Рухани жаңғыру – Қазақстанның үшінші жаңғыруының негізі

Өткен аптаның ортасында еліміздің саяси өмірінде елеулі оқиға болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шықты.

17.04.2017 783

Мақаланы оқып шыққаннан кейінгі алғашқы байқайтынымыз, ойды жеткізудегі ерекше мәнерлілік, дәлдік пен қарапайымдық. Сонымен бірге, бұл еңбек мейлінше терең, күрделі әрі кемелдігімен ерекшеленеді. Еліміздегі рухани жаңғырудың тұжырымдамалық бағдары министрден бастап, қатардағы қарапайым азамат түсінетін, баршаға ұғынықты, бай әрі ықшам тілмен жеткізіледі. Биылғы жылдан бастап Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің Үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріскені баршаға белгілі. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру болып табылады. 

Бұған дейін еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы Бірінші жаңғыруды жүзеге асырды. Содан кейін «Қазақстан–2030» Стратегиясын қабылдады және Астананы салды. Нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді. Бұл Екінші жаңғырудың нәтижелері.

Мұның бәрін таратып айтып отыру себебіміз еліміздің жүйелі әрі дәйекті эволюциялық дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың өзара байланысы мен сабақтастығын көрсетуді мақсат тұтып отырмыз.

Бүгінгі таңда Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және рухани жаңғыру сияқты үш жаңғыру үдерісі жүзеге асырылатын болады.

Аталған үдерістердің қатарында рухани саланы жаңғырту негізгі бағыт болып табылады. Мұндай аксиомалық байлам жасауға берік негіз бар деп ойлаймын. Әлбетте, саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан, бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр.

Бұл орайда, ең әуелі, жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету негізінде түбірлі өзгерістерді қажет етіп отырған осы саланың бүгінгі жай-күйін атауға болады.

Мәселен, егер де биік мінберде зерделейтін болсақ, бізде демократияның басты белгісі саналатын сайламалы үдеріс саяси өмірде өзінің орнын тапты. Биылғы жылы конституциялық реформалардың аясында ел Президентінің бірқатар өкілеттіктері биліктің өзге тармақтарына берілді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп «Біз жүріп келеміз, біртіндеп алға басудамыз, яғни бұл қоғамды демократияландырудың сатыларының бірі... Басқа мемлекеттер өздерінде бар демократияға жүздеген жылдар бойы жүрді... Демократия – бұл жолдың басы емес, бұл жолдың аяғы, ол біздің мақсатымыз», екенін атап көрсетті.

Экономикаға келетін болсақ, Қазақстан нарықтық экономиканың көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. Мысалы, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше көптеген елдердің ІЖӨ-нің 15%-ы деңгейі көлеміндегі мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту бойынша жұмыс жүргізуде. Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін есепке алғанда, мемлекеттің бақылауындағы және жанама бақылауындағы ұйымдардың ІЖӨ-ге шаққандағы жалпы қосымша құнының (ЖҚҚ) арақатынасы ескеріледі. 2014-2015 жылдардың қорытындылары бойынша ЖҚҚ-ның ІЖӨ-ге арақатынасы 21,1% және 19,1%-ды құрады.

мемлекеттің экономикадағы қатысуын қысқарту мыналар арқылы қамтамасыз етіледі:

–мемлекеттік меншікті жекешелендіру және квазимемлекеттік сектордағы активтерді іске асыру;

-ұлттық холдингтерді трансформациялау;

Кәсіпкерлік кодексте қарыстырылған «Yellow Pages Rule» қағидаттарын іске асыру.

2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарында 780 ұйымды, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі 64 барынша ірі компанияларды, атап айтсақ, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек», «ҚазАгро» акционерлік қоғамдары, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының құрамына кіретін 171 еншілес және тәуелді ұйымдарды, сондай-ақ, жекешелендірудің, мемлекет-жеке меншік бағынышты әріптестікгі және тарату нәтижесінде бәсекелестік ортаға берілген 545 кәсіпорынды іске асыру қарастырылған.

Қабылданған шаралар мемлекеттің экономикағы қатысуын елеулі қысқартады және елімізде жеке бастамалардың белсенділігін арттырады.

Рухани-мәдени салаға қатысты әзірге мұндай өзгерісті айта алмаймыз. Әрине, аталған саланы тұтастай нарыққа беру жөнінде әңгіме қозғалып отырған жоқ. Басты мақсат мемлекеттің және азаматтық қоғамның өзара іс- қимылының негізінде барша руханиятты жаңғырту болып табылады. Бұл орайда, елімізде 2014 жылдан бері қазақстандықтардың жоғары руханилығы мен мәдени ментальдығының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға бағытталған Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы іске асырылуда. Мәдениет руханияттың іргесі ажырағысыз құрылымы екені аян. Ал, кейінгі жылдары мәдениеттің ең негізгі өзегі рухани салада түбірлі жаңғырулар жүргізілген жоқ.

Елбасының бағдарламалық мақаласы – бұл, ең әуелі ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Оның мақсаты күшті әрі жауапты адамдардың Біртұтас ұлтын құру болып табылады. Мақала кіріспеден, «ХХ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі негізгі тараудан және қорытындыдан тұрады.

Ең әуелі, ел Президенті тарапынан бүгінгі таңда адамзат қоғамы жинақтаған аса зор өркениет тәжірибесіне зерделі талдау жасау бойынша қыруар жұмыс жүргізілгенін көруге болады.

Біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырларда өмір сүрген Қытайдың ежелгі ойшылы Конфуций адамның өмірі ең әуелі моральмен реттелуі тиіс екенін тұжырымдап берді. Бұған білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасатын дұрыс адамгершілік әдептердің ережесі ли ұғымын насихаттау негіз болды. Қытай өзінің жүздеген жылдардан бергі өмір салтында Конфуцийдің осы өсиеттеріне барынша адалдығын көрсетіп келеді.

Мемлекет басшысының жоғары рухани дамуға қатысты сөзі дүниетанымдық саладағы жаңғыру бойынша қолданылған жаңаша ұғым. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың 6 бағытын белгілейді:

1. Бәсекеге қабілеттілік;

2. Прагматизм;

3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;

4. Білімнің салтанат құруы;

5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

6. Сананың ашықтығы.

Бұл бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. Олардың әрқайсысына егжей-тегжейлі тоқталу мақаланың басты міндеті емес екенін ескеріп, біз Екінші және Үшінші жаңғырулар – «Прагматизм» және «Ұлттық бірегейлікті сақтауға» назар аударсақ.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «әуелі экономика, содан кейін саясат» атты әйгілі принципі баршаға таныс. Біздің ойымызша, оның сабақтаса дамуы қоғамдық сананы жаңғыртуда айқын көрінеді. Әлемнің жетекші елдерін табысқа жеткізген нақты прагматизм игілікке қол жеткізудің әмбебап кілті болып саналады. Дәл осының арқасында қоғамдық-экономикалық формация ретінде капитализм құрдымға кеткен социализмді біржолата жеңді.

Мақалада біздің ұлттық кодымыздағы прагматизмнің бар екендігіне дәлме-дәл негіздеме беріледі. Ұлы даладағы қатаң табиғи жағдайлар мен шөлейтті жерлердегі тіршілікпен байланысқан көшпенділік дәстүрі ата-бабаларымыздың бойына табиғатпен үндескен өмір салтын, яғни прагматизмді қалыптастырды. Өткен ғасырлардағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына талдау жасай отырып, Елбасы радикалдық идеологияның заманы мүлдем келмеске кеткенінін тұжырымдайды. Сол себепті, біздің болашаққа жасалатын ұранымыз реализм және прагматизм болмақ.

XIX ғасырда Германияның ұлы канцлері Отто Бисмарк Realpolitik мемлекеттік бағытын өмірге енгізді. Ол әртүрлі идеологиядан бас тартып практикалық тұжырымдарға басымдық берді. Сондықтан, Елбасының тұжырымы анық: біз жекелеген адамның және тұтас ұлттың мүмкіндіктері мен шектерінің аясында нақты мақсаттарға қол жеткізуді бағдарлауымыз керек.

«Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты екінші бағытқа қатысты тоқталсақ, Президент дамудың әмбебап үлгісі болмайтынын нақты жеткізіп, тек ұлттық модельді ғана алға тартады. Бұл тұжырым қазіргі заманғы дәуірдегі ұлт құрылысында аса маңызды болып табылады. Ортақ тіл, мәдениет, тарих – бұлар барлық заманда да қуатты мемлекеттің іргетасы екеніне ешкім дау туғызбаса керек. Бұл бағытта ең әуелі ұлттық рухты атап көрсеткіміз келеді. Бұл жерде біз Мемлекет басшысының «Тарих толқынында» атты келелі монографиясын парақтай отырып, тарихқа қысқаша шолу жасап көрсек. Біздің рухани бастауларымыз қазіргі Қазақстанның аумағында біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықта өмір сүрген ежелгі арийлерден басталады. Содан кейін саясат сахнасына бірінші мыңжылдықта билік құрған жауынгер сақтар шығады. Бұдан соң ұлы ғұндар дәуіріне кезек беріліп, олар түркілер билігіне дейінгі б.д.д. ІV ғасырда өмір сүрді. Одан кейінгі заманда орын алған тарихи оқиғалар еліміздің ақпараттық-мәдени кеңістігінде кең түрде көрініс тапты. Сондықтан, оларды қайта санамалап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Генезистің және біздің ұлттық рухымыздың қалыптасуы мен дамуына екпін берген осындай ортақ құрамдастар бар. Айтылғандарды түйіндейтін болсақ, Мемлекет басшысының ұлттық рух туралы ұсынған тезисі Ұлы Дала елін дамытудың басты қозғаушы күшіне айналады.

Екінші тарау «Таяу жылдардағы міндеттерге» келсек, бұл іс-қимыл жоспары бірінші кезекте Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы дамуын айқындайтын стратегиялық сипатқа ие.

Осы тараудағы нақты жобалардың қатарында келесі екеуіне жан-жақты тоқталуды жөн көрдік.

Бірінші жоба – бұл қазақ жазуының латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіру мәселесі. Бұл мәселені өткен аптада бірқатар сарапшылар кең түрде талқылады. Пікір қайталауларға жол бермеу үшін біз тек келесі мәселерді ғана атап өткіміз келеді.

Біріншіден, Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшуді тек бүгін ғана қозғап отырған жоқ, оны 2012 жылы жариялады.

Екіншіден, Қазақстанның дамуында латын әліпбиі арқылы дамудың 11 жылдық тарихи тәжірибесі қалыптасқан (1929 – 1940 жж.).

Үшіншіден, бір тілдің жалпыадамзаттық немесе былайша айтқанда, «франк лингвасы» бойынша дамуы бұл заңды әрі тарихи құбылыс. Орта ғасырларда арабтар барлық батыс еуропалықтарды осылай атады. Шын мәнінде, сол кезеңдерде франлітік билік ерекше салтанат құрды. Бұдан кейін француздардың билікке келу кезеңі басталды. Соған орай, барлығы роман тілінде сөйлей бастады. Ал, содан соң бүкіл Жер шарында отар елдері орналасқан Ұлыбританияның билеу кезеңіне ойысты. Бүгінде тарихтың жазуымен бүкіл өркениетті әлем, бірқатар бағалаулар бойынша 1,5 млрд адам осы тілде сөйлейді, өмір сүреді және дамуда.

XX ғасырда біз тағдырдың талқысымен дәйекті тарихи дамудың жалпыға бірдей сүрлеуінен шығып қалдық. Қазіргі таңда біздің елімізге заманымыздың бірегей мемлекет қайраткері, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өркендеп жатқан тәуелсіз мемлекетімізді жаһандық деңгейде дамуына жол ашатын латын әліпбиіне көшудің керемет жағдайы туып отыр. Біз мұны «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаттарына қол жеткізудің және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кірудің бірден-бір мүмкіндіктері деп білеміз.

Біз назар аударып отырған екінші жоба «Қазақстанның рухани жәдігерлері». Мәдениет саласы материалдық және рухани құндылықтардан тұратыны өздеріңізге мәлім. Өкінішке қарай, бұған дейін елімізде киелі құндылықтарға деген тұжырымды көзқарас болған жоқ. Сондықтан, ел Президентінің бастамасы бойынша қолға алынған жоба ұлттық бірегейліктің маңызды рухани тірегі болып табылады.

Әрбір халықтың өзіне тән киелі орындары бар. Мәселен, ағылшындар басты храмы – Кентерберий ғибадатханасын, немістер Кельндегі рим-католик готикалық соборын, француздар Нотр-Дам-де Париді мақтаныш тұтады.

Бізде де мақтаныш ететін қасиетті орындар жеткілікті. Бұлар ежелгі Тараз, Ұлытау, Түркістан, Алтай, Жетісу өңірлері және Бекет-Ата кешені. Алайда, қоғамдық санада бұл орындар туралы бірегей ұғым мен ортақ түсінік қалыптаспаған. Сондықтан, ұлтты ұйыстырудағы аталған стратегиялық міндетті орындауда осы жобаны жүзеге асырудың маңызы аса зор.

Ойымызды қорытындылайтын болсақ, жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты және ұмтылысты қажет етеді. Өйткені, біз айрықша серпінділікпен жылжып жатқан зымыран уақытта өмір сүрудеміз. Әлемге танымал америкалық экономист Джон Коттер өткен ғасырдың 90-ы жылдары өзінің «Өзгерістердің алдында» атты кітабында бәсекелестерден ілгері болу үшін міндетті түрде өзгерістерді алдын-ала біліп, оны басқара білу қажеттілігін айтқан болатын. Аталған тезис біздің заманымызда да өзінің өзектілігін жойған жоқ.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдірді.

Сондықтан, Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің әрбір азаматы бүкіл қоғам, саяси партиялар мен қозғалыстар, барша мемлекеттік органдар ағымдағы жағдайға талдау жасап, біздің қай жерде тұрғанымызды анықтап, әрбіріміздің не істеу керектігімізді жете ұғынуы керек.

Біз біртұтас ұлы ұлттың перзенті екенімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Біздің жолымыз айқын: Жаңару арқылы жарқын болашаққа жетейік!        

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы 



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

30.04.2017

​Бүркіт балапаны және оның сыны

30.04.2017

Алты Алаштан – Ассамблеяға

30.04.2017

СҚО-да төрт елді мекеннің тұрғындары эвакуацияланды

30.04.2017

Мектептерде сабақтардың басталу уақыты бұрынғыша қалады - Исекешев

30.04.2017

Жексенбіде ел аймақтарында күн райы құбылмалы

29.04.2017

Сағынтаев Сауд Арабиясының министрі Халид Әл-Фалихпен кездесті

29.04.2017

Назарбаев қырғыз президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

29.04.2017

Жоғарғы Сот ұжымы жалпықалалық сенбілікке қатысты

29.04.2017

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылды

29.04.2017

Қызылорда облысының әкімі Қазақстан этносаясаты бойынша дәріс оқыды

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Елбасы Өзбекстан президентімен кездесті

29.04.2017

Сенаторлар сенбілікке қатысты

29.04.2017

Назарбаев табиғат апатына байланысты Қырғызстан Президентіне көңіл айтты

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

КОЛУМНИСТЕР

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Жол салсаң, мол сал

Санаулы күндерден кейін әлемдік деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – ЭКСПО-2017 Халықаралық көр­ме­сінің де жалауы желбіремек. Яғ­ни, бас қала ел айнасы болса, жол-кө­лік инфрақұрылымы оның беделін арт­тыратын бренді болып табылады. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қа­ла­ның базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол ай­рықтарын барынша дамытуға үнемі ба­сымдық беріп келе жатқандығы да сон­дықтан.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Дәріге байланған ғұмыр

«Қазір еліміздегі донор жетіс­пеу­шілігі өте өткір мәселе. Бүгінде ал­мас­тырылған органның 90 пайызы ті­рі донорлардан алынады. Егер бұ­лай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүй­ректі ұлт атану қаупі барлығын жа­сыруға болмайды. Одан шығудың жо­лы қандай?

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Көрменің көрігін спорт қыздырады

Ағымдағы жылдың 10 маусы­мында Астанада ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық мамандандырылған көр­месі келушілерге айқара есік ашады. Күллі әлем көз тіккен көрменің өтетін мерзімі жақындаған сайын бойды толқыныс сезімінің билейтіні түсінікті жайт. Иә, «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Әлемнің әр қиырынан ағылған меймандардың алдында жайылып жастық, иіліп төсек болу өз алдына, қолдағы барды көрсете білудің өзі өнер һәм зор міндет.

Зарема ШӘУКЕНОВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі

Этностар мүддесі барынша қорғалған ел

Қазақстан заманауи өмірге, ха­лықаралық қоғамдастыққа се­німді түрде кірігіп отыр. Біз елі­міз­дің имиджін көтере отырып, ин­вестициялық және экспорттық әлеуетімізді, экономикамызды қа­р­қынды дамытуға баса назар ау­дарып келеміз. Осы саясаттың ар­қасында Қазақстан әлем мой­ын­даған елге айналды.

Гүлзейнеп Сәдірқызы, «Егемен Қазақстан»

Ең ауыр күнә

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Пікірлер(0)

Пікір қосу