Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ: Қазақстанның қазір 80 миллион адамды асырай алатын жағдайы бар

Қазақтың маңдайына біткен мықты математигі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаевты институтына іздеп барсақ, Мыңжылдықтың келесі ең күрделі жеті есебінің бірін шешуге ұмтылған қазақ математигінің теңдеуін профессор Балтабек Қанғожин екеуі қызылкеңірдек болып талқылап жатыр екен. Үлкен мониторда есептің болжамды шешімі тұр. Математиктер оны тақтаға қайта-қайта жазып, дұрыс-бұрыстығын дәлелдеуде. Студенттер академикті тым-тырыс тыңдап отыр. Бір кезде жыпырлаған сандар мен таңбалардан тұратын қызық бір әлемнен Мұхтарбай ӨТЕЛБАЙҰЛЫ қолы бор-бор болып, сұхбат беруге сытылып шықты.
Егемен Қазақстан
12.04.2017 2966

– Мұхтарбай аға, осы жұрт сіздің Мың­жылдықтың 7 есебінің бірін шешк­ен қазақ ғалымы екеніңізді айта­ды. Новье Стокс теңдеуін шешке­ніңіз үшін Клей математикалық институты кесімді сөзін айтты ма?

– Мен әлі Клей институтына есептің шешуін жібере қойған жоқпын. Амандық болса, осы 1-2 айдың ішінде жіберіп қа­лар­мын. Өйткені, олар үтір-нүктесіне дейін түрткілеп қарайды. Сәл-пәл түсі­ніксіз жазсаң, тағы тартқылауы мүмкін. Бұл есептің айналасында әлемнің 1500-дей математигі бас қатырған.

– Бұған дейін әлі де есептің түзейтін жерлері бар екенін айтып жүрдіңіз ғой. Таптыңыз ба?

– Кемшіліктерін таптым. Бәрін жөн­деген сияқтымын. Бірақ бәрібір кемші­лік кетуі мүмкін. Мәселен, бір жерінде үтірі қалып қойса да ағылшыншаға аударғанда басқа сөйлем болып шығады. Формулаларды жазғанда бір әріптің орнына басқасы кетіп қалса, бітті. Осының бәрін егжей-тегжейлі қарап шығуға уақыт керек болды.

– Сіздің шешкен есебіңізді Ресей математиктері қарап жатқанын естіп едік. Олардың пәтуасы қандай?

– Қазір Ресейде ондай күрделі есеп­терді қарай алатын математиктер қалма­ды десе де болады. Бұрынғы М.Ломо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің ректоры Виктор Садов­ничий сияқты мықты математиктері қартайып қалды. Кейінгі көзге ілінгендері шетел асты. Онда қазір күрделі математикамен айналысатын адамдар азайды. Математикасы барған сайын әлсіреп барады. Қазір мықты математиктер Қытайда бар.

– Жыл сайын бізде математикадан Жәутіков атындағы халықаралық олимпиада өтеді. Орыс балалары есепке жүйрік. ММУ жанындағы СУНЦ оқушылары бірнеше жыл қатарынан бас жүлдені басқа елдерге бермеді. Ал сіз керісінше айтып отырсыз?

– Ресейде халық бізден он есе көп. Сондықтан жастардың арасынан мықты математиктер табылып отыруы заңдылық. Біздің балалар да нақты ғылымға өте қабілетті. Бірақ оларға жолға қойылған, жүйелі қолдау қажет. Біздің орыс мектеп­терінде оқыған математикаға мықты балалар да оңып тұрған жоқ. Бойларында алғырлық болғанымен, шетелге тайып тұруға бейім. Елжандылық жетіспейді.

– Айтқандай, жаңа сіздер дауласып жатқан қандай есеп еді?

– Математиктердің дүниежүзілік конгресі қабылдаған ұйғарым бойынша, 500 есеп шешімі қиын есептердің қатарына жатқызылған. Оның 15-і күрделі,   7-уі аса күрделі деп танылған. Осы жетеуге кейіннен «Мыңжылдықтың ең күрделі математикалық тапсырмалары» деген ат берілді. Жетеудің біреуі – Пуанкаре гипотезасын ресейлік атақты Перельман шешсе, «Новье-Стокс» теңдеуінің жауабын табуға мен сияқты әрекеттеніп жүргендер мыңдап саналады.

Әсет Дүрмағамбетов деген матема­тигіміз де сол жеті есептің біріне ауыз салды. Бірақ майда-шүйде кемшілік­тері бар. Соларын түзеп, сөздері мен фор­мулаларын дұрыстап жазса, бұл есеп те шешіліп тұрған сияқты. Ал профессор Балтабек Қанғожиннің айтып отырған сыны өте орынды. Бұл есепті басқа біреулер шешкенше өзіміздің математигіміз шешкені дұрыс.

– Осыдан біраз жыл бұрын академик Өмірзақ Сұлтанғазин бізге берген сұхбатында «Математиканың алтын ғасыры басталды» деп айтып еді. Сол сөзді растайсыз ба?

– Қазір жұмыс істеп жүрген мықты математиктеріміз алпыстан асып кетті. Математика дамуы үшін бір топ адам бірігіп, сыни тұрғыда бірлесе әрекет етуі керек. Олар бірін бірі түзеу арқы­лы көш­басшы шығара алады. Егер матема­тик­тердің бірнеше мықты тобы болса, онда ғылыми айтыс-тартыс арқылы бірін бірі өсіреді. Ғылым дамиды. Ал, өкініш­ке қарай, сыртта оқыған мықты қазақ сту­дент­терін шетел қағып алып кетіп жатыр.

– Қазақстандағы халықаралық олимпиадаларда да көзге ерекше түскен балаларға бірінші кезекте көрші мемлекеттің университеттерінің өкілдері жүгіріп келіп, тегін грант ұсынатынын да байқап жүрміз.

– Математикаға өте қабілетті бала кейде ҰБТ-дан төмен баға алып қалады. Осыны да ескеріп, есепке жүйрік балаларға ректорлық грант беру туралы ұсыныстарды айтып жүрміз. Ақылды балаларды өзімізде ұстап қалған кезде ғана бізде математиканың алтын ғасыры болады.

– Жапырып сыйлық алмаса да, А.Жұмаділдаев, Т.Қалменов, Р.Ойнаров, Ғ.Сәдібеков, Е.Нұрсұл­танов, Н.Темірғалиев сынды мықты математиктер жүр ғой. Қазіргі жастар­дың ішінде мықтылары бар ма?

– Сұраған Дөрбатқан деген өте дарынды математик бар қазір. Оралмандар орысшаға шорқақ, басқа салаға бара алмай тұр. Сондықтан математикадағы мықтылардың жартысы оралмандар арасынан шығып жатыр.

– Жаңа ғана сіздер талқылап жат­қан Мыңжылдықтың 7 есебінің шешімі орысша жасалған. Сіздер оны қазақша шешіп жатырсыздар. Ал студенттер ағылшынға оқулықтармен отыр...

– Математикада біреу ағылшынша баяндама жасаса, 20 шақты терминін жаттап алсаңыз, жобасын қиналмай түсініп отыруға болады. Үштілділік мәселесін қозғағыңыз келіп отыр ғой. Шын мәнінде біздер ағылшын тілін терең үйрету арқылы болашақта шетелге зым-зия кетіп қалатын кадрлар дайындамасақ жақсы болар еді. Әсіресе, орыс мектептерін бітірген қазақ балалары кеткілері келіп тұрады. Бағдарламаларының не бәлесі бар екенін, оқушылардың отаншылдық сезімін әлсіретіп тастайды екен.

– Мұхтарбай аға, сіздің азамат­тық ұстанымыңызды, өткір айтаты­ны­ңызды білеміз ғой. Енді елжан­дылық­ты қалып­тастыруға қандай ұсыныс білді­ресіз? Негізінен, патриоттыққа тәрбиелеу гуманитарлық саланың ғана мойнында сияқты. Әлде жаңылысып отырмын ба?

– Ол рас. Қазір телевизия, интернет арқылы батыстық идеологиялық экспансия жүріп жатыр. Оны Ресей үдетіп отыр. Шетелге барып келген студенттер сол жақтың тәрбиесіне тез бейімделуде. Бүгінде қырықтан асқанша үйленбеу керек деген түсінік қалыптасып қалды. Ұлттық тәрбиеге баса көңіл бөлмесе, болмайын деп тұр.

– Жыл сайын Elsevier агенттігі Scopus ғылыми басылымдарының халықаралық базасын тазалайды. 2016 жылы пайдасы да, қажеті де жоқ деп қоқысқа лақтырылған 15 жалған журналда қазақстандық ғалымдардың 2040 мақаласы жарияланған. Бұл журналдарға жарнасын төлесең, ешқандай рецензиясыз, тексеріссіз кез келген еңбекті баса береді. Осы бізде ақшаға сатылмайтын таза ғылыми басылымдар бар ма?

– Баяғыда Кеңес өкіметі ыдыра­ған­да бізден кеткендер АҚШ-қа, тағы бірнеше елге барып, академия ашып алды. 250 АҚШ долларын берсең, сол академиялардың академигі деген атақты сатып алуға болатын. Сол сияқты, Scopus базасы пайда болған кезде пысықтар ақылы журналдар ашты. 5 журналды қатар шығарады да, бір-бірімен сілтеме бөлісіп отырады. Сілтемесі көбі Scopus болады. Tһomson рейтингіне ілігеді. Оған Қазақстаннан да талай мақалалар шығып жатқаны рас.

Сатылмайтын журналдар әлі де жоқ емес. Ресейде де бар. Мысалы Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде «Математический журнал» деген басылым бар. Сол әділ, таза, Тhоmson рейтингіне іліккен. Қазақстанда Scopus-ке іліккен үш журнал бар. Біреуі химия саласында. Және дәп осы біздің Математика және математикалық модельдеу институты бір журнал шығарады.

– Қазақстанның 100 жылдан кейін бай мемлекетке айналатынына күмән келтірмейтін адамсыз. Осыны қандай ғылымға негіздеп айтып жүрсіз?

– Қазақстанның жер асты, жер үсті бай­­лығы мен кең-байтақ жері осы дала­да мықты мемлекет құруға негіз бола ала­ды. Болашақта біздің елімізде бай ха­лық тұ­ра­ды. Қазіргі техникалық даму дең­гейінде Қазақ­станда 80 миллионға жуық адам мұқ­тажсыз өмір сүре ала­ды. Жал­ғыз Оң­түстік Қазақстан облысы бүкіл Қазақ­стан­ды асы­рай алар еді. Тек ол үшін ауылды дамы­ту­ды қайта қолға алуымыз керек.

– Дәл осы күндері Ресей Федерациясы Ұлттық академиясының академигі Виктор Садовничий айтқандай, ұлы математик ретінде миыңызды не нәрсеге қатырып жүрсіз?

– Ұлы математик емес шығармын. Мықты математик десеңіз де жеткілікті. Қазір жер сілкінген кезде математикалық әдістер арқылы оған қалай дайын болу керек, бізге қандай көлік түрлері тиімді деген мәселелер төңірегінде жұмыс істеп жүрген жайым бар.

– Осы идеяларыңыздың айна­ла­сында сізді қолдайтын топ, шәкірт­теріңіз бар ма?

– Адам баласы туа сала ақылды бол­майды, тәрбиеде көп кемшіліктер жібе­ріп алған сияқтымыз. Ауырдың үсті­мен, жеңілдің астымен жүргісі келетін адам­дардан қашамын. Сондықтан шәкірттерім көп емес. Ең бастысы, аз болса да бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.04.2018

Мектеп оқушылары «Егеменде» болды

22.04.2018

Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанның жаңа тағайындалған премьер-министрімен телефонда сөйлесті

22.04.2018

Астанада тұрғын үйлерді басқарудың онлайн–жүйесі әзірленуде

22.04.2018

Оралда төртінші мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өтті

22.04.2018

Алматыда дәстүрлі қайырымдылық марафон өтуде

22.04.2018

Әзербайжан парламенті елдің жаңа үкімет басшысын бекітті

22.04.2018

Астанадағы сенбілікке 140 мыңнан астам қалалық қатысты

22.04.2018

Қостанайда мемлекеттік қызмет аллеясы болады

22.04.2018

Мақтарал аудандарында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр

22.04.2018

Қостанайда болашақ жаңа қаланы дамыту ісі қаралды

22.04.2018

Оралда өрт қауіпсіздігін сақтамаған ойын-сауық және сауда орталығы бір айға жабылды

22.04.2018

Қостанай облысында 21-ші цифрлы  технологиялық IT кабинет ашылды

22.04.2018

Қырғызстанда жаңа премьер-министр сайланды 

20.04.2018

«Smart Zholy» бағдарламасының үздік стартап жобалары анықталды

20.04.2018

23-26 мамыр күндері Астанада «KADEX - 2018» көрмесі өтеді

20.04.2018

Денсаулық сақтау министрі Орал қаласында

20.04.2018

Заңнамаға архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер қаралды

20.04.2018

Дубайдағы инвестициялық кездесуде ОҚО-ның инвестициялық өсу драйвері зерттелді

20.04.2018

Ақтөбеде зиянды қалдықтар тасқыны толастар емес

20.04.2018

ТҮРКСОЙ Шыңғыс Айтматов жылын ашты

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Кісілік әліппесі

Жер бетінде сонау да сонау көз жеткісіз, көңіл сенгісіз небір ықылымдардан бері жасап келе жатқан заты адам баласының ең зарлы мақсаты не десе, ол – адам болу дер едік. Түр-сипатыңмен, тәніңмен ғана емес, жаныңмен, алпыс екі тамырыңдағы қаныңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Ауылдарды сақтаудың амалы қайсы?

Ауыл халқы азайып барады. Неге? Ешкім­ге ештеңенің керегі жоқ болып кеткен бүгінгідей заманда ол жағын ойлап бас қатырып жатқан да бірде-бір жан жоқ. Бар айтатын уәждері – урбанизация. Бір есептен ол да дұрыс шығар. Қалаларға қарай жа­қындаса ауыл қазақтары да өркениетті өмір­ге араласады, өзгелермен бірге қазіргі за­ман­­ның игіліктеріне ортақтасады. Бірақ... 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Қайырымдылық көмектің қайыры болады

Табиғат апатына немесе соғыс, қарулы қақтығыс салдарынан күйзеліске ұшырап, аштыққа, босқыншылыққа тап болған елдерге қайырымдылық көмек көрсету – халықаралық қоғамдастықтың игі шарала­ры­ның бірі. БҰҰ-ның Халықаралық соты ондай көмектердің азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек түрінде болуын, қару-жарақ түрінде берілмеуін қатаң бекіткен.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Тағам сыры: аурудың алдын алу мүмкін бе?

«Ас – адамның арқауы» деп кішкен­тай­ымнан естіп өскен адам ретінде, та­мақ жемесе адамның күші болмайды, жұ­мыс істеуге, өмір сүруге энергиясы жетпейді деп ойлайтынмын.  Бірақ ас­тың да асы бар, оның пайдасы мен зияны туралы шы­найы да, өтірік те, ойдан құрас­ты­рыл­ған да әңгімелерді көп естіп, кейде білмегендіктен сеніп те қалып жүреміз.

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Алматы: Шағын ауданның астарлы ақиқаты

Алматыда аты жоқ, бірақ, нөмір­­­лен­­ген 12 шағын аудан бар. Шын­туай­­тында, олар 12 емес, барлығын қос­­қанда – 13. Қала сәулетіне билік жүр­гізуші партия қызметкерлері, сірә, жобалау үстінде «шайтанның 12-сін» сес­ көрген-ау, ақырғы шағын ауданды – 10 «А» деп белгілепті. 

Тағы да оқу

Пікірлер(1)

Amantay (13.04.2017 14:00:31)

Орыс мекебінде қазақ бағдарламасымен қазақ тарихын оқыту керек. Өзбектер сияқты.

Пікір қосу