Сауытбек Абдрахманов. Елдіктің есеюі

«Қазақстан Республикасы Пре­зи­де­нті­нің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі – көптен күткен, тол­ға­ғы жеткен шешім». Осылай жазу бұрыс болмайды. Бұрыс болмайтыны – Үндеудің халықтың көкейіндегі оймен үндестік табуында, дер кезінде жариялануында.
Егемен Қазақстан
27.01.2017 1247

Бұл Үндеудің айтары дәстүрлі Жолдау аясында жария етілмеуінде үлкен мән жатыр. Елбасы Жолдауы – жылдың бас­ты құжаты. Жыл бойында алда тұрған міндеттерді биылғы Жолдауға қарап белгілейміз, алдағы алар асуларымызды да соған қарап айқындаймыз. Келер жылы жаңа Жолдау жарияланады, келер жылғы міндеттер мен асулар сол Жолдауда көрсетіледі.

Бұл жолы Елбасымыз халыққа сөз арнаудың Үндеу пішімін таңдап отыр. Өйткені, бұл жолғы әңгіме әріге ке­тетін әңгіме. Сөз ел өмірінің басты ба­ғыт-бағдарын белгілейтін, кемел келе­шегіміздің кепілі болып табылатын Конституцияға тікелей қатысты қо­зғалып отыр. 1995 жылғы 30 тамыздан бері, 22 жылдың ішінде біз өз Конституциямызға елеулі өзгерістер ен­гізген емеспіз. Президенттің «Сіз­дер­дің назарларыңызға еліміз үшін аса ма­ңызды, тағдырлы мәселені ұсын­бақ­пын» дейтіні сондықтан.

Бұрыс болмағанның бәрі бірдей дұрыс бола бермейді. Иә, сәрсенбінің сәтінде барлық белді телеарналардан қатар берілген Елбасы Үндеуін көптен күткен, толғағы жеткен шешім деудің бұ­рыс болмайтын да, дұрыс болмайтын да жөні бар. Неге бұрыс болмайты­нын жаңа айттық. Ал неге дұрыс болмай­ды? Билік тар­мақтары арасында өкілеттіктерді қай­та бөлуді көптен күткен едік, бұл мә­селенің толғағы жеткен еді деп кесіп-пішіп айтпайтынымыз неліктен?

Бұл сұрақтың жауабын Президенттің өзі беріп отыр. «Күшті президенттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды. Бұл уақытында өзін ақтады. Біздің барлық жетістіктеріміз дәл осы жүйе кезінде жүзеге асырылды». Мәселенің мәнісі де, Үндеуден туындайтын міндеттердің мәйегі де, міне, осында жатыр.

Президент Үндеуі теледидардан беріліп болысымен-ақ Елбасымыздың то­ғыз томдық «Таңдамалы сөздерін» қол­ға алдық. Ол басылымның қазақ тіліндегі нұсқасына арнаулы редактор болғандықтан да іздегенімізді таба қою қиынға түскен жоқ.

«Тәуелсіздіктің 5 жылы – орасан зор баға беріп, қорытынды жасауға тым қысқа мерзім» – 1996 жылғы 16 жел­тоқсанда Алматыдағы салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінің басын­да Президент осылай деген. Ал Тәу­ел­сіздіктің 25 жылы баға беруге де, қорытынды жасауға да тым қысқа мерзім емес. Әрине, тарихтың ұзына жолының биігінен қарасаңыз 25 жыл да қас-қағым сәт. Бірақ біз үшін бұл ширек ғасыр тұ­тас ғасырға, бәлкім, ғасырларға татитын кезең.

Барша бақытымыздың, барлық бе­рекеміздің бастауы болған бас­ты мерекеміздің тұсында бәріміз де бос­тандықтың бағасы, еркіндіктің ел үшін ерен орны жайында ойға шомдық.

Еркіндік пен елдік – егіз ұғым. Адам өмірінің ең өзекті мәні – еркіндігі. Мем­лекет өмірінің ең өзекті мәні – тәуелсіздігі. Адам адам болғалы ер­кін­дік үшін өмір сүріп, еңбек етіп, кү­ресіп, тіресіп келеді. Адамзат қоғамы өркениетке аяқ басқалы бері халық атаулының барлығы жеке мемлекет құруға, дербес ел болып тұруға, яғни егемендікке, тәуелсіздікке ұмтылып келеді. Бірақ өмірдің заңы қатал – адамның бәрі бірдей емін-еркін жүріп-тұруға, ойындағысының бәрін орындауға қол жеткізе бермейді. Тарихтың да заңы қатал – халықтардың бәрі бірдей өз қалауынша өмір сүруге, өз тағдырын өзі шешуге, өз саясатын өзі айқындауға қол жеткізе бермейді. Қазір де саны жағынан бізді бірнеше орап кететін халықтардың арасында бір жапырақ туын тігер алақандай төбе таба алмай жүргендері аз емес.

Біз – бақыты жанған, басына бақ қон­ған халықпыз. Біз – мына жұмыр Жердің бетіне тарихымыздың тамаша тұсында, ел тағдырының түйінді кезеңінде келген ұрпақпыз, көз алдымызда жаңа мемлекеттің туғанын, қаз басып, қалыптасқанын көрген ұрпақпыз, жаңа елдің буын бекітуіне бар көмегін берген, тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуіндегі қиындықтың бәріне көнген, алдан шық­қан ауыртпалықтың бәрін жеңген ұрпақпыз, жасампаз жұмысымыздың жемісін терген ұрпақпыз.

Тәуелсіздік – елдік сынағы. Өткел жо­лы қиын, өкпек желі құйын бұл сы­нақта халқымыз елдігін де көрсетті, ер­лігін де көрсетті, өрлігін де көрсетті. Жоқ жылдарда жасымады. Тоқ жылдар­да тасымады. Далалық даналығынан, ха­лықтық даралығынан айнымады. Кең болғанның кем болмайтынын ес­керді. Тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған сан ұлттың ұл-қызымен ұғы­сып, ұлыстың ұйытқысына айналды. Қазақ жеріне әр кезеңде сан түрлі себеп­пен келген алуан этностың өкілдері, олар­дың ұрпақтары Қазақстанды ортақ Отан ретінде перзенттік жүрекпен сүйді, суы­ғына тоңды, ыстығына күйді, сөйтіп өз елін берекеге бастайтын тірліктің, ме­ре­­кеге бастайтын бірліктің мекені етті.

Дүние жүзі қазақтарының І құрыл­тайында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Заман тыныш­ты­ғын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәу­ле­­ті­не сәулеті сай қуатты мемлекет­ке айналар. Қазақ халқы әлемдік өр­ке­ниетке қазіргіден де қомақты үлес қо­сар. Даламызда да, қаламызда да ша­дыман тұрмыс, шат тірлік орнар. Бұйыртса, бүгінгі құрылтайға қатысқан қадірменді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың өсіп-өркендегеніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп кәміл сенеміз», деген еді. Назар аударыңыз: бұл – 1992 жылдың 30 қыркүйегінде сөйленген сөз. Тәуелсіздігімізге бір жыл да толмаған кез. Көрші елдің ақшасына ортақтасып жүрген, ел әрі-сәрі күйге түскен, халықтың шамамен 40 пайыздайы кедейшілік шегіне жеткен кез. Сондай кезде де Елбасымыз тағдырдың талқысымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды жинап, осындай сенімді сөз айтқан еді.

Сонда Президент неге сенді? Хал­қы­мыздың ата-бабамыз аңсаумен өт­­­кен, арпалысумен өт­кен азаттықты қа­сиет­теп қастерлейтініне сенді, тәу етер тәу­елсіздікті сақ­тау, қорғау, қолдау, ны­­ғайту жолында қандайлық қиын сы­нақ­­тарға да шыдас беретініне сенді, ту­ған елінің бойынан да, ойынан да жаңа заманның жаңа талаптарына сай келетін жаңа қасиеттер табылатынына, олардың сын сағатта жарқырай танылатынына сенді.

Ал біз неге сендік? Елдігіміз ең­се­­­ленген, экономикамыз еселенген, Қазақстанды төрткүл дүние түгел таны­ған, еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қа­уіп­сіздік Кеңесінің мүшелігіне сай­лан­ған, халықаралық аренадағы аса бе­делді бітімгерге айналған, Ресей мен Түркияның арасындағы дауылға ұла­са жаздаған дауды аз уақыттың аясын­да тыншытып, адамзат атаулыны алаңдатып отырған Сириядағы сойқан сұмдықты тоқтатудың тетігін табуға септескен кездегі соның бәріне басты себепкер тұлғаға – Елбасымызға қазіргі сенім мен егемендіктің елең-алаңындағы сенімнің айырмасы жетіп артылады.

Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында біз не көрмедік десеңізші! Ол кезеңде біз кешегі кеңестік кезеңнің келмес­ке кетерінің алдындағы, социалистік жүйенің жантәсілім етерінің алдындағы берекесіздік пен белгісіздікті көрдік, еге­мендіктің елең-алаңында еңсесі езі­ліп, есеңгіреген елді көрдік, бір кез­дегі тұтас мемлекет ыдырап, шаруа­шылық байланыстарының быт-шыты шыққанын, кәсіпорындар өнімін қайда жіберерін білмей, қоймаға тыққанын көр­дік, айлап еңбекақы, жылдап зей­не­тақы бере алмаған, ең қарапайым зат­тардың өзіне жұрт ұзын­нан ұзақ шұбатыла кезекке тұрған шақты да көрдік, санасы сергелдеңге салынып, келер күннен күдер үзе жаздап, торық­қан, болашағынан қорыққан, сөйтіп ереуілдеген жүз-жүз­деген жандарды да көрдік, бәрінен де қиыны – мемлекет құра аламыз ба, ел болып тұра аламыз ба, төрт аяқтап тұралап жатқан экономиканы көтере аламыз ба, ақыр аяғында халқымызды асырай аламыз ба деген уайыммен жүрген күндер мен түндерді де көрдік.

Бәрі де есімізде. Сөйте тұра, біз ал­­­дағы жарқын күндерге сендік. Ел бола­тынымызға бүкіл ел болып сен­дік. Ең қиын күндерде де сенімнен айрылмадық. Елге сендік, ел бастаған Ерге сендік.

Егемендігіміздің елең-алаңында біз­дің балаң елдігімізге, бұғанасы қатпаған тәу­елсіздігімізге төнген қатерлер көп еді. Өте көп еді. Батыстың ең бір аузы дуалы деген саясаткерлерінің өзі біздің көп­ұлттылығымызға, көптілділігімізге, көп­дінділігімізге қарап бұлардың болашағы бұлдыр деп бал ашып жат­ты, мұндай елдің басы піспейді, алауыздықтан ара-дара болудан түспейді деп болжам айтып жатты.

Бірақ олардың ойлағанындай болған жоқ. Біздің ойлағанымыздай болды. Шеті де, шегі де көрінбейтін мәселелер бірінен кейін бірі шешіле берді, ешқашан тарқатылмайтындай сезілетін түйіндер бірінен кейін бірі тарқатыла берді. Бір белестен кейін бір белес алына берді, алына берді.

Солай болуының басты бір себебі – халқымыздың ел басшысына сенуі. Қалтқысыз сенуі. Ел бастаған ерім деп екі тізгін, бір шылбырды қолға беруі. Қандай қиын іске де елдіктің тұрғысынан келуі. Ертеңгі келер жақсылыққа сенгендіктен қандай қиындыққа да көнуі. Бастаған ісін жалғастырсын, жеріне жеткізсін деп қайта-қайта бүкілхалықтық сенім мандатын беруі.

Мұның бәрін ойлап отырсақ, жан-жүрегіміз толқып, тебіреніп кетеді. Жаңадан ел құрудың бастауында тұрған, осындай ұлы іске ұлысын ұйыстырған, елін бір биіктен кейін бір биікке бастаған, еліне бір міндеттен кейін одан да қиын міндеттер артқан, халықты соның бәрінің үдесінен шығатындай етіп шарболаттай ширатқан адам – өз халқын шексіз сүйетін, халқының даналығына перзент ретінде де, Президент ретінде де ба­сын иетін адам.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ел жа­саудың ұлы миссиясын абырой­мен атқарды. Оны Елбасы­мыз өз Үндеуінде «Біз жа­ңа мемлекет, жаңа эко­но­­мика, жаңа қоғам құр­дық» деп бір сөйлемге сый­ғызып айта білген. Сол бір сөйлемнің салмағы қан­дай десеңізші!

Елбасымыздың ті­ке­­лей басшы­лы­ғымен ат­қарылған істердің ең бір ірі­лерін санамалап қана өтейікші. Қо­ғамның сипатын басқа сипатқа ауыс­тырдық. Кешегі кеңестік кезеңнен ал­ған қоғамдық жүйені, сүйекке сіңіп кет­кен социалистік сананы өзгерту оңай болған жоқ. Бірақ Назарбаевтың басшылығымен біз оны жасай алдық.

Экономиканы бір жүйеден басқа жүйеге көшірдік. Бәрін бір орталықтан басқаратын, жұмыскері де, жалқауы да бірдей жалақы алатын, нарықты өндірісті беталды жүргізетін парықсыздықтың белгісі деп білетін ұғымдарды алмас­тыру қиямет қиындыққа түсті. Бірақ Назарбаевтың басшылығымен біз оны жасай алдық.

Өтпелі кезеңдегі қиындықтардан есеңгірей жаздаған елдің еңсесін кө­те­ріп, бойын тіктедік. Алғашқы жыл­дардың ауыртпалығынан айығу, біз­дің қолымыздан мемлекет құру, дер­бес ел болып тұру, күнкөрісті қам­даған жанбағыс еңбекті болашақты көздеген жасампаз еңбекке бұру орасан ауыр міндет еді. Бірақ Назарбаевтың басшылығымен біз оны жасай алдық.

Шекарамызды шегендедік. Жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын, бес елмен шектесетін шекараны бас-аяғы бес жылдың ішінде қыруар келіссөздер раундын жүргізе отырып, ғасырлар бойы шиырланған түйіндерді іскерлікпен, дау-дамайсыз тарқатып, барлық шешімдерді Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде бекітіп алдық. Осының бәріне Назарбаев жеке басының биік беделімен қол жеткізді.

Даламызды да өзгерттік, қаламызды да өзгерттік, санамызды да өзгерттік. Даламызда мыңдаған шақырымдық жарқыраған жаңа жолдар салынып жатыр. Елді мекендердің бәріне дерлік сапалы ауыз су жеткізіліп, газ құбыры тартылып жатыр. Қаламызда мың-мыңдаған үй салынып, бұрын көз алдымызға елес­тете де алмайтын зәулім ғимараттар бой көтеріп жатыр. Санамызда ешкімнен кем емес екенімізге, басқалармен тең екенімізге, тәуелсіздік жолына өзімізбен қатар түскен жұрттардың алдында жүр­генімізге, таңымыз тыныш атып, кешіміз тыныш батып, бейбіт, алаңсыз, қайғы-мұңсыз өмір сүргенімізге шүкір­ші­лік айтатын елдік бақыт сезімі жатыр. Күні кеше ғана, жыл басында Мәжіліс депутаты ретінде Қызылорда облысының барлық аудандарын аралап, елмен кездесіп, шаруаның жайымен танысып қайтқанымызда бұл байламымыз бұрынғыдан да беки түсті.

Қандастарымыздың қатарын қа­лың­даттық. Назарбаевтың дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған қан­дастарымызды атамекенге оралтуды Президент міндетіне кірісісімен екі аптадай уақыт өтер-өтпесте қолға алғанын бүгінде біреу біледі, біреу білмейді. 1991 жылдың 31 желтоқсанында Қазақ радиосы арқылы сөз сөйлеп, барша қазақты отанға шақырған болатын. Осы жылдар ішінде елімізге миллионға жуық қандасымыз қайтып келді. Олар біздің жаңа көтерген шаңырағымыздың керегесін керіп, уығын биіктетуге абыройлы үлес қосуда.

Достықтың даңқты дәстүрлерін да­мыт­тық. Салиқалы, сарабдал сыртқы сая­сатымызды қалыптастырдық. Қазақстан­ды әлемге таныттық. Әлемге Қазақстанның есігін айқара аштық. Қа­ру­сыздану ісінің көшбасшысы болдық. Бұл мәртебеге Қазақстан қай жағынан да лайықты. Біз атом полигоны атты ажал аранын адамзаттың тарихында алғаш жапқан, қолына өзі келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартып, дүн-дүниеге дара үлгі көрсеткен елміз. Ол абырой да бізге Назарбаевтың арқасында келді.

Жаңа елордамызды орнаттық. Астана ауыстыру идеясының жалғыз авторы да, азаттықтың алтын қазығын Арқа төсіне қадаушы да, Астананы айшықтап салдыртушы да Назарбаевтың өзі.

Жақсылығы жалғасып жатқан жоралы жұртпыз. Біздің алған асуларымыз баршылық. Олардың бәрін санамалап жату көп уақытты алады. Соның бә­ріне Нұрсұлтан Назарбаевтың Ел­басы ретіндегі ерен ерлігі мен ерекше еңбегінің арқасында ғана емес, 1995 жылы Президент бастамасымен қабылданған Конституцияда бекітілген билік нысанының – президенттік биліктің ойдағыдай ойластырылғанының, жүйелі жүзеге асырылғанының арқасында да қол жеткіздік. Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқарудағы бар қасиеті мен қабі­ле­тін дәл осы президенттік билік жүйе­сі айқара ашып берді. Біздің ел­ді ел еткен себептердің арасында екі тізгін, бір шылбырдың бір қолға беріл­ген­ді­гін алдымен айтудың да жөні бар. Олай болмаған кезді де білеміз. Тәу­ел­сіздіктің алғашқы белесінде іс жүзінде пре­зиденттік-парламенттік билік жүйесі ор­нап, Елбасының күні бойғы уақытын жаңашыл, тосын идеяларын депутаттарға түсіндіруге жұмсаған, өз кабинетіне кештетіп жетіп, негізгі міндетіне түнге қарай кірісіп жүрген кезін де білеміз. Елбасының ондай парламенттердің өзін-өзін тарқатуына қарсылық көрсетпеген, сөй­тіп іс жүзінде өкілетті билік тар­ма­ғынсыз өткен бір жылдың ішінде заң күші бар 300-ден астам жарлыққа қол қою мүмкіндігін алып, шын мәніндегі на­рықтық реформаларды бастаған кезі де есте. Әлемдік басқару стандарт­та­ры­на сала берсек, Президенттің са­ла­лық бағдарламалардың орындалу барысын талқылайтын жиындар өткізіп, жаңа кәсіпорындарды өзі ашып, жаңа өнімдерді өзі қолға ұстап көріп, бағалап жатуы да қазіргі заманғы даму қисынына қиғаштау сезілуі де мүмкін. Мейлі! Саясаттану теоретиктері тіпті солай десе дей берсін! Біз өз жолымызбен – Қазақстан жолымен жүрдік. Ол жолды Елбасымыз салып берді. Назарбаев жаңа елді құру үшін, оның мығым тұруы үшін заман, қоғам, адам нені талап етсе, не көкейге қонымды болса соны жасады. Одан басқа жол тығырыққа тірер еді. «Біз іргесін қалаған даму траекториясының дұрыстығын тарихтың өзі қуаттап отыр», делінген Үндеуде.

Біз мұның бәрін неге айтып отырмыз? Себебі, Үндеумен танысып отырып біреу болмаса біреудің «Негізі дұрысы осы екен ғой, онда мұны неге баяғыдан қолға алмаған?» деп көңіліне күдік қашыруы да әбден мүмкін. «Политика – искусство возможного» деген сөз бар. Саясатта кереметтер болмайды. Сая­сатта жасауға болатынды ғана жасай аласыз. Саясаткердің мықтылығы – сол жасауға болатынды жасай алуы. Со­ны­мен, мұның бәрін айтудағы мақсат – президенттік басқару нысанының Қазақстан жағдайында өзін өзі толық ақ­тағандығы және ақтап отырғандығы.

Үндеудің басты идеясын өз басымыз президенттік басқару нысанының бүгінгі қажеттілікке сай трансформациялануына қол жеткізу деп танимыз.

«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз», дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Солай. Заман өзгергенде қоғам да өзгеруі керек.

Қазақстанда да қоғамдық процестер жылдамдап, күрделіленіп барады. Мемлекеттің басқару жүйесін дәл қазіргі күйінде қалдыруға, жаңғыртпауға болмайтыны бүгінде басы ашық жай. Өте қарапайымдатып айтсақ, мемлекетті басқаруды мемлекеттік биліктің барлық тармақтары бірлесе жүргізгенде ғана ойдағыдай нәтиже шығатын болады. Осы арада мына жайды айта кету керек. Қалыптасып қалған сөз саптауымен сөйлегенде де, жазғанда да «заң шығарушы билік», «атқарушы билік», «сот билігі» дей беретініміз бар, негізінде билік біреу – мемлекеттік билік. Әңгіме сол биліктің заң шы­ға­рушы, атқарушы, сот тармақтары туралы болуға тиіс. Конституцияда «Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» делінгендіктен де Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді рет­теудегі біршама өкі­лет­тіктерін Үкі­мет­ке және басқа да атқарушы ор­ган­дарға беру қажеттілігі туындап отыр. Реформаның мәні билік өкі­лет­­тіліктерін сарабдалдықпен қай­та бө­луде, тұтастай саяси жүйені демо­кратияландыруда болатынының себебі осы. Үкіметті жасақтаудағы Пар­ла­мент­тің рөлін күшейту мәселесі күн тәр­тібіне қойылып отырғанының се­бебі де осы. Қызық болғанда, осы екі мә­селені де кезінде қолдан туындатқан би­ліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының өзі. Иә, Президент ұсынған кандидатураларға жоқ жерден жата жармасып, қалайда Жоғарғы Ке­ңестің күшін көрсетіп қалуға тырысқан, әйтеуір қарсы шығуды әдет­ке айналдырып алған депутаттардың өзі еді. Иә, Президент алға қойған мін­деттерді дереу Президент бекітетін, Пре­зидент қадағалайтын мемлекеттік бағ­дар­ламаларға айналдырып жіберетін де Үкі­мет басшыларының, министрлердің өз­дері еді. Осының бәрі айналып келген­де тікелей жауапкершілікті өз мойнына алудан қашқақтаудың шенеуніктік шың­нан шыққан шеберлігі еді.

Енді ондай болмайды. Үкімет, министрліктер мен әкімдер өздеріне се­ніп тапсырылған салаға, өңірге тікелей өздері жауап береді. Палата де­путаттары Үкімет мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға, ол өз міндеттерін ойдағыдай орындамаған жағдайда (депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен) оны қызметтен босату туралы Президентке өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Президент үкімет мүшесін қызметінен босатады. Бұл айтылғанның бәрі «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасынан алынып отыр. Әрине, жобаның аты жоба. Оны бүкілхалықтық талқылау тұтас бір ай бойы өткізілгелі отыр. Әйтсе де біз өз басымыз бұл ұсыныстардың қазақстандықтар тарапынан толық қолдау табарына күмән кел­тір­мейміз. Өйткені, елде қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді механизмі жасалуы керектігі талас тудырмайды.

Енді осы арада бағанағы айтқан «Заман өзгергенде қоғам да өзгеруі керек» деген ойымызды тарата түсейік. Қоғам өзгергенде адам да өзгеруі керек. Қиынның қиыны осында. Президенттің Үндеуіне «Елбасы біраз өкілеттіктерін Үкіметке беретін болыпты. Парламенттің бақылаушылық рөлі күшейтіледі екен» деп оңайлата қарай салудың жөні жоқ. Үндеу әр адамға ой салуға тиіс.

Біз ел болудың, мемлекет құрудың ең қиын, ең жауапты белесінен абырой­мен өттік. Тәуелсіздік тарихының екін­ші ширегіне аяқ бастық. Ендігі жерде Қазақстанымызды жас мемлекетке жатқыза алмаймыз. Жиырма бес белес­тен асқан, бүкіл әлем білетін елге айнал­ған мемлекетке қандай талап қойылса да артығы жоқ. Өзгелердің жүз жылдап жү­ріп өткен жолын біз осы жиырма бес жыл­дың ішінде-ақ жүріп өте алдық, олар­мен терезе теңестіре алдық. Енді әлем­дік доданың қандайының да қақ орта­сына қойып кетіп, қандай бәйгеге де қысылмай қосыла аламыз.

Сол бәйгелерде қашаған құрықтаған Қазақстан тұлпарының мойыны озық болуын жыл сайын, ай сайын, күн сайын қамдауымыз керек.

Елбасы Үндеуі – осы ұлы істің қамы. Бұл Үндеу мұнан бұрын жасалмас еді. Осыдан он жыл бұрын да, жеті жыл бұрын да, тіпті екі жыл бұрын да мұндай Үндеу жасалмас еді. Ол кез­де ел­дегі жағдай мұндай шешімге пісіп-же­тілмеген болатын. Сондықтан мұн­дай шешім ол кезде ойдағыдай жүзеге аспас та еді деп те айтудың жөні бар. Со­ны­мен қатар, мұндай Үндеу осыдан бірер жыл кейін жасалса да кеш қалғандық болар еді. Қазірдің өзінде Үкіметтен, әкімдерден Президент беретін өкілеттіктерді толық көлемінде пайдалана алатын шама шықпауы әбден мүмкін. Бұған қоғам ауысқан өтпелі кезеңде талай жылдар бойы бел­гілі бір дәрежеде атқарушы биліктің мін­детін атқаруға мәжбүр болған, сөйтіп ми­нистрлерді, әкімдерді дайын шешімді орындауға бейімдеуіне тура келген Елбасымыздың да қатысы бар сияқты. Тым тақылдап, тақымдай берсек, тағы өзімізді таратып тынамыз ба деумен күн кешкен бұрынғы парламент палаталарындай емес, бүгінгі Мәжіліс заң жобаларын ашық талқылауға салудан, оларды қарастыруға азаматтық қоғамның белді тұлғаларын, сайлауда Парламентке өтпей қалған саяси партиялар өкілдерін қатыстырудан тартынбай, жаңаша, батыл жұмыс істеп отыр дегенімізбен, де­­путаттардың мемлекетшілдігін мы­­ғымдау, белсенділігін бекемдеу, кәсі­би­лі­гін көтеру тұрғысынан атқа­ры­лар шаруа қыруар екенін біз де жақ­сы білеміз. Мұның бәріне белгілі бір өтпелі кезең керек. Үкіметке немесе Пар­ла­ментке беруге болатын 40 шақты өкі­леттікті заң жүзінде ресімдеу де ұзақ уақытты алатыны анық. Конституцияға енгізілетін әрбір өзгерісті салқын сабырға, салиқалы санаға салып елеу-екшеу біздің бәрімізден тарих ал­дындағы, келер ұрпақтар алдындағы жауап­кершілікке аса сергек қарауды талап етеді.

«Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын», деді Елбасымыз.

Елбасы Үндеуі – елдің есеюінің келісті көрінісі. Президент туған елінің есейгенін, қандай қиын міндетті де демократиялық жолмен шеше алатын кемелдікке келгенін көріп отыр. Бұл – сенім. Елге сенім, елдікке сенім.

Сол сенімге сай болайық!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.09.2017

«Астана» қаржы орталығы – ел экономикасы үшін тиімді жоба

21.09.2017

Транзиттік әлеует артады

21.09.2017

Бізді біріктіре түседі

21.09.2017

Жаңғыру мен дамудың ұстыны

21.09.2017

Латын әліпбиі тілді жаңа сапалық деңгейге көтереді

21.09.2017

Сапасыз білім сан соқтырады

21.09.2017

Өрелі өрен іздеймін

21.09.2017

«Қасиетті Қазақстан» картасы жасалуда

20.09.2017

ОҚО-да топырақсыз жем-шөп шығаратын жаңа қондырғы іске қосылды

20.09.2017

Ресей жинақ банкінің Басқарма төрағасы өзі оқыған мектебіне тарту жасады

20.09.2017

Оралда балалар кафесіне айналған ұшақ қызмет көрсетеді

20.09.2017

«Qazaqstan3D» веб-сайты мен «Жеті қазына» жобасы таныстырылды

20.09.2017

Дәурен Абаев жалған ақпарат таратқан БАҚ-қа жүктелетін міндетті айтты

20.09.2017

Жетістікке жетуіңе қай жерде туғаның да әсер етеді

20.09.2017

Солтүстік Корея санкцияны елейтін емес

20.09.2017

ЭКСПО-2017 кезінде 9 мың адам медициналық көмекке жүгінген

20.09.2017

«Астана» қаржы орталығы инвесторларға теңдессіз жеңілдік ұсынбақ

20.09.2017

Елімізде арбитраж орталығы мен тәуелсіз қаржы соты құрылады

20.09.2017

Мәжілісте транзиттік әлеуетті күшейтетін заң жобалары мақұлданды

20.09.2017

Бесқарағайда Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдығына орай айтыс өтеді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Сапасыз білім сан соқтырады

Спортшылардың «спорттық ғұ­мы­ры» қамшының сабындай қыс­қа. Жұрттың бәрі Головкиндей отыз­дың жуан ортасында жай оғындай жар­қылдап жүрмейді. Жасы келіп, күш-қуаты кемігенде боксшы қолғабын, фут­­болшы бутсысын шегеге іледі. Иә,­­ талай жылғы серігімен қош ай­­­тыс­қан ардагер спортшының қай-­қайсысы болса да «Әрі қарай не­ істеймін?» деген тағдыршешті сұрақ­қа түбі бір маңдай тірейді. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Өрелі өрен іздеймін

Халқымыз  «Ұлың өссе ұлық­ты­мен, қызың өссе қылықтымен ауылдас бол» деп бекер айтпаған. Өйткені, жа­ңа көктеп келе жатқан жас шыбық қа­тарына қарап бой түзейді, бір-бі­рінің ойын байытады немесе кері әсерімен қисық, қыңыр болып өсуіне де әсерін тигізеді. Қанатты сөз осындайларды көріп ой түйгеннен туса керек.

Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»

Такси мен «тәбет»

Астанадағы автобустардың қыз­мет көрсету сапасы жайлы мақала шық­қан­нан кейін («Қоғамдық көлік және жолаушы мәдениеті», «Егемен Қазақ­стан», 7 қыркүйек, 2017 жыл) бірнеше оқырман хабарласып, «Так­сист болып бір-екі күн жұмыс істеп көріңізші, біраз мәселеге қанығар едіңіз» деп ой тастады. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, Сарапшы

Қазақстанның миссиясы айқын

Еліміздің сыртқы әлемдегі абы­рой-атағы мен халықаралық бе­делі жүзеге асырылып жатқан ірі­ бас­тамалар мен кең ауқымды іс-шаралардан көрініс тауып, өзі­нің тиісті бағасын алып отыр. 

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы

Рухани айналымға түспеген фильмдер

Кино туралы сөз қозғалса, жұрттың назары әсіресе тарихи-биографиялық, комедиялық фильмдерге көбірек ауатыны белгілі. Қоғамдық пікір негізінен осы екеуінің айналасында өрбіп жатады. Қазіргі біздің жағдайы­мыз да дәл осындай. Оның себебі түсі­нік­ті ғой.  

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу