ӨНЕР КӨШІН ТҮЗЕГЕН

Егемен Қазақстан
14.05.2010 423
Осы бір аяулы тұлғаны көрген сайын менің жадыма жаңғырып жас кездегі, жалынымыз молдау кездегі, мәдениет дейтін ұлттың рухани өрісі мен өркениетін бай­қататын ерекше жылдарға, қалып­тасу дәуірімізге сапар шеккендей әсерде қалам. Жексенбек Еркінбекұлымен ал­ғаш 1972 жылы таныстым, бұрын сырттай білетінмін. Жалпы, жур­налист дейтін қауым жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаңалыққа, жақ­сы­­лыққа елеңдеп, әр бағыттағы, әсі­ресе ғылым, өнер, мәдениет сала­сын­дағы өз кәсібіне адал, жаны жайсаң, жүре­гі таза азаматтармен тезірек танысуға құштар болады. Біз де жиырма бес­тің ауылына жаңа-жаңа ат байлаған бозалаң шақта Жекеңмен танысу жолында осын­дай сезімді бастан өткергенбіз. Аяулы аға Қазақ радио­сында бас редактор ретінде музыка­лық редак­цияны басқаратын. Одан кейін Жекеңді еліміздің идеология май­данындағы түрлі жауапты қыз­мет­тер күтіп тұрды. Жиырма жылдан аса Мәдениет министрлігінде бас­шылық қызметтерде, соның он бір жылында табандатып отырып министр лауазымында болды. Жекең Мәдениет министрінің орынбасары болып тұрған тұста мен репертуарлық-редакциялық кол­легияға редактор болып қыз­метке орналастым. Шақырған кісі Сафуан аға Шаймерденов. Ша­қырт­қан адам министр Мүсекең — Мүсілім Ба­зарбаев еді. Жұмысқа алу тәртібімен репертуарлық-редак­циялық колле­гияның бас редак­торы Сафекеңнен соң, әңгі­мелесу үшін Жекеңнің қабылдауына бардым. – Иә, Нұрлан, жұмыстың жағ­дайымен таныстың ба? Хабарың бар ма? – Танысып үлгермедім… Хаба­рым бар… – Таныс. Жұмыс істеген адам­ның алды қашанда ашық болады. Жолы болады. – Рахмет, аға… – Күрделі бөлім. Дауы көп жер. Таза жүр. Қағаздарға ұқыпты бол. Протоколдарыңды уақтылы толты­рып отыр, — деді министрдің орын­басары. – Жиі-жиі театрға барып тұр. Жаңа премьераларды жіберме. Пікір айтуға үйрен. Жұ­мыс­қа уақы­тымен келіп, уақыты­мен кетуге қалыптас. Министр­лікте редакция­дағыдай еркіндік бола бермейді. Қалғанын іс көр­сетеді, шырағым. Ал жолың бол­сын! — деді қолымды қысып. Сол тұста Мүсілім Базар­баев пен Же­кеңнің өте бір жарас­ты, бір-біріне иық тіреп, сенім биігінде жүріп қызмет істегендері­нің куәсі болып едім. Ұлт мәдениетіне өз тараптары­нан әрқилы үлес қосқан осындай айтулы ағалардың алқауынан соң және мойынға жүктелген жауап­кер­­шіліктерден кейін садақтай иіліп, адырнадай тартылуға тура келді. Асылы, Жексенбек Еркінбек­ұлы – негізгі мамандығы ретінде қа­сиетті қара домбыраны кәсіп еткенімен, бүкіл болмысы, жараты­лысы домбырадан басталатын ұлт­тық музыка аспаптарын, олардың сырын, сымбатын игеріп қана қой­май, жалпығаламдық классика­лық музыка әлемін зерттеу биігіне дейін көтерілген тұлға. Арғы-бергі кезең­дер­де мәдениет саласын басқарған талай марқасқа мықтыларымыз бол­ған. Мәдениеті мықты елдің тәр­биесі, өнегесі, имандылығы, рухы берік, ұрпағы таза болатынын сол бір басымыз боданда жүрген жылдарда кезекті рет дәлелдеп бер­ген сан мықтыларымыздың бел ортасында Жекең де бар. Менің пайым­­дауымда, ол кісі лауазым биі­гіне жай ғана, жадағай кейіпте көтеріліп қоймай, өнерді ішінен тану арқылы және сол өнердің бір саласын толық меңгерген маман ретінде ғана емес, барлық саланың ішкі құбылыстарына сараптама жасаушы қайраткер ретінде бел ше­шіп араласқан, өнердің қалта­рыс-бұлтарысындағы ерсілі-қарсылы құпия ағыстарының иірімін сезіне білген басшы болды. “Лауазымды қызметтемін” деп кеуде керіп, ат­қос­шыларын жіберіп, еліміздің мәдени кеңістігіндегі орын алып жатқан түрлі оқиғаларға емен есік­тің арғы жағынан сараптама жаса­майтын. Өз көзімен көріп, көңілін сендіріп барып баға беретін. Ойы ширақ, сөзі қунақ, қашан көрсең жүзінен кісіліктің нұры мен шуағы шашырап тұратын осы бір мінезге бай, жайдары жанның жа­нында жүрген жылдары біз жо­ғары­дағы ойымыздың сан рет куәсі болдық. Театрлардағы жаңа премьера­лар­дың, ірі концерттік жобалардың, жаңа көрмелердің төрінде өзі оты­рып, жалынды, жігерлі, кесімді пікір­лерін өзі айтатын. Мәдениет сала­сындағы көптеген жас талант­тар­ды, жаңа есімдерді қанаттан­дырып, олар­­­дың жұлдызының биік болуына, ұлттық өнердің көк­жиегі­нің кеңеюі­не орасан еңбек еткен, ықпал жаса­ған қайраткер. Қысқа­сы, театр, музы­ка, живопись дейтін сұлулық пен музаның ғажайып әлеміне жете­лейтін өнер шаралары­ның бірде-бірінен қалмайтын, жақсысына бала­ша қуанып, ойдан шықпағанына ортайыңқырап, ой-пікірін жасыр­май, бүкпей айтып отыратын осынау мінезі таза, елге­зек адамды әр көрген сайын өз басым тәубесі мен қанаға­ты басым кешегі жиырмасыншы ғасырдың адал айларымен, жайдары күн­дер­дің көзіндей көретініміз де сон­дық­тан болар... Шамасы, мұндай күйді мен ғана емес, өз тағдырын өнерге балап, театр, әдебиет, музыка дей­тін тумысы бөлек әлемге өт­кен ға­сыр­дың ал­пысыншы, жет­пісін­ші, сек­сенін­ші жыл­да­рында аралас­қан азаматтар­дың біразы басы­нан кешетін болуы керек. Өнердің айрықша өріс жа­йып, ерекше сипат ала бастаған кезеңінде “жылымық“ тұсауын кескен ой мен парасаттың, бі­лім мен біліктің арыны мықты, ұлт өнері мен әдебиетін, ұлт ғылымы мен мәдениетін биікке көтеретін желкілдеп өскен құ­рақ­тай дары­ны көп сол бір ро­мантикасы мол кезеңде ат­қа­рыл­ған іс пен жаңа­лықтардың біразының басы-қасында бүгін­де дербес зейнет­керлікке шық­қан ел ағасы, осы қадірлі Же­кең — Жек­сембек Ер­кімбеков жүретін. Көбі­міздің өмір мен өнер жолымызды дұрыс таңдап, оң бағыт алуына себепкер болған адам да осы Жекең десем, қателесе қой­маймын. Алдына келген адамын құрақ ұшып қарсы алып, қолынан келгенше көмегін көрсетіп, ақыл-кеңесін ая­май­тын ағаны кім жек көрсін?! Жекең, менің жоба­лауым­да, осындай кең пейілімен, ақжар­қын мінезімен елге ерекше ұнаған сирек министр, сезімтал басшы, жігерлі ұйымдас­тырушы, өз ісіне берік қарымды қайраткер. Тарихқа айналып бара жатқан кешегі өткен ғасырдың екінші жар­тысындағы мәдени кеңістіктегі өзгеріс атаулының бірде көшін бас­тап, енді бірде үзеңгі-бауын түген­деген замандас ағамен таныс бол­ға­ныма, міне, қырық жылға жа­қын­дапты. Қырық жыл бір адамның оңы-солын танып, арғы-бергіні то­лық бағамдар уақыт, қажет тұсын­да елдік мәселелерге араласар шақ. “Жақсының жақсысын айт, нұры тасысын“ дейді атамыз қазақ. Осы мерзім ішінде мен Жекеңді алыстан да, жақыннан да көрдім. Мен ол кісінің күйіп-жанып өзін де, өзге­лерді де аямай жұмыс жасатқан, жұмыс жасаған жылдарының куәсі болдым. Қуанса, істің жолға түскені үшін қуанып, ренжісе, істің жүрме­гені үшін ренжігенінің де сан куәсі болған адаммын. Жекеңнің Ілияс Омаров сынды ғұлама кісінің қа­сында жүріп, үлкен мектептен өткен, кінәз бітімді қалпымен еліне ұнаған қарымды қайраткер, үлкен әдебиетші Мүсілім Базарбаевпен, ұлтым десе отқа түсуге әзір тұратын жомарт жүректі Өзбекәлі Жәні­бековпен, әйгілі ұлт музыкасы мен өнерін кең өріске алып шыққан хал­қына қадірлі Еркеғали Рах­ма­диев­пен, үлкен саясаткер, білікті басшы, елін шексіз сүйген Михаил Есена­лиевпен, қазақ­тың көрнекті жазу­шы­­сы, белгілі мемлекет қайрат­кері Әбіш Кекіл­баев­пен, идеология­мыздың беделді жетекшілерінің бірі, саңлақ саясат­кер, бүгінгі сенатор Қуаныш Сұл­тановпен үзеңгілесе, қатар жүріп, мәдениет айдынында, өнер өрінде өнімді еңбек еткен Жексембек Ер­кім­бековтің өмірлік жолы — кешегі қабырғасы қатайған буын үшін де, бүгінгі Тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін де, өнегелі жол екені даусыз. Жоғарыда аты аталған алаш бол­мысты азаматтардың бәрі­мен тіл табысып жұмыс істеді. Бұл туралы Жекеңді білетін, Жекең­нің іс­керлігін жақсы сезінетін әрбір өнер адамы, мәдениет қайрат­керлері ағы­нан жарылып айтарына еш күмәнім жоқ. Ағаның арлылы­ғын, азаматтығын, кісілігін, іскерлі­гін көрген мен де солардың санатынанмын. Сондай-ақ, Жекеңнің тағы бір дегдар қасиетін бөле-жара айтқым келеді. Ол – қайраткер тұлғаның кадр таңдаудағы, кадрларға баға беру жөніндегі көрегендігі. Осы кісінің ағалық ықпалымен, басшылық қыз­меттегі қайратымен қаншама аза­мат­тар ел игілігіне қызмет етуге жолдама алды. Бір ғана мысал кел­тірейін. Бел­гілі мемлекет қайраткері, халық­аралық деңгейде түрлі лауа­зым­ды қызметтер атқарып келе жатқан, бүгінгі Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Сауда­­баев тікелей осы Жекеңнің ұстаздық тәрбиесін көрген азамат­тардың бірі. Бұдан бөлек ұлт мәде­ниетіне өз үлестерін қосып келе жатқан белгілі театр сыншысы, түрлі жауапты қыз­меттер атқарған, профессор Әшірбек Сығаев, Ұлттық кітапхана­ның басшысы Орынбасар Исахов сынды көптеген азаматтар­дың қалыпта­суына Жекеңнің жасаған ықпалы аз емес. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, Жекең өзіне дейінгі ұстаз­дардың алдын көрді. Дәстүрлі өнер саласында ұлы тұлғалар Ахмет Жұбановтың, Қалқа Жапсарбаевтың, Құрманбек Жан­дар­бековтің, Қана­бек Байсейітовтер­дің өнегелерін тыңдады, ұлттық өнердің өрісін кеңейте жүріп, сол ағалардың тәлім-тәрбиесін бойына сіңіре білді. Даңқ­ты, дауылпаз композитор, өзінің замандас ағасы Нұрғиса Тілендиев­пен қатар жүрді, сыр шертісті, өлмес туындыларын өмірге қалай келгені­нің куәсі болды. Сондай жүзден жүйрік, мыңнан озған тұлпарлармен сырласа, сый­ласа жүріп, Жексенбек Еркінбекұлы өнердің қай саласына болмасын белсене кірісіп, ұлттық руханияттың көкжиегінің кеңеюіне аянбай тер төккен, өнеріміздің өркен жаюына барын­ша араласқан қайраткер тұлғалардың бірі де бірегейі. Алдына келген жас­тарға өнерде оң бағыт сілтей білген, ағалық қамқорлығы­нан ешқашан айнымаған, жаңыл­маған ұстаз. Оның өмір мектебі өнерге қалтқы­сыз қызмет еткен адал жанның басып өткен жолы. Жекеңнің өзі айтпақшы, іс үстінде бұл кісімен талай кездестік. Көп нәрсеге үйрендік. Даулы пье­са­лар мен даулы спектакль­дердің тұсындағы принципті мәселелерде “басшымын” деп орынсыз шірен­ген Жекеңді көрген емеспін. Содан ба, “бағынышты едік қой” деп пікір іркуді біз де көп біле қойған жоқ­пыз… Тыңдай білудің үлкен өнер екенін мен алғаш осы Жекең­нен сезіндім. Және кейбір мәсе­ле­лерді ашық пікірталасқа сала отырып, істің байыбына бар­ғанды жөн санайтын. Өзі пікірін өткізе білетін және өзгенің пікірін тың­дауға Ер­кін­бекұлының ерік-жігері жетіп артылатын. Сахна өнеріне бай­ла­ныс­ты мамандары­ның пікірі­не қат­ты ден қоятын. “Жігіттер, өнер­дің тағдыры­на жауап беретін жерде отыр­сыңдар. Пікір таза бол­сын. Адал болсын. Әділетті бол­сын. Тал­дау кәсіби болсын!” дегенді әркез нығарлап айтатын. “Өнердің оба­лына қалуға болмайды. Обалы­на қалған адам оңбайды” – дегенді де мен ең алғаш осы кісінің аузы­нан естігем. Жиырма бес пен отыздың ара­сындағы орда бұзар кездің буы маза бермей, күні-түні ой мен ар­ман­ның жетегінде жүрген өрімдей жаспыз. Басымыздан сын асырмай­тын “сен тұр, мен айтайындар” кілең… Га­зет-журнал беттерінде театр, өнер ту­ра­лы мақалалары жиі-жиі жария­ланып, алғашқы пьесалары сахна бетін көріп қалған Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Әшірбек Сығай, Баққожа Мұқай, Дулат Исабеков, Роллан Сейсен­баев, Әділбек Тауа­саров, Смағұл Елубай, Иранбек Оразбаев, Сұл­танәлі Балғабайұлы секілді жүйрік­тердің драматургия жанры мен театр сынында алғаш қалам сілтеп, өнер аламанына жаңа­дан араласа бастаған тұсы. Әзір­байжан Мәм­бетов спектакль­дерінің дүркіреп, Бәйтен Омаров, Райымбек Сейт­метов, Есмұхан Обаев, Маман Бай­серкенов, Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Ер­сайын Тә­пенов, Хұсейін Те­міров, Нұрқанат Жақып­баев, Жанат Хаджиев, Болат Ата­баев, Әубәкір Рахимов секілді ре­жи­ссерлер есімі­нің ауыздан-ауыз­ға көшіп жүрген шағы. Дра­ма­тургияда Әбділда Тәжі­баев, Әлжап­пар Әбішев, Шах­мет Құсайынов, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шәй­мерденов, Қалтай Мұха­меджанов, Садықбек Адам­беков, Сәкен Жү­нісов, Әкім Тара­зи, Қалихан Ыс­қақов, Оразбек Бо­ды­қов пьесалары театрлар репер­туарының көркіне айналған кез. Қазақ операсы мен балеті, хорео­графиясы мен эстрада­сы жасарып, жаңғырып, ел құлағы елеңдеп тұрған кезең… Қыс­қасы, көктемгі құлпырған жауқазын­дай дүр етіп көтерілген ұлттық өнері­міздің өзге­ше рең алып, тынысы кең ашыл­ған, руханияты­мыздың бағы өрле­ген осындай бір кезеңде Жек­сем­бек Еркімбеков Мәдениет ми­нистрлігін басқарды. Ол жаңа үрдіс­тердің көшін түзеп, керуенін бастаған санаулыларымыздың бірі болды. Ол республика басшылығы­ның өнер мен әдебиетке деген айрықша көз­қарасын мәдениет пен өнердің пай­дасына ұтымды пайда­ла­на білер басшы екенін дәлелдеді. Жекең он жыл орынбасар, он бір жыл ми­нистр болған кезінде мәде­ниеті­міздің көк­жиегін кеңейтер қомақты жұмыстар жасады. Өнер басқару­дың әдемі үрдісін қалыптас­тырды. Әріптес іні­лерінің құрметіне бөленді. Қатарына сыйлы, абырой­лы, беделді болды. Бүгінде тұрлаулы тарихқа айна­лып бара жатқан өткен ғасырдың қойын-қолтығын қиял құсымен кезген сайын жүректің шымырла­ғанын, көңілдің толқығанын, ой­дың қозғалғанын жасырғым кел­мей­ді. Өткен деуге ауыз барып, көңіл қи­майтын жылдар тасасынан таныс-бейтаныс жүздер көрінеді. Қасие­тінен айналайын Алатаудан соққан саф самалға бау-бақшалары мен кең көшелері көкірегін кере, құшағын ашқан Алматы көгінен алпысыншы, жетпісінші жылдар­дың жүрекке жылы әндері алма-кезек төгіліп, әлде бір сұлу нақыш ас­пан­нан саулап жатқандай болады… Айрықша десе, дегендей кезең еді ғой. Бірінен соң бірі жарыса тұ­сауын кесіп, ұлт кеңістігін өздерінің соны бітімді кескін-келбеттерімен, өзгеше түр-сипаттарымен, өрісті мағына-мазмұндарымен байыта түскен “Гүлдер” ән-би ансамблі, бүгінде белгілі өнер саңлағына ай­нал­ған Болат Аюхановтың “Алма­тының жас балетінің” өмірге келуі, қазақ ұлттық эстрадасының алтын дәуірін жасаған даңқты “Дос-Мұқа­сан” ансамблінің қалып­тасуы, классикалық музыканың өлшеусіз биікке көтерілуі, ондаған қазақ театр­­­ларының қатарының толығуы, қазақ режиссурасында жаңа есім­дердің пайда болуы, Қазақтың ұлт­тық циркі, бұдан да өзге сан­даған өнер ордаларының өмірге келуі дәл осы кезеңнің еншісіне тиді емес пе?! Ұлы компози­торы­мыз Нұрғиса Тілен­диевтің бас­қаруымен құрыл­ған “Отырар сазы” ұлт аспаптар ор­кестрі де осы жетпі­сінші жылдар ішін­де тыңдаушысын алғаш там­сантқанын қалай ұмытуға болады?!. Қазақ ән өнерінің шексіз­дігін үлкен сахналарға алып шыққан Әлібек Дінішев, биші Рамазан Бапов, ұлт­тық ән өнеріміздің жаңа тыны­сын ашқан Жәнібек Кәр­менов, Қайрат Байбосынов, Қажы­бек Бек­босынов, тағдырлы әнші Амангелді Сембин, қазақ күй өнері­нің кереге­сін ке­ңейткен Қаршыға Ахме­дияров, Шәміл Әбілтай сынды бірегей та­лант­тар­дың қанаттары қатайған шақ та сол жетпісінші жылдардың қол­тығында болатын. Қазіргі қазақ эстрадасы мен классикалық музыка­мыздың, бабы бөлек балет өнерінің абырой-беделін әлем алдында көтеріп жүрген жұлдыз­дарымыздың дені осы кезеңнің төл перзенттері. Солардың ішінен Жекеңнің қамқор­лығын көрмегені, батасын алып, ықыласына бөленбегені, әй, қайдам, жоқ шығар?!. Кешегі Кеңес Одағы тұсында өнер саласына қатысты тың идеяларды, толғағы жетпей тұрған мәселелерді мәдениеттің басында отырған басшылар жоғарыға дә­лелі­мен, дәйегімен, нанымымен, сенімімен жеткізе алса көздеген мәселе өз шешімін тауып жататын. Өйткені, бар түйткіл мұнаралы Мәс­кеуге барып тірелетін. Ал осын­­дай күрмеуі қиын жағдай­лардың шешімін табу үшін ел тізгінін ұстаған ұлы тұлға Дін­мұха­мед Қонаев, мәдениеттің құлағында отырған Ілекеңдер, Мүсекеңдер, Жекеңдер, оның алдындағы аға­лары­мыз, кейінгі замандастарымыз осындай миссияны ұлт алдында, ұрпақ алдында абыроймен атқара білгені өткеннің ақиқаты. Жетісудың шұрайлы төрі — Қаратал өңірінде өніп-өсіп, ұлт өнерінің өрінде көгеріп-көктеген, жұдырықтай жүрегіне қазақ есімді халықтың бар рухани келбетін тұтас қалпы қондыра білген, ор­кес­трдің қатардағы кәсіби дом­быра­шысынан — ұстаз, хореогра­фия училищесінің директоры, Қазақ радиосында му­зы­ка редак­циясының көркемдік жетекшісі, ән-би ансамблінің ди­рек­торы, орталық партия коми­те­тін­де мәдениет секторының жетек­шісі, Абай атындағы акаде­миялық опера және балет театры­ның ди­­ректоры, Мәдениет ми­нистр­лігін­дегі бас басқарманың бастығы, Мәдениет министрінің орынба­сары, Мәде­ниет министріне дейін көтерілген, “ескінің соңы, жаңаның басы” бола жүріп көп іс тындыр­ған, еліне қызмет еткен адамның сабырлы қалыбын танытар сара жолы, міне, осындай. Өмірдің күнгейлі-теріскейлі, өр­лі-қилы белестерінде ұлтқа қыз­мет ете жүріп, отының басының жылуын бір сәтте бәсеңсітпеген кең­жүрек, мейірімді жаратылыс иесі Жекеңнің отбасынан тәрбие мен тағлымы мол жылылықты әркез аңғаруға болады. Әлима жең­геміз екеуінің жұптары жазыл­май жара­сып жүргенінің өзі бір ғанибет! Нағыз зиялы жандарда ғана кезде­сетін осындай ізгі махаб­батқа құ­рыл­­ған қарым-қатынас ке­йін­гі ұрпаққа үлгі-өнеге болаты­нын ылғи сезініп келеміз. Белгілі ком­по­зитор, Композиторлар одағын бірер жыл басқарған Серік Жексем­бекұлы есімді азаматты тәрбиелеп өсіріп, қанаттандырып, елге қызмет ету дең­гейіне алып шығудың өзі – ұш­қан ұяның тәрбиесінің кеңдігін, ке­ңіс­тігін көр­сетсе керек. Ағаның ұр­па­ғын, неме­релерін ұлттық рухта, қаза­қы дәстүрде тәрбиелеуі де бүгін­гі ат үстінде жүрген кейбір азамат­тары­мызды ойға қалдыруға керек-ақ... Құндылықтардың орын ауысып жатқан кезеңіне табан тіредік. Зама­на ағысы, жаһандану қалып­тас­тырған үрдістер адам баласын түрлі таңдаулардың ұйығына салып қойға­ны уақыт бедерінен айқын көрінеді. Мінездер, болмыстар, ішкі бағамдау­лар, сыртқы келбет­тер, тұлғалық кейіптер, бағалаулар, тіпті қарым-қатынастар өзгеріп жат­қанын көзіміз көріп отыр. Ме­нің пайымым­да, батысың – шы­ғыс­қа, түстігің – теріс­кейге айна­лып, аласапыран болып, кей­бір шақта жекелеген тұлғаның жандү­ниесінде шарпысып жатқан түрлі психологиялық күй­зелістер­ден алып шығатын үш қасиет болуы мүмкін деп ойлаймын. Ол – ең бірінші, қоршаған ортаңа, өз қоға­мыңа деген адалдық, екінші, сол қоғамға пайда әкелер кәсіби дең­гейің мен білігің, білімің, үшінші, бойың­дағы осы қасиеттерге тірек болар ең бастысы – табандылық! Сан белес­терден сабырын жолдас етіп әдемі өтіп келе жатқан мен білетін Жекең­нің бойында осы қасиеттер ешуақыт­та қалғыған емес. Кез-келген ортада, керек пе, өзінің биігіне шығып білім­ділігімен елдің пысын баса алады, керек пе, бетегеден биік, жусаннан аласа, қалыпты мәдениет­тіліктің өрі­сі­нен көрініп келеді. Көптеген таланттар­ға қамқор болған, ұлттық мәде­ниет­ке өлшеусіз еңбек сіңірген Же­кең әлі күнге дейін қазақ өнері­нің бағыт-бағдарын бағамдап, тара­зы­лап отырады. Кез-келген жаңа премьераларда, үлкенді-кішілі өнер иелерінің концерттік шараларында, айтулы тұлғалардың меретойлары­ның төрінде жүреді. Бұл өмірді өнер арқылы тануға, мына құбылған дүниенің тылсым сырларын өнер көзімен көріп, баға­лауға дағдыланған адамның тағ­дыры. Бұл — төрге таласпайтын, өр­ге асықпайтын, біреу туралы сырты­нан бөтен сөз айтпайтын, кішілігі­нен кісілік аңғарылып тұра­тын, ойы қалай биік болса, жаны да солай таза, жүрегі қалай кең болса, жара­тылысы да солай кір­шік­сіз жанның тағдыры. Адал адам­ның, күрескер жанның, ұлт өнеріне ора­сан еңбек сіңірген кісілік иесінің, халқының құрметіне ие болған қайраткер тұлғаның тағдыры! Бүгінде сол бекзат болмысымен өмірін өнерге есепсіз арнап келе жатқан адал, ақжүрек жанға сүйсі­ніп отырып: “Абырой дейтін ол­жаңыз қашанда ортаймасын, аға!“ дегім келеді. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар ода­­ғы басқармасының төр­­ағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

19.02.2019

Салық төлеушілердің 20 миллион теңге өсімпұлы кешірілді

19.02.2019

Сенаторлар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады

19.02.2019

56 ауылды елді мекен сапалы интернетпен қамтылды

19.02.2019

«Сергек» жобасы жол-көлік оқиғаларының санын 15%-ға төмендетті

19.02.2019

Астанада шахматтан Әлем чемпионаты өтеді

19.02.2019

Халық сауалы жауапсыз қалмайды

19.02.2019

Қызылордада алаяқтар азаймай тұр

19.02.2019

Астана әкімдігінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар санының өсу себептері түсіндірілді

19.02.2019

Жеке клиникалардың белсенділігі жоғары

19.02.2019

«Алтын жауынгер» анимациялық фильмі жарыққа шығады

19.02.2019

Оразалы Досбосынов атындағы аудитория ашылды

19.02.2019

Шетелмен әріптестік нығайып келеді

19.02.2019

«Смарт-Астана» қосымшасының жаңа сервистеріне қатысты мәселелер талқыланды

19.02.2019

Дәурен Сүйеукенов: дзюдодан Еуропа кубогінде ел чемпионатындағы есемді қайтардым

19.02.2019

Әлия Юсупова Гран-при кезеңі мен Будапешттегі халықаралық турнирді қорытындылады

19.02.2019

Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев батыр баламен кездесті

19.02.2019

Жер жаһанды шарлаған Мағжан

19.02.2019

Қарағандыда 24 000 жер үйге газ құбыры тартылады

19.02.2019

Абылайхан Жүсіпов Софиядағы турнирдің күміс жүлдегері атанды

19.02.2019

Елбасы «Лукойл» мұнай компаниясының президентімен кездесті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Elorda: kósheler, avtobýstar, aıaldamalar

Astana jyl sanap ósip keledi. Bir kezderi oblys ortalyǵy bolǵan shaǵyn ǵana qala az ýaqyttyń ishinde elimizdegi iri shaharlardyń qataryna qosyldy. Munyń bári qarqyndy júrgizilgen qurylys jumystarynyń nátıjesinde júzege asyp otyr. Ras, qazir 2000 jyldardyń basyndaǵydaı ekpin joq. Degenmen áli de bolsa jańa ǵımarattar men turǵyn úıler turǵyzý isinde alǵa basý bar. Bas qala, jańadan turǵyzylyp jatqan elorda bolǵandyqtan, qurylys jumystarynyń jalǵasa beretinine kúmán joq.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Oqıǵalar uǵymdy bolsa ıgi

Tildiń túıtkili qansha aıtsaq ta tarqamaıtyn boldy. Burynǵydaı eshkim zorlamasa da, eshkim tizege salmasa da, ana tilimizde sóıleıik dep urandap jatsaq ta, halqymyzdyń qalada turatyn negizgi bóligi únemi orys tilin qoldanýǵa beıil turatyny qynjyltady. Úlkender túgili qazaqsha oqıtyn balalarymyzdyń ózi orysshany tez qabyldaıdy. Qazaqsha oılanǵansha oryssha jyp etkizip jaýap bere qoıady. Eshkimdi kinálamaı, eshkimdi qaralamaı osynyń sebebin taǵy bir izdep kórelikshi...

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Qatygezdikke bala ǵana kináli me?

Sońǵy kezderi mektep oqýshylarynyń arasynda sotqarlyq órship barady. Teledıdardan kórip, áleýmettik jeliden oqyp otyrǵanda, olar mundaı qatygezdikke qalaı bardy degen saýal kókeıdi tebendeı tesip, oıdy oıran etedi. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу