Бас бапкер

2013 және 2014 жылдардың қорытындысы бойынша 2 мәрте дүние жүзінің ең үздік жаттықтырушысы атанған Мырзағали Айтжанов сегіз жылдан астам уақыттан бері бокстан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін абыроймен атқарып келеді.
Егемен Қазақстан
31.07.2017 2054

Әлем мойындаған Айтжанов
Қазақтың спорт мамандарының ішінде екі жыл қатарынан жер шарының ең үздік жаттықтырушысы атанған жалғыз маман – Мырзағали Айтжанов. Бұл атаққа Мырзағали табанақы, маңдай терімен қол жеткізді. Біле білген адамға бұл – бүтін бір ұлттың мерейі! Егер ұстазым, қазақ спорт әдебиетінің негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлдың тұсында қазақ жат­тықтырушысы осындай мәртебеге жет­се, ол кісі түн ұйқысын қиып, рес­пуб­­­ликалық беделді басылымның бірі­не көлдей, бірақ сондай тартымды мақа­ла­сын дуылдатып жариялаған болар еді. Сейдахмет ағам айтушы еді: қуанатын нәрсеге қуана да білу керек, деп. Біз Айтжановтың әлемдік деңгейдегі табысына күнде қолға түсетін олжа тәрізді қараған секілдіміз.
Мырзағали кезінде жұдырығы тас жаратын боксшы болды. Жекпе-жектерінің басым бөлігінде қарсыластарын есең­гі­ре­тіп ұтты. Жастар арасында Кеңес Одағы кубогының күміс жүлдегері, КСРО және Еуропа чемпионы. Жастықтың буымен шалт басқан тұстары, бапкері ауысып, ба­бы тайған кездері тағдырына тура келген сы­нақ екені анық. Әйтпесе, Айтжановтан оң­бай таяқ жеген жігіттер одан атақ жа­ғынан асып та жатты. Мырзағали болса, 26 жасында жаттықтырушылық жолды таңдады.
Уытты, қарымды жігіт рингтегі есесін осылай қайтаруға бекінді. Еңбегі еш кеткен жоқ. Құлағынан күн көрінетін, жұ­ды­рықтай ғана Біржан Жақыпов 2005 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Араға жыл салып Еркебұлан Шынәлиев жастар арасында әлем чемпионатының күміс тұғырына көтерілсе, 2007 жылы 20 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионатында үшінші тұғырдан көрінді. 2008 жылғы Олимпиада ойындарында Еркебұлан қола медальды еншілесе, осы жылы Біржан Жақыпов Әлем кубогының қола жүлдегері атанды. Айтжановтың шәкірттерінің ішіндегі ең дарындысы Еркебұлан Шынәлиев Бейжің олимпиадасынан кейін, небәрі 21 жасында боксты біржола доғарды. Сөйтіп, екі бірдей төл шәкірті әлемдік деңгейде олжа салған Мырзағали Құланұлы 2009 жылдың күзінде Қазақстан бокс федерациясының сол кездегі президенті Тимур Құлы­ба­ев­тың қолдауымен және спорт мини­стрі Темірхан Досмұхамбетовтің ма­құл­дау­ы­мен ұлттық құраманың бас бапкері қыз­ме­тіне тағайындалды.
Айтжанов ұлттық құрамаға еліміздегі ең таңдаулы жаттықтырушыларды тартты. Өзінің ұстазы Нұрғали Сафиуллин – Олимпиада және әлем чемпионатының жүл­дегерлері Мұхтархан Ділдәбеков пен Қанат Ислам, КСРО халықтары спар­­­такиадасының жеңімпазы Қанатбек Ша­ғатаев, Азия ойындарының чемпио­ны Нұржан Сманов секілді айтулы спорт­шыларды баптаған маман. Алек­сандр Стрельников – Олимпиада же­ңім­­пазы, әлемнің екі мәрте чемпионы Серік Сәпиевтің ұстазы. Марат Елеусінов – Олимпиада және әлем чемпионы Да­нияр Елеусінов пен Азияның қола жүл­дегері Дәурен Елеусіновтің әкесі әрі бап­кері. Марат Жақиев – әлем чемпионы Ердос Жаңаберген мен Олимпиада ойын­да­рының, әлем чемпионатының кү­міс жүлд­е­-
­гері Әділбек Ниязымбетовтің жә­не әлем че­мпионатының қола жүл­де­гері Берік Әбдірахмановтың жаттық­ты­рушысы.
Осындай майталман бапкерлерді ұлттық құрамаға шоғырландырған Мырзағали Құланұлы жартығасырлық тамаша дәстүрі бар қазақ боксын жаңа белеске көтеруге білек сыбана кірісті. 2013 жылы қазақ жігіттері әлем чемпионатында бұрын-соңды болмаған асуға табан тіреді. Алматыдағы әлем біріншілігінде біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальды еншілеп, дүние жүзі бойынша командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Осы сында Біржан Жақыпов чемпион атанса, Мырзағалидың тағы бір шәкірті Қайрат Ералиев қола жүлдеге ие болды. Мұның алдында Айтжановтың командасы Иорданияда өткен Азия чемпионатында 7 «алтынды» олжалаған еді. Бұл – қазақ құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекордтық нәтижесі.
2013 жылдың қорытындысы бойынша Мырзағали Айтжанов 196 мемлекеттің бокс федерациясын біріктіретін АИБА-ның ұйғаруымен жұмыр жердің ең таңдаулы жаттықтырушысы мәртебесіне ие болса, Данияр Елеусінов әлемнің ең үздік боксшысы атанды.
Мырзағали баптаған құрама 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында да рекордтық белестен көрінді. Бұған дейінгі бес Азия ойындарында үш алтын медальдан артық олжалап көрмеген қазақ боксшылары осы жолы 6 алтын жүлдені қанжығаға байлады. Он салмақтың алтауында қазақтар топ жарды! Азия құрлығында 40-тан астам ел барын ескерсек, бұл дегеніңіз талай алпауыт мемлекеттің түсіне де кірмейтін жетістік. Осындай тым сирек болатын жеңістің нәтижесінде және әлемдік рейтингте Б.Жақыпов, Д.Елеусінов, Ж.Әлімханұлы, И.Дычко секілді шәкірттері жеке-дара көш бастап, бұған қоса тағы үш-төрт спортшысы үздік үштікке енген Мырзағали Айтжанов 2014 жылдың соңында әлемнің ең үздік жаттықтырушысы атағына екінші мәрте ие болды.
 
Ұлттық рухы биік құрама
Мырзағали темірдей тәртіптің адамы. Ұлттық құрамаға қанша рет жолымыз түсті, рингте дауыл тұрғызатын отты жігіттердің оғаш қылығын көрген емеспіз. Қарсы келіп қалсаң, ығысып жол береді. Құрамаға кейін қосылған жастардың өзі қазақи тәрбиеге, қалыптасқан қағидаға тез көндігеді. Өйткені, Мырзағали қажет ке­зінде тым қатал, керек тұсында мейір­бан. Ол табиғатынан сезімтал жан. Жа­ра­тылысынан бойға дарыған осы қа­си­етінің арқасында Айтжанов құра­ма­дағы ау­малы-төкпелі жағдайларды тап басып отырады. Ал елдің әр қиырынан жиылған кілең серкені шашау шығармай ұстай білуі – оның бойындағы кесек мінездің, ақыл-парасаттың белгісі. 
Кейбір жаттықтырушылар төл шәкірттерінің қисық-қыңыр мінезін, тұр­мыстық, отбасылық өмірдегі қиюы қа­ша бастаған жағдайларды Мыр­за­ға­лимен кеңесе отырып, түзеуге ты­ры­сады екен. Айтжанов мұндайда оқы­ған-тоқығанына, интуициясына сүйе­неді. Қашанда әділдікке басады. Тас­тай қатып қалатын жерде Мыр­за­ғалиды бетінен қайтара алмайсың. Ал мәселені таразыға салып, ақылмен шешетін тұста көпті тыңдай біледі. Бірақ кесімді сөзге келгенде төтесінен тіліп түседі.
Бокстың маңайында ығай мен сығай көп. Кейде бір салмақтағы екі боксшының төңірегіндегі тартыс құрама шеңберінен асып, биік мансап иелерінің құзырына бір-ақ жетеді. Боксшының бірі басым тұрса да, екінші жағы мойындағысы келмейді. Жеңген жігіттің кемшілігін те­реді, сүрінген тұсын бадырайтып көр­с­е­­теді. Сондайда Мырзағали қасқиып, әділ­дік жолында көлденең жатып алады. Кім­нің алдында болсын, турасын айтады. Сол ірілігімен құрамадағы жігіттерге жақ­қа­нымен, өркеуде шонжарларға ұнамай қалатыны бар. Бұрын ұлттық құрамаға ық­палы жүрген небір кеуделі, пысық жігіттер Мырзағали келгелі команданың ішкі шаруасына жөнсіз кірісе алмайтын болған. 
Біздің байқағанымыз, Мырзағали келе жатқанда құрамадағы әлем мойын­да­ған, атақ­ты спортшылардың өзі артық сө­з-­
­ден тыйылып, қалыпты тәртіптен аспауға тырысады. Кеңес Одағы кезінен бокс құрамасының жағдайына қанық белді мамандар дәл қазіргідей тәртіп ұлттық құрамада ешқашан болған емес, дегенді ашық айтады. Солардың бірі – атақты былғары қолғап шебері Серік Қонақбаевтың бапкері Юрий Цхай. 
Тағы бір сүйсінетін жағдай, ұлттық құрамада ұлттық рух бар. Құраманың жиналыстары қазақ тілінде өтеді. Василий Левит, Антон Пинчук, Иван Дычко секілді боксшылар Қазақ елінің әнұранын жатқа айтады. Жігіттердің бәрі Мырзағалидың алдында сымдай тартылып тұрады. 
Әнұран демекші, құрама күнделікті тір­лігін әнұранмен бастайды. Оқу-жат­тығу жиынының алғашқы күні ән­ұранды команда капитаны Данияр Елеу­сінов бас­таса, әрі қарай салмақ дәре­жесіне қарай жылжып отырып, кезек Василий Левит пен Иван Дычкоға жетеді. Жігіттердің бірі бастай жөнелгенде қалған боксшылар саңқылдап, іліп әкетеді. Бапкерлер алқасы да қолын жүрек тұсына қойып, әнұранды жігіттермен жарыса беріле шырқайды.
Мырзағалидың қазақи танымының, ұлт­тық намысының арқасында Левит, Пинчук, Дычко секілді жігіттер ана тілі­мізді түсінетін жағдайға жетіпті. Се­бебі, бірнеше жыл бойы жаттығу жи­ын­дары мен басқосулар үздіксіз қа­зақ­ша жүргендіктен, бұл спортшылар қа­зақи ортаға кәдімгідей бейімделіп, тө­селіп қа­лыпты. Елдегі спорттық нәтиже жа­ғынан ең мықты құраманың қазақи сипатта болғаны біз үшін зор мақтаныш. 


Кітап пен күнделік
Айтжанов тарихи танымы қалыптасқан азамат. Дүниежүзілік додаларға бүтін бір мемлекеттің бас құрамасын бастап баратын маманның рухани жағынан бай, көзіқарақты, халқымның табанына кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын, дейтін ұлттық мүддесі күшті маман бол­ғаны қандай ғанибет. Мырзағали Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» кітап­тарын жастайынан оқыды. 
Жақында сөйлескенімізде «Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» 1988 жы­лы оқып едім, қайталап шықтым», деді. «Темірхан Досмұхамбетовтің «Когорта слав­ных», Несіп Жүнісбайұлының «Олимпиада маршруты» кітаптарын сүй­сініп оқыдым», дейді. Басқаны қай­дам, өз басым қазақ бапкерінің кітап оқы­ғанын қалаймын. Ұстаз, әсіресе, тари­хи дүниелерге жақын болса, ұрпақ тәр­биесіне пайдасы көп болмақ. Мыр­зағали Құланұлы халқымыздың ардақты батыры Бауыржан Момышұлын ерекше қадір тұтады. Баукеңнің «Тәртіпке бас иген құл болмайды», деген қанатты сөзін қажет жерінде айтып отырады. Өзі де осы принципті берік ұстанады.
Айтжановтың тағы бір қасиеті, күнде­лік­ті қым-қуыт шаруадан қолы қалт еткенде күнделік жазады. Өз басым оның бүйірі томпайған екі күнделігін көрдім. Өзі сөз арасында: мұнда талай қызықтар бар, деді. Сегіз жарым жылдан бері елі­міздің ең таңдаулы 40 боксшысын тал­май баптап жүрген Мырзағалидың күн­делігінде біздің чемпиондар жайлы талай сыр тұнып жатқаны анық. 

Жұдырыққа саясат араласса...
Рио-де-Жанейро олимпиадасы кезінде АҚШ, Куба, Англия, Германия, Ирландия жаттықтырушылары мен төрешілері: «Рио олимпиадасындағы бірінші, екінші орынға ең лайық команданың бірі қазақтар!» депті бірауыздан. Мұны біз Қазақстан құрамасы бапкерлерінің аузынан естідік. Олар Мырзағалидан «Бейжің олим­пиадасында өзбектер неше медаль ал­ды?» деп сұрайды. Жауап: «Нөл». «Лондонда қанша?» «Бір қола». «Мұндай команда аяқ астынан қалай командалық бірінші орынға шығады?! Сіздерде үзілмей келе жатқан дәстүрлі жеңіс жолы бар. Бокстың сапасы мен техникасы жағынан да әлемдегі ең мықты құраманың бірісіздер. Бұл жағынан қазақтарды кү­мән­сіз мойындаймыз», дейді батыс ма­ман­­дары Мырзағалидың қолын қысып.
Енді шетелдік мамандардың сөзіне дәлел іздеп көрейік. Атланта олимпиадасынан бергі есепшотты қағып жіберсек, мынадай нәтижелер айқындалып шыға келеді: қазақ құрамасы 6 жазғы Олимпиада ойындарында 7 алтын, 7 күміс, 8 қола медаль олжаласа, өзбектерге бұйырғаны - 4 алтын, 2 күміс, 8 қола. Бұл жерде «Кім ба­сым?» деген сұрақты қоюдың өзі артық. 
Өзбек ағайындар Риоға дейінгі 5 жазғы Олимпиадада бір ғана алтын жүлде алыпты. Біз «алтынның» алтауын бірдей кеудемізге жарқырата тақтық. 
Қазақ боксшылары Олимпиада ойындарында үш рет командалық үшінші орынға, бір реттен төртінші, бесінші, жетінші орындарға табан тіреді. Мұндай табысқа бокс мектебі күшті мемлекет қана жете алады. Ал өзбектер Риода ғана командалық бас жүлдеге қол жет­кізді. Оған дейін Сидней олимпиадасын­да алтыншы орында болса, қалған Олим­пиадаларда мойны озық ондыққа да кірген жоқ. Жоғарыда батыс мамандары Мырзағалиға «сендерді мойындаймыз!» дегенде, осындай бұлтартпас деректерді ескергендері анық. 
– Ресей мамандарының бізге күні түсіп тұрған жоқ, – дейді Мырзағали Құланұлы, – олардың Рио олимпиадасынан жүргізген репортаждарын тыңдап, еріксіз риза болдым. Орыс комментаторлары қазақтардың бокс мектебі қандай күшті, боксшылардың техникасы қандай тамаша, бапкерлері қандай мәдениетті, спортшылары жаттықтырушыны қа­лай тыңдайды, ұстаздарының сауатты ақы­лымен қазақ жігіттері сауатты айқа­сып жатыр, деп айдаладағы бізді әділ бағалап жатты. 

Мырзағали Құланұлы жарты ғасырлық тамаша дәс­тү­рі бар қазақ боксын жаңа белеске көтеруге білек сы­бана кірісті. 2013 жылы қазақ жігіттері әлем чемпио­натында бұрын-соңды болмаған асуға табан тіреді. Алматыдағы әлем біріншілігінде біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальды еншілеп, дүние жүзі бойынша командалық есепте 1-орынды жеңіп алды.


Иә, шынында да 2016 жылғы жазғы Олимпиадада қазақ боксшылары қай жағынан болсын сенім үдесінен шыға білді. Он салмақ дәрежесінің төртеуінен медаль олжалау тұғыры берік, азулы құраманың ғана қолынан келетін тірлік. Экономикасы мен саяси қуаты жағынан әлемге әйгілі Қытай (1,3 млрд халқы бар), Германия (81 млн), Ұлыбритания (60 млн) елдері бокс майданында біздің соңымызда қалды. Жалпы, АИБА-ға мүше 196 мемлекет тартысқан ұлы сүрең айқаста қазақ жігіттері үнемі алдыңғы лекте келеді. Ал, біз бұл табыстардың қадіріне жете білгеніміз абзал.
Рио олимпиадасында қазақ боксшыларын жөнсіз сүйреп, келесі сатыға алып шыққан жағдай болған жоқ. Қайта Олжас Сәттібай мен Василий Левит мұ­қым дүниенің көз алдында тө­ре­шілердің әділетсіздігінен қолда тұр­ған жеңістен қағылды. Бұл жағынан өз­бек боксшыларының «жолы болды». Олар­дың үш-төрт боксшысы жеңіліп тұрған же­рінен келесі сатыға шықты. Осы жер­де өзбек бокс федерациясының Рио оли­м­-
­пиадасында өз жігіттері үшін қатты жанталасқанын айтуға тиіспіз. 
– Өзбек бауырлардың табысына көлеңке түсіруден аулақпыз, – дейді Мыр­за­ғали Айтжанов. – Бірақ әділ қазылық ая­сында, бейтарап жерде бетпе-бет ұшы­рассақ, оларды ұтып алатынымызға еш күмәніміз жоқ.
«Олимпиада сынды аламан жарыс­та жігіттер рингтен тыс жерде өздерін қалай ұстады?» деп Мырзағалиға кезекті сұрағымызды қойдық. Міне, жауабы: «Данияр Елеусінов нағыз батырға тән мінез көрсетті. Қандай сынаққа болсын, сабырмен, ақылмен қарай білді. Әділбек Ниязымбетов қара нардай қасқиып жүрді. Сабырлы, байыпты мінезінен еш айныған жоқ. 19 жастағы Абылайхан Жүсіпов күш-қуат және тәжірибе жағынан кем соқты. Жүйкесі сыр берген жоқ. Иван Дычко ғана сарыуайымға салынды. Бізге білдірмеуге тырысқанымен, сезіп жүрдік. Жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ұтылып қалған спортшыларға «қасыңдағы жолдасыңның жағдайын ойла, түнімен жүрме, серігіңе ұйқы бер», дейміз. Біздің жігіттер бір-біріне тілек­тес, теріс пиғылдан аулақ, ертең ринг­ке шығатын досының қамын ойлап, аяқ­тарының ұшымен жүреді. Кейбіреуі ұй­қы­сы келмесе де, дымын шығармай, ерте жатып қалады. Жалпы, шәкірттеріме ризамын». 
«Бапкер болғаныңа жиырма жылдан асты. Ұлттық құрамаға енген жігіттердің бәрі бірдей ұлы майдандарға шыдай бермейді. Қатарынан озып шығатын сайып­қыранды қалай танисың?» Айт­жанов тосылған жоқ: «Өжеттік, әб­жі­лдік, сезімталдық қасиеттер адамның қа­­нында бо­луы керек. Жаттықтырушы спорт­шы­ның шеберлігін шыңдайды. Ал жан-жақ­ты қалыптасқан күшті боксшы болу отбасынан, үйдегі тәрбиеден басталады. Баланың негізінде жоқ нәрсені бапкер қанша тырысса да, оның бойына толық сіңіре алмайды. Жаттығуда жан шыдатпайтын кей жігітті жарыста танымай қаласың. Мұның бәрі ата-текке, тәрбиеге тікелей қатысты. Біз жігіттердің кем-кетігін, артық-кем жағын жақсы білеміз. Олардың тірелетін жерін де жобалаймыз. Кейде жанкүйерлер жаттықтырушыларды түсінбей жатады. Ал біз жылдың тоғыз айында сол жігіттермен біргеміз...».
Азаттық таңы атқаннан бері алаш жұрт­ының рухын түсірмей, алты бірдей жазғы Олимпиада ойындарында алтын жүлдені үзбей олжалаған жалғыз ұжым – бокс құрамасы екенін есте ұстағанымыз абзал. Қазір ұлттық құраманың негізі – жастар. Елеусінов, Ниязымбетов, Әлімханұлы секілді сайыпқырандар әртүрлі жағдайларға орай жаттығуға толық кірісе қойған жоқ. Дычко кәсіпқой боксқа бет бұрды. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың ко­мандасы дәл қазір толқын ауысқан өт­кел үстінде тұр. Жастар сақайып, ұлы дүрмекте еркін атой салуы үшін де уақыт керек.

 Қыдырбек РЫСБЕК
 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

17.02.2018

Асқар Жұмағалиев Шымкентте цифрландыру жобаларымен танысты

17.02.2018

Білім министрлігі балалардың әлеуметтік желілердегі белсендігін бақылауға шақырды

17.02.2018

Головкин - "Канело" екінші жекпе-жегіне арналған трейлер шықты

17.02.2018

Жанат Жақиянов кәсіби бокстағы карьерасын аяқтады

17.02.2018

Болгарияда Қазақстан туралы деректі фильмдер көрсетіледі

17.02.2018

Астанада тұңғыш рет инклюзивті спорт фестивалі өтеді

17.02.2018

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайдың CCTV арнасына берген сұхбаты жарияланды (видео)

17.02.2018

Павлодарда Достық фестивалі өтті

17.02.2018

Мексиканың оңтүстігінде 7.2 балдық жер сілкінісі болды

17.02.2018

Белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден өтті

17.02.2018

Н.Назарбаев: Мемлекеттер арасындағы сенім мәселесі өте маңызды

17.02.2018

17 ақпанға арналған ауа райы болжамы

16.02.2018

Елбасы Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» бастамасына қосылудың пайдасын түсіндірді

16.02.2018

Қазақстан халқы 1 қаңтарда 18 млн 157 мыңға жетті

16.02.2018

Астанада Тұңғыш Президент Қоры сыйақысының лауреаттары марапатталды

16.02.2018

Сенатта жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша уәкілетті органдармен кездесу өтті

16.02.2018

Қызылорда облысы: Жаңақорған ауданында 5 агроиндустриялық аймақ құрылады

16.02.2018

Гүлшара Әбдіқалықова Түркиядағы қазақ диаспорасымен кездесті

16.02.2018

Қостанай облысында латын әліпбиі оқытылады

16.02.2018

Астанада жаңа автовокзал ашылады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Пассионар

Гумилев анықтамасына жүгін­сек,­ пассионарлық – жұлдыздардың әсе­рімен, табиғат пен тарихаттың қи­лы­ дүмпулерімен қайталанып тұра­тын­ заңды құбылыс. Пассио­нарлар бой­­­ларында тасыған күш-қуат­ты, жү­рек­теріндегі жалын жі­гер­ді айнала тө­ңірегін, келе-келе күллі қауым-жұр­тын өзгерту ора­йын­дағы мақсатты жұ­мысқа жұм­сайды. Олай болса, пассио­нарларды қоғамдық қозғалыстың не­ғұрлым белсенді тегершіктері, жа­ңа­шылдар, жасампаздар десек те жа­раса­ды.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Айтушың қандай, ағайын?

«Айтушы ақылды болса, тыңдау­шы дана болады» дейді халық ма­қа­лы. Осы бір тәмсілдің өн бойында үл­кен ұлағат жатқанына шек кел­ті­ру­дің өзі күнә. 

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Блокчейн: сый мен сын

Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қаржы министріне қарата айтқан сөзінде блокчейн технологиясын са­лық жинау жүйесінде қолдануды құп­таған болатын. Бұл – бүкіл әлем­ге сыйы мен сынын қоса әкеле жат­қан төртінші өнеркәсіптік рево­лю­цияның бір жаңалығы.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Ұзаққа созылған келіссөз

Германия канцлері Ангела Меркель жетекшілік ететін Христиан демо­кра­­тиялық одағы және Христиан со­циа­лис­тік одағы Германия социал-демо­­кра­тиялық партиясымен ұзақ­қа созылған келіссөздерден соң, коали­ция­лық үкімет құру бойынша мәмілеге келді. Келіссөздер барысында, сондай-ақ ортақ бағдарлама да бекітілді. Ал Бундестаг (парламент) сайлауы 2017 жылдың 24 қыркүйегінде өткен болатын.

Дархан ӨМІРБЕК, «Егемен Қазақстан»

Қалтафондағы қауіпті қосымша

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен аптаның соңында Ақпа­рат және коммуникациялар ми­нистр­лігі «Дербес деректер және олар­ды қорғау туралы» Заңға қай­шы келгені үшін GetContact мобильді қосымшасының еліміздегі қолданысына шектеу қой­ған еді. Бірер күн бұрын Әзер­бай­жан да қосымшаға тыйым салған бола­тын. Қазақстандық қалтафон қол­дану­шылары бар болғаны бір ғана күн пайдаланған бұл қосымша несімен қауіпті еді? Жеке ақпаратты саудалайтын мұндай қосымшаларға төтеп беруге бола ма?

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу