Күндерімнің куәсі

(Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің күнделік дәптерінен)
Егемен Қазақстан
12.04.2017 977

28.02.2013

Рим Папасы Бенедикт ХХVІ бүгін Рим уақыты бойынша кешкі сағат 20-да тақтан түсті. Ватикандағы билік ба­сындағылардың бәрі де қызметтен кет­ті. Сағат 20-да Ватиканды күзеткен швейцариялықтар іштен шығып, қақ­па жабылып, қорғауды полицейлер қабылдады. Папа сағ. 19:00-де Ва­ти­канда кардиналдармен қоштасып, алаң­ға шығып, аппақ киімімен ап­пақ тікұшаққа отырып, Римнің тү­бін­дегі 30 шақырым жердегі жаздық ре­зи­денцияға келіп қонды. Онда бар бол­ға­ны 2,5 мың кісі тұрады екен. Бәрі жи­налып Папаны күтті. Папа балконға шығып, оларға құрмет көрсетті.

Папа осында үш айдай тұрады екен. Ватикандағы монастырдағы үйін жөн­деп болғаннан кейін қалған өмірін мо­настырда өткізеді. Қоштасқан сө­зін­де Папа:

– Мен енді понтифик (әулие) емес­пін, пилигриммін, – деді.

Ватикан оны құрметті Папа деп отыр.

Енді Папаның орны бос. Жаңа Папа наурыз айында сайланады. Бенедикт ХХVІ сайлауға қатыспайды. Ватикан­ның тарихында тұңғыш рет Папа болып қара нәсілді сайлануы да мүмкін деген жорамал бар.

03.03.2013

Бүгін Илья Жақанов тағы да те­ле­­фон соқты. Шырынбек оған ән-күй­лерімнің ноталар жинағын беріп, ал­ғы­сөз жазып беруді өтінген екен. Оған да біраз уақыт болып кетті.

Сол кезде-ақ, ала салысымен Илья ма­ған телефон соққан еді. Менің жеті томдық жинағымды оқып, әбден риза болып жүретін. «Ғажап, ғажап! Не деген керемет. Тарих та, мемлекет те, ұлт та, ел туралы толғаныс та тұнып тұр» деп, маған әлденеше телефон соғып, ризашылығын білдірген болатын.

− Мен әндер жинағына жай ғана алғысөз жазбаймын, лирикалық толғау жазамын, асықтырма, – деді.

Илья Жақанов екеуміз 1954 жылы Қаратауда оныншы класты бірге бі­тір­дік. Өскен өңір де, өнер ортасы да бір, ортақ. Ауылымыз аралас.

Илья – бүгінде халқымыздың атақ­ты композиторы, көрнекті жазушысы. Ол – кешегі Ақан, Біржандардың сар­қы­ты, сол ұлылардың соңы. Бүгінде бе­­р­екесі кеткен, ән азғандай болған за­ман­да Ильяларды қайта-қайта тың­да­ғың келе береді. Ильяның әндеріндей ән енді тумайды. Әннің бүгінде бағасы да, мазмұны да, табиғаты да өзгерді. Еш­қандай құны жоқ, сөзінің мағынасы жоқ әндер көбейіп кетті. Заман солай шы­ғар, қайдан білейін.

Илья ертең Атырауға жүрмек. Сон­да жатып, асықпай иін қандырып мен жайындағы эссеге кіріспек. Сәтін сал­сын!

Илья екеуміз телефонмен сөйлесіп тұрып, балалық шақты, жас кезімізді, ір­­гелес ауылдарымыздың бұрынғы кес­кін-келбеті туралы да көп әңгіме айттық. Ильяның ауылы менің ауылым Ақтөбеден сексен шақырымдай жер – Сарысу ауданы, орталығы Бай­қа­дам, ар жағы Созаққа жалғасады.

Біздің ауыл бидай, жүгері егеді. Күз­де тамалар түйемен келіп қап-қап жү­гері, қап-қап бидай алып кететін. Са­рысудан оңтүстікке қарай шыққан кірекештер біздің ауылға қонып өтуші еді.

Талай өнерпаздар да келіп жататын. Атақты күйші Сүгірдің бірнеше рет біздің ауылға келгенін бұрын да жаз­ғанмын. Аласа бойлы, ықшам, дембелше келген ақ қалпақты кісінің тұ­ла бойының соншалықты тұнып тұр­ған өнер екенін сол кезде бала бол­сам да сезініп, қайран қалушы едім. Шір­кін, Сүгірдің құрметіне бөленіп, сол кісінің ілтипатына ие болған Әй­т­­пенбет әкемнің өнері қалың елге т­а­нылмай, өмірі қой артында өтті. Са­рысудан біздің ауылға көшіп келген (себебін білмеймін) Шәмшілда ақ­сақалдың да күй тартуы бөлек еді. Сы­пайы кісі болатын. Тамамын деуші еді. Илья ол кісіні өте жақсы білген екен, жекжаттығы да бар екен. Біздің ауыл­ға сіңісіп кетті. Ол кісіні ешкім та­масың деп бөлмейтін. Өте бір сыпайы кісі еді. Ильяның айтуынша Шәмшілда – арғын атаның ұрпағы, оның ішінде Алсай – Қарақұс, атақты күйші Боранқұлдың нағашысы әрі ұстазы. Боранқұлдың інісі Мәдіғұл біздің Сапарбек деген ағамыздың қызы Ұлтайды алып, біздің ауылда бір жыл тұр­ды. Қазақтың қалжыңдасатын әдеті емес пе, ағаларымыз күшік күйеусің деп қажай берген соң, Мәдіғұл Үш­арал­­ға көшіп кетті. Сол кезде Боранқұл біз­­дің ауылға, інісінің үйіне жиі келіп тұ­ру­шы еді.

Атақты ақын Қалыбектің бала­сы Зиябек те айтулы күйші еді. Ол да біздің елге күйеу еді. Кейін Са­ры­ағаш­қа қарай көшіп кетті деп естіген­біз. Талай сұрау салдым, бірақ дерегі шық­пады.

Сүгір, Әйтпенбет, Шәмшілда, Бо­ранқұл, Зиябек қатар отырып, кезек-кезек күй тартқанда аядай ауыл өнер­дің ордасына айналғандай болушы еді. Бәрінің домбыралары да бір-бі­рінен аумайтын, қалақтай, қолдан шабылған қара домбыра болатын. Шір­кін, Әйтпенбет те, Шәмшілда да ға­жап күй­шілер еді. Әттең, солардың өнері да­лаға кетті. Обал болды. Не жадын­да сақтаған, не жазып қалдырған кісі бол­­мады. Жазатын құрал да, нота бі­ле­тін кісі де болмады. Осы есіме түссе бү­гінде ішім қазандай қайнап, удай аши­ды.

Сарысудан өлеңші, жыршы, күйші Мәдінің (Шәутиев) келуі де ылғи оқиға болушы еді. Шіркін-ай, өнерпаз еді. Кейін 1972 жылы Мәдіні, ақын Тө­ре­қожаны Жамбылдың 125 жылдық той­ына Алматыға алдырып едім. Біз­дің үйде екеуі бір аптадай жатты. Алматының теледидарына да шы­ғар­дым. «Астра» дейтін магнитофоны­ма екеу­ін де жазып алып едім. Сол жолы біз­дің үйде таңға дейін отырып сол «Астраға» Төлеген Момбековті де жазған едім. Үйсіз-күйсіз, көшіп-қо­нып жүргенде, әттең, еңбегім рә­суа бол­ды. Мәді де, Төреқожа да ме­нің өтінішім бойынша Қаратаудың ескі әуендеріне салып еді. Амал не, бә­рі­нен де айырылдым. Төлегенмен бір­ге Өмірзақ Айтбаев, Керімбек Сыз­ы­қов келіп, Төлеген өз күйлеріне тү­сініктеме беріп отырып тартып еді. Сүгір де, Әйтпенбет те, Төлеген де тырп етпей, тапжылмай отырып тар­та­тын. Кеудесі сөйлеп тұрғандай кө­рі­нуші еді маған.

Әкем мені өзге балалардай ойнатпа­ды. Ойыннан ештеңе шықпайды деп, ата­лы сөз айтылатын ортаға үнемі ер­тіп барушы еді. Ондай ортада менен бас­қа мен қатарлы ауылдың балалары көріне бермейтін. Сөйтсем, көкем жа­рықтық мені адам болсын деп жүр екен ғой. Мұның пайдасын мен кейін біл­дім.

05.04.2013

«Ит жоқ жерде шошқа үреді» деп, осы күндері оппозициялық газеттер ел­дегі әлеуметтік, экономикалық, сая­си ахуал жайында «баталы» сөз­ді, төрелікті Герольд Бельгерден сұ­рай­тын­ды шығарды. Герекең қазақтың та­рихы, болмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мінез-құлқы, келешегі жайы­нда құлаш-құлаш мақала жазып, оны­сын негізінен орыс тілді газеттерде жа­риялап, қазаққа ақыл айта бастады. Бү­гінде қазақтың Герольдтан басқа ақылманы жоқ секілді. Кейбір ойларында мысқыл жатады. Бельгердің қазақ тіліне жетік екенінде ешкімнің күмәні жоқ. Сол білетіндігінен де қа­­зақтың кейбір мақалдарын шебер пай­даланып, орысша жазған ма­қ­а­ла­сы­на оны қазақша кіріктіріп, өз ма­қа­ла­сымен қазақтың өзін сынайтыны­на қайран қаласың. Бұл ретте ол Абай­дың да қазақты сынаған сөздерін ше­бер пайдаланады. Амал қанша, ашық ауыз, аңқылдаған ақкөңіл қа­зақ, ұл­ты­мыз­дың жанашыры Абай күн­дер­дің күнінде Герекеңдердің мұны ше­бер пайдаланатынын қайдан білсін.

Бельгердің қазақ туралы, айтылған жа­ғымды пікірлері де аз емес. Жазбай, айт­пай қайтсін. Сол бір қырғын, қиямет жыл­дары бір үзім нанды бөлісіп жеп, ола­рды аман алып қалған қазақтың кең пейілін, бауырмалдығын қайдан ұмытсын. Ұмытпайды да. Герольдтың бауырмалдығы да, сіңірген еңбегі де аз емес. Бірақ, қалай дегенде де, өзге ұлт­тың төрелік айтып, төбе би болып, ақыл үйретіп отырғаны жаныңа қатты ба­­тады екен. Мен мұны реті келген соң ға­на айттым. Әйтпесе, Герекеңнің қа­зақ жазушыларын орыс тіліне аударуда да еңбегі аз болған жоқ.

14.05.2013

Қазақтың белгілі композиторы, жақсы жазушы-эссеист, айтулы ән­ші Илья Жақанов екеуміз 1954 жы­лы бүгінгі Қаратау қаласында Ста­лин атындағы орта мектепті бірге бі­тірдік. Көзге көп көріне бермейтін, кі­сілікті, тойған қозыдай болып жүретін ыл­ғи. Суретші еді. Мен мектепте қа­быр­ға газетінің редакторы, Илья су­рет­шісі болатын. Тумысынан матема­тик Ай­на­құл Ісметов деген жігіт ақын­жан­ды, жан-жақты талантты еді, га­зе­ті­міз­дің ажарлы болып шығуына оның да үлесі мол болушы еді.

Ильямен ауылымыз аралас, қойы­мыз қоралас, төскейде малы, төсекте ба­сы қосылған, құдандалы елденбіз. Мен Талас ауданынан, Илья Сарысу ау­да­нынан. Бізді әрі Жамбыл –Шымкент тас жолы да жалғап жатады. Ауылымыздың арасы таяқ тастам жер. Қыз алысып, қыз берісіп, құрдай қа­­тынасып жататын елденбіз. Біздің ауыл­дың біраз келіндері тама, сол Илья­ның ауылынан болатын. Біздің ауылдан да талай қыз тамаға ұзатылды. Бұл біздің ілгерідегі бабаларымыз салған сара жол. «Қыз – өріс» демей ме, аталарымыз қыз алып, қыз берісіп-ақ елдің тыныштығын сақтап қалған. Біздің батыр Саңырық бабамыз – Кіші жүз Тайлақ батырдың жиені.

Илья Алматыға келіп КазГУ-ге түскен соң ән шығара бастады. Мөл­ді­реген, нәзік сезімге құрылған әндері жұрт­ты тез баурап алды. Сөйтіп, ел іші­не Ильяның композиторлық даңқы тез тарады. Ол − бүгінде көрнекті ком­позитор, белгілі жазушы. Қазақ өне­рінің тарихы, оның өкілдері туралы тамылжытып жазып келеді. Өнер ту­ралы, оның көрнекті қайраткерлері ту­ралы бүгінде Ильядан асырып еш­­кім жаза алған жоқ. Жазғаны жі­бек­тей, өзінің мінезіне сай, Көкпекті ой­­дың кеңдігіндей, Қаратаудың қо­ңыр самалындай, тынысыңды ашады, жаныңа рахат береді. Маған бұ­рын­ғы ұлылардың да соңы осы Илья се­кілді көрінеді. Байырғы ғажайып қа­зақ әндерімен астасып жатқан ата-дәстүріндегі әнді ендігі компози­тор­лар жаза алмайды. Сол бір даланы әнге, күйге бөлеген ұлылардың со­ңы осы Илья деп білемін. Бүгінгі өнер­дің табиғаты тіптен бөлек. Көбінде мән де, мағына да жоқ. Биыл менің жа­нымдағы жігіттер азын-аулақ ән­де­рімді, бас-аяғы екі күйімді нотаға тү­сіртіп, жеке кітап етіп бастырып шы­ғару үшін Қарасайға берген екен. Оның алғысөзін Ильяға жаздырмақ болыпты.

Илья бір күні маған телефон соқты:

− Мырзеке, жігіттер маған сенің ән­деріңнің жинағын берді. Алғысөз жазуымды сұрайды. Әндерің де, күйлерің де ғажап, мені асықтырмасаң, алғысөз емес, сен туралы лирикалық эссе жазсам деймін. Сондықтан, жігіттерге айт, асықтырмасын. Мен бүгіндері сенің жеті том жинағыңды қайта-қайта ақ­тарып, сүзумен отырмын. Сенің ға­лымдығың, қайраткерлігің, кісілігің, оның үстіне әндерің маған еріксіз қалам ұстатып отыр. Өскен ортаң, ту­ған жерің, өмірбаяның ғажап, сен ке­ле­шекке үлгі болатын тұлғасың, сол се­­бепті өзің туралы тартымды дүние жа­зуға бел байладым, – деді.

Сонымен Илья мен туралы эссе жа­зуға кірісті. Сәтті болсын.

Жиі-жиі телефон соғып, сұрақтар қо­йып, өмірдің кейбір белестерін тия­нақтап жатады. Кеше бір телефон соқ­қанда:

−Алақандай ауылың не деген ға­жап, тұнып тұрған тарих қой. Аядай ға­на ауылың – филармония, театр си­яқты. Төңірегіндегі жер атаулары қан­шама? Мұны неге жазбайсың, – де­ді Илья.

Ауылым туралы, ондағы кісілер ту­ралы арагідік күнделіктеріме еске түскенін жазып жүрмін. Илья еске салған соң, әрі расы да солай екен ғой деп, ауылымның төңірегі, ондағы жер атаулары жайында жазуды жөн көр­дім. Өскен, өнген жерім ғой, өкі­ніші бала күнгі сезімдерімнің, көр­ген-білгенімнің көбі көмескіленді, ұмы­тылды. Әркімнің туған жері өзі­не ыстық дегендей, туған жерге не жет­сін. Мұхтар Әуезов «Абай жолында» өзі­нің туған өлкесін, мидай дала Бө­рі­лі­ні де жұмақтың төріндей етіп сурет­темей ме?

Ең болмаса, жер атаулары сақ­тал­сын деп, Ақтөбем туралы аздап қалам тербейін дедім.

(Жалғасы бар)


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.06.2018

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Б.Сағынтаев пен Ә.Жақсыбеков Түркістан облысының әкімін таныстырды

20.06.2018

Астанада робот техникасы бойынша ұлттық біріншілік басталды

20.06.2018

ҰБТ нəтижелерін Telegram-нан көруге болады

20.06.2018

Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасының құны 80 еуроға дейін қымбаттауы мүмкін

20.06.2018

Ғ. Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалды

20.06.2018

Жансейіт Түймебаев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды

20.06.2018

Сенаторлар Президент бастамасын іске асыру барысын талқылады

20.06.2018

Астанада тамақ қалдықтарын тыңайтқышқа айналдырмақ

20.06.2018

Солтүстік Қазақстанда А.Винокуров атындағы халықаралық жарыс өтті

20.06.2018

Түркістаннан тарту» бағдарламасы «Түркия үні» радиосы арқылы тыңдаушыларға жол тартты

20.06.2018

Мақтаралда арнайы комиссия құрамы ҰБТ өтетін нысанды қабылдап алды

20.06.2018

Ұлттық кітапханадағы залға көрнекті ғалым Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді

20.06.2018

Жұмат Әнесұлының шығармашылығы

20.06.2018

Қармақшылық мектеп бітіруші түлектер ҰБТ тапсыруды бастады

20.06.2018

Маңғыстауда «Мирас» кеңесінің отырысы өтті

20.06.2018

Маңғыстауда медицина мекемелерінің қызмет көрсету сапасы тексерілді

20.06.2018

Маңғыстаулық екі мемлекеттік қызметші республикалық байқауда топ жарды

20.06.2018

Қостанайда Астана күндері өтіп жатыр

20.06.2018

Кен алыбының жобасы салалық «Алтын Гефест» байқауында үздік деп танылды

20.06.2018

Қазақстан мен Өзбекстан бизнес-омбудсмендері келісімге қол қойды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Астық шығымы неге артпайды?

Кейінгі жылдары еліміздің егін шаруашылығы саласына келіп жатқан жаңа технологиялардың нәтижесінде мұндағы еңбек өнімділігінің өсе бас­тағаны белгілі. 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан»

Түркістан – тамырластық тұғыры

Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой, Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібі ғой!

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Әр қазаққа қажет ұстаным

Қазіргі өмір барысына ой жіберіп қараған кезде ақыл-ойымыздың тереңдігіне малданып, сезімтал аңғарғыштығымызды артықшылыққа балайтын жөніміз бар ма? Аға ұрпақ санатына қосылған ендігінің ақсақалы біздер қазақ сөзіне әкелген жаңалығымыз, яғни бейнелі тіркес­теріміз кәне дегенге кесімді жауап беру қиын-ау. Ұлғайыңқы тартқан осынау шағымызда қазақ қарияларының сөз саптау мәдениетін жиі-жиі еске алып, жадыда жаңғыртуға тырысатын дертке шалдықтық. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Арайланған, абаттанған Астанам!

Махамбет «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп жалынды жырына қосқандай, бүгінде еңсесі биіктеген елорда көз алдымызда қанатын жайып, өсіп-өркендеп, сары даланың сәніне сән қосқан керім қалаға айналғаны анық.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Ән мен күйдің бұлағы – Астананың құрағы 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу