Балуан биігі

Олимпиада шыңына тәуекел еткен Жақсылық Үшкемпіров небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. Сол оқиғаны қайта жаңғыртып көрсек.
Егемен Қазақстан
02.06.2017 6075

Тұсау

1975 жыл Жақсылық үшін сәтті болды. Қолтоқпақтай ғана қазақ балуаны одақтың төрт жылда бір өтетін басты жарысы – КСРО халықтарының спартакиадасында жеке-дара шықты. Үшкемпіровке дейін классикалық күрестен (қазір грек-рим күресі) Кеңес одағы спартакиадасын ұтқан қазақ балуаны болмағанын ескерсек, бұл табыстың бәсі қандай екенін ұғу қиынға түспейді. 

Бұған дейін екі жыл қатарынан одақ чемпионатының жүлдегері атанған Жақаңның көкейінде енді Олимпиада ойындарына, әлем чемпионатына барсам деген арман оты тұтанды. Себебі, 1976 жылы Монреаль олимпиадасы өтеді. Спартакиада мен чемпионаттың «алтынын» қатарынан қанжығаға байлаған Үшкемпіров жетпіс бестегі әлем чемпионаты мен Монреаль олимпиадасына барудан бірден-бір үміткер еді. Оның үстіне, спартакиада бітісімен КСРО құрамасының аға жаттықтырушысы Геннадий Сапунов «Осы бабынан таймаса, Монреаль олимпиадасына Жақсылық барады», деген. 

Жетпіс бестегі әлем чемпионаты екі-үш айдан кейін Минскіде өтті. Бұл сынға әлемнің үш мәрте чемпионы Владимир Зубков қатысты. Жарайды, бапкерлер алқасы тәжірибелі тарланға сенім артты, Зубков төртінші рет топ жарды. 

Жетпіс алтыдағы Еуропа чемпионаты Ленинградта өтті. Жақсылық тағы да құрамадан тыс қалды. Бұл жо­лы Са­пуновтың шәкірті Алексей Шумаковтың жолы болды.

АҚШ-тағы Әлем кубогынан тағы сырт қалды. Көкейде күмән бой көтерген. Бірінші нөмірлі балуанның үш бірдей ресми бәсекеге ілікпеуі жақсылықтың нышаны емес. Яғни, одақ құрамасының бапкерлері Монреальға бұны апармайды. Сапуновтың сөзі жай алдаусырату ғана. 
Дәл осы тұста Украина жаттықты­ру­шылары қолқа салды. «Бізге ауыссаң, Мон­реальға барасың. Үй, көлік, бәрі шешіледі. Қазіргі стипендияңнан екі есе ар­тық жалақы аласың». Жақаң кәдім­гі­дей толқыды. Үй мен көлік өзінде де бар. Керегі – Олимпиада жолдамасы.
Украиндардың «сәлемін» көп жыл «Қайрат» қоғамын басқарған Қабыш Омаров ағасы естіп қойыпты. Бір кү­ні ойда-жоқта салып-ұрып жетті. Кел­ген бойда залда тер үгіп жүрген іні­сін айнаның алдына алып барды да: «Қа­ра­шы, сен кімге ұқсайсың?» деді. «Мен әжемнің баласымын. Әжеме ұқ­сай­мын». «Сен дұрыстап қара, қай ұлт­қа ұқсайсың?» «Қазақпын, аға! Оны неге сұрадыңыз?» «Қазақ болсаң, Ук­раинада атаңның басы бар ма?!.» Жақ­сылық қысылғанынан жерге кіріп кете жаздады... «Ал, бара ғой Киевке. Бар! Сен оларға уақытша ғана керексің. Сіңбейсің оларға, сіңірмейді. Ер­тең спортты доғарған соң ешкімге ке­рексіз боп, далада қаласың. Сонда өзің­ді ал­ақанына салып, әлпештеп отыр­ған ту­ған жұртыңның бетіне қалай қарай­сың?!..» 

Украина мәселесі осымен тәмам болды.

Бірінші хатшының қабылдауы

Уақыт желдей еседі. Олимпиада жолдамасы көзден бұл-бұл ұшқан. Жақсылық қатты торықты. КСРО құрамасындағы үзеңгілестері «терпеливый Жак» атаған қазақтың төзімі әбден шегіне жеткен. Содан талайлардың қолы жетпей жүрген КСРО құрамасына үш ай ат ізін салмай, Алматыда жатып алды. 

Бұрынғыдай ақ тер, көк тер жанығу жоқ. Бірте-бірте арқаны кеңге сала бас­таған. Ойда-жоқта республикалық спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев шақыртты. Барды. 

– Жақсылық, сен неге жаттығуға бармай жүрсің? А-а... Ертең дұрыстап киініп, маған кел, атаға барамыз, – деді Ақбаев қысқа қайырып. Жақсылық төраға сөзінің байыбына бара қойған жоқ. «Атасы несі», деді де қойды.

Ертеңіне межелі уақытта Аманша Сейсенұлы мұны машинасына отырғызып алып, Қазақстан Компартиясының орта­лық комитеті орналасқан зәулім боз үйге бір-ақ тартты. Қазіргі Төлеби мен Абылайхан көшелерінің тоғысындағы сұсты да еңселі ғимаратта бұларды Дін­мұ­­хам­мед Қонаевтың көмекшісі Дүй­се­тай Бе­кежанов күтіп алды. Мұндай­ды күт­пеген Жақсылық кәдімгідей қо­бал­жи­ын деді.

Әлден уақытта Қонаевтан «кірсін» деген пәрмен жетті. Ақбаев бастап екеуі атшаптырым кабинетке қадам басқан. Төрағаның соңынан ілескен балуанның тізесі дірілдеп қоя берді. Сан майданда сыр бермеген жүрегі кеудесін жарып шығардай, бұлқына соғады. 

 Қазақстан Компартиясының бірін­ші хат­шысы Дінмұхаммед Қонаев еңгез­ер­дей боп қызмет столының қасында тұр екен. Әлденеге алаңдаулы тәрізді. Ауыр ой құр­сауында екенін тұнжыраған қа­ба­ғы айтып тұр. 

Екеуінің сәлемін қабыл алған Қонаев жұдырықтай Жақсылыққа төбесінен төне қарап: 

Әй, Аманша,чемпионың осы ма? Өзі бір жапырақ қой, мына денесімен қалай күреседі? – деді Ақбаевқа қарата.

– Дінмұхаммед Ахметұлы, өзі кіш­кентай болғанымен, күшті балуанымыз осы! Осы жігіттен бірдеңе шығады. Ба­таңызды беріңіз! 

– Ә-ә, жарайды, отырыңдар, – деді Қонаев орындығына жайғасып жатып. – Ал, Жақсылық, мен күніне төрт сағат ұйықтаймын. Елімді көркейтіп, өркендету үшін жанымды салып еңбек етіп жүрмін. Осының бәрі маған оңай дейсің бе? Ал, сен неге жаттығуға бармай жүрсің. Қазаққа Олимпиада чемпионы керек! Сені болады деп жатыр ғой. Қазір кезек тимесе, енді төрт жылдан кейін тиеді. Дұрыстап дайындал! Мен сені қадағалап отырамын. Тек әділдік болсын! Таза болсаң, барасың.

– Жарайды, түсіндім, ата, – деді Жақсылық қапелімде аузына басқа сөз түспей. 

– Өзіңе не керек, пәтерің бар ма?

– Бар.

– Мәшинең бар ма?

– Бар. Бірақ тозып қалып еді...

– Әй, Аманша, Жақсылыққа машина бер! – деді Димекең Ақбаевқа қарап. – Ал, енді сен дайындал. Екеуміздің сөзіміз бар еді...

– Жақсы, ата, – деп Жақсылық лып етіп орнынан тұрды.

Қонаевтың кабинетінен қанат біт­кендей арқаланып, бөлек бір сезіммен шық­ты. Тұла бойы ду-ду етіп, мыңға жал­ғыз шабардай шабынып тұр. Иә, дәл сол мезет Жақсылық тау қопаруға дайын еді... 

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы

Кеңес Одағының ұлттық құрама­сындағы атан түйенің белін қайыстырар жаттығуларға қайта жегілген. Құра­ма­дағы жалғыз қазақ балуаны – осы Жақ­сы­лық. Өткен жолына, бағын­дыр­ған бе­ле­сі­не бағамдап қараса, классикалық күрес май­данында КСРО халықтары спарта­ки­а­дасы мен чемпионатын қатар ұтқан тұң­ғыш қазақ баласы өзі екен! Жүздеген, тіпті мыңдаған бауырлары атой салған асу емес пе. Сол жігіттердің ішінен жер жү­зіндегі ең алып империяның алғашқы қа­зақ чемпионы атану мұның маңдайына жа­зылыпты. Білген адамға осының өзі зор мәртебе. 

 Ендігі қарымы бұдан да серпінді болуға тиіс. Себебі, ел тізгінін ұстаған Дінмұхаммед Қонаевтан бастап бүкіл алаш баласы өзінің жанкүйері! Енді қарыс сүйем шегінуге болмайды. Қандай сынаққа да қасқиып қарсы тұрады!

Жетпіс жетідегі КСРО чемпионатында кілемге жоламаған үш айдың кемдігі қатты білінген. Үшкемпіров үшінші орынға табан тіреді.
Жетпіс сегіздегі біріншілікке аш бура­дай буырқанып кірісті. Финалға еркін жеткен. Бірақ ташкенттік Василий Аникиннің бір иығы озық шықты. Одақтың күміс жүлдегері кем дегенде Еуропа чемпионатына баруы керек еді. Құрама жаттықтырушылары Жақ­сылықтың орнына Еуропаға ресейлік Анатолий Бозинді апарған. Бозинге бұйырғаны – күміс медаль. Мұндайға еті өліп кеткен Үшкемпіров босқа жүйке тоздырған жоқ. 

Жетпіс тоғыздағы КСРО халық­та­ры­­ның спартакиадасында қарсы кел­генді қоғадай жапыра отырып, финалда Шумаковпен ұстасты. Бұл жолы Алек­сей­ді жығатынына бек сенімді-тін. Бірақ төре­шілер екеуінің мойнына үш-үштен ес­керту іліп, айып ұпайдың аздығы есе­бінен Шумаковты алтын тұғырға алып шықты. Үшкемпіров – күміс жүлдегер!

Пендешілік дегенді қойсаңызшы, КСРО құрамасының бапкерлері кезекті Еуропа чемпионатына тағы да Анатолий Бозинді алып барды. Үшкемпіровтен ұтылып жүрген жігіт қола медальді қана­ғат тұтты. Жақсылық сабыр сақтады. Еш­кім­ге ренішін білдірген жоқ. Әліптің артын баққан.

«Олимпиада жылы» деген айшығымен сексенінші жыл келді. Жиырма тоғызға иек артқан Жақсылық тас-түйін! Одақ чемпионатына не бел, не белбеу кетеді, деп атойлай кірген. Ақпанның аязды күн­дерінде дәл Мәскеудің төріне жайылған боз кілемде Үшкемпіров нағыз күрестің қандай болатынын қолмен қойғандай дәлелдеп берді. 

Шүу дегеннен үш бірдей қарсыласын бет қаратпай жыққан Жақсылық кезек­ті сында ресейлік Вылежанинді 22:0 есебі­мен ойсырата жеңді. Одан кейін Еуропа чемпионатының екі мәрте күміс жүл­дегері, 26 жастағы қазандық Анатолий Бозинді 11:1 есебімен тас-талқан қылды. 
Финалдағы қарсылас – Одақ чем­пионатының қола жүлдегері Виктор Савчук. Нағыз оттай жанып тұрған шағы, жасы – 25-те. Өзі мәскеулік спортшы. Яғни, екеуі тең тартысқан жағ­дай­да төре­шілердің бүйрегі Савчукқа бұ­ра­ты­ны дау­сыз. Жақсылық жанын салып ай­қас­ты. Савчукқа соқыр ұпай ұстатпай, 12:0 есебімен күмәнсіз ұтып шықты!

Сөйтіп, Жақсылық батыр екінші мәрте КСРО чемпионы атанды. Қазір ғой, Аллаға шүкір, қазақтан ай сайын Азия чемпиондары ту көтеріп жатқаны. Ол кезде алаш баласының Кеңес Одағының чемпионы болуы тым сирек кездесетін жағдай еді. Нақты дерекке жүгінсек, сексен бірінші жылға дейін қазақ балуандарынан Жақсылық Үшкемпіров (2 рет) пен Шәміл Серіков қана классикалық күрес­тен Одақ чемпионы атағына қол жеткізді.

Олимпиада дуына жарты жылдай уақыт қалған. Бірақ осы жарты жыл Жақсылықтың жүйкесін қалай жонғанын білсеңіз ғой. 

Жүйке жонған жарты жыл

Қыр астында Мәскеу олимпиадасы қылаңытады. Классикалық күрестен КСРО құрамасындағы он салмақтың екеуін қазақ жігіттері жамбасқа басып алған. Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков! Шәміл 1978-1979 жылдары қатарынан екі рет әлем чемпионы атанған жампоз. 57 келідегі кілең мықтының сағын сындырған Шәміл Олимпиадаға алаңсыз әзірлікке кіріс­кен. Ал, 48 келідегі Жақсылықтың көңі­лі алаң. Себебі, аға жаттықтырушы Геннадий Сапуновтың қабағы қырыстау. Сапуновқа салса, Олимпиада кілеміне оның шәкірті Алексей Шумаковтың шыққаны жақсы.

Жаттығу жиынында Жақсылық бас­ты қарсыластарын тегіс жеңіп шықты. Шумаков, Бозин, Савчук, Аникин, Казарашвили. Кілең сен тұр, мен атайын­ сайыпқырандар. Бірақ ешқайсысы Үшкемпіровтен аса алған жоқ.

Сексенінші жылдың сәуірінде Жақ­сылық Чехословакияға – Еуропа чемпионатына аттанды. Қаншама жыл жалынан сипатпаған құрылық біріншілігін қарқынды бастаған. Финалға дейін еш­кім­ді дәргейіне келтірген жоқ. Ал, бас жүлде үшін таласта әлем чемпионатының қола жүлдегері, поляк Роман Керпачпен бетпе-бет қалды.

Белдесу бітуге он секундтай қалғанда Романнан бір ұпай озып тұрған. Тізгінді тежеп, ескерту алғанның өзінде чемпион! Бірақ талассыз ұтсам деген ни­ет­­пен Керпачқа оқша атылды. Қас-қағымда полякты иықтан асыра диірмен әдісіне ыңғайлай бергенде, бас бармағы қарсыласының трикосына ілініп қалып, түбінен морт сынды. Біздің балуан қолын ауырсына еңкейе бергенде, Керпач ту сыр­тына шығып үлгерді. Сөйтіп, ала­қан­да тұрған алтын медаль сусып кетті. Іші қан жылады.

Елге оралған соң Үшкемпіров төңі­регіндегі әңгіме қайта гуледі. «Еуропада күміс алған адам Олимпиаданы қалай ұтады?» Осы желеумен бас жаттық­тырушы 48 келідегі балуандарды тағы өзара сынап көруге бел буған. Жақсылық тағы да сыпыра жеңді. Дәл осы жерде Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Шумаков мәрттік танытты. «Бұл жолы Жақсылық бәрімізден күшті, бағын байламайық», деп ер жігітке тән мінезбен әділін айтқан.

Шумаковтың мәрттігі Жақсылықтың жолын ашқандай еді. Бірақ бапкерлер алқа­сы кесімді сөзді айтуға асығар емес. Бір күні ойда-жоқта он сегіз жастағы грузин балуаны Темо Казарашвили шықты жұлқынып. Мұндайда грузиндер керемет ұйымшыл ғой. Темоның ұстазы, бір кездегі әлем чемпионы Ро­ман Руруа бас жаттықтырушы Ген­­на­дий Сапуновтың жақын досы. Сапу­нов Руруаның сөзін жерге тастай алмай, Жақсылық пен Темо­ны жаттықтырушылар алқасының дауысына салды. Міне, қызық, 6:2 есебімен Казарашвили ұтып кетті. Қазақстанның КСРО құрамасындағы жаттықтырушысы, әлемге әйгілі маман Вадим Псарев дауыс беру нәтижесін ес­ті­генде, есінен танып қала жаздады. Ал Үшкемпіровтің жағдайын сұрамай-ақ қойыңыз.

Мына жағдай жанын жегідей жеп бара жатса да, Жақсылық ешкімге сыр берген жоқ. Қарсыластарына салқын қабақ танытпай, үн-түнсіз жүре берді.

Олимпиада басталуға жарты айдай уақыт қалғанда күресетін балуандар жария болды. Тоғыз салмақтағы мық­тылар­дың аты аталып, ең жеңіл салмақ қана белгісіз жағдайда қалған. Жақсы­лықта маза жоқ. Сең соққандай күйге түскен. 

Құрама жария болған соң араға екі күн салып, базаға КСРО спорт комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Колесов келді. Күрес жолын Қазақ елін­де, әйгілі бапкер Петр Мату­щак­тың қол астында бастаған Колесов әлем­нің үш мәрте чемпионы. Бүгінде одақ мой­ындаған дәу бастық. Бұл ке­лі­сі те­гін емес, жаттықтырушылар ал­қа­­сы­ның алдында Жақсылықтың жағ­дай­ын талқыға салуға әдейі келген екен. Істің анық-қанығына жеткен Колесов қаншама уақыт жүйкені жүндей түткен мәселеге нүкте қойып кетті. Үшкемпіров Олимпиада кілеміне шығатын болды! 

Міне, адамға ақыл айтудан, жұртты адалдыққа үндеуден алдына жан сал­ма­ған кеңестік идеологияның КСРО күрес құрамасындағы сипаты осындай еді.

Қалауым – бір кесе қымыз!

Адам табиғаты қызық қой. Олимпиада жолдамасы қолға тигенше қызыл түлкідей көз арбаса, енді мың батпан сал­мағымен белін қайыстырып барады. Ал, жолдама қолда! Енді сол жолдамаға лайық күресу керек. Бұл айтуға ғана оңай. Кейбір жігіттер тәрізді екі-үш ай алаңсыз дайындалсаң, бір сәрі. Кейінгі жарты жылда көкпарға түскен серкедей болған жоқ па. Жүйкесі түте-түте болған Жақсылық іштей күйіп-жанғанымен сырт көзге сабырлы еді.

Олимпиада жеребесін суырған сәті әлі есінде. Он үшінші нөмір қолына тиген. Әлемнің екі дүркін чемпионы Константин Александру он бірді алды. «Жолым неге сонша ауыр?!» Шүу дегенде Олимпиададағы ең күшті қарсылас тап болып отыр. Александру 78-79-дағы екі әлем чемпионатының финалында Алексей Шумаковты сан соқтырды емес пе! Бес рет Еуропа чемпионатында жеке-дара шыққан жампоз. Константиннен қорыққан жоқ, қауіптенгені рас.

Автобуста екі дүркін Олимпиада же­ңімпазы Валерий Резанцев жолыға кетті. «О-о, Жәке, құттықтаймын! Жере­бең сәтімен түсті!» Жақсылық түк түсін­­бей, дәу балуанға үнсіз қараған. «Жә­ке, көтер басыңды, Константин саған қара­ғанда салмақты көп қуады. Сондық­тан, екі сағатта күші қалпына келуі қиын. Бірінші белдесуде оның тынысы ашыл­­май­ды. Көресің, сен ұтып аласың. Құт­тық­­таймын!» Валера аңқылдаған қалпы жұ­­дырықтай Жақсылықты бауырына қысты. 

Ойлап қараса, Резанцевтің сөзінің жаны бар. Күрес басталуға екі сағаттан аз қалды. Бұл 5-6 келіден арылса, румын 7-8 келі «қуды». Ол күш-қуатын бойына жинап үлгермейді. Ендеше, қат­ты күйінетін ештеңе жоқ. Толқымай, босаң­сы­май, жинақы күресу керек. Ең бастысы, тайсақтамау қажет.

Зәулім спорт сарайының төріне қадам басқан сәтте тұла бойы алабөтен ду ете қалды. Он бес мың жанкүйердің он мыңы қазақ боп көрінді көзіне. «Жеңемін! – деді Жақсылық тістеніп. – Не, осы кілемде өлемін!»

Жақсылық Константинге қарсы жолбарыстай шабынып шықты. Қарсы алдымда әлем чемпионы тұр деп, әлсіздік танытқан жоқ. Құдды, жүз мәрте жұл­қысқан сыралғы қарсыласымен ұстас­қандай, еркін сілтеді. Кейінгі екі жылда жер жүзінде жан баласын шыдат­паған ру­мын балуаны маңдайы тасқа тиіп, біл­генінен жаңыла берді. Иә, ол жа­ңы­лайын деген жоқ, оны жолдан тай­дыр­ған біздің жанкешті, қайсар бауырымыз болатын.

Үшкемпіров Александрудан 6:2 есебі­мен басым түсті. Сондағы қуанғаны әлі есі­нен кетпейді. Дәл солай өмірінде шаттанып көрмепті. Дәл сол кездегідей бар қуатын сарқып тастап, шатқаяқтағаны есін­де жоқ. Белдесу біткен бойда жаңа туған құлындай буын-буыны діріл қағып, аяғында тұра алсайшы. Тобығы тайып­ кетіпті. Кемерінен аса шалқыған қуаныштан оны да елең қылған жоқ. Жар­ты сағат есін жия алмай жатты. 

Бір кезде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов жетті бал-бұл жайнап. Жақсылықты құшағына қысып, ризалығын білдірген. Сосын селт еткізер жаңалығын жеткізді. Осылай қарай Қазақ КССР Министрлер ке­ңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов (қа­зір­гі ұғыммен – Қазақстанның пре­мь­ер-министрі) келе жатыр екен. Жақ­сы­лық пен қасында шыр-пыр боп жүрген жа­нашыр ағасы Қабден Байдосов аң-таң. 

Көп ұзамай қалың нөкерімен Бәйкен Әшімов кіріп келді.

– Мені Дінмұхаммед Қонаев жіберді, – деді Бәйкен Әшімов амандық сұрас­қан­нан кейін. – Ол кісі сені өзі қадағалап отыр. Қалай, Жақсылық, жеңеміз бе?

– Жеңеміз, аға! – Жақсылықтың жанары жарқ ете қалды. – Чемпион болады деген жігітті жықтым. Сенесіз бе, Алек­сан­дру­ды ұтқаныма әлі сенбей отырмын. Жа­сым жиырма тоғызда. Енді шегінер жайым жоқ. Көңілдеріңізге шексіз ризамын! 

– Жарайсың, бауырым! Дінмұхаммед Ахметұлы саған және Серік Қонақбаевқа зор үміт артып отыр.

– Үміттеріңізді ақтаймын, аға! Бүкіл ел боп қолдап жатырсыздар. Сол елдің ті­ле­гі ғой, ең қиын асудан астым. Бә­рі­ңізге мың да бір рахмет! Елді сағын­дым, аға! Ауылды аңсап отырмын. Жаны қалмай қолдап жатқан халыққа рахмет! Бәріне сәлем айтыңыздар. Алла қолдаса, енді жығылмаймын. Не жеңемін, не осы жерде өлемін, аға! Үлкен кісіге дәл осылай деп сәлем айтыңыз.

– Сабыр, сабыр ет, батыр!

– Еуропада есем кеткен Керпачты да жы­ғамын. Сол жолы өз қателігімнен сү­рін­дім. Енді олай болмайды.

– Рахмет, Жақсылық! Қандай тілегің бар, саған не берейік, не сұрайсың, айналайын?!

– Бір тілегім бар, айтсам, орындайсыз ба?

Мұндайды күтпесе керек, Әшімовке еріп келген жігіттер бұған үдірейісе жалт қарасты. Бәйкен Әшімов жымиған қалпы Жақсылыққа сұраулы жүзбен қараған. Сәл үнсіз қалған жайдары жігіт алдындағы асқар таудай ағасына еркелей үн қатты:

– Аға, дәл осы жерде бір кесе қымыз болса ғой, шіркін!

Бәйкен ағасы бір рахаттанып күлді дейс­ің! Жігіттердің де езуіне күлкі үйі­ріл­­ген.

Бүтін бір ұлттың ақжарма көңілі мен таңғы шықтай мөп-мөлдір сезімін жеткізген ағалардан кейін Жақсылықтың жан-дүниесі алапат күй кешкен. Тұтас бір халықтың қуаты бойына дарығандай, әй бір, буырқанды дейсің. Көңілде титтей де күмән жоқ. Ғайыптан әлдебір күш қолтығынан демеп тұрғандай.

Сол екпінмен Олимпиада кілеміне үш мәрте қадам басты. Үшеуінде де қар­сыластарын сең соққандай сансыратқан. Әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы Роман Керпачты, әлем чемпионатында олжа салған, Еуропаның атақты көкжалдары венгр Ференц Шереш пен болгар Павел Христовты Жақсылық күмәнсіз ұтып алды.

Сөйтіп, қолтоқпақтай ғана жігіт барша қазақ жұртын шат-шадыман қуа­ныш­қа бөлеп, ұлтының спорт тарихы­ның тө­рінен бір-ақ шықты. Финалда төреші ыс­қы­рық шалысымен талай жылғы бей­неттің өтеуіндей боп екі көзінен ыстық жас парлады. Буын-буынынан әл кетіп, боз кілемнен тұра алмай қалған Жақсылықты бір кездегі айтулы балуан Қабден Байдосов ағасы алақанына салып, аялай көтеріп әкеткен. Сол сәтте аумағы атшаптырым сарайға жиналған мың сан қазақтан бастап алыстағы алаш жұртының жанарына моншақ-моншақ жас тұнып еді-ау. Сол сәттен бастап Жақсылық туған халқының алақанына қонды. Аллаға шүкір, сол абыройына қылаудай дақ түсірмей әлі еркелеп келеді.

Ал ширек ғасыр бұрын азаттығын алған алаш жұрты Жақсылықтан кейін күрестен бір Олимпиада чемпионы қашан шығады, деп сарғая тосып әлі жүр...

Қыдырбек Рысбек

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.01.2018

Кабулдегі террорлық шабуылда 18 адам қаза тапты, соның біреуі Қазақстан азаматы

21.01.2018

Баянауылдың аэродромын аяқтау үшін 250 млн теңге қажет

21.01.2018

Павлодарда металлургтерге 10 көлік берілді

21.01.2018

Алексей Полторанин әлем кубогы кезеңінде топ жарды

21.01.2018

Аязға байланысты үш өңірде жол жабылды

21.01.2018

Павлодарда коттедждер кенті салынады

21.01.2018

Биыл Өскеменде 30 аула абаттандырылады

21.01.2018

Ертең Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде сабақ болмайды

21.01.2018

Астанада энергетикалық кешеннің алдағы қатты аязға дайындығы тексерілді

21.01.2018

Түпқараған ауданында сүт зауыты ашылды

21.01.2018

ОҚО-да биыл «Индустрияландыру картасы» шеңберінде 9 жоба іске қосылады

21.01.2018

Өскемен мен Аягөздегі әскери бөлімдер жауынгерлік даярлықтарын пысықтады

21.01.2018

Ольга Рыпакова турниріне 8 мемлекеттің жеңіл атлеттері қатысты

21.01.2018

Ақтөбедегі автобус өртінен қаза тапқандардың толық аты-жөндері белгілі болды

21.01.2018

Алматыда «Ұлы Дала саздары» атты концерт өтеді

21.01.2018

Қазақстанның төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінде министрлік деңгейінде дебаттар өткізілді

21.01.2018

Білім басқармасы ауа райы жағдайына байланысты сабақтарды тоқтату қалай қабылданатынын мәлімдеді

21.01.2018

Сыртқы істер министрі Нью-Йоркте бірнеше кездесу өткізді

21.01.2018

Қазақстан арқылы Әзербайжанға жөнелтілетін Қытайдың жүк пойызы жолға шықты

21.01.2018

Оңтүстік өңіріндегі көне қалалар бойынша деректі фильм түсірілді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Дархан ӨМІРБЕК, «Егемен Қазақстан»

Сөз еркіндігі және балама пікірге төзімділік

АҚШ-та білім алып жүргенімізде екі апта бойы сөз бостандығы абсолют­тік болуы тиіс пе деген тақырыпты тал­қыладық. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Ғажайып жаңалықтар

Заманауи экономиканың дамуы адамзатқа орасан зор жаңа мүмкіндіктер ұсынатындығын, соған сай экономиканың кейбір дәстүрлі салаларының түбегейлі өзгеріске түсетінін қазірдің өзінде байқауға болады. Тек бір ғана ауыл шаруашылығын алып қарайықшы.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қайдасың, менің ертегім?!

Алпысыншы жылдардың басында мектеп табалдырығын аттаған біздің толқынның бала қиялын баураған ғажап – қазақтың ертегілері мен батырлар жыры еді-ау. Сол кезде сол бір ғажайыптар әлемінен санамызға сің­ген сансыз суреттер бұл күнде сағындырып, сабырымызды сарқып ішкендей болады. Сондағы небір керемет сиқырларды көруге көңіл ынтығып, көкірек көзі құмартып, құштарлана ашылғандай күйге енеті­німіз бар.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан»

Тажалды тізгіндеудегі байыпты бітімгерлік

Вашингтондағы кездесулер жоғары деңгейде өтті. Әлемнің белді, белгілі ақпарат құралдары да ол туралы жарыса жазуда. Маңызды кездесулердің өзекті тұсы – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі табанды ұстанымы мен байыпты қызметін жоғары бағалау болды. Бұл іс жүзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бейбітшілікті сақтау мақсатындағы жеке бастамалары мен осы бағыттағы қажырлы қызметіне, әлем­дік деңгейдегі қайраткерлік болмысы­на берілген баға деп пайымдаймыз. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Тілді кез келген жаста үйренуге болады

Әлемде қанша тіл болса, адам сол тілдерді үйренуге ұмтыла береді жә­не бұл қызығушылық ешқашан тоқ­тамайды. Әрине кейде бір тіл басқаларына қарағанда маңызды, танымал, оңай, әдемі болып көрі­нуі мүмкін. Дегенмен адамның қы­зығушылығы мен сүйіспеншілігі ой­ға келмеген тілдерді де үйренуге жетелейді.

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу