Экономикалық одақ – елдер дамуының қозғаушы күші

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жұма күні Қырғызстанның астанасы – Бішкек қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.
Егемен Қазақстан
17.04.2017 2755

Төрт көз түгел...

Бұл жолы «төрт көз түгел» жи­нал­­ды. Әрине, бұлайша түгендей сөй­леуімізге түрткі болған былтырғы жыл­дың соңында Санкт-Петербургте өт­кен дәл осындай жиынға Беларусь Президенті Александр Лукашенконың қатыспауы себеп еді. Бірақ бұл жолы Одаққа мүше бес елдің де президент­тері – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасы­­ның Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Пре­зи­де­нті Серж Саргсян, Қырғыз Рес­пуб­­­ли­ка­сының Президенті Алмазбек Атам­ба­ев қатысты. Тіпті, жиында алтыншы Президент – Одаққа өздерін байқаушы ел ретінде ұсынған Молдова Президенті Игорь Додон мен ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян болды. 

Жоғары Еуразиялық эко­но­­ми­калық кеңестің отырысы әдет­тегідей алдымен шағын, одан соң кеңейтілген құрам­­да өтті. Онда Еу­разиялық экономика­­­лық кеңестің 2015-2016 жыл­дары ат­қар­ған жұ­мыс­­тары талқыланды. ЕАЭО іске қосылғаннан бері оған мүше елдер қан­дай жетіс­тіктерге қол жеткіз­­ді, неден ұтылды, неден ұтты, міне, осы са­уалдар төңірегінде мәселе қарал­­ды. Та­раптар Одақ аясындағы экономика­лық өзара іс-қимылдың өзекті жайт­тарын, халықаралық ынтымақтастық пен Еуразия кеңістігіндегі одан әрі интег­рациялану жайын талқылады.

Молдова байқаушы ел атанды

Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қырғызстан Пре­зи­денті Алмазбек Атамбаев жүргізіп оты­рды. Қырғызстан Президенті ша­ғын құ­рамдағы кездесуде Жоғары Еу­ра­зиялық экономикалық кеңес мүшелері Молдова Президенті Игорь Додонның ресми үндеуіне байланысты Молдоваға ЕАЭО байқаушысы мәртебесін беру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. 

Сондай-ақ, Қырғызстан Одаққа төрағалығын жылдың соңына дейін жалғастыра отырып, оның аясында кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай туғызып, еуразиялық экономикалық кеңістік шеңберінде мүмкіндікті молай­та беру керектігі туралы ұстанымын жал­­­ғастыратынын жеткізді. Себебі, Қырғызстан Президенті кәсіпкерлікті дамытуды экономиканың негізгі қозғаушы күші санайды. Бұл ретте, ол Одақ жұ­мы­сын жандандыратын негізгі төрт ба­сым­дық – еркін тауар айналымы, еркін қыз­мет, еркін еңбек нарығы және еркін қар­жы айналымын дамыту бағытында бір­лескен жұмыстарды жалғастыра беру керектігіне тоқталды.

А.Атамбаев бұл мәселеде кейбір ке­дер­гілердің де кездесетінін тілге тиек етті. Осыған орай, Одаққа мүше мемлекет­тер мемлекеттік органдармен қоса, бизнес өкілдерімен де тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Қырғызстан Пре­з­и­денті, өкінішке қарай, елдерінен жұ­­мыс із­деп шетелге кетушілердің аз емес­­тігін ал­ға тарта отырып, бұл ретте, ең­­бек мигрант­тары мәселесіне де баса на­зар аударуды сұрады. Сондай-ақ, ер­кін еңбек нарығындағы жұмыс күшін ер­теңгі күндері зейнетақымен қамту жай­ын да назардан тыс қалдыруға болмай­ты­нын жет­кізді. А.Атамбаевтың айтуын­ша, Қырғызстан үшін Одақ аясында ауыл ша­­руашылығы, жеңіл өнеркәсіп, қай­та өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларда жұмыстың жандануы аса маңызды. Бұл ретте, Қырғызстан Президенті өз­де­ріне көр­сеткен қолдаулары үшін Ре­сей мен Қазақстан президенттеріне зор алғыс айт­ты. А.Атамбаев сөзінің қо­ры­тын­ды­­сында жалпы Одаққа мүше болу Қырғызстан үшін мол мүмкіндік әрі мәр­те­бе екенін жеткізді.

Күрделі кезең кедергі болды

Бұдан әрі сөз кезегін Армения Президенті Серж Саргсянға ұсынды. Ол өз елінің Одақ жұмысына үлесі жайында баяндай отырып, ұйымның құрылуы күрделі кезеңге дөп келгенін атап өт­ті. Оның сөзіне қарағанда, әлемдік эко­но­микадағы тұрақсыздықтың салдары Одақ жұмысына белгілі деңгейде өзін­дік салқынын тигізген. Алайда, оған қа­ра­мастан, бұл интеграциялық құрылым ел­дердің макроэкономикалық өсіміне жақ­сы әсерін тигізіп, дағдарыстан шығудың жо­лы болған.

Ал Беларусь Президенті Александр Лукашенко өз кезегінде Одақ аясында кейбір проблемалар да бар екендігін тілге тиек етті. Өйткені, келісілген кей­бір келісімдердің нақты жүзеге асып жат­қа­нына күмәні бар. Осыған байланысты Беларусь Президенті Одақтың ішкі тәртібін қолға алу керектігін, бұл ретте, комиссия құрылып, орындалмаған бастамаларға сұрыптау жүргізуді қолға алу қажеттігін ұсынды. 

Одақ жұмысына оң баға

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде алдағы ма­мырда үш жыл толатын құрылым жұ­мы­сы­на оң баға берді. Мемлекет бас­шысы Астанада қол қойылған Еура­зия­лық эко­номикалық одақ туралы шарт­тың орындалуына қатысы бар негізгі тұс­тарға тоқталды.

«Ұйымның шарттық-құқықтық базасы жасалып, оның аясы жүйелі түрде кеңейіп келеді, ұзақ мерзімді және орта мерзімді басымдықтары да айқындалды. Тауардың, қызмет көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы нақты жүзеге асуда. Біз экономика саласында бір-бірімізбен келісе жұмыс жүр­гізіп, экономиканың маңызды дег­ен бөліктерінде үйлесімді саясат ұстанып отырмыз. Әртүрлі елдермен және халықаралық ұйымдармен байланыс орнығып келеді», деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасу кезеңінде Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық экономикадағы дағдарыстық құбылыстарды және күр­делі геосаяси жағдай қатерлерін ең­сере білгенін атап көрсетті. «Осы­ның барлығы Одақтың соңғы уақытта айтарлықтай төмендеп кеткен көр­сет­кіштеріне әсерін тигізді. Алайда, дағ­дарыс мәңгілік емес, құлдыраудың со­ңы өсімге ұласатыны белгілі», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Одаққа қ­а­ты­сушы елдердің көпшілігі былтыр күрделі жағдайға қарамастан, экономикалық көр­сеткіштер өсіміне қол жеткізгенін атап өтті. «2017 жылдың басындағы статистикалық мәліметтер көңілге үміт ұя­­латады. Осы жылдың алғашқы ай­ла­­рының нәтижесі бойынша, ЕАЭО-ның сыртқы сауда көлемі 37 пайызға ұл­ғайды, ал өзара сауда 38 пайызға өсті», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан басшысы аталған оң үрдісті орнықтыру қажет­тігін айта келіп, осы бағыттағы бас­ты қадамдарды атап көрсетті. «Бірін­ші­ден, ЕАЭО-ны дамытуға кедергі кел­тіретін барлық шектеулерді жою қа­жет. Екіншіден, тауарды өткізетін на­рық­тарды кеңейтіп, инвестиция өсімі үшін халықаралық әріптестермен жаңа сауда-экономикалық келісімдер жасалуын қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, елдеріміздің экономикасы үшін осындай күрделі кезеңде өзара көмек қолын соз­ған жөн. Төртіншіден, дағдарыстық құбылыстарды еңсеруге Дағдарысқа қар­сы күрес кеңесі жақсы жәрдемші бо­ла алады», деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономика және қаржы министрлері кеңесінің, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің орталық банктері жетекшілерінің құ­ра­мын жасақтау жөніндегі ұсы­ныс­та­ры­на ерекше назар аударды. «Кеңес Одаққа мүше мемлекеттердің қаржы-эко­номикалық саясатының мәселелері және дағдарыстық құбылыстардың алдын алу үшін өзара келісілген шаралар қабылдау жөнінде ЕАЭО органдарына ұсынымдар береді. Оның жұмысы экономикалық өсім мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бірлескен іс-шараларды іске асыруға бағытталады. Кеңестің жұмысы G-20-ның жанындағы Қаржы тұрақтылығы жөніндегі кеңестің және Еуропалық комиссия жанындағы ЭКОФИН-нің (Еуропалық одақтың экономика және қаржы мәселелері жөніндегі кеңесі) қызметіне ұқсас болады», деді Елбасы.

Ресей Президенті Владимир Путин де өз кезегінде Одақ жұмысы табысты жүр­гізіліп жатқанын атап өтті. Одақ дағдарыс қиындықтарынан құтқарған қау­іпсіздік құралы болғанын алға тарт­ты. Бұған әлемдік экономиканың тұ­рақ­сыздығына қарамастан, Одаққа мүше мем­лекеттер қол жеткізіп отырған эко­­­номикалық көрсеткіштер дәлел бо­­ла­ты­нын мысалға келтірді. Ресей Пре­зи­денті, бұл ретте, Қазақстан бас­шы­­­сының пікірін құптайтынын айтып, тіпті, Н.Назарбаевтың сөзінен дәй­­ек­сөз де келтірді. Интеграциялық бай­­ла­ныс­тардың арқасында қазіргі эко­но­ми­калық тұрақтылыққа қол жет­кізіп отырғанымыз туралы ойын нақ­тылай түсті. «Белгілі бір дәрежеде Одақ сыртқы конъюнктураның ықпалын жойып, ұлттық экономиканы жаңа бағыттарға бейімдеді», деді Ресей басшысы.

Бұдан әрі Молдова Президенті сөз алды. Игорь Додон Молдова үшін бұл шараға қатысу айрықша оқиға екенін атап көрсетті. Интеграциялық байланыстардың беки түсуіне Молдова Республикасы ерекше маңыз беретінін айтып, ЕАЭО-ға байқаушы ел мәртебесін үлкен жауапкершілікпен сезінетінін жеткізді.

Келісімдерге қол қойылды

Кеңейтілген құрамда өткен отырыста ЕАЭО-ға мүше елдердің 2017-2018 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдары бекітілді. Құжатқа сәйкес, макроэкономикалық ахуалды жақсарту, корпоративтік секторды инвестиция көлемін арттыруға ынталандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету секілді елеулі шаралар көзделген. Сонымен қатар, отырыс қорытындысында ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Иран арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі уақытша келісім туралы құжат қабылданды.

Қауіпсіздік мәселелері қаралды

Ал келесі алқалы жиын – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мем­лекеттер басшыларының бейресми кездесуіне Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан президенттері Серж Саргсян, Александр Лукашенко, Нұрсұлтан Назарбаев, Алмазбек Атамбаев, Владимир Путин, Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы міндетін атқарушы Валерий Семириков қатысты.

Бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шы­­лары ұйымды одан әрі дамыту жә­не қауіпсіздікті қамтамасыз ету са­ла­сын­дағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Ұжымдық қау­іп­сіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдер үшін биыл мерейтойлық жыл екенін атап өтті. Осыған орай, Елбасы кез­десуге қатысушыларды Шартқа қол қой­ылуының 25 жылдығымен құттықтап, оның ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қам­тамасыз етудегі, сондай-ақ ұйымға мү­ше мемлекеттердің тұтастығын ны­ғай­тудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстан басшысы ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласындағы басқа да халықаралық институттармен және ұйымдармен өзара іс-қимылының аясын кеңейту мәселесіне қатысушылар назарын аударды. Бұдан бөлек, ұйым мүшелері қазіргі заманғы өңірлік және жаһандық қатерлермен күрес жолында күш жұмылдыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу соңында ұйымға мүше мем­лекеттердің басшылары Юрий Гри­горьевич Хачатуровты ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы етіп тағайындады.

Екіжақты кездесу

Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол күні, сондай-ақ, Бішкекте Молдова Республикасының Президенті Игорь Додонмен кездесу өткізді. Мем­ле­кеттер басшылары әңгімелесу ке­зінде Қазақстан мен Молдова ара­сын­дағы ынтымақтастықтың перспек­тивалы ба­ғыттарын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық және мәдени-гу­манитарлық салалар екіжақты ын­ты­­мақтастықтың басымдығы бар ба­ғыт­тары ретінде атап өтілді. Бұған қоса, Қазақстан Президенті И.Додонды Молдова Республикасының ЕАЭО жа­нын­дағы байқаушы мемлекет мәртебесін алуымен құттықтап, бұл жауапты қызмет ба­рысында табысты жұмыс жүргізуіне ті­лектестік білдірді.

Молдова Президенті де Нұрсұлтан Назарбаевқа ЕАЭО-дағы байқаушы мәр­те­бесін алу мәселесіне қатысты қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Кездесуге Молдова жағы бастамашы болды.


Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан» –

Бішкектен (Қырғызстан)

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

24.10.2017

«Қазақ хандығының» жалғасы түсіріледі

24.10.2017

Тағылымды шара

24.10.2017

Ж.Түймебаев: Бюджетті дұрыс игермеген басшылар жазаланады

24.10.2017

«Рухсыз адамнан мықты спортшы шықпайды»

24.10.2017

Ірі кісі

24.10.2017

Шежіре сыр шертеді

24.10.2017

СҚО әкімінің орынбасары тағайындалды

24.10.2017

Алаш тарихы халықаралық деңгейде талқыланды

24.10.2017

Солтүстік Қазақстан әкімі аппаратының басшысы тағайындалды

24.10.2017

Атырауда құқық қорғау орталығы ашылды

24.10.2017

ОҚО әкімі: Аудан-қала әкімдері тиісті индикаторларды толық орындауы қажет

24.10.2017

ШҚО прокуроры: Қылмыстық істі қарауда озық елдер тәжірибесі қолданылады

24.10.2017

Ақтөбе облысында үш ауысымдағы мектеп жаңа ғимаратқа көшті

24.10.2017

Отандық роботты техниканың қарымы

24.10.2017

Маңғыстаудағы №11 мектеп үздік тәжірибесімен үлгілі

24.10.2017

Астанада жаңбыр аралас қар жауады

24.10.2017

Жапонияда кезектен тыс парламент сайлауы өтті

24.10.2017

Өз бақытын қазақ жерінен тапты

24.10.2017

Мерейтойлардан мезі болған жоқпыз ба?

24.10.2017

Жыл өткен сайын астық сапасы артып келеді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Рухани келісім – орнықты дамудың негізі

Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, яғни осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын мемлекеттік дең­гей­де қабылданған шешімдер мен қол­ға алынған бастамалар өзі­нің өмір­шеңдігін көрсете отырып, қо­ға­мы­мыздың игілігіне айнала білді. Әсіресе қоғамды рухани келісімге үнде­ген, татулық пен береке-бірлігі­мізді арт­тыруға бағытталған сауатты да сали­қалы бастамалардың жөні бөлек.

Әйіп ЫСҚАҚ, биология ғылымдарының докторы, профессор

Нәсіптің көзі атакәсіпте

Халқымыз төрт түлік өсіруді атакәсіптің біріне, тіпті бірегейіне балаған. Тіршіліктің нәрі, көзі деп ұққан. Содан болар, ауыл адамдары амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасып жатады. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қаржы жүйесіндегі тарихи шешім

Алпауыт ел Америка Құрама Штат­тары­ның экономикасы қазіргі кезде өз жарасын өзі жалап жазатын көк­жал қасқырға ұқсайды. Ол өзінің осы қасиетінің арқасында жазылмастай сыр­қатқа шалдыққан қазіргі қаржы ка­питализмнің ғұмырын барынша ұзартып келеді. Бүгінгі күні бүкіл әлемге билігін жүргізіп отырған ка­пи­тализмнің басты тірегі бастапқы кезде осы формациялық құрылыс­тың отаны әрі таратушысы болға­нымен соңғы жылдары барынша әлеу­меттене бастаған Еуропа емес, нарық­тық жолға түсіп, жедел байып келе жатқанымен Конфуций қағидасы бойынша мемлекетті әке деп қабыл­дап, бүкіл халық үшін одан әкелік қам­қорлық талап ететін дана Қытай емес, корпоративтік рухты ту етіп көтерген еңбекшіл Жапония мен Оңтүстік-Шығыс Азияның елдері емес, нақ осы АҚШ-тың өзі болып отырғандығын біраз жұрт жақсы біледі.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Онлайндағы жұңғо жұрты

Қытай. Жан-жақтан ағылған адамдар мен көлік ағысы толас­тар емес. Бағдаршамның қызыл шамына тоқтаған көлікте отырып, жан-жағыңды бағдарлайсың. Сіз отырған көлікке жапсарласа, бірінен соң бірі жапырлап велосипед мінген жолаушылар сы­наласып тоқтап жатыр. Ал жол жүруге рұқсат берілгенде бей­не құмырс­қалар тəрізді өре жөнелген қос дөңгелекті көлік­ке отыр­ған­дардың шеруін көр­гендейсіз. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Кімді тұлға тұтамыз?

Баяғының жастарына «Мен өмір­ден өзімді іздеп жүрмін» деп сөйлеу тән болатын... Жақында Америкада оқып жүрген қазақ­стандық жас өреннің пікірін тыңдап көруге тура келді.

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу