Көгілдір отын үшін күрес: көшбасшылық кімге бұйырады?

Ресейдің Еуропаға газ тасымалы саласындағы қазіргі саясаты Германия мен Түркия сияқты ірі мемлекеттерге арқа сүйеп, сол елдерді әрі ірі тұтынушы, әрі транзиттік серіктес ретінде пайдаланып, Еуропаға солтүстік және оңтүстік жолдармен газ жеткізуге бағытталған.
Егемен Қазақстан
31.03.2017 433

Балтық теңізі арқылы Гер­манияға шығатын «Солтүстік ағын» газ құбыры сәтті жүзеге асырылған соң, Ресей «Солтүстік ағын-2» жобасын қолға алды. Әр­қай­сысы шамамен 55 мил­лиард текше метрді құрайтын қос жоба­ның әлеуеті зор. 2016 жылы осы «Солтүстік ағын» газ құбыры арқылы Батысқа 43,8 мил­лиард текше метр газ жеткізілген. «Солтүстік ағын-2» мәселесінде Берлин әзірше Брюссельдің сая­сатына кереғар, бірақ өзі үшін тиімді саясат жүргізіп отыр. 2016  жылы ресейлік газ өндіруші алпауыт «Газпром» компаниясы Алманияға 50 млрд текше метр газ жеткізді.     

2007 жылдан бері Қара теңіз­дің астымен Болгария арқылы Еу­ропаға тікелей «Оңтүстік ағын» газ құбырын салу жобасы (жо­баның жалпы құны 40 млрд АҚШ доллары) саяси-заң­дық мәселелерге байланыс­ты Еуропа одағының қарсылығын туғызып, үлкен шығынға ұшыратқан жо­ба­ның құрылыс жұмыстары 2014 жыл соңында тоқтатылған еді. Еу­ропалық одақтың монополия­ға қарсы заңына («Үшінші энер­гетикалық пакет») сәйкес Еуропа аумағында газ өндіруші жақ пен газ құбырлары иесі бір тарап бола алмайды. Өйткені, энер­гетика саласы экономикамен қатар сыртқы саясатпен жә­не қауіпсіздікпен байланысты болғандықтан саяси дағдарыс туған жағдайда онсыз да газ са­тып алуда Ресейге тәуелді болып келген Еуропалық одақ қиын­шылыққа душар болмас үшін осындай тосқауыл қоюды дұрыс деп тапты.

2014 жылдың аяғында құны 40 млрд АҚШ долларына жақын «Оңтүстік ағын» жобасын «Түрік ағыны» құбырымен алмастыру туралы Ресеймен қатар, Түркия үшін де тиімді шешім қабылданды. Бұл жоба бойынша Ресей әрі газ сатушы, әрі газ жеткізуші тарап емес, Еуропа одағына кірмейтін Түркия арқылы Грекиядан Еуропаға газ жеткізетіндіктен «Үшінші энергетикалық пакет» ережелерін айналып өтуге тырысады.  2015 жылы аталған жоба екі ел мамандары тарапынан қызу талқыланғанымен, Ресей мен Түркия арасында туындаған саяси дағдарысқа байланысты 2016 жылдың ортасына дейін уақытша күн тәртібінен шығарылды.

Өткен жылдың қазан айында Ресей мен Түркия президенттері «Түрік ағыны» жобасын жүзеге асыру туралы екіжақты келісімге қол қойды. Жыл соңында Түркия Парламентінде және 2017 жылы Ресейдің Федерация кеңесінде мақұлданып, 7 ақпанда Ресей президенті В.Путин келісімді бекітетін құжатқа қол қойды. Құбыр құрылысы 2017 жылдың ортасында басталып, 2019 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

«Түрік ағыны» сәтсіз аяқ­тал­ған «Оңтүстік ағын» құбыр жолымен Ресейдің Анапа жерінен бас­талып, Түркияның су аумағы ар­қылы Кыйыкөй, Түркия-Гре­кия шекарасына жалғасып, әрі қа­рай Оңтүстік Еуропа елдеріне ба­ғытталуы тиіс. Ұзындығы 910 километрді құрайтын құ­быр­дың 660 километрінде бұрын­ғы «Оңтүстік ағын» жобасы­нан қалған инфрақұрылым мен жолдар пайдаланылады. Бас­тап­қыда «Түрік ағыны» үшін 63 млрд текше метр газ тасы­мал­дай­­тын төрт құбырдың құры­лы­сы жоспарланғанымен саяси-қаржылық ауыртпа­лық­тар­ға байланысты құбырлар саны екі есе қысқартылып, бір тар­мағы Түркияға, ал екіншісі Гре­кия, Балқан елдерін, одан әрі қарай «Посейдон» құбыры (ITGI) арқылы Италияның энерге­тикалық қажеттіліктерін қамта­ма­сыз ету көзделген.

Ресей тарапы жобаны жүзеге асыру мақсатында Италияның «Edison» және Грекияның «DEPA» компанияларымен келіссөздер жүргізді. Жалпы, «Газпромның» стратегияларында Грекияның орны мен рөлі айрықша екені рас. Әрине, Еуропалық одақ Грекия мен Италия сияқты мүше елдердің дербес энергетикалық саясат жүргізгенін қаламайды.

Әзірше әрбірі 15,75 млрд текше метр газ өткізетін және әрқайсының құны 5-6 млрд еуро болатын қатарлас қос құбырдың салынуы жоспарлануда. 

Жуырда «Газпром» Швецияның «Allseas» компаниясымен бірінші кезекте «Солтүстік ағын 2» және «Түрік ағыны» жобаларының әрқайсысы үшін екі құбыр салу туралы келісімге қол қойды. Десек те, Еуропа одағы тарапынан «Түрік ағыны» жобасына қатысты қазірге дейін кепілдік, не болмаса рұқсат берілмеді. Бұған қарамастан Батыстың санкциялары салдарынан экономикасы зардап шеккен Ресей жобаның Түркияға бағытталған бірінші тармағын салуды бастай бермек. «Газпром» құбырдың екінші тармағын Еуропа кепілдік берген соң ғана бастамақ. Түрік саясаттанушысы Керим Хастың пікірінше, «Түрік ағыны» Ресей тұрғысынан Еуропаға газ жеткізу жолдарын әртараптандыруда және Еуропа газ нарығындағы мығым орнын ұзақ мерзімде сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, Ресей Еуропаның энергетика нарығындағы ұстанымын күшейту және транзит елдерді ауыстыру мақсатында осындай икемділікке барып отыр.

2016 жылы «Газпромның» шетелге шығарған газ экспорты 12,5 пайызға өсіп, 180 млрд текше метрді құрап, 2016 жылы Еуропаға газ экспорты нарығындағы үлесі 33,5 пайыз болды. Дегенмен, газдың құны мұнай бағасына байланысты болғандықтан кіріс көлемі бұрынғыдай өсе қоймады. Еуропаның газға деген сұранысы 2016 жылы 6 пайызға өсіп, 447 млрд текше метрге жеткен (Eurogas). Энергетикалық даму қоры директоры Сергей Пикиннің ойынша Еуропа жыл өткен сайын газ тұтыну деңгейін азайтып келеді. «Газпром» 2030 жылға таман Еуропаға 212 млрд текше метр газ тасымалдауды жоспарлауда. 2016 жылдың басында 1 мың текше метр Ресей газының құны 200 АҚШ доллары болса, ал, жыл соңында 180 АҚШ долларына түскен.  Еуропа одағы «Газпром» және тағы басқа ресейлік компанияларға қарсы санкциялар енгізу арқылы қаржы, технология және өндіріс салаларында бірқатар шектеулер жасап келді. Өйткені, Еуропаның бірлескен энергетикалық саясаты Ресейден экспортталатын табиғи газға шектен тыс тәуелді болудың алдын алып, келешекте бірінші кезекте, Каспий аймағы, Таяу Шығыс пен Жерорта теңізінен құбырлар және кемелермен жеткізілетін балама мүмкіндіктерді ашық қалдырады.

«Түрік ағыны» газ құбырының өткізу қабілеті 31,5 млрд текше метр екенін ескергенде, Ресейдің шетелге газ экспортындағы үлесі шамамен 17,5-20 пайызды құрайтын болады. Түркияның Ресейге энергетика саласындағы тәуелділігі 28 млрд текше метрді, яғни шамамен 55 пайызды құрайды. Кейбір түрік сарапшыларының пікірінше, аталған жоба нәтижесінде Түркияның Ресейге энергетикалық тәуелділігі арта түседі. Дегенмен, «Түрік ағыны» жобасы Түркияға энергетикалық ұсыныстың артып, газ бағасының төмендеуіне алып келуі мүмкін. Ресейдің Түркияға газ экспорты Қара теңіздің астынан өтетін 16 млрд текше метрге дейін газ тасымалдауға қабілетті «Көгілдір ағын» құбыры және 14 млрд текше метр газ тасымалдайтын Транс-Балқан құбыры (Украина-Молдова-Румыния-Болгария-Түркия) арқылы жүзеге асырылуда. Түркия мен Ресей «Түрік ағыны» жобасының екінші тармағы үшін рұқсат алған жағдайда аталған Транс-Балқан құбырын кері бағытта Еуропаға қарай алмастыруы ықтимал. Яғни, Түркия газды тікелей Қара теңіз арқылы Ресейден алатын болып, газ бағасы арзандайды. Еуропа рұқсат бермеген жағдайда, құбырдың екінші тармағы Түркияның қосымша энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуі мүмкін.

Жалпы, Түркияның энергетикалық саясаты солтүстік, шығыс пен оңтүстіктен әртүрлі жолдармен тасымалданатын газ бен мұнай экспортын өз аумағы арқылы өткізіп, Еуропа елдеріне тасымалдайтын аймақаралық орталыққа, транзит пен алып-сатудан ірі пайда табатын халықаралық хабқа айналуды көздестіреді. Біріккен Араб Әмірліктерінің «FARAS» болашақты зерттеу орталығының сараптамасына сәйкес, Түркия 2025 жылға дейін «Түрік ағыны» жобасынан басқа 7 халықаралық энергетикалық құбыр жүйесі өтетін әлемдік деңгейдегі энергетикалық орталық болуды қалайды. Яғни, Түркия қарапайым транзит ел болғысы келмейді.

Халықаралық энергетика экономикалық одағының (IAEE) басшысы Гүркан Кумбароғлу «Түрік ағыны» жобасы Түркияның ұстанымы мен рөлін күшейте түсетінін алға тартады. Егер аталған жоба жүзеге асырылған жағдайда Түркия Ресей мен Еуропа одағы арасында дәнекер елге айналып, газ бағасына ықпал ете алатын ел атануы ықтимал. Келешекте Түркия арқылы өтетін Әзербайжан, Иран, Ирак, Түрікменстан газ экспортының арту мүмкіндігі ескерілген жағдайда Түркия әлемдік газ экспортаушы елдер мен Еуропа арасында ірі саудагер елге айналуы мүмкін. Бұған қоса Иран жағы да алдағы жылдарда Түркия арқылы Еуропаға жыл сайын 35 млрд текше метр газ жеткізу ниетін білдіріп отыр. Одан бұрын Каспийдің Әзербайжан газын 2018 жылы Түркияға (6 млрд текше метр) және 2020 жылы Еуропа одағына (10 млрд текше метр) жеткізуді көздейтін және 2018 жылы салынып бітетін «Транс-Анатолиялық газ құбыры» (TANAP) жобасының жұмыстары да жедел түрде жүргізілуде. Жобаның құны 7-10 млрд АҚШ долларын құрап отыр.

Осылайша, Еуропа 2020 жылға таман алғашқы Каспий газының пайдасын көретін болады. Әзербайжан Түркия, Грекия және басқа Еуропа елдерімен бірге «Оңтүстік Кавказ газ құбыры», TANAP және әрі қарай TAP («Nabucco» жобасының орнына ұсынылған «Транс-Адриатикалық газ құбыры» жобасы) үлкен жобаларына қаражат салып, «Оңтүстік газ құбырлары» жүйесін жүзеге асырып отыр. TANAP жобасы арқылы 2020 жылға таман 31 млрд текше метр газ тасымалдап, оның 25 млрд текше метрін Еуропаға жеткізу стратегиясы Әзербайжанның әлемдік газ нарығындағы рөлін арттыра түседі.

Жалпы құны 45 млрд АҚШ долларына жақын TAP жобасы 2018-2019 жылдарда салына бастайды және Әзербайжан газын Еуропаға жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда. Еуропа бұл құбыр арқылы алдағы кезеңде Түрікмен және Ирак газын да импорттауға қарсы емес. «Түрік ағыны» жобасы және Оңтүстік газ дәлізінің жалғасы есептелетін «Транс-Адриатикалық газ құбыры» (TAP) жобасы Түркия мен Грекия шекарасына жақын аймақтан өту мүмкіндігі екі жобаның бағыты тұрғысынан бәсекелестігі туралы әңгімелер тудырғаны рас. Екі жоба Еуропаға газ жеткізу көлемі жағынан қазіргі таңда бәсекелес емес деп топшылауға болады.

Әзербайжан TANAP жобасын дамыту арқылы Еуропа нарығына шыға алатын Каспий аймағының жалғыз газ экспорттаушысы болмақ. Әзербайжан саясаттанушысы Илгар Гурбанов Әзербайжанның мақсаты 2025 жылға дейін Еуропаға бағытталған газ құбырларын салу жұмыстарын тезірек аяқтау екенін айтады. Қалай десек те, 2020 жылдан кейін Еуропа нарығына әртүрлі жобалар шеңберінде газ ұсыныстарының көбейетіні анық. Тіпті әлемдік газ нарықтарынан алыста орналасқан Мысыр, Израиль және Өзбекстан сияқты елдер де келешекте Еуропаға газ сатудан дәмелі болып отыр. Ұсыныстардың артуы Еуропа және әлемдік нарықтардағы газ бағасының арзандауына алып келуі мүмкін.

Әрине, TANAP және «Түрік ағыны» жобаларының жақын нарықтарды көздеуі, алдағы кезеңдерде энергетикалық ұсыныстардың арту мүмкіндіктері Анкараның қазірден бастап ұқыпты энергетикалық дипломатия жүргізіп, барлық тараптардың мүдделері мен талаптарын ескеруін қажет етеді. «Түрік ағыны» жобасы Ресей мен Түркияның саяси қарым-қатынастарын тұрақтандырумен қатар қос тарапты жақындастырып, алдағы жылдарда екіжақты ынтымақтастыққа міндеттейді. Десек те, «Түрік ағыны» жобасының келешегі Еуропа одағы мен Ресейдің қарым-қатынастарының реттелуіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ

саясаттанушы



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.06.2017

Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті

23.06.2017

Оңтүстікте 600-ден астам кооператив құрылады

23.06.2017

Медиа форум аясында сингапурлық ғалым кітабының тұсаукесері өтті

23.06.2017

Алматыда отандық суретшілердің көрмесі өтті

23.06.2017

«KAZ Minerals» Ана мен бала орталығына жаңа жабдықтар сыйлады

23.06.2017

Қазақ диаспорасы шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашу керек –Д.Қыдырәлі

23.06.2017

Бектас Бекназаров Франция Сенатының вице-президентімен кездесті

23.06.2017

"Самұрық-Қазына" қызметі Сантьяго принципіне сай

23.06.2017

Таэквондодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан Ұлттық құрамасының тізімі

23.06.2017

Шығыс Қазақстан полицейлеріне 101 автобус пен 140 автокөлік беріледі

23.06.2017

Кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев чемпиондық белдікке таласады

23.06.2017

Қарағандыда Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған шеру өтті

23.06.2017

Павлодарда 300-ге жуық полицей марапатталды

23.06.2017

ОҚО-ның 500 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр жарығына қол жеткізеді

23.06.2017

Елбасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы болып қайта сайланды

23.06.2017

Елбасы: Елге келем деген азаматтарға қауымдастық арқылы бар жағдай жасалуы керек

23.06.2017

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы (фото)

23.06.2017

Елбасы шетелдегі қазақтарды қолдау үшін "Отандастар" қорын құруды тапсырды

23.06.2017

Үкімет танымал қазақтардың электронды базасын жасайды

23.06.2017

Асыл қасиет сеңгірі

КОЛУМНИСТЕР

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Клай-фай жанры немесе әдебиеттегі табиғат апаттары

Бірер апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың қоршаған ортаны қорғауға қатысты Париж келісімінен шығамын деген еді. 2015 жылдың желтоқсан айында 194 мемлекет қол қойған Париж келісімі – ғаламдық жылыну процесін тежеуге арналған әрекеттер жоспары. Тараптар өздеріне климаттың өзгеруіне икемделу, техникамен қайта жасақтану, ауаға залалды заттардың шығарылуын азайту бойынша шаралар қабылдауға міндеттемелер алған болатын. АҚШ аталған келісімнен бас тартып отыр. Бір қуаныштысы, шығамын деген сәтте шыға салуға болмайды, бұл рәсім төрт жылға созылады екен. Осы жағдай есіме клай-фай жанрындағы әдебиетті түсірді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Үкілі үміт үдесі

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, Арқа төсіндегі ару Астанада жаһандық шара – ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірегеніне, міне, он күннің өрмегі ауды. Осы уақыт ішінде «Ұлттық жобаға» деген егемен елдің үкілеген үміті ақтала ма, Бүкіләлемдік жетіс­тіктер көрмесінің қос ғасырға тақау шежіресінде өткен көрмелер керуенінде «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің алар орны қандай дәрежеде болар екен деген сұрақтарға жауап іздеуіміз де заңды.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Жік пен жіп

Автобуста өзіңнен жасы үлкен адамға ұшып түрегеліп орын беру үшін кісіге соншалық көп ақылдың керегі жоқ-ау. Отбасында адам қан­дай тәрбие алса, көшеде, қоғамдық орындарда мұнысы тайға таңба басқан­дай көрініп тұрады емес пе? Бірақ қай ата-ана «автобуста көзіңді тас жұмып, құлаққабыңды киіп отыра бер» деп үйдегі баласының сана­сын бөтен оймен лайлайды дейсің. Соған қарағанда, адамның мәде­ниетті болмағы үйдегі алған тәрбиесіне қоса, «Тірлікте көп жаса­ғандықтан көрген бір тамашамыз» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айт­пақшы, әр адамның өмірден дұрыс сабақ түйіндей білуіне байланысты болса керек-ті. 

Қуат БОРАШ, журналист-публицист

Оралыңның барында оқы да біл

Халқымыздың бітім-болмысын бейнелейтін қазыналы қара өлеңдер топтамасын парақтап көріңізші. Даңғайыр даланың жусан исімен әтірленген жұпар  ауасы дауылпаз көңіліңізді аспандатып, еріксіз шабытыңыздың шоғын үрлейді.  

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қазақтың құты

Қазір қалада тұратын аға буын ұрпақтың басым көпшілігінің санасындағы, жалпы жан дүние­сін­дегі, ұғым-түсінігіндегі алтын бесік ауыл бейнесі бала­лық шақтың бал дәуренінде қа­лып­тасқан ғой. Содан да болар, қашанда көл көңілді қазақы мінездің, астың асыл-дәмдісін көпке сақтайтын дархан пейілдің, айтпай келетін қыдыр қонаққа қуанатын мырза бейілдің нұр шуағына малынып өстік десек те болады. Қарап отырсақ, осындай ақ-адал пейіл, көңілдің кеңдігі қазақтың құты екен-ау.

Пікірлер(0)

Пікір қосу