Кертолғау мен Ойтолғау

Қазақтың зерделі ғалымдары мен жазушыларының арасында домбыра шертпейтіні некен-саяқ, мысалы Рахманқұл Бердібаев, Ақселеу Сейдімбек, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов тәуір күйшілер болған.
Егемен Қазақстан
24.03.2017 771

Қазіргі кезде де Өмірзақ Айтбаев, Төлен Әбдіков сияқты аға буын өкілдері қасиетті домбыраны қолдарынан тастаған емес. Ал енді түркітану ғылымында халықаралық беделге ие болған қазақтың белгілі ғалымы Мырзатай Жолдасбековтің домбыраны күмбірлете шертіп, өз жанынан күй шығаратын қабілетін зиялы орта болмаса, көпшілік біле қоймайды. Қазақтың күйшілік өнерін «шертпе, «төкпе» деп үлкен екі арнаға бөлетін болсақ, Мырзатай ағамыздың әуесі – шертпе, оның ішінде Сүгірдің үлгісі. Мырзатай ағамыздың қоңыр шертісінен әманда Қаратау күйінің сарыны есіп тұрады, қобызға етенелі дыбыстары Ықылас пен Сүгірден ауысқаны бірден сезіледі.

Қазіргі кезеңде Қаратау өңірінің әні мен күйін, сол топырақтан шыққан Сүгір күйші жөнінде көшелі сөз қозғай алатын, оның елі мен өскен ортасы, күйшілік дәргейін талдап-түсіндіре алатын бірден-бір адам – филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков. Көкірегі көмбе абыз аға Қаратаудың теріскейінде, қазіргі Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында туған. Жастайынан зымыстан заманның көп қиындығын бастан өткерсе де ұлтымыздың өлмес мұрасы – күй мен әнге ынталы болды, елгезек талабының арқасында домбыра мен сырнайды қатар игерді. Қарт Қаратау, Шу бойы, Сарысу аймағына, осы мекенге жайлауы мен суы ортақ болған жер жәннаты Жетісуға тән домбырашылық үлгіні бойы­на сіңіріп, өзі өскен ауыл-аймаққа «ақын бала» деген аты шықты. Жас кезінде Арқа мен Қаратауға аты шыққан Әйкен, Мәді, Боранқұл сияқты күй залқарларынан үлгі-өнеге көрді, шертпе күйдің сырлы сазымен ержетті. Кейінірек халық композиторы Төлеген Момбековпен ағалы-інілі, бауыр болып араласты. Кейін ат жалын тартып, ғылым теңізіне бойлаған кезінде Сүгір күйлерін жатық шертетін қабілетімен өз ортасына аты шығады. Қаратау күйлерінің дәстүрлі қағыстары, басар саусақтың пернедегі ізі мен ілмесін шебер меңгерген домбырашы болып толыса береді. Тасқа қашалып жазылған көне түркі жазуларын зерттеу жұмыстарымен айналыса бастағанда бейтаныс күйдің үзік сарындары тылсымнан құйылып, жүрегінен шыға бастағанын байқайды, бастапқыда жасқанады, жасырады. Тоныкөк, Білге қаған, Бұмын қағандардың жорық жырларын оқыған сайын жаны әсерленіп, жариясыз күйінің де сағасы өрлей түседі, қайырма қағысы ширатыла бастайды. Мырзатай ағаның өз жанынан күй шығаруының мәнәйі себебі осы еді.

Қай өнерпаз болсын, топырағына, сол топыраққа өнген бір түп жусанына тартпай тумайды, Мырзатай ағаның да сазы солай дамыды. Қазіргі кезде Қаратау дәстүрімен шығарған «Ойтолғау», «Қосбасар», «Азат Қосбасар» атты үш күйі бар. Әлбетте, күйлерінің жалпы өріс-аңысы Сүгірдің күйшілік мектебінен өрбиді, мысалы, оның «Ойтолғауы» музыкалық композициясы жағынан Сүгірдің «Кертолғауымен» мазмұндас. Сүгір «Кертолғауды» шертіп кер заманға налыса, Мырзатай «Ойтолғауды» толғап өткенге салауат айтады. «Ойтолғау» күйінің музыкалық табиғаты Ықылас пен Сүгірдің қоңыр күйлерінің («Назқоңыр», «Майдақоңыр», «Жолаушының жолды қоңыры») композициялық формасына келеді, кейде шертіліп, кейде төкпелетіп, домбыраның қабырғасын сөгілте жыр секілді «ыңғай төкпелейді». Мырзатай ағаның «Ойтолғауы» Сүгірдің тараулы «Кертолғауларының» жаңа замандағы жал­ғасы іспетті, бір ырғақпен шерте отырып, күй шиесіне (шырқау шегіне) келген­де да­уылдата тарту тәсілі де байырғы қара­тау­лық машық, домбыра күйлері модернге ұшыраған мына заманда халықтық өнер­дің классикалық төлтума қалпын сақ­та­ғаны, сақтай алғаны кімді болса да еріксіз таң­ғал­дырады.

Мырзатай ағаның «Қосбасарының» да сөйлер сөзі табиғаты жағынан Сүгірдің атышулы «Қосбасарымен» үндес. Бұл туындының шынай­ы­лығы шертісіне біткендей, заманы бөлек де­м­есеңіз екі күйдің де мұңы мен шемені бір. Мырзатай ағаның қолы­нан шыққан «Қосбасар» екі тараудан тұ­ра­ды, осы жер­де күйді нұсқалата, тараула­та тарту Қаратаудың байырғы дәстүрі еке­нін еске сала кеткеннің артығы болмас, күй авто­ры сол салтты бұлжытпай сақ­тауға бел буған секілді. Өз күйшілігі, орын­дау­шылық ерекшелігі әдеттегі біздің құ­лақ үй­ренген монтаны машықтан бөлек, қос ішек­ті құмықтыра сөйлетуі кейде Төлеген Мом­бековтің, кейде Боранқұл Қош­ма­ғамбетовтің қоңыр шертпелеріне ұқсаса кетеді. Күйдің бұғалығынан сағалығына өткенде бірде ілмелей, бірде желдірмелете төгілтеді. Осынау күйшілік қасиеттердің ар жағында Сүгірдің қобызсарынды «Наз­қоңырлары» мен қара өлеңге тарта жөне­ле­т­­­ін «Қаратау шертпелері» тұрғанын сезу бір бақыт. Мырзатай Жолдасбековтің Сүгір күй­ші туралы мынадай естелігі бар:

«Мен Сүгір Әліұлын үш рет көрген едім. Бала кезім еді, халық соғыстан кейінгі зо­ба­лаңнан қайта ес жия бастаған уақыт. Бір кү­ні біздің ауылға атақты Сүгір күйші келді. Қаратаудың теріскейі болған соң Созақпен біздің ел «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас», қатар-қоңсы қонатынбыз. Ел жиналды, күйшіге құрмет жасалды, төр ұсынылды, мал сойылды. Сүгір біздің елдің күйшісі Әйкенді жақсы көреді екен, «Әуелі Әйкен тартсын», деді. Әйкен ауылдың алтыбасарын бір-екі қайырған соң, сосынғы кезекті Сүгірге берді. Сүгірдің әсем шертісі көпшілікті әп-сәтте баурап алды. Күйлерін тарау-тарауымен тартып, арасында күйдің қалай шыққаны жөніндегі әңгімесін де айтып отырды. Сүгір шағын денелі қаршығадай кісі екен, күй тартқанда арқасы қозғандай болады екен. Бірақ болмысы басқа, мінезінде осы күнгі кейбір күйшілер сияқты жасанды қимыл жасау мүлде жоқ. Сол кеште қаққан қазықтай шөкелеп отырды да күйді төге берді, төге берді. Мен кейініректеу уақыттарда заманымыздың дүлдүл домбырашысы, Сүгірдің ізбасары Төлеген Момбековті де көп тыңдаған едім, аға-іні болып араласып едік. Сол Төлегеннің отырысы осы Сүгірдікіндей болатын.

Сүгірдің дыбысы, күй шерткендегі қағысының тазалығы, домбыраны сабаламайтын бекзаттығы жас болсам да жадымда қалыпты, домбырасы шешен, қызыл өріктен шабылған, формасы Арқаның домбырасы секілді шағын болатын. Бір күн мейман болған соң ертесіне ел жақсылары жол-жоралғысын жасап, Сүгірді еліне шығарып салды. Сүгірдің шертпесі маған қатты әсер етті, сарыны жылдар бойы санамда қалып қойды. Мен көрген күйшілердің ішіндегі ең құдіреттісі осы Сүгір еді» (сұхбат өз аузынан жазылып алынды. – Ж.Ж).

2016 жылы белгілі композитор Ілия Жақанов Мырзатай Жолдасбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Дүние шіркін» атты көлемді эссе-хикаясын жазды. Сол кітапта мынадай дерек баяндалады:

«...Мырзатай домбырадан көз айырмай:

– Төкпе күйдің қуаты секілді шертпе күйде де шабыт экстазы болады. Қара­ңыз­шы, сезімнің шалқуын, патетикаға қалай кө­те­реді, мен сол құдіреті зор Сүгірді көр­дім ғой, – деді өзінің сабырлы байсалды қал­пымен.

Мына сөзге елең еткен Фариза (Оңғар­сы­нова):

– Ә, сіз Сүгірді көре алдыңыз ба? – деді.

Мырзатай алабұрта толқыған күйі:

– Иә, – деді.

Фариза енді маған бұрылып:

– Сүгірді сіз жақсы білесіз, – деді жай ғана.

Мен бұл емеурінді түсіндім де, бала кезден естіп-білгенімді айттым.

– Сүгірдің мекені Созақ, ол біздің Сарысу ауданымен іргелес жатыр. Ата-тегіміз бір! Ұзын аққан Талас пен Шу дариясын тел емген елміз. Біздің үлкен кісілер Сүгірдің еліндегі Жабал, Құрақ, Барақ, Қызылқұрт, Бұзау Тама дейтін аталарды «төм­енгі ел» дейді. Сүгір мен қобызшы Жаппас осы Бұзау Тамадан тарайды. Сүгір біздің ауылға да келіп жүріпті, бірақ мен көре алғам жоқ. Үлкен кісілер Сүгір ауыл­да­ғы Сәдібек домбырашы екеуі алма-кезек күй тартты деп отыратын-ды. Асан қа­рия­ның ұлы Нұрғали әйдік домбырашы еді. Сү­гір­дің осы «Бозінген», «Ыңғайтөк» күй­ле­рін өзгеше бір кербез мінезбен шертуші еді.

Сөзге қайтадан Мырзатай араласты:

– Бәрі есімде, ұмытқам жоқ. Аулымызды «Ақтөбе» дейтін. Сүгір біздің ауылда бір жекжатына келіп жүрді. Сүгірдің бет-бейнесі, қаршығадай ғана қағылез келбеті, жып-жинақы порымы... домбыраны ұзақ бұрап, өзімен-өзі боп, дидары бірте-бірте нұрланып, күйдің бір тұсына келгенде көзін жұмып, тас мүсіндей қатуы, бәрі көз алдымда, – деді (Жақанов І. Дүние шіркін. (Эссе-элегия) – Астана. «Күлтегін» баспасы. 2016. 24-бет).

Мырзатай Жолдасбеков Сүгір мұрасының ізбасары ретінде Жаппас Қаламбаев пен Төлеген Момбековтің соңын ала көшке қосылған орта буынның өкілі, қазіргі кездегі Қаратау күйшілік мектебінің қасиетін сақтап қалған бірегей домбырашы. Мырзатай Жолдасбеков ғылым саласында жүрсе де, үлкен лауазымды қыз­метт­ер­де болса да қолынан қазақы сырнайы мен домбырасын ешқашан тастамаған өнер­лі тұлға. Өмірден өткен Нұрғиса Тілен­диев, Кенжебек Күмісбеков, Қаршыға Ахмедияров сияқты арыстармен араласты. Қазіргі кезде Шәміл Әбілтаев, Әбдімомын Желдібаев, Секен Тұрысбек секілді қазақ күйінің майталмандарымен тығыз шығармашылық байланыста, олардың өнеріне хал-қадерінше қолдау көрсетіп тұрады. Авторлық жеке күйтабағы шыққан, салт-дәстүр, ғибрат-насиет мазмұнымен жазған бірсыпыра танымал әндердің авторы. Өзіндік дара сазгерлігі арқылы Сүгір дәстүрін жалғастырып жүрген, қоңыр домбырашылығымен шертпе күй  төрінен өз орнын алған мәнерлі күйші. Оның төл туындылары кәсіби оқу бағдарламасына, күй жинақтарына енген, халық оркестрлері мен фольклор ансамбльдерінің репертуарларына да кіріп, тәуелсіз заманда туған рухани қазынамыздың қатарына қосылды.

Жанғали Жүзбай, күйші



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.06.2017

Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті

23.06.2017

Оңтүстікте 600-ден астам кооператив құрылады

23.06.2017

Медиа форум аясында сингапурлық ғалым кітабының тұсаукесері өтті

23.06.2017

Алматыда отандық суретшілердің көрмесі өтті

23.06.2017

«KAZ Minerals» Ана мен бала орталығына жаңа жабдықтар сыйлады

23.06.2017

Қазақ диаспорасы шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашу керек –Д.Қыдырәлі

23.06.2017

Бектас Бекназаров Франция Сенатының вице-президентімен кездесті

23.06.2017

"Самұрық-Қазына" қызметі Сантьяго принципіне сай

23.06.2017

Таэквондодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан Ұлттық құрамасының тізімі

23.06.2017

Шығыс Қазақстан полицейлеріне 101 автобус пен 140 автокөлік беріледі

23.06.2017

Кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев чемпиондық белдікке таласады

23.06.2017

Қарағандыда Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған шеру өтті

23.06.2017

Павлодарда 300-ге жуық полицей марапатталды

23.06.2017

ОҚО-ның 500 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр жарығына қол жеткізеді

23.06.2017

Елбасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы болып қайта сайланды

23.06.2017

Елбасы: Елге келем деген азаматтарға қауымдастық арқылы бар жағдай жасалуы керек

23.06.2017

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы (фото)

23.06.2017

Елбасы шетелдегі қазақтарды қолдау үшін "Отандастар" қорын құруды тапсырды

23.06.2017

Үкімет танымал қазақтардың электронды базасын жасайды

23.06.2017

Асыл қасиет сеңгірі

КОЛУМНИСТЕР

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Клай-фай жанры немесе әдебиеттегі табиғат апаттары

Бірер апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың қоршаған ортаны қорғауға қатысты Париж келісімінен шығамын деген еді. 2015 жылдың желтоқсан айында 194 мемлекет қол қойған Париж келісімі – ғаламдық жылыну процесін тежеуге арналған әрекеттер жоспары. Тараптар өздеріне климаттың өзгеруіне икемделу, техникамен қайта жасақтану, ауаға залалды заттардың шығарылуын азайту бойынша шаралар қабылдауға міндеттемелер алған болатын. АҚШ аталған келісімнен бас тартып отыр. Бір қуаныштысы, шығамын деген сәтте шыға салуға болмайды, бұл рәсім төрт жылға созылады екен. Осы жағдай есіме клай-фай жанрындағы әдебиетті түсірді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Үкілі үміт үдесі

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, Арқа төсіндегі ару Астанада жаһандық шара – ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірегеніне, міне, он күннің өрмегі ауды. Осы уақыт ішінде «Ұлттық жобаға» деген егемен елдің үкілеген үміті ақтала ма, Бүкіләлемдік жетіс­тіктер көрмесінің қос ғасырға тақау шежіресінде өткен көрмелер керуенінде «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің алар орны қандай дәрежеде болар екен деген сұрақтарға жауап іздеуіміз де заңды.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Жік пен жіп

Автобуста өзіңнен жасы үлкен адамға ұшып түрегеліп орын беру үшін кісіге соншалық көп ақылдың керегі жоқ-ау. Отбасында адам қан­дай тәрбие алса, көшеде, қоғамдық орындарда мұнысы тайға таңба басқан­дай көрініп тұрады емес пе? Бірақ қай ата-ана «автобуста көзіңді тас жұмып, құлаққабыңды киіп отыра бер» деп үйдегі баласының сана­сын бөтен оймен лайлайды дейсің. Соған қарағанда, адамның мәде­ниетті болмағы үйдегі алған тәрбиесіне қоса, «Тірлікте көп жаса­ғандықтан көрген бір тамашамыз» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айт­пақшы, әр адамның өмірден дұрыс сабақ түйіндей білуіне байланысты болса керек-ті. 

Қуат БОРАШ, журналист-публицист

Оралыңның барында оқы да біл

Халқымыздың бітім-болмысын бейнелейтін қазыналы қара өлеңдер топтамасын парақтап көріңізші. Даңғайыр даланың жусан исімен әтірленген жұпар  ауасы дауылпаз көңіліңізді аспандатып, еріксіз шабытыңыздың шоғын үрлейді.  

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қазақтың құты

Қазір қалада тұратын аға буын ұрпақтың басым көпшілігінің санасындағы, жалпы жан дүние­сін­дегі, ұғым-түсінігіндегі алтын бесік ауыл бейнесі бала­лық шақтың бал дәуренінде қа­лып­тасқан ғой. Содан да болар, қашанда көл көңілді қазақы мінездің, астың асыл-дәмдісін көпке сақтайтын дархан пейілдің, айтпай келетін қыдыр қонаққа қуанатын мырза бейілдің нұр шуағына малынып өстік десек те болады. Қарап отырсақ, осындай ақ-адал пейіл, көңілдің кеңдігі қазақтың құты екен-ау.

Пікірлер(0)

Пікір қосу