Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының жаңа белесі

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті.
Егемен Қазақстан
24.03.2017 2427
2

Ақордада шағын құраммен өткен кездесу барысында екі елдің қатынастарындағы басты салалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі сөз болды.


Қазақстан Президенті өзбекстандық әріптесін шетелдік мәртебелі мейманға лайықты сән-салтанатпен қарсы алды. Н.Назарбаев Шавкат Мирзиеевтің президент ретінде қазақ жеріне алғаш келіп отырғанын атап өтіп, басқан қадамына сәттілік тіледі.

–  Мен сізді Қазақстан жерінде шын жүректен, бауыр ретінде қарсы аламын. Бұл – президент ретіндегі алғашқы сапарыңыз. Сізді өзбек халқы президент сайлауына байланысты құттықтаймыз. Өзбекстан бізге стратегиялық әріптес, көрші әрі бауырлас ел. Біздің халқымыз сіздерге даму және береке тілейді. Болашақта да экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту ісінде біз Өзбекстанға және жеке өзіңізге сенім артамыз. Сапарыңыз табысты болуы үшін барлығын жасаймыз. Қазақстан өзінің стратегиялық серіктесі, көршісі әрі бауырласы – Өзбекстанның халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіреді. Біз келешекте екіжақты байланыстар аясында жемісті қарым-қатынас орнайды деп сенеміз. Қазірдің өзінде мемлекетаралық әріптестікті нығайту бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, елдеріміздің арасындағы сауда айналымының көлемі өскені айқын байқалады, шекараларымыз арқылы өткізу мүмкіндігі артып, өнімдердің жаңа түрлері жеткізілуде, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде, Өзбекстан Президенті Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын тарихи сапар деп санайтынын айтты. Ол Қазақстан тарапының сый-құрметпен күтіп алғанына ризалығын білдірді.

– Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, өткен жылғы қыркүйекте Самарқандқа келгеніңізде Қазақстан мен Өзбекстан қашанда бірге болатынын айтқан едіңіз. Жақсылықты да, қайғыны да бөлісеміз деген болатынсыз. Бұл сөздер бізді жақындатты, бүкіл өзбек халқы нағыз дос әрі бауыр халықтың қолдауын сезінді. Сіз өз досыңыз, Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовтің қабіріне арнайы келіп, құрмет білдірдіңіз. Сол сапардан бері бізде мүлдем жаңаша қарым-қатынас басталды. Соңғы бес айда бәрі қайта басталғандай болды,– деді Шавкат Мирзиеев.

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында екі елдің 500-ден астам кәсіпкерінің қатысуымен халықаралық бизнес-форум өтіп, алқалы жиында жалпы сомасы 1 миллиард долларды құрайтын 75 келісімшартқа қол қойылған болатын. Мемлекет басшыларының кездесуінде бұл туралы да айтылды.

Шавкат Мирзиеевтің айтуынша, Өзбекстан тарапы Қазақстанды қашанда ең жақын, ең сенімді дос деп санайды. Ел Президентінің алғашқы сапарларының бірін Астанаға жасауын да осының бір нышаны деп түсінген абзал.

– Біздің тарихи тамырымыз бүгінгі күндерімізден хабар береді. Біз кеше келіссөздерді бастадық. Бүгін болашақ қарым-қатынасымыз туралы сөз болады. Бірінші рет делегациямызбен парламент жетекшілері, қорғаныс министрлігінің жетекшілері келіп отыр. Бұл ведомстволар арасында бұрын мұндай тығыз қарым-қатынас болған емес. Өткен жылы әлем үшін тарихи құбылыс бол­ды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне сайланды. Бұл бүкіл Орталық Азия мүддесі сіздің жетекшілігіңізбен қорға­ла­тынын білдіреді. БҰҰ-дағы екі жыл­дық тұрақты емес мүшелік кезінде Ауғанстан бойынша шаралар қабыл­данады деп сенемін. Бұл сіздің баста­маларыңыз. Өзбекстан қашанда мұның бәрін қолдайды. Біздің бәріміз де сіздің бастамаларыңызды қолдаймыз,– деді Шавкат Мирзиеев.

Салтанатты кездесуден соң екі мем­лекеттің делегацияларының қатысуымен кеңейтілген келіссөздер өтті. Осы жиынның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бір­лескен декларацияға қол қойды.

Сондай-ақ, келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Өзбекстан Республикасы  Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов Өңіраралық ынтымақтастық туралы келісімге, 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясына, Табыс­пен бірге қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Ал еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Өз­бекстан Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестициялар және сауда министрі Элёр Ганиев Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы, екі елдің сыртқы сая­сат ведомстволарының басшылары Қайрат Әбдірахманов пен Абдулазиз Камилов ведомствоаралық 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын, Қазақстанның Қор­ғаныс министрі Сәкен Жасұзақов пен Өз­бекстанның Қорғаныс министрі Ка­бул Бердиев Қорғаныс министрліктері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді рәсімдеді.

Қол қою рәсімінен кейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев атап өткендей, алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстанның өзара тиімді ынтымақтастық қарқынын арттыра түсу керек.

– Ең алдымен Шавкат Мирзиеев мыр­заға бауырлас халықтар қастер тұта­тын ортақ мерекеміз – Наурыз мейра­мында келіп, біздің елімізге тұң­ғыш мемлекеттік сапар жасағаны үшін шын көңілімнен ризашылығымды біл­діремін. Мерекесі мен берекесі ортақ елдеріміздің барлық азаматтарын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтаймын. Өзбекстан Республикасының жаңадан сайланған Президенті Қазақстанға сапармен келіп отыр. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытып, достық байланысты нығайтуға мүмкіншілік береді, – деді Н.Назарбаев.

Елбасы келіссөздер барысында қол жеткі­зілген уағдаластықтарды жүзеге асы­руға екі елдің үкіметтері жедел кірісіп кеткендігін де атап өтті. Н.Назарбаев мысалға келтіргендей, бүгінде екі ел кәсіпкерлерінің атсалысуымен сауда үйлері ашылды, елдеріміз арасын­да өзара тауар жеткізу номенкулатура­сы ұлғайды. Көлік, энергетика, ғарыш, туризм салалары бойынша өзара іс-қимыл жанданып келеді. Автомобиль құрас­тыру саласында бірлескен инвести­ция­лық жобаларды іске асыру үшін маңыз­ды жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақыт­та сауда-экономикалық бағыттағы жұ­мыс­тар әлі де ілгерілеп, өзара тиімді ын­ты­мақ­тастық қарқынын арттыра түсу көз­деліп отыр.

Жалпы, Өзбекстанның жаңа Пре­зи­денті қазақ-өзбек сауда-саттық қаты­нас­тарының қанат жаюы үшін барлық мүмкіндіктерді жасады деуге болады. Елбасы айтып өткендей, бүгінгі күні Астана мен Ташкент екіжақты сауда-экономикалық әріптестік бойынша Орталық Азия аймағында же­текші позицияға ие болып отыр. Өткен жыл­дың қорытындысында тауар айналымының көлемі шамамен 2 млрд долларды құрағаны осының бір нышаны. Ал сауданың нақты көлемдегі өсімі 2016 жылы 16 пайызға артыпты. Бір айта кетерлігі, соңғы 5 айда Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы тауар айна­лы­мының ауқымы екі тарапта да 30 пайызға ұлғайған. Қазақстанның астығы көрші елге 30 пайыз артық жеткізілсе, елімізге келіп жатқан өзбек жеміс-жидегі мен көкөнісінің көлемі 25 пайызға артқан. Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында өзбек капиталы салынған 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Көлік-транзит саласындағы ынты­мақ­тастық жанданып, Алматы-Ташкент бағытында жүрдек пойызы жолға шық­ты, жаңа әуе жолы мен автобус бағыт­тары да іске қосылған. Елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де іргелес ел кең ауқымда қатысуға ниет білдіріп отыр.

Ақорда төріндегі келіссөздер барысында су-энергетика мәселелеріне айрықша мән беріліпті. Бұл туралы Мем­лекет басшысы:

– Орталық Азияның трансшекаралық өзендері ортақ игілік екенін тағы да растадық. Біз бауырлас елдердің су­ды пайдалану жөніндегі ойларына толық түсіністікпен қараймыз және бұл іске аталған өзендердің төмен жағын­дағы елдердің мүддесіне нұқсан келтір­мей қатысуға дайынбыз. Бұл суға мил­лиондаған адамның тағдыры тәуелді. Аймақтағы тұрақтылық, аман-саулық, тиісінше арамыздағы достық қарым-қатынас пен сенімнің нығаюы осы суға байланысты. Сондықтан оны ақылмен пайдалану қажет, – деді.    

Дәл осы трансшекаралық өзендер мәсе­лесіне қатысты Шавкат Мирзиеев өзендерде жаңа гидротехникалық құры­лыстар салу мәселесі талқыланғанын жеткізді. Өзбекстан басшысының пайымдауынша, бұл жұмыс өзге де мүдделі мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтірмейтін сындарлы көзқарас пен келісім негізінде, сонымен қатар халықаралық су құқының нормаларына сәйкес жасалуы тиіс. Бұл тұрғыда өзбекстандық тарап БҰҰ-ның Әмудария мен Сырдарияның су ресурстарын ұтымды әрі әділ пайдалану жөнінде ха­лық­аралық келісім жасау жөніндегі бас­тамасын қолдайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесінде айтылғандай, Шавкат Мирзиеевтің елімізге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары ынтымақтастық пен әріптестіктің жаңа белесіне жол ашты деп санаған ләзім.

– Біздің тығыз мәдени-тарихи байланыстарымыз достық қарым-қаты­на­сымыздың маңызды факторы саналады. Бүгінде миллионнан астам этни­кал­ық қазақ Өзбекстанда тұрып жатыр. Шама­мен 500 мың өзбек екі мемлекетті де өз отандары санайды, – деп атап өтті Ел­ба­сы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы келіс­сөздер барысында өзбек әріптесімен мәдени күндер өткізу жайында уағ­даластық жасағандығын атап өтті. Қа­зақ­станда өзбек этносы өкілдерінің өз мә­дени орталықтары, театрлары бар екен­дігін, Қазақстан халқы Ассамблеясында, Қазақстан Парламентінің құрамында да мүшелері сайланғанын, қажеттілік бар жерлерде өзбек тіліндегі мектептердің жұмыс істеп тұрғанын айтты.

– Бүгінгі келіссөздер нәтижесіне мен өте жоғары баға беремін. Шавкат Мирзиеевтің елімізге алғашқы мем­лекеттік сапары ынтымақтастық пен әріптестіктің жаңа белесіне жол ашты деп санаймын. Өзбекстан өсіп, өркендей берсін! Бауырлас өзбек халқына бақ, береке тілеймін! – деді Елбасы.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиеев өз сөзінде Қазақстанның халық­аралық қауіпсіздікті сақтаудағы рөлін жоғары бағалап, БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын тарихи оқиға деп санайтынын жеткізді. Ш.Мирзиеевтің пікірінше, елі­міздің Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі Орталық Азия өңірі үшін зор маңызға ие.

– Қазақстанның БҰҰ-дағы 2 жыл­дық тұрақты емес мүшелігі барысында Ауғанстанға қатысты шаралар қабылданатынына сенімім мол. Ауған­стандағы тұрақтылық пен бейбітшілік Қазақстан үшін де, Өзбекстан үшін де барынша маңызды, – деді Өзбекстан Президенті.

Өзбекстан Президенті Қазақстан басшысы Н.Назарбаевты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта Өзбекстанға сапарлап баруға шақырып, құшақ жая күтіп алуға әзір екендігін айтты.

– Сізбен жиі кездесіп, сағаттарымыз­ды түзетіп, алға қарай ілгерілейміз деп уағ­даластық. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сіз­ге өзіңізге ыңғайлы кез келген уа­қыт­та Өзбекстанға шақырамын. Сізбен Өзбек­станда кездесуге өте қуанышты боламын, – деді ол.

Жалпы, сан ғасырлық тарихи тағ­дыры сабақтас өріліп келе жатқан қазақ-өзбек қатынастары соңғы уақытта жаңа белеске көтерілді деуге негіз бар. Бұл, әсіресе, сауда-экономикалық қаты­нас­тарының қарқын алып, қанат жайып келе жатқанынан айқын аңғарылады. Бір-бірін сенімді серік, тату көрші және бауырлас ел деп санайтын екі мем­лекеттің басшылары алдағы уақытта өзара қатынастарды одан әрі жетілдіріп, ын­ты­мақтастықты нығайта беруге ниет­ті екендіктерін жеткізді.

* * *

Сондай-ақ, екі ел президенттері кеше екіжақты келіссөздерден кейін Астана қаласының көрнекті орындарын аралады. Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиеев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет

театрында болып, «Қыз Жібек» опера­сының дайындығын көрді.

Ал Назарбаев Университетте білім ордасының даму жоспарымен, өнеркәсіпті автоматтандыру зертханасымен, оқу орнының зерттеушілік жобаларымен және физика-математика зертханасымен таныс­ты. Ш.Мирзиеев университеттің құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев ресми ашылған «MEGA Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығының сауда-көрме павильондарын аралап көрді. Президенттер «Cirque du Solei» әртістерінің Монте-Карлодағы халықаралық фестивалінің жеңімпаздары қойған шағын театрлық көрініс пен акробатикалық шоуды тамашалады.

Мемлекеттер басшылары қаланың көрнекті орындарын аралап көрген соң Астана ЭКСПО-2017 көрме кешені құры­лы­сының барысымен және оның макетімен танысты.


Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»


Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.10.2018

«Токyo Open 2018»: Қазақстандық спортшылар 2 медаль жеңіп алды

18.10.2018

Буэнос-Айрес: Еліміздің Әнұраны екі мәрте шырқалды

18.10.2018

Айбике Хабибуллина Азия чемпионатында топ жарды

18.10.2018

Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне сапармен барды

18.10.2018

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Сириядағы дағдарысты шешуге шақырды

18.10.2018

ҚИК жаңа ипотекалық өнімді іске қосу туралы жариялады

18.10.2018

Ресей мен Моңғолия арасында әскери серіктестік түзілді

18.10.2018

«Өзен» өткел бермей тұр

18.10.2018

Балуандар Багам аралдарында белдесуде

18.10.2018

Сенат депутаттары Қыздар университетінің ұжымымен кездесті

18.10.2018

Жолдау 2018: мамандар қолдауы

18.10.2018

Әлеуметтік мәселелерді жылдам шешуді көздеген өңір

18.10.2018

Журналист Күлән Берікболова дүниеден өтті

18.10.2018

Екібастұзға ерекше сыйлық

18.10.2018

Шалғайдағы халық алысқа шабылмайтын болды

18.10.2018

Сенаторлар құрылыс алаңдарында болды

18.10.2018

Тағдыры ұқсас таланттар

18.10.2018

Кубань казактары қазақша шырқады

18.10.2018

Қарағандыда тәртіп сақшылары мен құтқарушылар 850 млн теңгенің жаңа техникасына ие болды

18.10.2018

Жаңа мүмкіндіктер туралы айтылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Құрманәлі Қалмахан,

О́zge elde sultan bolǵansha...

Áı, qaıdam... О́zge elde sultan bolý qazir qıyn-aý. Sebebi óz eliniń Sultandary turǵanda shetten kelgen «bótenderdi» kim jaqtyra qoıar dersiz?! Soǵan qaramastan túrli sebeptermen shetel aýyp, «jumaq» araldaryn izdeýge bel býǵandar qarasy azaımaı tur.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Urpaq azsa – ultqa qater

J.Aımaýytov pen M.Áýezov keıbir qazaq mineziniń minin, sol mindi kórip ósken balanyń jamandyqqa salynatynyn 1917 jyly «Alash» gazetinde jarıalaǵan maqalasynda: «Ultym», – dep oqyp shyqqandar halyq arasyna kelse, qaraıa bastaıdy» dep, artynan: «Saıyp kelgende, qazaqta qalyp turǵan ózgeshe minezder: tili aıtqandy qoly qylmaıtyn – turaqsyzdyq, uıymsyzdyq, basynan aspaıtyn – ózimshildik, ezdik» depti. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Megapolıster múmkindigi

Elbasy «Qazaqstandyqtardyń ál-aýqatynyń ósýi: tabys pen turmys sapasyn arttyrý» atty jańa Joldaýynda elimizdiń aýmaqtyq damýyna jańa tásilder engizýdi qamtamasyz etý qajet ekendigin aıta kele: «Búginde jetekshi elderdiń ekonomıkasy kóbine jahandyq qalalar nemese megapolıster arqyly tanylady.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Izgilikke shaqyrý iriliktiń belgisi

Bıylǵy 10-11 qazan kúnderi Astanada ótken Álemdik jáne dástúrli dinder kóshbasshylarynyń dástúrli siezi óziniń halyqaralyq aýqymdaǵy asa mańyzdy únqatysý alańy ekenin taǵy bir ret dáleldedi.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Jer emgender oza ma, toza ma?

Jalpy, bizdiń halyqtyń arman-maqsatynyń bir ushyǵy qashan da jermen baılanysty sıaqty. Jerdi keńeıtý, jerdi qorǵaý, jerdi óńdeý, jerdi qurmetteý... Mentalıtetimiz jerge jaqyn. Bul basqa halyqtarda olaı emes degen sózimiz emes, biraq bizdiń halyq úshin tym erekshe sıaqty. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу