«Құс жолының» қиқулы тарихы

(Түркілердің бастапқы өркениет ошағы хақында)
Егемен Қазақстан
20.04.2017 3244

Төбеміздегі көк аспанды қақ жарып, түстіктен қиыр терістікке қарай «Құс жолы» жатыр көлбей шұбалаңдап. Ол сары бел иен даланың бір үзіліп, бір жалғасатын ақшаңдақ алабұлың сүрлеуіне ұқсайды. Бірде бұлдыры қоюлап, бірде селдіреп, жыл мезгілдеріне қарай бағытын сәл-пәл өзгертетін де сияқты ма, қалай? Бірақ көзге ұрғандай үлкен өзгеріс жоқ, жалпайып үздік-создық болып сол баяғысынша мұнартып жатқаны жатқан. Білуімде оны астроном-ғалымдар аспан денесіне жатқызбайды. Тереңдемей, қалыптасқан халықтық ұғымға сайып, «Газды мұнар», «Құс жолы» деп жақауратады.

Ал кемеңгер тарихқа иек артсаң, төбемізде ағараңдаған осынау «Құс жолының» ұзына бойы шындыққа бергісіз аңызға да, қат-қабат шынайы шындыққа тұнып тұр. Оның оңтүстік жылы өлкелерде қыстап, көктемде балапан басып, ұрпақ өсіру үшін сулы-нулы, жасыл жайылымды, жеміс-жемтігі мол терістікке аттанған қанатты құс атаулыға жол сілтейтіні даусыз. Ол жалғыз құсқа ғана емес, аяқты малдарына жайлы қоныс іздеген көшпенді жұртқа да айнымас серік. Оны «Аспан жолы» деп атаса да болғандай. Алтайдың терістігіндегі Сумер тауының төбесінен туып, қаққан қазықтай бір орнынан айнымайтын Темірқазық жұлдызын маңдайға, «Құс жолын» сол қолға алып тартып берсең – Алтайға, ал Темірқазықты оң қолға, «Құс жолын» маңдайға алып тартып берсең – Орал тауының етегіне кеп құлайсың.Жолдан жаңылысу, шатысу деген атымен жоқ, соқырға таяқ ұстатқандай.

Соңғы жылдар археологиясы ой-санамызды тың, соны деректер жетегіне бұрды. Африка құрлығының шығыс тарапы Олдувай тұрағынан және Эфиопияның Омо аймағынан ең ежелгі адам қаңқалары табылды. Археологтар біріншісінің уақыт мөлшерін – 1,7 млн, екіншісін – 2,1 млн жылдар деп таңбалады. Сонымен, адам тектес маймылдың жануарлар дүниесінен бөлініп шығуы – б.з.б. 2 млн жылдар шамасы деген және адамзат қауымының тал бесік отаны – Африка құрлығы деп пайымдау ойымызда орнықты. Африка – құрғақ климатты құрлық, оның топырақ қыртысындағы адам сүйектері ұзақ уақыт бұзылмай жата береді,қазіргіден де көне қорым орындары табылуы ғажап емес. Ал ауа райы дымқыл, топырағы ызды өңірлерде жерленген адам сүйектері ұзақ сақталмай, шіріп жоғалып кетеді. Адам тектес маймыл қауымдары тек қана Африкада емес, басқа құрлықтарда да болуы және олардың да бауырын көтеріп, адам қатарына қосылу процессін бастан өткізді деп пайымдаудың ақылға еш шетіндігі жоқ.

Алғашқы адам қауымы ілгері басып дамудың кезеңдерінен өтті: бауырын көтеріп, аяғына тұрып жануарлар дүниесінен бөлініп шыққан адам ғылым тілінде питекантроп (бауырын көтерген) деп аталды. Жан сақтау жолындағы тынымсыз еңбекқорлығымен, шексіз пысықтығымен көзге түскен оларға «Хомо хабилис» – «іскер адам» деген жанама айдар тағылды. Дамудың келесі сатысына жеткенде адам қауымы – синантроп аталды. Бұл кезде адам баласы от тауып, тамақты пісіріп жеуге машығып қалған еді. Олардың өмірі ізіңнен қуып жүріп талайтын не аспанға көтереп әкетіп шоқып жейтін қанатты жыртқыштар – динозаврлармен қиян-кескі күреспен өтті, ал б.з.б. 100 – 40 мыңжылдықтар аралығында «іскер адам» тұқымы ергежей неандертальдармен –мешін адамдармен аянбай арпалысып, жеңіп шықты. Күн астының жанға жайлы шуағы үшін таласта адам нәсілі момақан қоңыр қозы бола қойған жоқ.

Африкадағы Олдувай және Эфиопия жеріндегі Омо тұрақтарында өсіп-өніп, жан басы, қара саны көбейген Ортаңғы Тас Дәуірі – мустье кезеңінің адамдары бұрынғы қоныстарына симай, б.з.б. 50 мыңыншы жылдары Ніл өзенін кешіп өтіп, Оңтүстік Азия жеріне төгілді. Олар Африка құрлығынан Азия құрлығына Эфиопия арқылы өткен сияқты.

Америка ғалымы А.А.Колесовтың басшылығымен жүргізілген ДНК бойынша зерттеулер – олардың генетикалық тектілік бөліктерінің Р тобына жататынын айғақтайды. Осы тектік кодпен Ніл асып ауып келген халықтың қомақты бір тобы б.з.б. 35-25 мыңжылдықтарында және 28-12 мыңжылдықтар аралығында екінші, үшінші лектері Беринг бұғазы арқылы Америка құрлығына өтіп кеткен. Олар осы Арқаны сырт салып, жер ауу сапарларын суреттейтін гватемалдық киюге үндістерінің «Пополь-Вух» кітабында: «Жылан халықтың тегеурінінен қашып, отанымыз – Тасбақа аралын тастап шықтық» деген. Демек, сол замандарда тотемдік тұрғыдығы – өздерін қандай да бір аң-құс, жан-жануардың ұрпағы санайтын рулық қауымдар көрініс тапқаны байқалады. «Жылан халық» деп отырғандары оғыз-қыпшақ қауымдастығындағы ұран (оран), қай, оранқай, жылан тайпалары болса керек. Ал Тасбақа аралы, бәлкім, айнала төңірегі Алакөл, Жалаңашкөл, Зайсан, Қызылкөлдермен қоршалған таулы биік Тарбағатай болуы мүмкін. Көне түрік тілінде тасбақаны тарбаң, тарбағатай деп атаған.

Африка құрлығынан Оңтүстік Азия топырағына құйылған біртұтас бұл қауым 15 мыңжылдықта екіге жіктелу кезеңіне тап болған: батыс ностра тілді – афроазия, картавел, үндіеуропалықтар және шығыс ностра тілді - элам, дравид, орал-алтай тілділер болып. Афроазия тілінде сөйлейтін аймақты Левент деп атап, оған бүгінгі Мысыр, Алдыңғы Азия, қазіргі Түркия жері кірген. Ал Левенттің теріскей тарабына картавел, үндіеуропа тілділер жайғасқан. Ал орал-алтай тілділерінің аумағы Қап тауының шығысынан Орта Азия аймағы, Үнді өзеніне дейін, Ауған, Тохар, Шығыс Түркістан, Алтай, Сібірге дейін созылған.

Өстіп, тілдік тұрғыдан екіге жарылып, қақтығысып-соқтығысып қалғандарымен, бір-біріне айтарлықтай тізе батыра алмай, іргелес көрші жөнімен күн кешіп жатқанда Топан тасқыны кеп килікпегенде, гөй-гөй тірліктері қай бағытта дамырын ешкім болжай алмайды. Топан тасқыны бір ізге түсе бастаған тірліктің басын аяғына, аяғын басына келтірді.

Топан тасқыны туралы әңгімені кейінгі ұрпаққа жеткізген «Тәурат» кітабы тасқынның болу себептерін де жасырмай алға тартады. Адамзат баласы Адам-Ата өз ұрпағына өсиет қып сызып берген жолмен жүрмей, бұзықтық жолға бет бұрды. Жер бетіндегі күнкөріс оңай емес-ті, маңдайдан ащы тері тамшылап бел жазбай еңбек еткен Адам-Ата ұрпақтарының жандары қарайып, жүрек бастарына жауыздық ұя салды. Олар еңбекпен адал мал табу орнына жаугершілікке құлшыныс танытып, бірін-бірі өлтіру, тартып алу сияқты зорлық-зомбылықтарға бейім тұрды. Зина батпағына белшеден батты. Адамзат бой алдырған бұл мінез Жаратушыға ұнамады. Жаратушы ессіздікке берілген Адам-Ата ұрпағын қарық суға ағызып көзін жою үшін Топан тасқынын жіберді. Міне, «Тәурат» осылай хикаялайды.

Топан тасқынының ақиқатын «Көнеліктер» атты кітабымда тереңдете жазғандықтан, қазір ол жайттарды қайталап, сөз көбейтіп жатпай, сырт сұлбасын шолып өтсек те жеткілікті. Адамзат қауымының бірінші эпосы – шумерлік «Гильгамеш» эпосы.Сонда Гильгамеш топан тасқынан аман қалған От-напишти қариямен кездесіп, топан тасқынының қалай болғанын, одан қалай жан сақтағанын сұрайды. От-напишти қодыран қайығымен толқын жалында қалталақтап отырып, жеті күнде сарық-бұрық еткен топан тасқыны алапатынан құтылып, көз ұшына дейін созылған көл-көсір жайылмаға шығып, табан басар құрғақ жер іздей бастайды. Кептерді ұшырса, қонатын жер таппай қайтып оралады. Тағы бір жеті күннен кейін қарлығашты ұшырса, ол да қайыққа қанаты талып қайтып келеді. Тағы бір жеті күннен кейін қарғаны ұшырса, ол құрлықты көргенінен қарқылдап хабар беріп, қайтып оралмайды» (Семантика древних образов. Новосибирск, 1990. 84 – 87 с.).

Сүйтіп, қарға Топан тасқынының тоқтағанының хабаршысына айналады. Қарғаның Топан тасқыны апаты тұсындағы Нұх пайғамбар хикаясында да, Топан қарығында құрлық іздеген алтай түркілерінің құдайы Үлкенге қатысты аңыздарда да жер қарақтаған өзге құстардың қатарында аталғанмен, «Гильгамеш» эпосындағыдай қарық астынан жердің сауыры көрінгенінен хабар берушінің қатарына жатпайды. Ғажабы сол – «Гильгамеш» эпосындағы сюжеттің Алтай сыртындағы Би өзені жартасында қаз-қалпында қашалуы. Таудың етегі, орта белінде бұғы, жылқы, өзге жан-жануар, аң-құс, ал биік таудың ұшар басында қарқылдаған қарға бейнесі.

Шумердің «Гильгамеш» дастанындағы өлең жолдары мен Би жартасындағы сурет – Топан тасқыны туралы сенімді айғақтың қатарына жатады. Мұның сыртында Топан қарығы туралы б.з.б. III ғасырда жасаған Бабыл тарихшысы Берроуз жазып қалдырған: «Топан қарығы туралы алдын ала құлақтанған Ксисутрос патша бастапқы тарих, заттардың дамуы мен қалыптасып тоқтауы туралы кітаптарды күн қаласы Сиппарға көмуге әмір етті» дей келіп, топан тасқынынан кейін ол кітаптарды қазып алып, көптеген жаңа еңбектер жазылғанын мәлімдейді (Горбовский А.А. Загадки древней истории. М., 1971. 6 с.). Ал жаңаша жыл қайыруымыздың бірінші ғасырының тарихшысы, «Иудейские древности» кітабының авторы Иосиф Флавий «Аспан денелері мен олардың құрылымы туралы ғылымды ойлап тапқан» данышпандарға адам ұрпағын отпен, сумен жазалайтын зілзаланың жақын қалғаны мәлім болып, тапқан ілімдері ұмытылмай кейінгі ұрпаққа жетсін деп, бірін кірпіштен, екіншісін құж сом тастан екі баған орнатып, білгендерін соларға жазып қалдырған». Кірпіш бағандар топан тасқынының тегеуіріне шыдамаған. Құж сом тас бағандарға түк те болмаған. Тарихшы оларды өз көзімен көргеніне куәлік етеді.

Топан тасқыны туралы жүздеген деректемелер бар, тізе берсе, оның өзі бір кітап. Бұл тақырыпты егжей-тегжей зерттеген неміс ғалымы Гестенкорн, швед астрономы Хеннес Альвен, америка астрономы Г.Юри мен Нобель сыйлығының лауреаты У.Ф.Лобби, кеңес ғалымдары В.А.Обручев пен Е.М.Хегемейстер жер мен адам қауымының даму жолында Топан тасқыны аталған зілзала орын алғанын бірауыздан мақұлдаған. Оның басты себебі: Жер орбитасына Ай планетасының еніп, Жерді кіндік тірегінен сәл-пәл тайдырып жіберуінен болған, содан теңіздер құрлыққа лап берген, ал зілзаланың болған уақыты б.з.б. 10 мыңыншы жылдардың о жақ, бұ жағы. Қорытынды пікір осы орайлас.

«Тәуратта» кеме жасап, Топан тасқынынан қашқан Нұх пайғамбардың Армениядағы Арарат тауынан шыққаны айтылған. Бұл аңыздың нұсқалары өте көп. Әйгілі «Тауарих джамидің» авторы Рашид-ад-динге иек арта сөйлеген Әбілғазы Баһадүр Нұх пайғамбардың кемесі Шам жұртының Мүсіл шаһары жанындағы Жуды тауынан шықты дейді. Нұх кемесін Еділ-Жайықтан, Қазығұрттан шығаратын аңыз-әңгімелер де жеткілікті. Жоғарыда Алтай сыртындағы Би жартасындағы сурет те сол көп нұсқаның бір парасы. Қиыр оңтүстік өлкелердегі топан тасқынан кеме, қайық, су көліктерінің неше түрлерімен, бәлкім, тау жоталарының жиегімен жаяулап-жалпылап су шаймаған өлкелерге ұмтылғандар аз бомаған,сірә. Солардың біреулері Алтайдан, екіншілері Қазығұрттан, үшіншілері Еділ-Жайықтан шығулары да ғажап емес. Қалай дегенмен де, топан тасқынынан амалдап жан сақтағанның бәрі Еуразия жотасын бетке алған. Аталмыш жазба деректі археологиялық қазба жәдігерліктері де растайды. Парсы шығанағы аумағындағы балық аулайтын кәсіби құралдардың Маңғыстау мен Еділ-Жайық арасынан табылуы айғақты нақтылай түседі. Біз сөз етіп отырған Мезолит дәуіріне қатысты (б.з.б. IX – VI мыңжылдықтар) археологиялық зерттеулерінің пікірі төменгідей: «Средняя Азия тоже, по-видимому, в раннем мезолите была заселена не повсеместно. Вероятно, в Закаспии появилась какая-то группа населения, отмеченная в нижних слоях пещер Дам-Дам-Чешме 1 и 2, своим происхождением связанным Южным Прикаспием... Весьма вероятно, что часть населения Южного Прикаспия, характеризующаяся ассиметричными формами геометрических микролитов совершили далекий путь по восточному берегу Каспийского моря в Южное Зауралье, где складывается в начале голоцена (а может быть, и в позднем плейстоцене) янгельская мезолитическая культура с такими же формами микролитов» (Мезолит СССР. М.,1989. 197 с.). Демек, оңтүстік өлке тұрғындарының Еуразия жотасына ауып келіп, жаңа мәдени ошақтар қалыптағанын археологиялық зерттеулер де толықтай мақұлдайды. (Жалғасы бар)

Әнес САРАЙ

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

24.10.2017

Су қоймасының беріктігіне екі ел де мүдделі

24.10.2017

«Нұрлы жол» бағдарламасына 2017 жылы 484,2 млрд тг бөлінген

24.10.2017

«Нұрлы жер» – баспаналы болудың елеулі мүмкіндігі

24.10.2017

Фариза феномені

24.10.2017

Қымызды тұңғыш зерттеген қазақ

24.10.2017

Адвокаттық көмек қайткенде қауқарлы болмақ?

24.10.2017

Рухани келісім – орнықты дамудың негізі

24.10.2017

Нәсіптің көзі атакәсіпте

24.10.2017

Ресми бөлім (24.10.2017)

23.10.2017

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматыға барды

23.10.2017

7 күнде «Сергектің» көмегімен 1300-ден астам бұзушылық анықталды

23.10.2017

Көкшетаулық каратэшілер ел чемпионатында 12 медаль жеңіп алды

23.10.2017

Моңғолия тауларында 10 альпинист қаза тапты, жетеуі іздестірілуде

23.10.2017

Атырауда заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер талқыланды

23.10.2017

Қасым-Жомарт Тоқаев ЭЫДҰ бас хатшысымен кездесті

23.10.2017

Мың мезет (ой-отау)

23.10.2017

«Шынайы шымылдық» сахна сәнін келтірді

23.10.2017

Шыңғырлауда ұстазға ескерткіш орнатылды

23.10.2017

«Ата, мен қай тілде сөйлеп тұрмын?..»

23.10.2017

Лондон төріндегі қаламгер тойы

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Рухани келісім – орнықты дамудың негізі

Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, яғни осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын мемлекеттік дең­гей­де қабылданған шешімдер мен қол­ға алынған бастамалар өзі­нің өмір­шеңдігін көрсете отырып, қо­ға­мы­мыздың игілігіне айнала білді. Әсіресе қоғамды рухани келісімге үнде­ген, татулық пен береке-бірлігі­мізді арт­тыруға бағытталған сауатты да сали­қалы бастамалардың жөні бөлек.

Әйіп ЫСҚАҚ, биология ғылымдарының докторы, профессор

Нәсіптің көзі атакәсіпте

Халқымыз төрт түлік өсіруді атакәсіптің біріне, тіпті бірегейіне балаған. Тіршіліктің нәрі, көзі деп ұққан. Содан болар, ауыл адамдары амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасып жатады. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қаржы жүйесіндегі тарихи шешім

Алпауыт ел Америка Құрама Штат­тары­ның экономикасы қазіргі кезде өз жарасын өзі жалап жазатын көк­жал қасқырға ұқсайды. Ол өзінің осы қасиетінің арқасында жазылмастай сыр­қатқа шалдыққан қазіргі қаржы ка­питализмнің ғұмырын барынша ұзартып келеді. Бүгінгі күні бүкіл әлемге билігін жүргізіп отырған ка­пи­тализмнің басты тірегі бастапқы кезде осы формациялық құрылыс­тың отаны әрі таратушысы болға­нымен соңғы жылдары барынша әлеу­меттене бастаған Еуропа емес, нарық­тық жолға түсіп, жедел байып келе жатқанымен Конфуций қағидасы бойынша мемлекетті әке деп қабыл­дап, бүкіл халық үшін одан әкелік қам­қорлық талап ететін дана Қытай емес, корпоративтік рухты ту етіп көтерген еңбекшіл Жапония мен Оңтүстік-Шығыс Азияның елдері емес, нақ осы АҚШ-тың өзі болып отырғандығын біраз жұрт жақсы біледі.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Онлайндағы жұңғо жұрты

Қытай. Жан-жақтан ағылған адамдар мен көлік ағысы толас­тар емес. Бағдаршамның қызыл шамына тоқтаған көлікте отырып, жан-жағыңды бағдарлайсың. Сіз отырған көлікке жапсарласа, бірінен соң бірі жапырлап велосипед мінген жолаушылар сы­наласып тоқтап жатыр. Ал жол жүруге рұқсат берілгенде бей­не құмырс­қалар тəрізді өре жөнелген қос дөңгелекті көлік­ке отыр­ған­дардың шеруін көр­гендейсіз. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Кімді тұлға тұтамыз?

Баяғының жастарына «Мен өмір­ден өзімді іздеп жүрмін» деп сөйлеу тән болатын... Жақында Америкада оқып жүрген қазақ­стандық жас өреннің пікірін тыңдап көруге тура келді.

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу