін­генін қайтерсің. Бір депутат тіпті, «Осы уақытқа дейін органсыз-ақ өмір сүрдім, ендігі қалған ғұмырымда да сол шіркіннің қажеті бола қоймас» деп залдағылардың ішек-сілесін қатырғаны бар. Мен оны, әрине, түсіндім. Жомарттың қолын жоқ байлағандай жетімсіздік жетегіндегі кезіміз еді ғой. Дегенмен, депутаттарымыз біраз бұлталақтағанмен түсіністік білдіріп, беттерін бері бұрды. 
– Ұстаздар ұжымын қалыптасты­руда қандай принциптерді ұстан­ды­ңыз?
– Бұл мәселеде біраз қиындықтар туындағанын мойындауға тиіспіз. Өйткені, бұл арада жоғары дәрежелі мамандар жоқтың қасы-тұғын. Сондықтан, сырттан «сырттандарды» шақыруға тура келді. Достық қарым-қатынасымды бетке ұстап, біраз әріптестеріме қолқа салдым. Өтінішімді жерге тастамаған сыйлас азаматтарға әрдайым ризамын. Алматыдан аттай қалап алдырған Нұрлан Измайлов, Алтай Құсайынов, Светлана Әлиакпарқызы, Дина Мәмбетова, Сәуле Омарова, Қанат Омарбаев және бас­қалар алғашында жатақханада тұрды. Жайлы пәтерлерін тастап келгендердің жағдайы мұнда жетісе қоймағаны анық. Алайда, олар өнердің кемесі өрге жүзуі үшін барлық қиындықтарға шыдап бақты. Академия университетке айналуына байланысты керегеміз кеңейіп, профессорлар мен оқытушылар қатары толыға түсті. 
– Айтпақшы, сіздердің универ­ситеттеріңіз Құрманғазы атындағы консерваториядан немесе Темірбек Жүргеновтің есімін иеленген өнер академиясынан несімен ерекшеленеді?
– Біздің университетте жоғарыда аты аталған екі оқу орнында тіркелген мамандықтардың бәріне баулимыз. Әртістерді де, музыканттарды да, опера әншілерін де, драма актерлерін де, киногерлерді де, мүсіншілерді де даярлаймыз. Астын сызып тұрып, атап көрсетерлік жайт, университетімізде білім берудің үш буынды біртұтас кешенді жүйесі қалыптасқан. Қара­пайым тілмен қайырсақ, аталмыш оқу ордасының табалдырығын аттаған қаршадай өнерпаз жоғары дәрежелі дипломын алып бір-ақ шығады. Мақ­сатымыз – кәсіби шеберліктері әлемдік талаптарға сай мамандар әзірлеу. 
– Жағымды жаңалықтарды жерде жатқызбайтын ақпарат құрал­дары арқылы халықаралық байқау­ларда жүл­дегер атанып жүрген өнерпаз өрен­­деріңіз туралы жиі естиміз.
– Оныңыз рас. Дүниежүзілік додаларда топ жарған лауреаттарымыздың саны 500-ден асты. Қазақ өнерінің ертеңін жарқын қылатын қабілетті жастардың көптігіне шүкіршілік етеміз. Тай күні­нен танылған жүйріктердей Айша Досымова, Оразбек Дүйсен, Владимир Де тәрізді талантты ұл-қыздарымыз көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Ал опера аспанында жарқыраған Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова сынды жұлдыздарымызды атасақ атақ-даңқымыздың алыстарға жетіп, мәртебеміздің асқақтары сөзсіз. 
– «Сегіз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» дегендей дауысы көкте дамылдаған Димаш Құдайбергеннің жөні бөлек, әрине...
– Дүлдүл Димаш алғаш рет «Жас қанат» бәйгесінде көзімізге түсті. Дара дарын иесін өзімізге оқуға шақыр­дық. Әке-шешесі Қанат және Света Айт­баев­тар келісімін берді. Содан эс­трада кафедрасындағы Майра Дәулет­бақованың класына қабылданды. Бірінші курста Белоруссияда өткен «Славян базары» халықаралық байқауында Гран-приге ие болып, абыройға бөленді. Биылғы Қытайды әнмен «қырған» жеңісін өздеріңіз теледидардан көр­діңіз­дер. Үлкен құрметке бөленді. Президент қабылдап, ақ батасын берді.
Димаш – дарқан дарын иесі. Ата-әжесінің тәрбиесін алған көргенді жет­кіншек. Өзін өте қарапайым ұстайды. Үнемі ізденіс үстінде. Шеберлігін шың­даудан жалықпайды. Өрелі өнерпазға тән осы қасиетінен ажырамаса оның алар асулары әлі алда. Келешекте оқуын шет­елдердің бірінде жалғастыруы мүмкін.
– Сіз тек ректор ғана емес, сахнадан қол үзбеген саңлақ скрипка­шы­сыз. Қалай, қыруар қиын­дыққа толы қызметіңіз жеке шығар­ма­шы­лығыңызға кедергі келтірмей ме?
– Өзіңіз айтпақшы, ректорлықтың шаш етектен шаруасына қарамастан, жеке шығармашылығымды назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Құстың қос қанатындай қызметімді де, әртістігімді де қатар алып келе жатырмын. Жақында ғана өз шәкірттеріммен бірге ЭКСПО қонақ­тары алдында өнер көрсеттім. Ректорлық – міндетім, скрипка – жан серігім.
– Елбасы қолынан Еңбек Ерінің алтын жұлдызын алғанда қандай кө­ңіл-күйде болғаныңыз есіңізде ме?
– О, ондай сәулелі сәтті ұмытуға бола ма? Ең алдымен, мұны мен қазақ өнеріне көрсетілген құрмет белгісі ретінде қабылдадым. Еңбегімізді елеп-ескерген Елбасына рахметімді айттым. Ең бастысы, иығыма артылған жауапкершілік жүгін сезіндім. 
– Бүгін туған күні тойланып жат­қан Астана жөнінде не айтасыз?
– Астанада мен өзімнің арманыма жеттім. Жиырма жылдай уақытта елордамыз еңсесін тіктеп, шартарапқа нұрлы шуағын шашқан шамшырақ шаһарға айналды. 

Әңгімелескен
Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»
 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.08.2018

Біржан Сал еліндегі салтанат

21.08.2018

«Тараз» қонақүйі жатақханаға айналады

21.08.2018

Отандық онкогематология орталығы қалыптасты

21.08.2018

Балалар нейрохирургиясына басымдық берілуде

21.08.2018

Мүгедектердің мұңын кім тыңдар?!.

21.08.2018

Алматы: қала мен сана өзгерісі

21.08.2018

Жаңа заң – зайырлы елдің мүддесіне

21.08.2018

Өмір – әділ

21.08.2018

90 үй салып, туған ауылын түлеткен

21.08.2018

Қаратөбенің қайырымды тұрғындары

21.08.2018

Жанар-жағармай жыры: шаруалар неге наразы?

21.08.2018

ҚХА Кеңесі Құрбан айт мерекесімен құттықтайды

21.08.2018

Astana LRT салонына су кіріп кеткен автобусқа қатысты түсініктеме берді

21.08.2018

Елбасы Құрбан айт мерекесімен құттықтады

20.08.2018

«Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» РМК нысандарында баспасөз турын өткізді

20.08.2018

Б. Сағынтаев Шымкентті республикалық маңыздағы қала ретінде дамыту жөнінде кездесу өткізді

20.08.2018

Ригада «Шахмат патшалығы» атты анимациялық фильмі таныстырылды

20.08.2018

Ақмола облысының әкімі Дмитрий Алексанинге құттықтау жеделхатын жолдады

20.08.2018

Нұрсұлтан Назарбаев Алик Шпекбаевты қабылдады

20.08.2018

«Жас Отан» мен «Қазақстанның Киберспорт Федерациясы» өзара меморандумға қол қойды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Өмір – әділ

Біреулер өмірді қарғап-сілеп жатады. Оның әділетсіз екендігін айтады. Рас-ау дейсің кейде. Егер өмір әділ болса, неге адам баласы әртүрлі? Біреу – бай, біреу – кедей. Біреу – сұлу, біреу – көріксіз. Біреу – ауру, біреу – сау. Расында да өмір дегенің күн мен түн, ыстық пен суық секілді қа­рама-қайшылықтардың ортасы екен ғой.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Уикипедияның үйретері не?

Бүгінде адамдар қолдарына кітапты жиі ала бермейді. Оған себеп – интернет. Халық қажет деген мәліметтерді компью­терді ақтарып, уикипедиядан іздейді. Мұның өзі өскелең уақыттың талабы. Бі­­рақ сол ақпараттық технологияңыз уақыт­­тың талабымен үндескенімен, нақты ақпарат алып, тарихи шындыққа көз жет­кізгісі келген талғампаз адамдардың талабына сай келе бере ме? Міне, мәселенің осы жағына келгенде үлкен күмән туындай­тын тәрізді.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Тілтолғақ пен тілтұтқа

Әлеуметтік желіден «Астана қаласы­ның қаракөз балдырғандары қазақша сөй­лемейтіні несі?» деген сыңайдағы сұрау­лы сөйлем, қобалжулы пікірді көзіміз шалып ойланып қалдық, қапаландық. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ертеңгі ұрпақтың да еншісі бар

Қойнауы құт қазақ жері тәуел­сіз­дігі­міздің ширек ғасырдан асқан шежіресінде ел экономикасын тұралап қалу қасіретінен сақтап келеді. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Мәдениетке мән берсек...

Үйіміздің жанындағы азық-түлік сататын дүңгіршекке соңғы кезде сатушы құтаймай-ақ қойды, жиі-жиі ауысады. Бұрын тіпті мұнда сатушы қыздардың Павлодардан қатынап істейтінін естіп-біліп жүретінбіз. «Екі апта Астанада сауда жасасақ, екі апта бала-шағамыздың қасында болғанға мәзбіз. Ауылдан қалаға қатынап істеудің азабы мен машақаты мұндайды бастан өткізген адамға ғана мәлім. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу