Ынтымақтастық комитетінің бұл жолғы отырысы Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық төңірегіндегі үнқатысуды кеңейтуге және бұған дейінгі қалыптасқан қарым-қатынасты нығайтуға, оның ішінде аймақтық тұрақтылық пен даму жолындағы өзара мүдделестікке негізделді.
Отырысқа қатысушылар 2015 жылдың 21 желтоқсанында Астанада қол қойылған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында екіжақты саяси және экономикалық әріптестікті дамыту төңірегінде сөз қозғады. Дипломаттар бұл тарихи құжатты жүзеге асыру ықпалдастық көкжиегін барлық сала бойынша кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Роман Василенко: «Еуропалық одақ – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Оның еншісіне Қазақстанның сыртқы тауар айналымының 50 пайызы және еліміз экономикасына құйылған шетел инвестициясының жартысынан көбі тиесілі», – дей келе, екіжақты тауар айналымының уақыт өткен сайын қарқын ала түскенін жеткізді. Мәселен, 2016 жылы Қазақстан – Еуропалық одақ арасындағы тауар айналымы 24,1 млрд АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 18,4 млрд еуро болса, импорт – 5,6 млрд еуро.
«Жалпы, бұл жиын ауқымды мәселелерді жан-жақты қозғайды. Олар саяси-экономикалық, сауда, өңір қауіпсіздігі, энергетика, көлік, транзит, білім салаларымен тікелей байланысты. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім 29 саланы қамтиды. Бізді Еуропалық одақпен мықты дипломатиялық әріптестік тетігі байланыстырып келеді. Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім – осының айғағы», деді өзінің сөзінде Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Люк Девинь де Роман Василенконың сөзін қуаттады. «Еуропалық одақ пен Қазақстан ынтымақтастығы, шынымен де, жақсы деңгейде. Еуропалық одақ – сіздердің елдеріңіздің ірі сауда және инвестициялық әріптесі. Бүгінде Қазақстан әлемдік және өңірлік тұрғыдан алғанда, бейбітшілік және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытын берік ұстанған ең маңызды әріптесімізге айналуда. Жақын күндері Қазақстанда Еуропалық одақ пен Орталық Азиядағы саяси және қауіпсіздік мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі тағы бір шара өтеді», – деді.
Жиында, сондай-ақ, білім беру, су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау, құқық үстемдігі, қауіпсіздік, терроризм және есірткі бизнесімен күрес секілді салалар бойынша ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, Еуропалық одақ пен Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдету жайы талқыланды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Пікірлер(0)
Пікір қосу