Әуелі кандидаттар кім, нені мақсат етеді, президент ретінде қандай шараларды қолға алмақ деген мәселеге қысқаша тоқталайық. Эммануэль Макрон – бұрынғы инвестициялық банкир. Осы саладағы табысты еңбегі арқасында президент Франсуа Олландтың назарына ілігіп, оның кеңесшісі, сосын экономика министрі болып тағайындалған. Бірақ екі жыл өтпей, бұл қызметтен бас тартты. Сөйтіп, өз алдына партия құрып, президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді. Мұнысы көзсіз батылдық саналды және сайлау науқаны басталғанда Макрон аутсайдерлердің қатарында болды. Ол тағы бір тәуекелге барды. Еуропалық интеграцияға қарсы идеялар танымал болып жатқанына қарамай, Еуропаның тұтастығын жақтаушы екенін мәлімдеді. Алайда, Макрон аз уақытта суырылып алға шықты және бірінші турда жеңіске жетті. Неге? «Ол заман лебін сезе білді. Ол қазіргі жағдайға наразы, бірақ цинизмге бой бергісі келмейтін, болашаққа үмітпен қарайтын жастар тарапынан зор қолдау тапты» дейді ВВС-дің Париждегі тілшісі Хью Скофилд.
Макронның бағдарламасында мынандай уәделер бар:
- Инфрақұрылымды жетілдіру, энергияның қалпына келетін түрлеріне көшу және шахтерларды қайта дайындауға 50 млрд еуро жұмсау;
- азаматтардың көзілдірік, алмалы-салмалы тіс протезі және есту аппараттарын дайындауға кететін шығындарын толықтай бюджеттен төлеп беру;
- бизнеске салықты едәуір азайту; мектепте жасы 15-тен төмен балалардың мобильді телефон ұстауына тыйым салу;
- кәмелетке толмағандардың музей, театрларға баруы үшін жылына 500 еуролық абонемент енгізу.
Біртұтас Еуропа идеясын жақтаушы болғанмен, Эммануэль Макрон оған қарсылармен де санасуды ойлайды. Соңғы сұхбаттарының бірінде ол Еуроодақты түбегейлі реформалау керек, онсыз бізде «фрексит» болады деді.
«Фрексит», яғни Франция Еуроодақтан шығару – оның қарсыласы Марин Ле Пеннің мақсаты. Марин Ле Пен – француз ұлтшылы Жан-Мари Ле Пеннің қызы. Бес рет президенттік сайлауға түскен Жан-Мари Ле Пен еуроинтеграциядан бас тартып, иммигранттарға шектеу қоюға шақыратын. Мұны ол «Францияның шекарасын қалпына» келтіру деп атады. 18 жасында әкесінің «Ұлттық майдан» партиясына кірген Марин Ле Пен осы саясатты жалғастырды. 2012 жылғы сайлауда 17,9% дауыс жинап, 3-орынға ие болды. Ал 2014 жылы Еуропа парламенті сайлауында оның партиясы жеңіске жетті. Бұл – Францияда әсіреоңшылдар жеңген алғашқы сайлау еді. Француз баспасөзі оны «саяси зілзала» деп атады. Марин Ле Пеннің пікірінше, Еуропалық одақ – «жаһандану» атты қауіпті идеология негізінде құрылған жүйе. Оны құртып, орнына шын мәнінде егемен елдердің еркін Еуропасын құру керек. Еуроодақтан шығу керек пе деген мәселені француздар референдумда шешуі тиіс. Сонымен қатар Ле Пен НАТО-дан шығуды, Ресеймен байланысты тереңдетуді жақтайды. Мәскеумен қарым-қатынастың нашарлауын ол «АҚШ-тың айдап салуымен Ресейді құбыжық ету» деп сипаттайды.
Марин Ле Пеннің бағдарламасындағы басқа да тармақтар:
- заңсыз иммигранттарды елден автоматты түрде шығару;
- әуелі заңды иммигранттар қабылдауға уақытша мораторий жариялау, сосын олардың санын жылына 10 мың адамға шектеу;
- «экстремистік мешіттерді» жабу, әлеуметтік баспана бөлу кезінде француз азаматтарына басымдық беру;
- зейнетке 60 жаста шығару, апталық жұмыс күнін 35 сағат етіп белгілеу.
Марин Ле Пенді ауылдық жердегі, бұрын индустриялық орталық болған аймақтардағы сайлаушылар қолдайды. Бақылаушылардың барлығы дерлік Францияның келесі президенті Эммануэль Макрон болады деген сенімде. Өйтетін себебі, бірінші турдан өтпей қалған негізгі партиялардың кандидаттары сайлаушыларын Макронға дауыс беруге шақырған болатын. Алайда, сайлау алдындағы болжам мен нәтиженің екі бөлек шығатынын «Брексит» референдумы мен АҚШ-тағы соңғы президент сайлауы көрсетті.
Франция – Еуропадағы ең ірі елдердің және Еуропалық одақты құрушы елдердің бірі. Алдағы сайлаудағы екі кандидаттың бірі Францияны Еуроодақтан шығаруды мақсат етсе, енді бірі бірлестікті түбегейлі қайта құру керектігін айтады. Ендеше Франциядағы президент сайлауында кім жеңсе де Еуропалық одақты үлкен өзгерістер күтіп тұр деуге болады.
Ержан Әбдіраман, «Егемен Қазақстан»
Пікірлер(0)
Пікір қосу