Сауытбек Абдрахманов. Қайсарлық

Бауыржан Омарұлының «Төртінші билік» атты кітабында бізге арналған «№1 ойыншы» атты эссе де бар. Кейіпкеріне «Келес» совхозының Коммуна бөлімшесінен шыққан танымал тұлғалар да өзінше ықпал еткенін» айта келіп, «Арқалы ақын Тоқаш Бердияров, зерделі ғалым Немат Келімбетов, білім саласының қайраткері, танымал шығыстанушы Лениншіл Рүстемов осы ауылдан еді. Солардың кітаптарын үзбей оқыды. Аядай ауылдан шығып, әйгілі адам атануға болатынына көзі жеткен секілденді» деп жазады бір тұста Бауыржан.
Егемен Қазақстан
04.04.2017 2496

Сөзі рас. Бала күнде Сұрымсайдың жағасында туып, Келестің лай суына шомылып өсіп-ақ алыстағы армандай Алматыда ауылымыздың атын шығарып тұрған ағаларымызды ойлап-ойлап қоятынбыз. Осы ауылда жүріп-ақ, осы жатаған мектепте оқып-ақ болатын баланың бола алатынына сенімімізді орнықтырған, білімге құлшындырған, арманымызға қанат бітіріп, алға ұмтылдырған адамдардың бірі Немат Келімбетов еді.

Сол Немат ағамыз тірі жүр­се дәл бүгін сексен жастың сең­гіріне кө­терілер екен. Бір кез­дегі «Комму­на­дан» еке­ні­міз­ді айттық қой. «Ком­муна» француздың «бірлестік, қау­ым­­дас­тық» деген сөзі. Сондықтан «ком­­мунарлардың» бірі ретінде осы тұс­­та аға жайында аз-кем әң­гіме қо­з­ға­уды парыз көріп отырған жайымыз бар.

Немат Келімбетовтің өмірі мен шы­ғармашылығы жайында сөз қоз­ға­лғанда алдымен ауызға алынаты­ны – оның «Үміт үзгім келмейді» деп аталатын хикаят-монологы. Ол кі­тап­тың қандай себеппен, қандай жағ­дайда жазылғаны баршаға белгілі. Та­нымал телехабардың арқасында «ай­туға оңай» деген сөз бүгінде қа­натты тіркеске айналып барады. Үкіметте лауазымды қызметте жүр­ген, ғылыми атағын жаңа ғана алып, жұмыс десе жұлқынып тұрған жі­гіт­тің жұлынға жасалған аса ауыр ней­рохирургиялық операциядан орда бұзар отызының дәл ортасында, оқыстан ома­қа­са құлауы, не аяқ, не қол қоз­ғалмай, табандатқан он жыл бойы төсекте сал болып жатуы, сөй­тіп жатып сол сұмдық сы­нақтың жай-жапсарын жік­теп-жіліктеп, сон­шалықты се­зімталдықпен, сон­шалықты су­рет­керлікпен айқара көр­сетуі, ау­зын арандай ашқан ажал­мен бетпе-бет келген жылдарда жанын алып қалған, сенімін оят­қан, сезімін байытқан кір­шік­­сіз махаббаттың, асыл адам­гер­шіліктің қадір-қасиетін жү­рек шымырлатып, жанарыңа жас үйіртіп жеткізуі, соны оқы­ғандардың бойында өмірге құш­тар­лықты арттыруы, сенімді кү­шейтуі, үмітті лаулатуы ай­тудың өзіне оңай емес. 

«Үміт үзгім келмейдідегі»: «Көзі­м­ді ашсам, өз палатамда жатыр екем. «Тірімін, өлмей, операциядан тірі шығыппын ғой». Ең алдымен ойлағаным осы болды. Әйтеуір ті­рі­лердің қатарындамын. Басқа жа­ғын ойланып-толғануға қазір менде мұршам да жоқ. Ойлағым да келмейді. Ең бастысы, тірімін, Гауһар. Бар сезгенім тынысым та­рылып, біреу алқымымнан қыл­ғын­дырып тұрғандай-ақ ауа жетпей, деміккен үстіне деміге түстім. Қаным кеуіп, аузымнан демім от боп шығады. Еріндерім кеберсіп, бір-біріне желімдей жабысып қапты. Тілім аузыма сыймай, таңдайым қа­қырап, шөлдеп барам. Есімді жи­ған алғашқы секундта-ақ өзіме де беймәлім бір дүлей күш мені жан алқымға тақап, қас-қағымда әңкі-тәңкімді шығарып жібергендей еді. Біресе шала-шарпы есімнен танып, біресе өзіме-өзім келіп, жаным жарға таянып, барып-келіп жаттым», деген жолдарды оқығанда адамның өмір үшін арпалысын тек соны өз басынан өткерген адам ғана осылай айта алатын болса керек деп ойлайсың. Бұл кітап жайындағы сөзді Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мына пікірімен түйіндеу орынды: «Үміт үзгім келмейді» кітабы адам­ның, нағыз адамның өмірге деген ға­шық­тығының, өмірге деген шет-шегі жоқ құштарлығының, қайтпас-қа­жы­мас қайсарлығы мен кіршіксіз адам­гершілігінің, жан жары мен бала-шағасына деген өлшеусіз мөлдір махаб­ба­тының ең биік үлгісі дер едім». Әбеңнің сөзін білетін, өзін білетін, мінезін білетін әр адам­ның ол кісіге «Жанарыма жас үйірілді. Соғыс көрген, қан кеш­кен адаммын ғой, менің кө­ңілімді босату да оңай емес» де­гі­зудің қандайлық екенін тү­сінетіні талассыз. Мұны тек Қай­сарлық атты құдірет қана ж­асай алады.

Бұл хикая төсекке таңылған, аяқ-қолы семулі қаламгердің ауыз­­ша айтып жатуымен, жең­гейдің жа­зып отыруымен қа­ғазға түскен. Сол жылдардағы жанкешті жұмыс жө­нінде ағаның асыл жары Қуаныш жеңе­шеміздің (кітаптағы аты – Гау­һар) былай деп айтқаны бар: «Ағаң­ды кейде қамшылап, кейде қай­рап жүріп бір сәті түскен күні «бис­милла» деп бастап кеттік. Ағаң ауыз­ша айта бастайды, мен айтқанын айт­қанынша ақ қағазға жаза беремін. Бір сәтте ағаң айтып жатқан сөзін кілт тыйып, «Ал оқышы, не болды екен» дейді. Мен мәнерлеп оқи жөнелемін. Ағаң ақырына дейін төзіммен тыңдап жата­ды да, «Қой, мынау шықпапты, жаз­ғаныңды жырт, қайта жазамыз» дейді. Әлденеше рет жыртып, әл­де­неше рет қайта жазған кезіміз болды. «Сонша қиналып еңбек еттім, сен неменеге жыртып таста дей бересің» деуге менің дәтім бармайды. Олай деп қалай айтасың, өзі «шықпа, жаным, шықпа» деп, әупіріммен жатқан адамның сағын сындырғым келмейді. Алғашқы кітапты осылай, аса қиналыспен ауда­­рып шықтық»... Бұл сөзге түсінік беру артық болар.

«Үміт үзгім келмейді» біз­­де бір­неше рет басылып шық­­ты, орыс, тү­рік, қытай, фра­­н­цуз, неміс, араб, украин тіл­деріне аударыл­ды. Түр­кия­да Н.Келімбетов шы­ғар­ма­ла­­рының төрт томдығы жа­­рық көрді. Мұның сыртын­да Н.Ке­лімбетовтің адам бой­ын­­­­дағы қи­лы-қилы құ­бы­лыс­тардың сырына ақ­­сақал­дың көзімен, ақылманның тұр­­ғысынан қарай алған «Қа­рия­лар», «Күн­шілдік» атты күрделі ой­лы кі­таптары, Шәді төре Жәңгірұлы тура­лы монографиясы, өзбек, армян, украин жазушыларынан аударған ке­ре қарыс романдары, көптеген сұх­бат­тары, «Үміт үзгім келмейді» атты пьесасы, «Ұлыма хат» эссесі сияқты та­лай елеулі ең­бек­тері бар. Дәл қазір оларды атап қана өте шыққаннан басқа амал болмай тұр.

Дегенмен, бір еңбекті бө­ле атауға тура келеді. Ол – Не­мат Келімбетовтің 7 томдық шы­ғар­малар жинағының төртінші то­мында жарияланған «Түркі ха­лықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері» атты моногра­фия. Ғалымның «Ежелгі түр­кі поэзиясы және қазақ әде­биетіндегі дәстүр жал­ғ­астығы», «Қазақ әдебиетінің бас­таулары», «Көркемдік дәстүр жал­ға­с­тығы» атты еңбектеріне сүйеніп дайындалған бұл кітап 1986 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» атты жоғары оқу орнының сту­денттеріне арналған оқу­лы­ғын негізге алған. Диқан Қамзабекұлы «Намыс пен білім­нің жоғары мектебі» атты ма­қаласында: «Мұның өзі сол ке­зең үшін азаматтық ерлікке тең болатын. Сол үшін Немат ағай кезінде сынға ұшырап, ба­қылауға алынған» деп жаз­ған. Неге? Себебі, дәл сол тұс­та қазақ әдебиетінің ежелгі бастау-бұлақтары туралы талайдан келе жатқан таластың түйіні табылып қана қойған жоқ. Әдебиет тарихын Бұқар жыраудан әрі асыра алмай жүрген тұста (ал оның ай­тыл­майтын себептерінің бірі, біз­діңше, ұлт әдебиетінің тарихын ал­ғашқы белгілі шығармасы «Игорь жа­сағы жайындағы жыр» ХII ғасырға телінетін орыс әдебиетінің тарихынан гөрі тереңдетіп жіберуден жасқануда жатқан сияқты) 1967 жылы Бейсенбай Кенжебаевтың басқаруымен құрас­ты­рылған «Ертедегі әдебиет нұс­қала­ры» атты жүйеленген хрес­то­­матияның, әсіресе сол кез­дегі жас та жалынды ғалым Мыр­затай Жол­­дасбековтің «Күлтегін» және «Тоныкөк» ескерткіштерін зерттеу, мәтін­дерін аудару арқылы олардың тек тарихи дереккөзі емес, сонымен бірге поэзияға тұнып тұрған көркем жырлар екенін, ең бастысы «Күлтегіндегі» «Көрүр көзім көр­мәс тағ, Білір білігім білмәс тағ болтү» деген сияқ­ты жолдардың қазіргі қа­зақ тіліндегі «Көрер көзім көр­мес­тей, Білгір ақылым білместей бол­ды» деген сөздерден айырмасы жоққа жуықтығын қолмен қойғандай дәлел­деп шығуы көп жайдың басын ашып сал­ған еді.

Немат Келімбетов одан да әрі­ге тартты. Бұл істе оған қай­ран Бей­секеңнің – Бейсенбай Кен­же­­баев­тың «Қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әде­биеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы ш­арт емес. Кейбір халықтардың он­дай әдебиетінің басқа тілде, сол ха­лыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол ха­лық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көр­сететін әде­биет нұсқалары бо­луы ық­ти­мал» деген тамаша, те­рең тұ­жы­рым­дамасы көмекке кел­ді. «Бұл сө­зімізге орыс, беларусь, украин ха­лықтарының жазба әде­биеті­нің ертедегі тілі толық дәлел.Олар­­дың ежелгі дәуірдегі әдеби шы­ғармалары қазіргі орыс, беларусь, ук­раин халықтарына түсініксіз булгар тілінен тараған шір­­кеу-славян тілінде жазылған. Ал орта ғасырдағы француз әде­биетінің басым көпшілігі қазіргі французға түсініксіз латын тілінде жазылып келгені мәлім», дейді Н.Келімбетов. Өзімізге жақындау мысал алсақ, «Игорь жа­сағы жай­ын­дағы жырдың» түп­мәтінін бү­гін­гі орыс оқырмандарының түсін­бей­тінін, олардың жырды тек кейінгі за­мандардағы аудармалар арқылы ғана оқитындығын еске салуға болады. Айтқандай, сол аударма нұсқаларының бірін осы сенбіде дүниеден өткен Евгений Евтушенко жасаған еді.

Қош, сонымен, белгілі бір ха­лық­қа тиесілі деп санау үшін ол шығарманың тілі сол халықтың қазіргі ұрпағына толық түсінікті болуы шарт емес, ең бастысы, сол халықтың жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалуы әрі сол халықтың бір кездегі өмірін көрсетуі шарт екен дейік. Онда Немат Келімбетов түркі халықтарының ежелгі әдеби жә­дігерліктері деп танып отырған шы­ғармалардың тілі арқылы олардың жа­салуына түркі халықтарының ортақ­тығын және сол үдеріске біздің халқымыздың арғы ата-бабаларының қатыстылығын дәлелдей аламыз ба деген сұрақ өзінен өзі туындайды. «Біз сөз етіп отырған ежелгі түркі әде­би жәдігерліктерінің кейбіреуінің тілі қазіргі қазақ тіліне, ал екіншісі – әзер­байжан тіліне, үшіншісі – өзбек тіліне немесе басқа да түркі тілдерінің біріне жақынырақ болып келеді. Алайда, осы тілдік белгісіне қарап, мұндай әдеби мұраларды белгілі бір ха­лықтың еншісіне теліп қоюдың өзі ғы­лыми тұрғыдан қарағанда үлкен қателік деп білеміз. Сол себепті ежелгі түркі дәуірінде өмірге келген көне түркі әдеби жәдігерліктерін бүгінгі түркітілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ мұра деп қарағанымыз тарихи шындық пен әділеттілікке сәйкес келеді» – Н.Келімбетовтің бұл сөздерін осы сұрақтың жауабы ретінде қарауға болады.

Н.Келімбетов өз кітабында, академик Сейіт Қасқабасовтың сөзімен айтқанда, «қазақ әдебиетінің ерте заманнан бергі тарихын жүйелеп, бір ізге түсіріп, көркем ойдың даму жал­ғастығын көрсеткен». Осы арқылы ға­лым қазақ әдебиетін дәуірлеу мә­селесіне де үлкен үлес қосты. Ке­лімбетов еңбектері арқылы «Тәңір­лік дәуір әдебиеті», «Ислам дәуірі әде­биеті», «Алтын Орда дәуірі әде­биеті» ұғымдары берік орныға түсті. Сақтардың қаһармандық дастандары – «Алып Ер Тоңға» мен «Шу» дастандарының, ғұндардың батырлық жырлары – «Оғыз-қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандарының үзінділерін келтіре отырып, ғалым олардың «исламға дейінгі дәуірде, яғни араб, парсы поэзиясына тән термин сөздер әлі түркі поэзиясына әсер ете қоймаған кезеңде өмірге келгенін» дәлелдейді. Түркі тайпаларының байыр­ғы поэтикалық көг өлшемінде ту­ған ол дастандардың «Күлте­гін», «Тоныкөк» жырларының ізашары екені көрсетіледі. Ең бас­ты түйін ретінде тәңірлік дәуір әде­биетінің, ғұндардың батырлық жыр­ларының қазақ ұлттық сөз өнері­нің генезисі болып табылатынын түп­кілікті танытқанын айтуға болады.

Ғалым еңбектеріне зер салып қа­ра­ған адам сол есте жоқ ескі заман жырларының өзінде қазіргі қазақ тү­сінбейтіндей сөз аздығына қай­ран қалады. «Алып Ер Тоңғаны жоқ­таудағы» «Өткелек өшін алды ма?» деген жолға қалай тәнті болмассыз?! Заманды адамның басынан өтер өткелек деп тұр ғой. Сол өткелек өлім арқылы адамнан өшін алады екен. Не деген керемет сөз. Кешегі өткен Фариза Оңғарсынова осы жоқтауды ау­­дарғанда «Шеңгелін ажал салды ма, Ер Тоңғаны алды ма, Сұм дүние артта қалды ма, Қайғылы жү­рек жыртылды-ау» деп көне дүние са­рынын сәтті сақтағаны есімізде.

Немат Келімбетов ислам дәу­ірі әдебиетіндегі, Алтын Ор­да дәуірі әдебиетіндегі шығармаларды терең тал­дай келіп, олар «бертін келе қа­зақ­тың қаһармандық дастандары мен жыраулар поэзиясынан өзі­нің көркемдік жалғастығын тапты» деген түйінге тоқтайды, сөй­тіп «қазақтың өзін­дік төл әде­биеті ежелгі түркі поэ­зия­сының сан ғасырлық тарихи даму үдерісінен туындаған ло­гикалық жалғасы екенін» дә­лелдеп шығады.

Келімбетов кітаптарына түркі тіл­дес дүниеде қы­зы­ғу­шылық таны­тылып оты­руы­ның, оның «Turk halklarinin ortak edebi eserleri» («Түр­­кі халықтарының ортақ әде­би мұра­ла­ры») кітабының тү­рік тілінде басылып, аға-

й­ындас халықтардың әде­биет­тануында ғылыми ай­на­лымға қо­сылуының қа­ғидатты мәні бар. 2010 жы­лы Ыстанбұлда Немат Келімбетов кітабының тұсаукесері өткізілгенде біз кезінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирелдің арасын­да болған әңгімені жи­нал­­ған­дарға айтып берген едік. Ел­басымыз тәуелсіздіктің таң­сә­рі шағында-ақ жалпы түркі әле­мі­нің ортақ академиясын құру идея­сын ортаға салған. Сонда Сүлеймен Демирел ұсынысты бір­ден қолдап, «Дұрыс, ал ен­ді ол академия қайда болуы ке­рек?» дегенде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Халық жағынан қа­расақ сізде болуы керек, тарих жағынан қа­расақ бізде болуы керек» деген. Бо­лашақ академияның бір кезде Қазақ елінде орналасатындығы солай шешілген. «Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген Мағжан сөзінің мәні тереңде. Сон­­дықтан да Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұсынысымен құрылған Ха­лық­аралық Түркі академиясы біз­дің елордамызда – Астанада ор­наласты. Н.Келімбетовтің т­ү­рік тілін­де шыққан кітабы Түркі академиясы құрылғалы бергі қолға алынған жұ­мыс­­тың алғашқы нақты нәтижесі ре­тінде де бөлекше бағалы болатын. Бүкіл түркі жұртына ортақ әдеби мұ­раларды сара­ла­ған Н.Келімбетов ең­бе­гінің Ыстанбұлда жарық кө­руі арқылы біз қазақ әде­биет­тануы, қазақ фольклорис­ти­касы түркологияда да қара­ша­ңырақтық сипатын сақтап отырғанын келісті көрсетіп бердік. Демек, Немат Келімбетов бұл тұр­ғы­дан да халық абыройын асыра түсуге сеп­ті­гін тигізген тұлға. Жаһандану же­лі жалғыз жалауы жалтылдап, жеке-жеке жүзетіндерді жы­ғып кете бере­ті­нін көріп ке­леміз. Түркітілдестің түг­ел бо­луы­ның басты шарты тілдің бір болуы емес, ділдің бір болуы. Ал ділді жасайтын алдымен біздің бәріміздің бұрынғы, бү­гінгі және болашақтағы сөз өнері­міз. Көрнекті ғалымның қазақ әдебиеттануының аумағынан асып, жалпы түркілік өркениетке қосылған, бүгінгі таңда түркі дүниесінің тұтастығына нақты қызмет етіп тұрған ғылыми мұрасы дәл қазір қай кездегіден де маңызды.

Сауытбек Абдрахманов



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.05.2018

Солтүстік Қазақстан облысы мен «CLAAS» компаниясы меморандумға қол қойды

20.05.2018

Торғайдағы Ахмет Байтұрсынов туған үй жөнделетін болды

20.05.2018

Қостанай облысында 18-ші өрт сөндіру бекеті ашылды

20.05.2018

Қостанай қаласы «мерейлі отбасын» таңдады

20.05.2018

Батыс Қазақстан мен Астана әріптестік туралы меморандумға қол қойды

20.05.2018

Каспий жағалауында суға шомылу маусымына байланысты үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді

20.05.2018

Ақтөбе және Орынбор облыстары ресми делегацияларының кездесуі өтті

20.05.2018

Павлодарда партиялық жоба аясында IT-орталық ашылады

20.05.2018

Екібастұздағы «Шығыс» кенішіне «Liebherr R-976 Litronic» экскаваторы әкелінді

20.05.2018

Павлодарда Медиаторлардың республикалық форумы өтті

20.05.2018

Павлодарда ауыл шаруашылық жерлері электронды картаға түсіріледі

20.05.2018

Павлодарда жүргізушілердің төленбеген көлік салығы 670 миллион теңгеге жеткен

20.05.2018

Хорватия Астанада дипломатиялық өкілдік ашпақ

20.05.2018

Самал Еслямова Канн кинофестивалінде үздік актриса атанды

20.05.2018

20 мамырға арналған ауа райы

20.05.2018

ҚарМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысын талқылады

19.05.2018

АЭФ-2018 аясында жаһандық трансформация жағдайындағы азаматтық қоғам институттарының рөлі талқыланды

19.05.2018

Қазақстандық сарапшылар ғаламдық дамудың басты бес мегатренді туралы пікір білдірді

19.05.2018

Н. Назарбаев атап өткен бес мегатренд АЭФ-2018 алаңдарында кеңінен талқылануда

19.05.2018

QazaqGeography «Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының» кезектен тыс съезі өз жұмысын бастады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Кешегінің жұрнағы, бүгінгінің көнесі 

Әдебиетке әркімнің-ақ таласы бар заман өтіп кеткенін мойындау қалай болған күнде ауыр. Нарық зама­нының елең-алаңында қолына қалам ұста­ған жігіттердің арасынан адамдар кітап­қа оралады әлі дегенді сеніммен айт­қандарына қарағанда әдебиеттің өмірдегі артықшылығына үміттері күшті болған-ау, шамасы. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қолдан жасалған қасірет

Жылда мамырдың соңындағы Аза тұту күні жақындаған сайын мен қазақпын деген әрбір адамның жүрегі қарс айрылмауы, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің, ғаламат ашаршылықтың құрбандарын еске алып күңіренбеуі мүмкін емес дер едік. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Оразаның нығметі

«Зор сүйінші айтайын, Мұсылман болып туғанға. Ислам дінін қуғанға...» деп Майлықожа бабамыз жырлағандай, исламды дінім, Мұхаммедті пайғамбарым деп таныған мүміндер үшін қасиетті рамазан айы туды. Аллаға бойұсынушы қауым бұл айды «Айлардың сұлтаны» деп ерекше әспет­тесе, үлкен сахаба Абдулла Аббас «күн­­дердің қайырлысы – жұма, айлардың қайыр­лысы – рамазан» деген екен.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Жол апатын азайту жүргізуші мәдениетіне байланысты

Өткенде екі көлік соқтығысып қал­ды. Олар көшенің бағдаршамы жоқ қиылысында бір-біріне жол бермеген. Содан екі жүргізуші бірін-бірі кінәлап жатыр. 

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қазақ қызы осындай

Ұлттық дүниетаным ілімінде халық­тың гүлі қазақ қызының болмысына, әдеп-ілтипатына, сұлулық, ізеттілік қасиеттеріне қатысты «Қызда оттай ыстық мейір бар», «Қызда 40 періште бар», «Қызда 40 көліктік бақыт бар», «Қыздың қабағында құт бар», «Қыз назы 40 кісіні мас қылады», «Қыз 40 істің қисынын біледі», «Бұрынғының қыздары бармағының шұңқырындағы асқа тояды» дейтін сұлулықтың тұңғиық сырларын мәлімдейтін інжу-маржан ойлар, толғамдар, лала лебіздер бар.

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу