«Дамыған елдердің проблемасы жүйе арқылы шешіледі»

– дейді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рахат ЖАҚСЫБАЙ.
Егемен Қазақстан
19.04.2017 818

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рахат ЖАҚСЫБАЙ қазір әлемдік жоғары оқу орындарының үздік бестігіне кіретін Лондон Университет Колледжінің (University College London) магистратурасында оқып жатыр. Онымен әңгімеміз британдық оқу жүйесі, білім бизнесі, мамандық таңдау, баспасөз туралы өрбіді. Сөз неліктен көпшіліктің таңдауы Британ білім жүйесіне түсетіндігінен басталды.  

– Ағылшын тілді елдерге білім алуға ынталы қазақстандық сту­дент­тердің басым бөлігі Бри­тан уни­верситеттерін таңдайды. Мәсе­лен, «Болашақ» бағдарламасы сти­пендиаттарының шамамен үш­тен екісі Ұлыбританияда. Меніңше, мұндай таңдаудың қарапайым үш себебі бар. Біріншіден, көпшілік ағылшын тілін негізгі тұнығынан үйренгісі келеді. Екіншіден, Бри­тан университеттерінің білім рей­тин­гіндегі беделі жоғары. Тіпті, Корольдіктің бір қиырында ор­на­лас­қан университеттің аты бей­мәлім болар, алайда сол оқу орны тереңірек маманданған бір сала­да, ғылымы озық, студенті озат шығуы мүмкін. Үшіншіден, Аме­рика не Австралияға қара­ғанда, Лондон дегенің «мынау тұрған жер», келім-кетімге ыңғайлы. Бұл әсіресе, отбасылы студенттер үшін қолайлы дер едім.

– Ал өзіңіз неліктен Лон­дон­дағы оқу орнын таңдадыңыз?

– Алғаш құжат жинай бас­та­ғандағы меже, айталық, «Бола­шақ­тың» тіл талабын орындауға же­тіп алу болса, кейін тіл курсын тәмам­дап, университет таңдайтын деңгейге жеткенде, өз-өзіңе деген талап та өсе түседі. Әрине, оқу орны бірнеше өлшем бойынша таңдалуы тиіс. Мамандықтың маз­­мұны, университет рейтингі­нен бастап, оқудың ауыр-жеңіл­дігі, оқитын қаланың арзан-қым­баттығы, орталықтан алыс-жа­қын­дығына дейін бір шолып шығу артықтық етпейді. 7-8 жыл­дай жұмыс тәжірибесінен кейін, үйренген ортаны тастап, қайтадан студент атану оңай емес. Ал атандың екен, мемлекет қайсы білім ордасында оқисың деп таңдау берген екен, ендеше ол мүмкіндікті пайдаланып, үзді­гінде оқуға тырысқан жөн. Меже алдыңда болғанда одан қиы­ны жоқ, нәтиже артыңда қал­ғанда одан оңайы жоқ. Мұның бәрін санамалап, анықтап айтып жатқан себебім, шетелде оқып, үздік тәжірибені елге әкелем деген болашақ студенттердің бірі болмаса біріне дұрыс ақпарат жетсін деген ой. Шама келіп жат­са, озығына ұмтылған дұрыс. Лон­донды, UCL аталатын оқу орнын таңдаған себебім сол.

– Білім туризмі бойынша Ұлыбритания көш бастап тұр. Осының сырын сіз неден көресіз?

– Британияда білім саласы ғы­лым-білім құндылығын та­ра­ту­шы, мәдени ықпалдасу орта­сы ғана емес, ол сонымен бірге алып бизнес машинасы да. Универ­си­тет­тер өздері ғана табыс тауып отыр­ған жоқ, сол оқу орын­дары ор­на­ласқан қалалардың бюджетіне де кіріс әкеледі. Қа­ра­жат пен ин­вестицияның қо­мақты бөлігі уни­верситеттерде шоғыр­лан­ған. Ғылы­ми жобалар мен жа­ңа­лықтар да осында ашылып, жария­ланып жатады. Мұның бір себе­бін мен ұзақ жылдар бойы қалып­тасқан жүйе­мен байла­ныс­тырамын. Даму­шы елдерде көп мәселе тұлға­лар­ға байланысты болады, ал дамы­ған елдерде проблемалардың басым бөлігін жүйе шешеді.

Білім индустриясында көп нәрсе жолға қойылған. Мұнда әрбір әлеуетті студент үшін бәсеке бар. Себебі, Британ универ­ситет­тері автономды, яғни дербес бас­қарылады. Тиісінше, оқу бағ­дарламасынан бастап оқу ақысы, оқу мерзімі, емтихан тәртібіне дейінгі шешімдер дербес реттеледі. Барлық оқу орындарына тән ортақ болып келетін ұқсастықтар бар. Мәселен, диссертациялық жұмыс пен эсселерде плагиатқа қатал қарау – барлығына бірдей тәртіп. Мұнда плагиат дегенді біз ойлап жүрген біреудің еңбегін сол күйі көшіре салу ғана емес, біреудің идея­­сын өз сөзіңмен жазып, алай­да авторын көрсетпеу деп те түсін­діреді. Бұл талапты «копи паст» тәсілден арылу, білім алу құн­ды­лығын арттыру үшін бізге де енгізу аса қажет деп білемін.

– Шет елде білім алу үлкен ыж­дағаттылықты қажет ететі­ні белгілі. Сіз оқып жатқан ма­ман­дық­тың ең қиын тұстары тура­лы не айтар едіңіз?

– Жоғарыда сөз еткеніміздей, мұнда мамандық атауы бірдей, ұқсас болғанымен, мазмұны жа­ғы­нан әралуан болып келеді. Жеке тәжірибем бойынша айтсам көбірек түсінікті болатын шығар. Мен «Болашақтың» бұқаралық ақпарат құралдары редакциясы қызметкерлеріне арналған бағыт бойынша стипендиат атандым. Бакалавриат алған дипломыма және квоталық бағытқа сәйкес мамандық «Болашақ» тізбесінде «Жобаларды басқару. Адами ре­сурс­тарды басқару» деп атала­ды. Бұл бір ғана мамандық емес, осы­ның аясында сізге, мысалы, жо­ба­ларды басқаруға жақын ке­ле­тін отыздан аса магистратура бағ­дар­ламасының тізімі қоса ұсы­ны­лады. Сіздің де таңдау жа­сай­­тын тұсыңыз осы. Қазір мен оқып жатқан курс – «Жобалардың стра­те­гиялық менеджменті» деп ата­ла­ды. Осы бағдарламаның, әсі­ресе назар аудартқан тұсы «стра­те­гия» сөзі болды. Себебі, бізге жа­ғдайға тереңірек үңілу мен алыс­қа қарай көз тастау, ұзақ мер­зім­ді мұраттарға ұмтылу аса қа­жет. Әлбетте, оқу бағдарламасы көңіл бөлуді, орындыққа жайға­сып, кітап оқуды, оқығаныңды сын­­­нан өткізіп, қағазға түсіруді та­лап етеді. Сенің негізгі баға­ла­­на­­т­ын тұсың сыни ойлау мен жазу бол­­ғандықтан, ыждағат ете­тін тұсың да осы жазу. Сабақта ана тілінде сайрап отыратын бри­тан­­дық­тар да жазуға келгенде көп күш жұмсап жатады. Себебі, жазу, қағазға түсіру деген қай тілде де оңай емес.

– Білімді бизнеске айналдыр­ған ел деп қалдыңыз. Ал биз­нес­тегі қарапайым қағида – «клиент­тің айтқаны әрдайым дұрыс» емес пе? Бұл жағынан сту­дент пен университеттің, оқы­ту­шы мен студенттің ара­сын­дағы қарым-қатынас қандай?

– Университет әрбір студенттің оң бағасын алуға тырысады. Сту­дент­тің пікірі университеттің ал­дағы жоспарына, келетін студент са­ны­на әсер етуі мүмкін екенін жақ­сы түсінеді. Мәселен, UCL уни­вер­ситетінде пост-градуейт, яғни PhD мен магистратурада оқитын студенттер саны жалпы студенттің жартысынан асады. Магистратура бағдарламасы бір жыл екенін ескерсек, жыл сайын студенттердің үлкен буыны түлек атанып, келесі тобын қарсы алу қажет боп шығады. Ал оқытушы мен студенттің қаты­насы «ағай-апай» емес, көбіне тең деңгей­дегі қарым-қатынасқа құ­ры­­лады. Оқытушы басқа салада біл­­мей қалуы мүмкін, онысын жасыр­май айта салады, бірақ өзі бере­тін курсы мен тақырыбына тыңғылықты дайындалып келеді. Осы бағытта жазған бірнеше ғылы­ми мақалалары бар болып шы­ға­ды. Тек қана академияда емес, өндірісте, бизнесте, үкіметте жұ­мыс жасаған тәжірибесімен келе­ді. Сосын тиісінше, студенттің алдын­да бедел пайда болады.

Бұларда да аудитория жетпей қалу, техникалық қиындықтар, бюро­кратиялық кедергілер баршы­лық. Ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан бір мәселелер болады. Студент ретінде айтасың, бірақ ешнәрсе өзгере қоймауы мүмкін. Бірақ ең бастысы, сені мектептің (біздіңше, кафедра, мүмкін кейде факультет) жиналысында барлық оқытушы-профессорлар құрамы тыңдайды, мәселе көтергеніңді қуаттайды. Шаруаң шешілмейді, бірақ сен тыңдалдым деп риза­сың. Психология ғой. Негізі атап өткеніміздей, жүйе жолға қойыл­ған соң сырт-сырт соққан сағат сияқ­ты жұмыс жасап кете береді.

– Медианың өз өкілінен ағылшын тілді БАҚ туралы да сұрайық. Лондонда не оқисыз, не қарайсыз? Олардың көтеретін тақырыбы қандай?

– Британия дегенде, бірінші еске түсетіні ВВС ғой. Жақында ғана қазақстандық делегациямен бірге осы арнаның BBC World қыз­меті ұйымдастырған стра­те­гия­лық коммуникациялар та­қы­ры­бындағы семинарына қаты­сып, корпорацияның ішкі тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алдым. Сол семинардан бір ғана фактіні айтайын. Соңғы жыл­дары аудиториясын жүз мил­лионға арттырып, жарты мил­лиард­қа жеткізген арна көрер­мен аза­йып кетті дегенмен келіс­пей­міз дейді. Алайда, алып корпо­ра­­ция­­лардың онлайн-өмірмен біте қайнасып кеткенін атап өтуі­­­­міз керек. Фейсбуктағы 50 мил­­­­лион оқырманы осыны аң­­ғарт­­­са керек. Әртүрлі әлеу­мет­­тік сауалдама, Google құрал­дар, зерт­­теу­лер арқылы өз ауди­то­рия­­сын жақсы біледі. Мақсат­ты ауди­­тория үшін жұмыс жасай­ды. Телефонға арналған бағ­дар­­ла­ма­лық қосымшалар да соған ың­ғай­ланған. Мәселен, спорт­сүйер оқыр­ман болсаңыз, бір мәр­те осын­дай жаңалықтарды оқып, өзіңіз туралы ақпар бер­діңіз бе, келесі жолы сізді қызық­ты­­ра­тын спортқа қатысты жаңа­лық­тарды ұсынады. Фейсбук желі­сінің ал­горитмі ауысқаны да содан. «Лен­таңды көрсет, кім еке­ніңді айта­йын». Себебі, сіздің лентаға бірін­ші шығатын адам­дар мен жаңа­лықт­ар – сіз көбі­рек оқитын, сіз қызы­ғу­шылық таныт­қан жандар мен тақырыптар.

Осы арна болсын, басқа да ағылшын басылымдары болсын, негізінен интернет-нұсқаларынан оқимын. Ал Лондонның өз жа­ңа­­лық­тарын жазатын, тегін тара­тыла­тын «Evening standard»-ты («Кешкі стандарт») қағаз нұсқа­сында оқимын. Жалпы, бізде, ұлт, діл, дін деген тақырыптар үнемі назардағы тақырыптар болса, мұнда саяси тақырыптар көбін­де алдыңғы кезекте көрінеді. Қазір, мысалы, негізінен Ұлыбри­тания­ның Еуропалық одақтан бөлінуі көп талқыға түсіп жатқан мәселе. Лондонның апталық газет­і басым бөлігін жергілікті, лондон­дық жаңалықтарға арнайды.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

16.01.2018

Үкімет басшысы онкологиялық жабдық шығаратын компанияның басшысымен кездесті

16.01.2018

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі тағайындалды

16.01.2018

Ауыл шаруашылығы вице-министрлері тағайындалды

16.01.2018

Дональд Трамп бүгінгі жұмыс кестесін жариялады

16.01.2018

Ғалияның қолында бұйда пышақ...

16.01.2018

ОҚО-да «Қарашаңырақ – Қарасора, құтты мекен Сайрамсу» атты кітаптың тұсаукесері өтті

16.01.2018

Әз-Жәнібек ханның дулығасы Нью-Йорктегі музейде сақталған

16.01.2018

ОҚО-да 90 мың адам жұмыспен қамтылмақ

16.01.2018

Атырау қаласында жатақханасы бар жаңа спорт кешені ашылды

16.01.2018

Ақын, жазушы Серік Қапшықбайұлы қайтыс болды

16.01.2018

«Атамекенім» акциясы бойынша мүгедектерге кәсіп ашуға мүмкіндік бар

16.01.2018

Трамп пен Н.Назарбаевтың кездесуі: Ынтымақтастықтың жаңа сатысы - The Hill

16.01.2018

The Merkle: Қазақстан Президенті G-Global деп аталатын жаһандық криптовалютаны ұсынып отыр

16.01.2018

Жамбыл облысының Жуалы аудандық соты жаңа ғимаратқа көшті

16.01.2018

Қостанай облысында АӨК сүт зауыттарының жұмысын жандандырды

16.01.2018

Атырау тұрғындары жол құрылысын қадағалайды

16.01.2018

ОҚО-да төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары талқыланды

16.01.2018

Trend: «Назарбаевтың Трамппен кездесуі Қазақстанның аймақтағы негізгі ойыншы екенін көрсетеді»

16.01.2018

Б.Сағынтаев: Мемлекет басшысының жекешелендіру жүргізу бойынша тапсырмасы 2018 жылы орындалуы тиіс

16.01.2018

Елбасы Жолдауын іске асыру аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесі реттелді — Т. Дүйсенова

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Рухсыздық – оқымаудан, тыңдамаудан

Құдірет адамзатты керемет хикметпен, ілтипатпен, мейірбандықпен, көркемдік сұлулығымен қызықтырып, сыңғырлатып жаратқаны мәлім. Ойлау мен қарекет жасау үшін жаралған адамның тұлғасы, таратыңқырап айтқанда, оның қолынан, қиялынан, білімдарлығынан шыққан сәулет, сурет, мүсін, қолөнер, музыка, сөз өнерінің таңғажайып жәдігерлері, телегей-теңіз шынайы жан сырлары, ғылыми-шығар­машылық ғаламат жетістіктері өлшеусіз ғой. 

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Ұжымдық ұстаным

Ұжымдық рух ұлы жеңістерге қол жеткізеді. Қазақ айтады: «Үш адамның басы қосылса – қауым». Қауым­дасқаннан бері адамзат сан түрлі қоғамдық құрылысты өт­кер­ді. Ал қазіргі нарықтық қоғам­ның кілті – табыс. Яғни биік мүдде жолында ұжымдасу және белгілі нәтижеге қол жеткізу.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамалары

Еліміз егемендіктің бастапқы ке­зінде-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздік Қазақстанның сырт­қы саясатының негізгі басым­дық­тарының бірі болатынын төрт­күл дүниеге жария еткен еді. Содан бері еліміз халық­аралық аренада сол бағытты берік ұстанып, оны бел­сенді түрде жүзеге асырып келеді.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Жарнамаланғанның бәрі жақсы ма?

Әрине, жарнама – әрқашан өн­діріс пен бизнестің қозғаушы күші болып келе жатқанына ешкім дау айта алмас. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Жаңсақ ойдың жетегінде...

Шетелде іссапарда жүрміз. Қасымызда Сыртқы істер ми­нис­тр­лігінің өкілі Ержан есімді жас жігіт бар. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі сондай жатық, сыпайы. Ізетті жігіттің болмысында қалада өскен баланың қалыбы да байқалады. Бір күні екеуміздің орнымыз қатар келіп қалған. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу