Көп күткен кітаптің тұсауы кесілді

Бүгін Ұлттық Академиялық кітапханада «ҚАЗАҚ КИНОСЫ: кеше және бүгін» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Авторы – Қазақ Ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Назира Рахманқызы.
Егемен Қазақстан
30.03.2017 935

Шыны керек, анау «Амангелді» фильмінен бастау алып бүгінге жеткен қазақ киносы не бір бұралаң жолдарды бастан өткеріп келеді. Қаншама биікті бағындырды, қаншама талантты танытты. Деседе, жүре түзеліп келе жатқан осы көштің шаруасы әлі де шаш-етектен. Соның бірі, қазақ киносының тарихы мен теориясы туралы қазақша жазылған еңбектердің аздығы еді. Бұл кітап сол бір олқы тұсқа қосылған қомақты қазына болды.

Кітапқа енген зерттеулер, мақалалар, рецензиялар мен сұхбаттарда қазақ деректі киносы, көркемсуретті фильмдер, сценарий, бүгінгі жастар киносы, кинофестивальдер, отандық кино өнеріндегі өзекті мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген өзекті тақырыптар арқау болған. Кітаптың негізгі құрылымы «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады. Кітап автордың жеке қаражатымен жарық көріп отыр.

Шараға Астанадағы зиялы қауым өкілдері мен өнер саласының майталмандары және жас өскін студенттер қатысып, мұндай еңбектің аса қажеттілігі жайында кеңінен сөз қозғады. «Киноның зерттеушілері, сыншылары болмай, кинобасылым болмай оның биік белесті бағындыруы қиын шаруа. Өкінішке қарай, біз бұл жағынан әлі жұтаңбыз. Бұл сала әсіресе, қазақша материалдар жағынан кедей. Ал, мына кітап маған қазақ киносы тарихының деректі репортажы секілді әсер етті», дейді белгілі кинорежиссер Сламбек Тәуекел. «Қазақ киносы туралы жазып жүрген мамандар бар ғой, бірақ қазақша ойлап, қазақша жазып, оның проблемаларын қазақ тілді ортада көтеріп жүрген кәсібіи мамандарымыз азшылық екені айтпасақ та түсінікті. Нәзира солардың бірі. Бұл енді киносүйер қауым мен ізденуші студенттерге таптырмайтын құрал болды» деді белгілі режиссер Талғат Теменов. Өз кезегінде Қазақ Ұлттық өнер университеті «Театр, кино және ТД» факультетінің деканы, режиссер Сәулебек Асылхан авторға шәкірт тәрбиелеумен қатар университеттің түрлі іс-қағаздаздарына араласа жүріп осыншама еңбек тындырғанына ризашылығын жеткізді және студенттерді еңбексүйгіштікке шақырды.

Шындығында соңғы 25 жылда қазақ тілінде шыққан кітаптар тым аз екен. «Қазақ киносының тарихы» атты оқулықтан өзге Мәжит Бегалин, Шәкен Аймановтар туралы естеліктер жинағы, Сатыбалды Нарымбетовтің жақында жарық көрген «көзімнің қарасы» сынды санаулы кітаптарды ғана есімізге түсіре алдық. Ал, Нәзира Рахманқызының еңбектері сол санаулылар сапында. 

Ол Қазақстан деректі киносының негізін қалаушылардың бірі, кинорежиссер Ораз Әбішевтің шығармашылығы туралы «Кинорежиссер Ораз Әбішев», «Ораз Әбішев» атты кітаптардың, «Қазақ киносының тарихы» оқулығындағы «Қазақ деректі киносы» бөлімінің, «История искусств Казахстана» атты екі томдық кітаптағы «Қазақ киносының тарихы» бөлімінің авторы. Кино өнері туралы 100-ге жуық мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар мен зерттеулердің авторы. 

Төменде енді ғана тұсауы кесіліп, буы бұрқырап тұрған «ҚАЗАҚ КИНОСЫ: кеше және бүгін» кітабынан үзінділер ұсынғанды жөн санадық

Шәкен Айманов фильмдеріндегі көркемдік тартыс 

Шын мәнінде, «Бір ауданда» фильмі – өте мұңды шығарма. Бұл Баяновтың сыртқы келбетінен, көңіл-күйінен, ауданды аралап, әрқилы адамдармен кездесу сәттерінен байқалады. Тіпті, асықпай жасалған панорама арқылы түсірілген тау мен даланың өзі кейіпкердің өміріндегі аса бір қымбат дүниемен қоштасып тұрғандай әсер қалдырады.

Осы тұста «Шоқан Уәлиханов» фильмінің соңындағы тау мен дала көріністері еске түседі. Мұнда да Шоқан олармен өзінің жан дүниесіндегі, дүниетанымындағы ең бір қимас асылымен қоштасып тұрғандай әсер қалдырады. Фильмде Шоқан көз тіккен тау мен дала көріністері өте мұңды кейіпте беріледі. Себебі, орыс патшасының «аяғы» жетіп үлгерген қазақтың кең даласы мен таулары біртіндеп еркіндігінен айырылып барады. «Бір ауданда» фильміндегі тау мен дала көріністері де дәл осылай оқылады. 

Аймановтың фильмдеріндегі көркемдік тартысқа үңіле отырып, ең басты көзіміз жеткені: режиссердің қай шығармасында болса да, оның негізіне салынған көркемдік тартыстың бір жағында үнемі ұлттық құндылықтар мен дүниетанымды қорғау, дәріптеу жолындағы күрес тұрады. Ол шығармалардың қан тамырында ұлттық бояу мен нақыш, ұлттық болмыс пен мінез-құлықтың мәңгілік орын алатыны да сондықтан. Шәкен Айманов фильмдерінің өміршеңдігі де осында...

Әкім Тарази прозасының кинематографиялық табиғаты

Жалпы, қазақ жазушыларының шығармаларын кинематограф тұрғысынан талдау бұрындары ешбір жұмыста кездеспегенді. Осы мақалада белгілі жазушы, драматург, «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «қараш-Қараш оқиғасы» сияқты классикалық фильмдердің сценарийінің авторы Әкім Тарази прозасы осы кинематограф тұрғысынан талданады. Мысалы, «Ақбердінің ауласы» повесінде туннельге қарай зымырап жақындап келе жатқан пойыздың үстіндегі Жәділдің бойын тіп-тік ұстаған бойы өмірмен қош айтысқан тұсы былай суреттеледі: «...Түзу тұрды да, көздерін кектене ашып, өзіне зымырай жақындап келе жатқан Тескентаудың қара үңгіріне қуана қарады, қасқая қарады. – Осы дұрыс! – деді. Айқайлап, ышқынып айтты. Әппақ болып жарқыраған Алатау пирамидалары, тау етегінде бұғып жатқан жап-жасыл қала Асатал шоршып-шоршып барып төңкеріле құлады. Құлдырай құлады...». 

Алдымен Жәділдің түп-түзу болып тұрған денесін (алыстау планда), сонан кейін айқара ашылған көздерін (ірі планда) көреміз. Камераның «көзі» енді зымырап жақындап келе жатқан туннельге «қарайды», одан соң ірі пландағы Жәділге қайта оралады («Осы дұрыс!» деп ышқына айқайлайды). Сонан кейін оқырманның сана экранында бірден Алатаудың қатпарлары, тау етегіндегі Асатал қаласы төңкеріліп ала жөнеледі. Жазушы Жәділдің басының туннельдің маңдайшасына тиіп, жұлынып кеткен тұсын ұзын сонар тәптіштеп баяндап жатпайды, бір-ақ сөйлеммен, тау мен қаланың төңкерілгені арқылы суреттейді. Оқырман көз алдында қала мен таудың қалай төңкерілгеніне дейін, яғни алдымен «шоршып-шоршып», сонан соң «төңкеріле», одан кейін ғана төмен қарай «құлдырай құлағанын» анық көреді. Байқасаңыз, камераның төңкеріле түсіргендегі жұмыс тәсілі де, қимыл-қозғалысы да нақты көрсетіледі... 

Сатыбалды Нарымбетовтың прозасы һәм фильмдері

Сатыбалды Нарымбетовтің кинематографтағы бүкіл шығармашылығы кеңес үкіметі жылдарындағы қазақтың тағдырымен тығыз байланысты. Бұл тақырып жазушы Сатыбалды Нарымбетовтің прозалық шығармаларының – «Айғай», «Фантом-дерт», «Созақтан шыққан Гамлет», т.б. повестерінің басты діңгегіне айналады. «Созақтан шыққан Гамлет» повесі бойынша кейін «Созақтан шыққан Гамлет» (1990), «Ассалаумағаләйкүм, Атлантида» повесі бойынша «Көзімнің қарасы» (1994) фильмдері түсіріледі. Тіпті, көптеген фильмдерінің негізіне повесть немесе әңгімелері тұтасымен алынбаса да, олардың кейбір эпизодтары, кейіпкерлері мен тақырыбы, детальдар, т.б. көрініс табуы мүмкін. Мысалы, «Омпа» фильмінен «Фантом-дерттегі» «адасқан ұрпақтың» тағдыры мен «Ассалаумағаләйкүм, Атлантида» повесіндегі Атлантидасын іздеген кейіпкерлерін көреміз. Сондықтан, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің әлемін түсініп, ұғыну үшін, ең алдымен оның прозалық шығармаларына назар аударуды жөн деп санадық. Өйткені, режиссерлік қолтаңбасының негізгі дәні де, нәрі де осы прозалық шығармаларында жатыр...

Фотосурет және деректі фильм

Фотосуретте бейнеленген уақыттың ешқашан ізі жоғалмайтыны белгілі. Фильмнің көркемдік құрылымындағы бір ғана кадрдың, бір ғана фотосуреттің әсері кейде орасан зор болуы мүмкін. Сондай-ақ, фотосуреттегі бір адамның бейнесі тұтас бір кезеңнің белгісін білдіретін әлеуеттік күші бар екені даусыз. Әрине, фотосуреттің эмоционалдық әсері фильм тақырыбының аясында ашылып, оның мазмұндық тереңдігінен туындайды. Мысалы, режиссер Қалила Омаровтың «Алаш-Орда» атты деректі фильмінде (сц. авт. Болат Мүрсәлім, 2008) Алаш партиясы, оның мүшелерінің тағдыры туралы сұхбаттар, мұрағаттан алынған құжаттар өте көп қолданылады. Алайда, осыншама көп құжаттың, мол мағлұматтың ішінде ерекше көзге түсетіні және өте әсер ететіні де – Ахмет Байтұрсыновтың ату жазасы алдында түсірілген фотосуреті. Әбден қажыған, жанарынан мұң ұшқындаған Ахмет Байтұрсыновтың бір ғана фотосуретінде жеке тұлғаның ғана емес, халықтың, елдің, тұтас бір кезеңнің трагедиясы көрініс табады. Осы фотосурет түсірілген кездегі оқиғалардан қалған бейнетаспалар жоқ. Бірақ, фильмнің құрылымындағы Ахмет Байтұрсыновтың фотосуреті арқылы көрермен «халық жауы» деген айып тағылып, түрмеде отырған тарихи тұлғалардың жағдайы қалай болғанын іштей сезеді. А. Байтұрсыновтың фотосуреттегі сыртқы келбеті жаңағы сезімді растайтын маңызды құжат ретінде қызмет атқарады. Олай болса, фотосурет «Алаш-Орда» фильмінің көркемдік құрылымында екі түрлі қызмет атқарады: біріншісі – 1930 жылдардағы елдегі оқиғалардың куәсі болса, екіншіден – көрермен тарапынан үлкен эмоционалдық сезім тудырады.

Қазақ киносындағы әке бейнесі

1964 жылы экранға шыққан «Тұлпардың ізі» фильміндегі Кәукен Кенжетаев сомдаған әке бейнесімен рухани үндес тағы бір кейіпкер бар. Ол – «Гаухартас» фильміндегі (1975) әкенің бейнесі. «Тұлпардың ізіндегі» Танабай сияқты бұл фильмнің де кейіпкері – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ата-баба заңымен өмір сүретін жан. Екеуі де ұлттық дүниетанымдағы отбасы институтының заңдылықтарына жүгінген, рухы мықты кейіпкерлер. Мысалы, «Гаухартас» фильміндегі бір көріністе әкесі үлкен ұлы Тастанмен (Әнуар Боранбаев) сөйлесіп болған соң, қасына кенжесін шақырады. Алдында ғана тұрып кеткен Тастанның орнына жайғаса берген кіші ұлына әкесі жақтырмай қарайды. Әкесінің қабағын түсіне қойған кішісі оның сол жағына келіп отырады. Бір қарағанда, аса назар аударарлық көрініс емес сияқты. Бірақ, кішісінің үлкен ұлының орнына жайғасуын жақтырмауының өзінде ұлттық дүниетанымдағы отбасы институтының қалтқысыз заңын көреміз. Яғни, әкенің оң жағында (төрде) үлкені, ал сол жағында (одан төмен) кішісі отыруының өзінде сыйластық, мәдениет, үйлесім жатыр. Бір сөзбен айтқанда, кіші ұл алдындағы ағасының орнын сыйлауы керек. Ал оны түсіну үшін әкенің бір ғана көзқарасы мен қабағы жетіп жатыр.... 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.06.2017

Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті

23.06.2017

Оңтүстікте 600-ден астам кооператив құрылады

23.06.2017

Медиа форум аясында сингапурлық ғалым кітабының тұсаукесері өтті

23.06.2017

Алматыда отандық суретшілердің көрмесі өтті

23.06.2017

«KAZ Minerals» Ана мен бала орталығына жаңа жабдықтар сыйлады

23.06.2017

Қазақ диаспорасы шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашу керек –Д.Қыдырәлі

23.06.2017

Бектас Бекназаров Франция Сенатының вице-президентімен кездесті

23.06.2017

"Самұрық-Қазына" қызметі Сантьяго принципіне сай

23.06.2017

Таэквондодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан Ұлттық құрамасының тізімі

23.06.2017

Шығыс Қазақстан полицейлеріне 101 автобус пен 140 автокөлік беріледі

23.06.2017

Кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев чемпиондық белдікке таласады

23.06.2017

Қарағандыда Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған шеру өтті

23.06.2017

Павлодарда 300-ге жуық полицей марапатталды

23.06.2017

ОҚО-ның 500 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр жарығына қол жеткізеді

23.06.2017

Елбасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы болып қайта сайланды

23.06.2017

Елбасы: Елге келем деген азаматтарға қауымдастық арқылы бар жағдай жасалуы керек

23.06.2017

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы (фото)

23.06.2017

Елбасы шетелдегі қазақтарды қолдау үшін "Отандастар" қорын құруды тапсырды

23.06.2017

Үкімет танымал қазақтардың электронды базасын жасайды

23.06.2017

Асыл қасиет сеңгірі

КОЛУМНИСТЕР

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Клай-фай жанры немесе әдебиеттегі табиғат апаттары

Бірер апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың қоршаған ортаны қорғауға қатысты Париж келісімінен шығамын деген еді. 2015 жылдың желтоқсан айында 194 мемлекет қол қойған Париж келісімі – ғаламдық жылыну процесін тежеуге арналған әрекеттер жоспары. Тараптар өздеріне климаттың өзгеруіне икемделу, техникамен қайта жасақтану, ауаға залалды заттардың шығарылуын азайту бойынша шаралар қабылдауға міндеттемелер алған болатын. АҚШ аталған келісімнен бас тартып отыр. Бір қуаныштысы, шығамын деген сәтте шыға салуға болмайды, бұл рәсім төрт жылға созылады екен. Осы жағдай есіме клай-фай жанрындағы әдебиетті түсірді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Үкілі үміт үдесі

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, Арқа төсіндегі ару Астанада жаһандық шара – ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірегеніне, міне, он күннің өрмегі ауды. Осы уақыт ішінде «Ұлттық жобаға» деген егемен елдің үкілеген үміті ақтала ма, Бүкіләлемдік жетіс­тіктер көрмесінің қос ғасырға тақау шежіресінде өткен көрмелер керуенінде «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің алар орны қандай дәрежеде болар екен деген сұрақтарға жауап іздеуіміз де заңды.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Жік пен жіп

Автобуста өзіңнен жасы үлкен адамға ұшып түрегеліп орын беру үшін кісіге соншалық көп ақылдың керегі жоқ-ау. Отбасында адам қан­дай тәрбие алса, көшеде, қоғамдық орындарда мұнысы тайға таңба басқан­дай көрініп тұрады емес пе? Бірақ қай ата-ана «автобуста көзіңді тас жұмып, құлаққабыңды киіп отыра бер» деп үйдегі баласының сана­сын бөтен оймен лайлайды дейсің. Соған қарағанда, адамның мәде­ниетті болмағы үйдегі алған тәрбиесіне қоса, «Тірлікте көп жаса­ғандықтан көрген бір тамашамыз» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айт­пақшы, әр адамның өмірден дұрыс сабақ түйіндей білуіне байланысты болса керек-ті. 

Қуат БОРАШ, журналист-публицист

Оралыңның барында оқы да біл

Халқымыздың бітім-болмысын бейнелейтін қазыналы қара өлеңдер топтамасын парақтап көріңізші. Даңғайыр даланың жусан исімен әтірленген жұпар  ауасы дауылпаз көңіліңізді аспандатып, еріксіз шабытыңыздың шоғын үрлейді.  

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қазақтың құты

Қазір қалада тұратын аға буын ұрпақтың басым көпшілігінің санасындағы, жалпы жан дүние­сін­дегі, ұғым-түсінігіндегі алтын бесік ауыл бейнесі бала­лық шақтың бал дәуренінде қа­лып­тасқан ғой. Содан да болар, қашанда көл көңілді қазақы мінездің, астың асыл-дәмдісін көпке сақтайтын дархан пейілдің, айтпай келетін қыдыр қонаққа қуанатын мырза бейілдің нұр шуағына малынып өстік десек те болады. Қарап отырсақ, осындай ақ-адал пейіл, көңілдің кеңдігі қазақтың құты екен-ау.

Пікірлер(0)

Пікір қосу