Бес жылдық белес және екі жылда еңсерілген еңбек

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы» белсенді жүзеге асып жатқанына куәміз. 2019 жылға дейін жалғасатын бес жылдық жоба былтыр тағы да Елбасы Жарлығымен өзектендіріле түсті. Бағдарлама аясында негіз қалаған индустриялық парктердің жұмысы қарқын алып, өндірістік кәсіпорындардың игілігін халық көре бастағанына куәміз. Бар-жоғы екі жыл бұрын қолға алынған бастаманың мақсаты да айқын: еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру. Өйткені, онда экспортқа бағдарлау мен еңбек өнімділігін арттыру дамудың негізгі бағыттары болып белгіленген.

31.03.2017 175

Көрсеткіштер көңіл көншітеді

Жоғарыдағы мақсатты нақты сандармен бедерлесек, межеге дейін 4 нысаналы индикаторды байқаймыз. Айталық, алдымен еңбек өнімділігін 2015 жылғы дең­гейге қарағанда 22 пайызға арт­тыру. Екінші, өңделген өнім экс­портының құндық көле­мін алғашқы жылдағыдан 19 па­йызға артық орындау. Үшінші, 2015-2019 жылдары өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 4,5 трлн теңге сомасында ин­вестиция тарту. Соңғысы, өң­деу өнеркәсібінің энергия сыйым­дылығын 2014 жылға қарағанда кемінде 7 пайызға төмендету.

Осындай нәтижені көздеген бағдар­ламаның былтырғы жылғы қоры­тындысын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Аталған 4 нысаналы индикатор аясында 11 көрсеткіш қарастырылған болса, 2016 жылы 3 нысаналы индикатор мен 8 көрсеткіш бойынша жос­пар орындалыпты. Инвестиция­лар және даму министрлігінің мә­ліметі негізінде атап айтсақ, экс­порттың құн көлемінің өзгеру индикаторындағы көрсеткіш 90,2 пайызды құраған. Ал бастапқы жоспардың 86 пайыз екенін ескерсек, әлгі цифр көңіл көншітеді. Жіліктей түсейік, 2016 жылы өңдеу өнеркәсібі экс­портының көлемі алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 9,8 пайызға қысқарып, 12,7 млрд АҚШ долларына түс­кен. Металлургия, химия және мұнай өңдеу сияқты сала­ларда да әлемдік бағаның құлдырауына байланысты төмендеулер бар. «Мәселен, біз катодты мысты 40,3 мың тоннаға артық экспорттадық, нақты өсім – 14 пайыз. Алайда, экспорттың ақ­шалай түсімі 53,5 млн долларға төмен­деді. Ми­не­рал­ды тыңайтқыштар экс­пор­ты­ның нақты көлемі 22,3 мың тон­наға өсті. Алайда, құндық мәні 0,66 млн доллардан астамға төмендеді», деп атап көрсеткен болатын Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таяудағы Үкімет отырысында.

Еңбек өнімділігінің нақты өсім индикаторына келсек, көр­сеткіш 131,7 пайыз болған. Ал жоспар – 101,3 пайыз. Былтырғы қорытынды, 2015 жылмен салыс­тырғанда, девальвация салдарынан ақшаға шаққанда 44,4 мың доллардан 38,9 мыңға дейін төмендеді. Бұл жалпыәлемдік тренд екенін айту керек.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі индикаторы бойынша көрсеткіш 834,1 млрд теңгені құрады. Жос­пар­дағыдан 81 млрд теңге шамасында артық. «Өңдеу секторы­на бағытталған қаржы бір жыл бұрын­ғымен салыстырғанда 8,8 млрд теңгеге бағаланып, 1,1 пайыздық өсім көрсетті. Нақты көрсеткіш 3,3 пайызға қысқарды. Өткен жылдың 9 айында ғана өңдеу өнер­кәсібіне 2,6 млрд доллар тікелей шетел­дік инвестиция тартылды. Бұл бұр­нағы жылғы сәйкес кезеңмен салыс­тыр­ғанда 1,3 есеге артық», дейді министр.

Өңдеу өнеркәсібіндегі энергия сыйымдылығының төмендеу индикаторы бойынша деректерді Статистика комитеті қарашада жариялайды екен. Сондықтан, бұл бағыттағы көрсеткішті баға­лау әзірше мүмкін емес.

Динамика деңгейі: даму мен ілгерілеу

Былтырғы нәтиже көңіл көн­шіте­ді деуге негіз бар. Өйткені, сол жылға жоспарланған бағдар­ламадағы 10 жоба­ның сегізі орын­далған. Нәтижесінде, дәс­түрлі сек­торлардағы кәсіп­орын­дар­ды жаңғырту есебінен тиі­мді базалық индустрияны құру­ды аяқтау бойынша елдің 7 ай­мағында қолданыстағы өнді­ріс­терді жаңғырту және кеңейтуде жалпы сомасы 68,7 млрд теңгеге жуық 10 жоба жүзеге асырылыпты.

– Ірі салаларға негіз болатын жобаларды жүзеге асыру арқылы индустрия­лы өркендеудің жаңа нысандарын ашу аясында өңдеу өнеркәсібінің металлургия, мұ­най өңдеу, машина жасау, құры­лыс индустриясы сияқты негізгі 4 секторында жалпы сомасы 154,9 млрд теңгеге 6 жаңа ірі өндіріс құрылды. Сондай-ақ, ірі жобаларды іске асыру үшін Global-2000 жоспарына енгізілген компаниялар тізімінен 7 инвестор тартылды. Биыл бағдарламада көрсетілген 2 жаңа ірі өндіріс ошағын құруды баста­мақпыз, – дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Олардың қатарында Павло­дар облысында орналасқан «Пром­маш­комплект» деп аталатын темір жолда қолданылатын доңғалақ өндірісі кешені мен Сыр бойындағы шыны өндіру зауыты алдымен аталады.

Жоғары тиімді индустриялық кәсіп­кер­ліктің қалыптасуына қолайлы жағдай жасау мақ­са­тын­да еліміздің 13 өңіріндегі 46 кәсіпорынға еңбек өнімділігін арттыру үшін жалпы сомасы 379,9 млн теңге көлемінде мем­лекеттік қолдау көрсетілді. Осы­ның нәтижесінде өткен жылы бағдарлама индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 84,6 пайызды құраған. Ал индустриялық-инновациялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өңір­лер бөлінісінде мынадай динамика байқа­лады: өңдеу өнеркәсібі өндірісінің нақ­ты өсімі 12 өңірде бар. Үз­дік­тер қатарында 115,8 пайыз көрсеткішпен Ақтөбе облысы, одан сәл төмендеу көрсеткіштегі (115 пайыз) Қызылорда облысы және 110,9 пайыздық өсімге қол жеткізген Маңғыстау облыстары тұр. Ал еңбек өнімділігі барлық өңірлерде байқалады. Ең көп өсім Ақмола (1,9 есеге), Маң­ғыстау (1,7 есеге), Ақтөбе және Жамбыл (1,6 есеге) облыстарында. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 өңірде айта кетерліктей, соның ішінде ең көп өсім Жамбыл (3,8 есеге артқан), Солтүстік Қазақстан (2,9 есе), Алматы (1,2 есе) облыстарында.


Жобалардан пайда зор

Былтырғы нәтижені саралай түссек, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іс-шаралар жоспарының тармақтарын іске асыру 97,6 пайызға орындалғанын аңғарамыз. Бағдарламадағы бұл бағытта 87 тармақ қарастырылған болса, оның 42 тармағын 2016 жылы іске асыру көз­делген екен. Алайда, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншісіндегі 1 тармақ орындалмай қалған.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, жоба­дағы шараларды іске асыруға мем­лекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан өткен жылға 183,2 млрд теңге бөлін­ген. Қаражаттардың игері­луі Ұлттық қор бойынша 100 пайыз болса, мемлекеттік бюджет бойынша 99,5 пайызды құраған.

2016 жылы Индус­трия­ландыру картасы аясын­да 878 млрд теңгенің 130 жо­басы іске қосылды, 10 мың­нан асатын тұрақты жұмыс орны ашылды. Бірнешеуін тілге тиек етсек, Қарағанды облысындағы «Алтай полиметалдар» ЖШС «Көктасжал» кен-байыту комбинаты, Алматы аймағындағы «Bapy Mining» ЖШС қайта балқытылған шойын алатын кен және қайта өңдеу кешені, Маңғыстау өңірінде орналасқан «Казах­стан Пайп Тредерс» ЖШС Пре­миум класы­ның газ-герметикалық ойма­лы қосылғылар зауыты құры­лысы, Батыс Қазақстандағы «Кон­денсат» АҚ К5 экокласты мо­тор­лық жанар-жағармай өндіру кешені және Оңтүстік өңірдегі «KARLSKRONA LC ЖШС жалпы машина жасау және арнайы құймаларды дайындайтын зауыт.

«Іске қосылған жобалардан өткен жылы 2,2 трлн теңге­ден асатын өнім өн­дірілді. Со­ны­мен қатар, өңдеу өнер­кәсі­бі жалпы көлемінің 18,5 пайы­зы өндірілгенін де атап өту қа­жет. Сала бойынша сараласақ, метал­лургияның 22 пайызы Ин­дус­трия­ландыру картасының жо­балары есебінен алынды, бұл көр­сеткіш құрылыс индус­триясында – 33 пайыз, химия өнеркәсібінде – 30 пайыз, фар­мацевтикада – 38 пайыз. Ин­дустрияландыру саясатын іске асыру бойынша жүргізіліп отыр­ған жұмыстың, сондай-ақ бағ­дарлама аясында өңдеу салаларын қолдаудың арқасында өңдеу саласындағы дағдарыс пен кен өндіру саласының төмендеуі жағдайында тұрақты өсім байқалып отыр», дейді Ин­вес­тициялар және даму министрі.

Тағы бір атап айтарлығы, индустрия­ландыру бағдарламасы қолға алынғалы бері жалпы құны 4,7 трлн теңге болатын 1028 жоба жасақталып, іске қо­сы­лып­­ты. Осының оң нәтижесінде 97 мың тұрақты жұмыс орны ашыл­ды. Жал­пы, мемлекеттік бағ­дарламаның нәтижелі жүр­гі­зіліп, нақты жемісін берген кезең ретінде өткен жылды айта кеткен орынды. Бұл рет­тегі ауыз толтырып айтуға тұрар­лық көрсеткіштерді өңдеу өнеркәсібі саласынан байқауға болады. Мысалға, 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 878 млрд теңгенің 130 жобасы іске қосылған болатын. Бұл дегеніңіз 10 мыңнан аса тұ­рақты жұ­мыс орнының құрыл­ғандығын айғақ­тайды. Осы іске қосылған жобалар бойынша жыл ішінде жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 12,7 млрд АҚШ долларын құрады. Жал­пы, экспорттық өнімнің құн­дық көлемі мемлекеттік бағдар­лама­ның негізі басымдық беріліп отыр­ған 8 бағыты бойынша жоға­ры­лады. Атап айтқанда, кен ма­шина жасау саласында 2,2 есе, автомобиль жасауда 2,1 есе, құ­рылыс материалдары нары­ғында 1,4 есеге өсім байқалды.

Осы жерде 2010-2016 жылдары аралығында іске қосылған 1028 жобаның өткен жылдың 1 қазанындағы жұмыс жүктемесі жайында аз сөз айту керек шығар. Әсіресе, бағдарлама бо­йын­ша басталған 72 жобаның төмен­гі жүктемемен жұмыс жасауы немесе уақытша тоқтап қалуы­на қатысты түсінік берген жөн. Мәселен, аталған 72 жо­ба­­ның 57 жобасы төменгі жүк­­­те­­ме­мен жұмыс істесе, 15 жоба тоқ­та­тылуға мәжбүр болды. Мұ­ның негізі себептеріне тал­­дау жасау барысында үш түрлі жағдай анықталып отыр: бірін­­ші­­ден, тапсырыстың, шикі­зат­тың аздығы, екіншіден, ұлт­тық валюта бағамының тұрақ­сыз­ды­ғына байланысты кәсіп­орын­ның тиімсіздігі, үшін­ші­ден, өндірістегі құрал-жабдық­тар­ды жаң­ғыр­туға байланысты кі­діріс немесе құ­қықтық-құ­жат­тық тұрғыдағы ше­ші­мін тап­паған жағдайлар. Ал осы Ин­дус­­трия­ландыру картасы бойын­ша тоқтап тұрған немесе аз жүк­темемен жұмыс істеген 72 жо­ба­ның 23 жо­ба­сы дәл қазіргі күйі толық қуатында жұмыс іс­теп тұр. Нарықтағы маусымдық сұ­ра­нысқа байланысты төменгі жүк­те­мемен жұмыс жасап тұрған нысан­дар мен уақытша тоқтап қалған жобаларға да жан біте бастайды.

Түйін

Жоғарыдағы дәйектер мен деректерден ел экономикасындағы қайта өңдеу секторының үлесі ұлғайға­нын бай­қау қиын емес. 2016 жылы өң­деу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға, өнеркәсіпте 41,5 па­йызға өсіп­ті. Межеге жеткенше үш жыл бар, осы ілгерілеу мен ілкімді істер қар­қы­нын жоғалтпаса, қарышты қадамың жалғасатынына сенім зор.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

29.04.2017

Сағынтаев Сауд Арабиясының министрі Халид Әл-Фалихпен кездесті

29.04.2017

Назарбаев қырғыз президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

29.04.2017

Жоғарғы Сот ұжымы жалпықалалық сенбілікке қатысты

29.04.2017

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылды

29.04.2017

Қызылорда облысының әкімі Қазақстан этносаясаты бойынша дәріс оқыды

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Елбасы Өзбекстан президентімен кездесті

29.04.2017

Сенаторлар сенбілікке қатысты

29.04.2017

Назарбаев табиғат апатына байланысты Қырғызстан Президентіне көңіл айтты

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Әуендер достыққа бастайды

29.04.2017

Қазақстан Президенті Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

29.04.2017

ОҚО-да тасқын судың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

29.04.2017

​Қыранның – бас, тұмсық, танау, көз, қанат-қауырсын сындары

29.04.2017

Қытайдағы қазақ жігіті Шыңжаң марафоншыларының көшін бастады

КОЛУМНИСТЕР

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Жол салсаң, мол сал

Санаулы күндерден кейін әлемдік деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – ЭКСПО-2017 Халықаралық көр­ме­сінің де жалауы желбіремек. Яғ­ни, бас қала ел айнасы болса, жол-кө­лік инфрақұрылымы оның беделін арт­тыратын бренді болып табылады. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қа­ла­ның базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол ай­рықтарын барынша дамытуға үнемі ба­сымдық беріп келе жатқандығы да сон­дықтан.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Дәріге байланған ғұмыр

«Қазір еліміздегі донор жетіс­пеу­шілігі өте өткір мәселе. Бүгінде ал­мас­тырылған органның 90 пайызы ті­рі донорлардан алынады. Егер бұ­лай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүй­ректі ұлт атану қаупі барлығын жа­сыруға болмайды. Одан шығудың жо­лы қандай?

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Көрменің көрігін спорт қыздырады

Ағымдағы жылдың 10 маусы­мында Астанада ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық мамандандырылған көр­месі келушілерге айқара есік ашады. Күллі әлем көз тіккен көрменің өтетін мерзімі жақындаған сайын бойды толқыныс сезімінің билейтіні түсінікті жайт. Иә, «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Әлемнің әр қиырынан ағылған меймандардың алдында жайылып жастық, иіліп төсек болу өз алдына, қолдағы барды көрсете білудің өзі өнер һәм зор міндет.

Зарема ШӘУКЕНОВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі

Этностар мүддесі барынша қорғалған ел

Қазақстан заманауи өмірге, ха­лықаралық қоғамдастыққа се­німді түрде кірігіп отыр. Біз елі­міз­дің имиджін көтере отырып, ин­вестициялық және экспорттық әлеуетімізді, экономикамызды қа­р­қынды дамытуға баса назар ау­дарып келеміз. Осы саясаттың ар­қасында Қазақстан әлем мой­ын­даған елге айналды.

Гүлзейнеп Сәдірқызы, «Егемен Қазақстан»

Ең ауыр күнә

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Пікірлер(0)

Пікір қосу