Біздің «Азаттық» - қай азаттық немесе нені «маймөңкелейді»?

Біз үнемі қолданатын және кішігірім тұрмыстық деңгейде емес, ұзақ тарихтың ұзына бойындағы үлкен елдіктің, биік арманның бейнесі ретінде қолданылатын сөз. «Ел азат болды», «Азаттық аңсаған бабалар», «Азаттыққа қолымыз жетті» дегендей үлкен ұғым. Енді осы сөз кәдімгі киіз үйдің керегесімен байланысты болып шықты. Қалай?
Егемен Қазақстан
06.04.2017 3024

Белгілі этнограф, ғалым Р.Шойбеков «Қазақ қолөнер аталымдарының түсіндірме сөздігі» атты еңбегінде «талқы» сөзіне мынадай анықтама беріпті: «Талқы – теріні керіп-созып иін қандыра жұмсартатын ағаш. Талқының ирек, сүзгі, созғы, баспа талқы, тіс ағаш, дейтін түрлері болады... Талқымен тері илеуді теріні талқыға салу дейді. Талқымен тері илегенде бір адам теріні түгін ішіне қарата шиыршықтап бүктеп, екінші адам бастырықты көтеріп басу арқылы терінің құрыс-тырысын жазып жұмсартады. Ертеректе құрулы тұрған талқыны көре тұра баспай өту жігіттер үшін әбестік саналған. Талқыдан шыққан теріні кермеленген тері деп атайды» дей келіп, әйгілі қолөнер шебері, педагог Д. Шоқпарұлының «Тіліміздегі «талқыға салынды», «талқыланды» деген сөз тіркестері осыдан шыққан, яғни, «Талқы ерге пайда, жаңбыр жерге пайда», «Көптің аузы темір талқы» деп айтатынымыз содан» дейтін сөзін мысалға келтіреді.

Тыңнан түрен салмай-ақ, дәл осы ізбен қолданыстағы заттың атауын ала отырып белгілі бір ұғымдарға айналған бірнеше сөзді талқылап көрсек. Негізгі талданатын сөзіміз – «Азат». Десе де, әңгімемізді осы сөйлемнің басында тілімізге оралған «түрен» сөзінен бастасақ.

Түрен. «Шыңжаң халық баспасынан» шыққан «Сөз сандық» атты түсіндірме сөздікте: «Соқаның жер жыртатын тісін, жүзін түрен дейді» деп жазылыпты. Мысалды сөздіктен алып отырғанымызбен ел ішінде түреннің соқа жүзі екенін білетін үлкендер аз емес. Десе де ауыздағы сөздің арғы заты бүгінгі қала жастанған қазақтың көзіне елестесін, көкірегіне орнықсын деген ниетпен қайыра еске салып жатқанымыз. Өзі бұрын жыртылмаған қатты, тың жерге соқа салған кісінің табандылығы қандай болуы керек, оған жегілген өгіз, ат қандай болуы керек? Оңай емес әрине. Түрен бүгінде басқа ұғымдарға да кеңінен қолданылады. «Тыңнан түрен салды» деп ғылым, шығармашылық, өнер, тағы басқа салалардағы дара жол тапқан адамдарға қарата айтып жатамыз. 

Азат. Біз үнемі қолданатын және кішігірім тұрмыстық деңгейде емес, ұзақ тарихтың ұзына бойындағы үлкен елдіктің, биік арманның бейнесі ретінде қолданылатын сөз. «Ел азат болды», «Азаттық аңсаған бабалар», «Азаттыққа қолымыз жетті» дегендей үлкен ұғым. Енді осы сөз кәдімгі киіз үйдің керегесімен байланысты болып шықты. Қалай?

2008 жылы жазда режиссер Айгүл Қажыбекқызының ұсынысымен киіз үй туралы деректі фильм түсіруге ауылға барған едік. Операторымыз – бұл күнде бірнеше толық метражды мультфильм жасап үлгерген Тұрдыбек Майданұлы. Көздегеніміз – менің әкем. Әкеме түсіндіріп айттым, ол кісі бірден келісті. Қысқасы, сол жерде апталап жатып киіз үйдің қаңқасы қалай жасалады, қай құралды не деп атайды, шамамыздың жетісінше бәрін түсірдік. Киіз үйдің ағашын дайындаудан бастап (үйағаш дайындау дегеніміз – орман ішінде жүріп талдың қай бұтағы уық, қай бұтағы керегеге жарайтынын байқап, таңдап жүріп кесіп алу ғой. «Орман аралаған үйші, ел аралаған сыншы болады» деген мақал содан шыққан) мор салып, тез құрып, кереге көктеп, уық қаламдап, ши орап, басқұр тоқып, қой қырқып, киіз басып, туырлық жасап дегендей, ақыры аяғында бір үйді толықтай тігіп шығу барысы қамтылды.

Сондағы бір ғана жайға тоқталайық. (Бейне көрініске назар салыңыз. Айгүл Қажібектің «Жұрт» деректі филімінен үзінді) Керегені көктеп, жайып жатқан әкемнің інісі Нұртай Мұсаұлы ағамыз керегенің ортасындағы көктелмей бос айқасқан бір тұсын «мұны азат дейміз» дегені. Ал, керегеге көк өткізу үшін тесіп жатқан кезде әкем: «азаттығын дұрыс қалдырыңдар» дегені есімде. Сонда керегенің азат қалдыратын тұсын «азаттық» дейтін болып тұр ғой. Тіпті керегенің жайылып, жиналуында бірден-бір себепші сол азат екен. Азаттығы болмаса, керегеңді кең жайып, ақордаңды алшайтып тіге алмайды екенсің. Сол бір сөз көп ойға қалдырған. Сірә, біздің «азаттық» ұғымымыздың төркіні осында жатқан жоқ па?

Кейін Р.Шойбековтің «Қазақ қолөнер аталымдарының түсіндірме сөздігін» ақтарып отырып «азатпен» қағаз бетінде жолықтық: «Азат – керегедегі әдейі тесілмеген орын. Азат қалдырмай керегенің барлық көздерін көктесе, керегенің қанаты жиылып-жазылмайтын болады» деп анық жазылыпты. Сонымен қоса: «Азат кереге – есіктің босағасына тақау жерде дара, жеке қалған керегенің басы» дейді. Онымен де қоймай, «азат қалдыру – керегенің бас санына қарай уық саны да көбейіп отыратындықтан, арасында бір желіні көктемей бос қалдырып отыру (бұл желкөз керегеде қолданылады)», деп жазады. Жә, бұдан не ұқтық? 

Бұдан азат сөзі керегенің бос, дербес, еркін тұрған бөлігіне байланысты айтылып отырғанын қапысыз аңғарамыз. Айтылуы ғана емес, атқаратын қызметі де біздің ұғымымыздағы азаттыққа сай келіп тұрған жоқ па? Азаттық пен бостандық екеуінің ағайынды ұғым екенін осы жерден анық көріп тұрған жоқпыз ба?!

Сәл түсіндірме жасай кетелік, жалпы, кереге тор көз, желкөз деп түрге бөлінеді. «Азат қалдыруға» берілген анықтамадағы сөйлем соңындағы жақшаға алынған сөзден соны аңғарамыз. Тор көз керегенің ағашы көп, ауыр келеді. Көбінде бай-манаптың алты қанат ақордаларының керегесі тор көзді болады.

Сонымен, біздің пайым «азат», «азаттық» сөздерінің төркіні, сонау есте жоқ ескі замандардан бері аталарымызбен бірге жасасып келе жатқан, қазақ деген атаумен бір ұғымға айналған, бұл күнде ғалымдар «ғаламның моделі» деп таңдай қағып, тамсанып отырған киіз үйдің керегесіне байланысты дейді. Азаттығы болғанда керегесі кең жайылып, еркін даланы ен жайлап өсіп-өнді, азаттығына қауіп төнгенде керегесінің бас-аяғына кереқап кигізіп түйесіне теңдеп көшіп-қонды. Шындығында (ұғым ретінде де) азаттығың болмаса керегең кең жайылар ма?.. Философиялық, қағидаттық тұрғыдан алсақ та, «Азаттық» сөзі бүгінде кең қолданыстағы «Тәуелсіздік» сөзіне қарағанда әлдеқайда дәлдікке ие секілді. Әрнеден толықтай тәуелсіз болу әлемде жоқ заңдылық екені әмбеге аян. Ал азаттық керегенің бос қалдырған көгінің орнындай, бір жағы белгілі бір тәртіппен айналасына байлана отырып, белгілі деңгейде еркін болады. Яғни, әлемге ортақ қағидаларға бағына отырып өз аяңда еркін болу. 

Шындығында жаратылыс заңдылықтарына сай ұғымдар адамдар санасын ылғи да дұрыс түсініктерге жетелейді. Аталарымыз қалдырған «азат» сөзінің тереңіне өреміздің жетісінше осылай бір бойлап көрдік. Артық-кемі, алып-қосары болса, айтары бар азаматтар өз ойларын ортаға сала жатар. Мүмкін, «азаттық» сөзі алдымен пайда болып, ол ұғым керегенің азат жеріне атау болған шығар деп те ойлауға болады. Алайда, кереге азатсыз жасалынған жоқ қой. Ол уақыт техниканың алдымен дүниеге келіп, одан кейін ғылымы пайда болатын кез екенін ескерсек, қайтадан әуелгі ойымызға табан тіреуге тура келеді. Ал, тіл саласының білгірлері парсыша «азати» дейтін сөз бар екенін, ол біздің «Тәуелсіздік» деген ұғымға келетінін де алға тартады.

Ақыры әңгімеміз киіз үйдің айналасында болып жатыр ғой, көңілге түйіп жүрген тағы бір-екі сөздің төбесі көрініп тұр екен, орайы келіп тұрғанда оны да айта кетсек артық болмас.

Маймөңке. Әдетте, бір нәрсені төтесінен айтпай, әр нені мысал етіп, әр жақтан орағытып сөйлеген адамға «неге маймөңкелеп тұрсың?» деп жатамыз. «Майбасар маймөңкелеп, айтарын айтып болмай, Бөжейді діңкелетеді» (М.Әуезов). «Биліктінің алдында маймөңкелеп» деп те айтамыз.

С.Қасимановтың «Қазақ халқының қолөнері» атты түсіндірме сөздігінде: «Маймөңке – тоқымашылық ісінде кілемнің, терменің, алашаның жіптерін теріп отыратын қайқы басты, жұқа ағаш қалақша. Терме тоқудағы өткермелеу, ілмектеу, маймөңкелеу жұмыстарының барлығы да есептеп санау арқылы орындалады», (Алматы. 1969. 229-бет)  деген анықтама береді.

Енді түсінікті болды. Бала күнімізде құлағымызда қалған, әсіресе басқұр тоқып отырған әжелердің ауызынан көбірек шығатын осы сөздің мағынасына көзіміз енді толық жеткендей. Қошқар мүйіз, сыңар мүйіз деген секілді түрлі өрнектерді шығару үшін қызыл, сары, ақ, көк дегендей түрлі жіптердің бәрін есептеп іліп отыру төтелей тартуға келмейтін жұмыс қой. Оны тек маймөңкелеу керек. Әрине, ол да өнер. Маймөңкелей алатындар ғана маймөңкелейді. Солай. Өрмектің заңдылығы кейде өмірдің де заңдылығы. 

Тез. Тез – киіз үйге қажетті ағаштарды мордан шыққаннан кейін түзететін, иетін құрал. «Тезі» деп те айтылады. Уық, керегенің бәрін сол тездің кетігіне (ол тездің аузы делінеді) салып иеді, қисығын түзейді. «Тентегін тезге салып» тіркесі де осыдан шыққан. «Жиналыста облысы әкімі аудан әкімін сын-тезіне алды» деп жазылып жататын ақпараттардың арғы жағында осы «тез» жатыр. Алайда, «сын тезіне алды» дегенді баспа-бас ұқсақ, «сынады және түзеді» деген мағына береді.

«Тезбасында қисық ағаш жатпайды». Жастарын жақсы жолға бағыттап отыратын ұстазы немесе қариясы болса, ол ауылдың ұры-қары, содыр-сотанақ, сұмпайы, сұғанақ, қайырымсыз, қанішер, қисық мінез, қыңғы-қыңыр, өтірікші, суайты болмайды дегендей сөз ғой жалпы. 

«Қисығыңды түзеуге құрған тезді –

Қария деп білгейсің қыран көзді.

Мойынына қоятын, 

тентегінің

етігінің

басында тұрған сөзді», деп келетін жыр шумақтарымыз да осы ағаш түзейтін тездің адам түзейтін ұстаздық, ақсақалдық ұғымға айналғанын айқындап тұрғандай. Қадай қараған көзімен тентектің басын төмен салбыратып, жанарымен етігінің басын шұқытатын және үнсіз ғана кінәсін мойынына қойып беретін парасат пен мыс...

Ерікті ауызға бөрікті бас сыйған қазіргідей алмағайып уақытта аумақты болмаса да әулетті тезге салып отырар үлкендер көп болса екен, заңымыз да бір қадамын шалыс басқан жандарды бірден тізеге салып сындырып емес, тезге салып түзейтін баяғы бабалар биігіндегі адами қағидаттарға сүйене қызмет етуге бағытталса екен деген тілекпен сөзімізді аяқтайық. Азаттығымыз аман болғай!

Ұларбек Нұрғалымұлы

«Егемен Қазақстан»



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

24.04.2018

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

24.04.2018

Солтүстік Қазақстанда құс өнімдері сатылымнан алынып тасталды

24.04.2018

Солтүстік Қазақстанда асық атудан ел чемпионаты өтті

24.04.2018

Қазақстан мен Норвегия парламенттерінің ынтымақтастығы нығая түседі

24.04.2018

Майқайың кентінде дзюдо күресінен ашық турнир өтті

24.04.2018

Қостанайда үш тілде сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді

24.04.2018

Сенат Төрағасының орынбасары «Единая Россия» партиясының өкілімен кездесті

24.04.2018

Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды

24.04.2018

Қостанайда «Тіл – парасат» атты облыстық байқау өтті

24.04.2018

Солтүстікқазақстандық жас бишілер бас жүлдемен оралды

24.04.2018

Гендік ауруды емдейтін әлемнің үздік дәрігерлері Қазақстанға келді

24.04.2018

СІМ: Торонтода зардап шеккендердің арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр

24.04.2018

Қазақстанның 12 кеден бекетінде байланыс жылдамдығы ұлғайды

24.04.2018

Үкімет басшысы мал шаруашылығын дамытуды тапсырды

24.04.2018

Оңтүстікте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 104 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр

24.04.2018

Қазақстанның жас ғалым-педагогтарының I Республикалық Слеті өтеді

24.04.2018

Петропавлда бірнеше отбасы баспанасыз қалды

24.04.2018

Қазақстан Ауғанстанда болған террорлық шабуылдарды айыптады

24.04.2018

Астанада инвестициялық форум өтеді

24.04.2018

Торонтодағы көлік шабуылынан 10 адам қайтыс болды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Киберспортпен күнелткендер

Балаңыз телефон немесе теледидар арқылы түрлі ойындар ойнаса аса қатты қорықпаңыз. Ол қазір еріккеннің ермегі емес. Мұны қазіргі жаһанданған әлемде киберспорт деп атайды. Ғаламтордың дамуымен бірге бұл спорт қазір елімізде де белең ала бастады.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Не ішіп-жеп жүрсіз, ағайын?

Жақында Астананың ірі азық-түлік дүкенін аралап жүріп бір қыздың атағы бүкіл Қазақстанға танымал мүйізі қарағайдай компанияның сүтін іздеп таба алмай, ол неге жоқ деп жағалай сұрап жүргенін кө­ріп қалдым. 

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Тажалға қарсы табанды күрес керек

Ашығын айту керек, есірткі мәселесі біздің елде өте күрделі. Ол небір отба­сының шаңырағын шайқалтып, айық­пас кеселге ұшыратып жатыр. Сондықтан да Елбасы «Таразының бір басында оны әкеліп, тарататын адамның өмірі тұрса, екінші басында соның  «көмегімен» қор болған есірткі тұтынушылардың ғұмыры тұр» деді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Оқшауланудан – интеграциялануға

Алдымен мына мәселеге назар аударайық. Өткен жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдерінде сапарда болды. Биылғы жылдың наурызында ол Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды. Душанбе халықаралық әуежайында Ш.Мирзиёевті Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның өзі қарсы алды.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Кісілік әліппесі

Жер бетінде сонау да сонау көз жеткісіз, көңіл сенгісіз небір ықылымдардан бері жасап келе жатқан заты адам баласының ең зарлы мақсаты не десе, ол – адам болу дер едік. Түр-сипатыңмен, тәніңмен ғана емес, жаныңмен, алпыс екі тамырыңдағы қаныңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу