Бақтияр Артаев: Неге боксшыларымыз төрешілердің «арқасында» жеңіліп, елге келген соң басшылықтан сөз естуі керек?

Бокстан еліміздің жарық жұлдыздарының бірі Бақтияр Артаев шетелдегі оқуын тәмамдап келген соң елімізде жаңа жобаны жүзеге асыра бастады. Облыс әкімдігінде, кейіннен «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының директоры секілді бірқатар лауазымды қызмет атқарған Олимпиада чемпионының неліктен шағын ғана жекеменшік мекеме тізгінін қолға алғанын әзірге көпшілік түсіне қойған жоқ. Ендеше осы сұхбатымызда бұл бастаманың танымал спортшыны несімен қызықтырғанын, Ұлыбританиядағы өмірі мен бүгінгі спорттың кем-кетіктері жайлы пікірімен таныс бола аласыздар. 
Егемен Қазақстан
24.05.2017 3501
2

– Бақтияр Ғарифоллаұлы, биылдан бастап «Тарлан батырлары» деген жаңа жобаны қолға алып жатыр екенсіз. Бұл не жоба, мақсаты қандай, осылар жайлы айта кетсеңіз... 

– Бұл – спорт саласындағы жаңа менеджмент, жаңа көзқарас. Спорт саласындағы ұйымдардың басым бөлігі – акционерлік қоғамдар мен мемлекеттік органдар. Олар бюджет ақшасына жұмыс істейді. Ал «Тарлан батырлары» – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, жеке мекеме. Яғни біз Мемлекеттік орган мен жекеменшік әріптестік арасын байланыстырушы көпірміз. Мемлекеттен субсидия алу арқылы бапкерлерге жалақы төлейміз, осы арқылы ол бапкерлер бес жүзге жуық баланы спортқа тегін баулиды. 

– Үкіметке бұл жобадан қандай пайда түседі? 

– Біріншіден, жаттықтырушыларға бір рет жылдық жалақыны бөліп төлеп қана береді. Бюджет деген жоқ. Басқа мекемелерде өздерінің бюджеті бар. Жыл сайын миллиондаған қаржы белгіленеді. Ал бізде бұл тұрғыдан алғанда «тазалық» сақталады. Бапкерлердің айлығы есептеулі. Ал ғимаратты сақтау, әрлеп-сырлау, оның шығындарын төлеу біз жүргізетін ақылы қызметтер есебінен өтеледі. Мен айтып отырған бапкерлер спорттың бес түрінен – бокс, дзюдо, ауыр атлетика, еркін күрес, таеквондодан 350-400 баланы тегін дайындаса, одан бөлек фитнес, кроссфитке, биге келуші 200-дей адам абонементтерді сатып алады. Яғни аз ғана қаржымен қаншама баланың тегін жаттығу жасауына мүмкіндік беріледі, одан қалды ересектердің де саламатты өмір салтын ұстануына бағыт. Үкіметке тиімділігі осы. 

– Тұрғындар қолданады деген жоспармен салынып, қаңырап қалатын спорт нысандары аз емес. Сіз айтып отырған бұл ғимарат та солардың қатарына еніп кетпей ме? 

– Мұның бәрі алдын ала зерделеніп, сараптама жасалады. Яғни облыс басшыларымен кездесіп, мұндай ғимараттарға қай өңірлер мұқтаж екенін анықтаймыз. Ал облыс басшыларының тапсырмасымен өз кезегінде қандай аудандарға спорттық нысан салыну керектігі анықталып, бізге ұсыныс береді. Бұл қатарда негізінен ірі қалалар жоқ. Ал қолданысқа беріліп үлгерген нысандарда адамдар сыймай қалып жатыр. Себебі, аттестациядан өткісі келетін полиция қызметкерлері бар, жаз мезгіліне карай кыз-келіншектер дене бітімінің де сымбатты болуы үшін біздің орталықтарға көптеп келіп жатыр. Күндізгі уақытта да, кешкі уақыттарда да залдар лық толы. 

– Бұл жобаны жүзеге асыру қаншалықты қажет болды? 

– Ауылдарда, аудан орталықтарында спорттық залдар бар деген аты ғана. Ал сапасы жайлы сөз қозғаудың да қажеті жоқ. Өз басым осы жобаны қолға алғалы еліміздің түкпір-түкпірін толық аралап шықтым. Алматы мен Астана қалалары және Алматы облысында болмаса, басқа өңірлерде соңғы үлгідегі ғимараттар көрмейсің. Барлығы ескі, жамау-жамау, сарайға кіргендей әсер аласың. Ал біздің орталықтарда соңғы үлгідегі құрал-жабдықтан бастап монша, қонақ үй, асхана мен дүкендерге дейін қарастырылған. Балалардың сонда тұрып жаттығу жасауын ескердік. Ірі қалаларда өмір сүретін адамдарға ауылдардағы ахуалды елестету қиын. Сондықтан ауыл тұрғындары да заманауи кешендерде жаттығуы жасауы керек деп ойлаймын. 

– Ақылы қызметтердің бағасы қандай? 
– Барлық өңірде бір баға саясатын ұстандық. Айына – 6 мың теңге. Бұл көп ақша емес шығар. Егер ұжыммен келетін болса, оларға абонемент 4 мың теңгені құрайды. Астанадағы фитнес орталықтардың жылдық бағасы 250 мың теңгеден басталса, бізде 40 мың теңге шамасында. Сал ауруына шалдыққандарға, соғыс ардагерлеріне тегін қызмет көрсетіледі. 

Ал мамандар жергілікті бапкерлер арасынан іріктеледі. Олардың біліктілігі, тәжірибесімен қатар сотталмағандығы да тексеріледі. Жергілікті басшылар таңдаған мамандардың құжаттарын біздің сарапшылар зерттеп, өздерімен әңгімелесу арқылы жауапкершілігі мол, халықпен жұмыс істей алатын жаттықтырушыларды жұмысқа алады. 

– Неліктен бес спорт түрін ғана таңдап алдыңыздар? 

– Таңдау олимпиада ойындарында көбірек нәтиже беріп жатқан спорт түрлеріне түсті. Басты мақсат – оларға резерв дайындау. Одан қалды үнемі айтатыным – балалар спортпен тегін шұғылдануы керек. Ол ауыл болсын, қала болсын. Мықтының дарынын көрсетуге материалдық жағдай кедергі болмауы керек. 

– Сіздерге бөлінген қаражатты кім бақылайды? 
– Әлгінде айтқанымдай, бізде бюджет жоқ. Бөлінетін қаржы есептеулі. Оны жырып-жырып ешкім де ала алмайды. Былайша айтқанда, қазіргі балабақшаларды қолданысқа беру жүйесі. Өңірлерде бір ғимаратты салу үшін басқармалармен келісу, құжат мәселесін толықтай шешу үшін шамамен 4 айдай уақыт кетіп жатыр. Бір кешенде 22-27 адам жұмыс істейді. Сол қызметкерлерге жылына бөлінетін қаржы – 22 млн, кей жерлерде мамандар санына байланысты 30 млн теңгеге тең. Оның жасыратын түгі жоқ. Енді осы қаржыны мамандар санына бөлсек, көп ақша еместігін түсінесіздер. Яғни келетін қаражат тек мақсатты жұмсалады. Ал жобалардың есебін еліміздің Ұлттық олимпиада комитеті мен Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясына тапсырап отырамыз. 

– Білуімше, Қызылорда облысымен келісімшарт жасап үлгердіңіздер. Ал басқа өңірлермен байланыс орнату жағы қалай? 

– Ашылғанымызға бес ай болғанына қарамастан, осы айда Жамбыл облысымен келісімшарт жасамақпыз. Алла нәсіп етсе, тамыз не қыркүйекте Семей және Түркістанмен келісімге қол қоямыз. Одан қалды Серік Сәпиев атындағы орталықты да өз балансымызға алмақпыз. Қазір Алматы облысында федерация тарапынан екі нысан салынып жатыр. Бірақ болашақта бұл орталықтар да біздің жүйе бойынша жұмыс істейтін болады. Ал ғимараттардың салыну уақыты шамамен бір жыл. 

– Сіз сияқты лауазымды қызметте жұмыс істеп көрген, Ұлыбританияда білім алған азаматты бұл бастама несімен қызықтырды? 

– Алғашқыда аса қызыға қоймағаным рас. Бұған дейін салынған бес, қазір құрылысы жүріп жатқан екі ғимаратқа менің қатысым жоқ. Олар мен келгенге дейін басталған. Ал бұдан былайғы жұмыстар толық менің мойнымда. Әбден зерттеп-зерделедік. Біраз қателік бар екен. Қонақтар үшін күтетін залмен қатар баспасөз орталығы секілді қажеттінің бәрі болуы керек. Бұл – мен үшін жаңа дүние. Өз қолыңмен салып, оны әрі қарай жүргізу – үлкен шаруа. Жоба өзін-өзін ақтай бастаса, онда жұмыстың ақталып жатқаны. 
Қазір Фейсбук пен Инстаграм желілерінде парақшалар ашып, оқырмандарды қызықтыру жағын, жарнаманы қолға алдық. 

Бір қызығы, мені танитындардың көпшілігі бұл қызметке келгенімді әлі күнге дейін түсіне алмай жүр. Әкімдікте, одан қалды «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының басшылығында жұмыс істеген адам шағын ғана жауапкершілігі шектеулі серіктестікте несі бар деп ойласа керек. Орынбасар қызметіне шақырып жатқан облыс әкімдері де жоқ емес. Оларға үлкен алғыс. Бірақ мен үшін бұл жаңа құрылым. Өз-өзіммен бәсеке. Бұрын Франция, Италия, Куба деп жүрсем, қазір Шу, Қызылорда, Түркістан, Семей деп жүгіріп жүремін (күліп). 

– Осыған дейінгі сұхбатыңызда жеке бизнесіңізді ашу мүмкін екеніңізді айтып едіңіз. Бұл соның бастауы ма? 

– Қазіргі таңда дөңгелетіп отырған ұсақ-түйек шаруаларым бар. Бірақ олардың «Тарлан батырларына» қатысы жоқ. Бірақ бұл жобаның өзі сол бизнестің бір түрі. Өзім сұрап алғандай болыппын ғой. 

– Неліктен «Тарлан батырлары» деген атауға тоқтадыңыздар? 

– Маған дейін болған басшы осы атауды құп көріп, мөр мен бланктердің барлығын растап қойған екен. Сондықтан оны өзгертіп үлгермедім. Өзіме қойса, «Ұлы дала батыры», «Болашақ арландар», тіпті жай ғана «Тарлан» деген атауды таңдаушы едім. 

– Оқырмандарға сіздің жаңа лауазымыңызбен қатар Ұлыбританиядағы өміріңіз де қызық. Әңгіме ауанын студенттік шаққа бұрсақ. «Адам жақсыға тез үйренеді» деп жатады. Еуропадан кейінгі өміріңіз қалай болды? 

– Шынымды айтсам, Ұлыбританияда өмір сүру үшін барлық жағдай карастырылған. Адамдар да мейірімді. Сен соғып кетсең де, сенен кешірім сұрайды. Саған танымайтын адамның өзі амандасып, күннің жақсы өтуін тілейді. Айқай-шу, ұрыс деген жоқ. «Дамыған елдердің көшін бастап тұр» деп бекер айтпайды ғой. 

Ал біздің мемлекет еңбектеп келе жатқан сәби секілді. Саясатта, экономика, спорт, жалпы жұмыс істейтін органдардың жүйелерінде шикілік пен қателіктер өте көп. Оның бәрін көре тұра «бұған менің қатысым жоқ» деп қалайша қол қусырып отыра бересің?! Бәріміз қазақпыз. Егер елге, ұлтқа біздің жанымыз ашымаса, сырттан келіп ешкім ештеңе түзеп бермейді, жаны да ашымайды. Бір спорттың өзін спортқа мүлде қатысы жоқ, мұрнына бұл саланың исі бармаған, спортта ащы терін төгіп, қандай қиындықтар бар екенін тәжірибе жүзінде білмейтін адамдар басқарып отыр. Қалай қарасаң да бұл дұрыс емес. Спортшыдан білікті спорт басшысы не басқа саланың басшысы шықпайды деген түсінік ескірді. Бұл жауапкершілікті сезінетін, жұмысын бүге-шегесіне дейін білетін, көзі ашық, көкірегі ояу, ең бастысы, шынымен де жаны ашитын спорт саңлақтары аз емес.

Елбасының өзі «әр облыстан бір Олимпиада чемпионы шықса, ол біздің тақиямызға тар келмейді» деп айтатын сөзін неге жүзеге асыра алмай келеміз?! Себебі сол орынтаққа жоғарыда айтылған кісілердің мықтап жайғасуының арқасында облыс, аудандарда жемқорлық белең алып кеткен. Олар спортты дамытуды, жас спортшыларға жол ашуды көздемейді. Оларға бәрібір. Ал қиын жолды жүріп өткен спортшы өзінен кейінгіге қастандық жасамайды. Жүрегің «қазақ» деп соққан соң, спорт үшін жаның ауырғандықтан, сол кемшіліктердің жойылуына шамаң жеткенше үлес қосу керек деп санаймын. 

– Шетелде білім алып, өмір сүріп келген жастардың барлығы сіз секілді елге үлкен құлшыныспен келеді. Көзге ұрып тұрған кемшіліктерді жойсам дейді. Көп ұзамай жанардағы от сөне бастайды. Себебі, бұл – жүйе. Оны өзгерту оңай емес. Ал сіздің қолыңыздан келеді деп ойлайсыз ба? 

– Халықтан асып туған жоқпын. Мен де қарапайым адаммын. Меніңше, бұл жүйені тек буын алмасуы өзгерте алады. Артық айтсам, аға-әпкелерімізден кешірім сұраймын. Дегенмен бүгінгінің жастарының басым бөлігі істің адамы. Тек бір кемшілік бар – бәрі асығыс. «Тез байысам, шаруамды ертерек аяқтасам» деп өмір сүреді. Өз басым шетелде білім алып келген қаншама қатарластарымды білемін. Барға қанағат, жоққа сабырлық танытады. Буын алмасуымен сол жігіттер лауазымды қызметтерге келсе, далаға кетіп жатқан дүниені қайтаруға, елде алып қалуға мүмкіндік туар еді. Олар аш та, жалаңаш та емес. Көздегендері бір – елдің мүддесі. Қанат Ислам да бір сұхбатында «елім дейтін қазақ жігіттері күзетте жүр» депті. Мен Қанат бауырыммен келісемін. Керек десеңіз, абақтының ар жағында отырғандардың арасында жүрегі қазақ деп соғатын, нар тұлғалы азаматтар аз емес. Жылан секілді ирелеңдейтіндердің заманы болып тұр. Ал білетінім, мен жалғыз емеспін. Ардақ Назаров, Қанат Ислам секілді елі үшін барын беруге дайын жігіттер көп. Міне, осындай жанашыр жігіттер келіп жатса, біраз істің жолға қойылары анық. 

– Сіздің алдыңызда Серік Сәпиев Англияда білім алып келді. Қазір депутат. Өзіңіз білесіз, спортшылар арасынан халық қалаулысы атанғандардың осы саланың өсіп-өркендеуіне қатысты бір реформалар жасағаны шамалы. Ал Сәпиевке көптің бірі болып кетпес үшін қандай кеңес берер едіңіз? 

– Серікке айтар алғашқы кеңесім – сабырлық таныту. Мен білетін Серік спорт тақырыбында біраз мәселенің басын ашып, шешуге тырысады. Бірақ ол қиынға соғады, сондыктан бастаған жұмысын сабырлықпен аяғына дейін жеткізуін тілеймін. Алайда қай мәселені талқыға салмас бұрын алдымен жақсылап зерттеп-зерделеп алғаны жөн. Жалпы спорт саласындағы қарапайым нормативтердің өзі жоғары талаппен бекітілген – оларды онша-мұнша адам тапсыра алмайды. Одан қалды спорт қағазбастылықтан арыла алмай қалды. Бапкер шәкіртін тәрбилей ме, қағазын толтыра ма?! Шешілуі тиіс сұрақтар өте көп. 

– Британ жерінде бір жарым жылдай өмір сүрдіңіз. Ағылшын тілін меңгеріп келгеніңіз анық. Тұманды Альбион сізге тілден бөлек не үйретті? 

– Жалпы Лондонға дейін де сабырлы, кішіпейіл едім, сол касиеттерім Англияда жүріп еселенді деп ойлаймын. Бұрын бір кабинетте басшымын деп жалғыз отыруым мүмкін еді. Ал қазір бас-басымызға кабинеттердің қажеті қанша деп ойлаймын. Еуропада өмір сүру арқылы адамның барлығы бірдей екендігіне көз жеткіздім. Мен де, сіз де. Ол жақта министрің де, әкімің де, жұлдызың да, спортшың да сенімен бірге метромен кетіп бара жатқанда, тең өмір сүру, тең құқық дегеннің мағынасын түсінесің. Шүкір, иманымыз да арта түсті. Себебі, баратын жеріміздің, бұйыратын топырақтың бір екендігін, ешкімнің арғы дүниеге артық ештеңе алып кетпейтінін білдік. 

– Өзіңіз боксшы болған соң бұл спортты, құраманы бақылап тұратыныңызға күмәнім жоқ. Соңғы, Азия чемпионатындағы жағдайдаға байланысты сіздің пікіріңізді де біле кетсек. Алдымен Риода, енді сары құрлық біріншілігінде өзбектерге есе жібергенімізді көпшілік «қазақ боксының тоқырауына» теңеп жатыр. Сіз бұған қатысты не айтасыз? 

– Біздің бокстың шаруасы тәмам дегенмен келіспеймін. Ол – боксты білмейтін адамның сөзі. Себебі, бізде тарих бар, дәстүр, болашақ бар. Боксымыздың тарихы өзбектерге қарағанда өзгеше, анағұрлым тереңде жатыр. Қазір Головкиннің соңынан кәсіпқой боксқа ауысқан жастарымыз көп. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарсыластарын бірінен соң бірін құлатып жатқанның бәрі қазақ. «Қазақ» дегенде шетелдік былғары қолғап шеберлі қорқатын деңгейге жетті. Рио Олимпиадасынан кейінгі жиналыста лауазымды бір тұлға бас бапкерді, боксшыларға айыпты жаудыртып жатқан. Сонда Тимур Асқарұлы: «Бапкердің де, балалардың кінәсі жоқ. Кінәнің бәрі өзімізден» деген сөзі мені таңғалдырды, ол кісінің мықтылығына, әрқашан жеке ойымен жүретініне қатты риза болдым.

Осындай сөздерден кейін басшылықтан қолдау барын, бірақ оның жүзеге асырылу процесі төмен деңгейде екендігін байқайсың. Сол себепті Ташкенттегі жағдай – өзбек федерациясының «еңбегі». Осымен алашапанды көршілеріміз кем дегенде 30 жылға қанағат қылады деп ойлаймын. Әйтпесе Мырзағали Құланұлы да, жігіттер де өз деңгейінде жұмыстарын істеп жүр. Бәлкім, осы сөзім үшін таяқтың ұшы тиетін де шығар. Мейлі. Реформа жасаудың қаншалықты қажет екенін жоғарыдағы басшы шеше жатар. Сондықтан жауапты азаматтардың арасында спортшыларға жаны ашитын, пысық, еті тірі тұлғалар болса дейсің. Басшымыз мықты, қаражатымыз бар, тек шырылдайтын адам табылмай тұр. Әйтпесе барын салып бокстасқан балалар төрешілердің «арқасында» жеңіледі, елге келіп басшылықтан сөз естиді, жерден алып, жерге салатын көрермен тағы бар. Кешегі Қанат пен Геннадийді де сөккендерді түсінбеймін, түсіне де алмаймын, түсінгім де келмейді. 

– Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ боксшыларымыздың арасында өзбектерден шынымен ұтылғандары бар ғой. Басшы бапкерді, ол, керісінше, басшылықты, ал көрермен боксшыны айыптап жүргенде, бұл спорттың сәні қашып кетпей ме? 

– Рас. Бұл жерде де жүйе керек. Мықтылардың көбісі кәсіпқой боксқа ауысуға талпына бастады. Не үшін? Себебі, онда тез танылуға әрі көбірек ақша табуға мүмкіндік бар. Ұмтылып тұрғанын ұстамау да керек шығар. Дегенмен мықтылар елде қалып, олимпиадаларда топ жаруы керек. Тек бірінші нөмірлер емес, екінші, үшінші нөмірдегі құрамға да бар жағдай жасалуы қажет. Өйткені бірінші нөмірдегі боксшы да адам, ол да шаршайды, кейде моральдық қысымға төзе алмай қалады. Сондықтан ынталандырып, әрқайсысымен келісімшарт жасалуы керек. Сонда боксшыларда ертеңгі күнге сенім пайда болады, жұлқынып тұрады. 

– Әңгімеңізге рахмет! 
Әңгімелескен Мәдина Асылбек, журналист 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

19.09.2018

Елбасы көрмесі – Атырауда

19.09.2018

Таразитану қарлығаштары

19.09.2018

Қазақстан мен Гамбия екіжақты ынтымақтастығы дамуға бағытталуда

19.09.2018

Қылқалам шеберінің дара жолы

19.09.2018

Президент көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы тағайындалды

19.09.2018

Сенат Төрағасы Бразилияның жаңа елшісіне тілектестігін білдірді

19.09.2018

Шыны зауытында 4 нысанның жұмысы жүріп жатыр

19.09.2018

Жанат Шаймерденов  «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары болып тағайындалды

19.09.2018

Алматыда «ANQ 2018» XVI Азия Сапа Конгресі өтуде

19.09.2018

Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Алматы қаласына барды

19.09.2018

Білім жарысында болашақ экономистер

19.09.2018

Петропавлда жылу беру маусымы басталды

19.09.2018

Астанада әлемдегі бастапқы денсаулық сақтауды дамыту декларациясы қабылданады

19.09.2018

«Барыс» Омбының «Авангард» клубынан 3:4 есебімен ұтылды

19.09.2018

Қостанайлық  спортшы қыз Азия мен Океания чемпионатынан қос алтын медаль әкелді

19.09.2018

Көп көрсеткішке көңіл толмайды

19.09.2018

Елбасы Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованы қабылдады

19.09.2018

Аралдағы жатақхана туралы ақпарат негізсіз

19.09.2018

Оралда Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойы аясында республикалық конференция өтті

19.09.2018

Өскеменде Қазыбек би даңғылы ашылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Tо́relik qyzmetke tо́r qashan beriledi?

Abaı atamyz: «Burynǵy qazaq jaıyn jaqsy bilgen adamdar: «bı ekeý bolsa, daý tórteý bolady» dep aıtypty», deıdi. Rasynda, bul sózdiń ómir tájirıbesinen alynǵanyna esh kúmán joq. О́ıtkeni bul arada hakim bıdiń sany emes, sapasy daýdy azaıtatynyna mán bergeni anyq. Al endi bul búgingi kúni de elimiz aýmaǵyndaǵy tórelik qyzmet prosesinde týyndaıtyn qoǵamdyq qatynastardy sheshýde eń basty eskerer jaıt bolyp tur. Sebebi azamattyq daýlardy qaraýda qara qyldy qaq jaratyn ádil sheshimge qol jetkizý áli de arman.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

О́mir súrý salty

BUU aqparatyna saı, áıelder arasynda eń joǵary ortasha ómir súrý uzaqtyǵy boıynsha 86,8 jaspen Japonıa aldyńǵy qatarda tursa, er adamdar arasynda 81,3 jaspen Shveısarıa birinshi orynda. Al keıbir elderde ortasha ómir súrý uzaqtyǵy tipti 60 jasqa da jetpeıdi. «Nege?» degen suraqqa túrli faktorlardy keltire otyryp jaýap berýge bolady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу