Сауытбек Абдрахманов. Қазақ әдебиеттануының патриархы

«87 жыл өмір сүріп, 70 жылға таяу әде­биет­те қызмет еткен адамның еңбегін атап шы­ғу­дың өзі қиын. Онда мақала түгел тізім­ге айналып кетер еді. Сондықтан Сапекеңнің негізгі-негізгі еңбектерін атау арқылы оның шығармашылығының басты сыпатын, жазушылық ерекшелігін айту дұрыс». Сапарғали Бегалин туралы жазған «Қазақ әдебиетінің ақсақалы» атты естелік мақаласында Серік Қирабаев осылай деген.
Егемен Қазақстан
27.03.2017 1951

Осы күндерде тоқсан деген жастың төріне көтеріліп отырған ардақты академиктің өзінің еңбегін атап шығудың бұдан да басқа қиындықтары бар. Еңбегін егжей-тегжейлі ежіктеп, мақаланы түгел тізімге айналдырсаңыз да, тіпті негізгі-негізгі еңбектерін атау арқылы шығармашылығының басты сыпатын, қаламгерлік ерекшелігін айтсаңыз да Серік Қирабаевтың көп қыры мен сан сырын қамти алмай қалуыңыз әбден мүмкін. Неге дейсіз ғой? Негесі сол, Серік Қирабаевтың ел алдындағы еңбегі әдебиеттің аясына, ғылымның ауқымына сыймайтын еңбек. Ерен еңбек. Ерлікке тең еңбек.

«Егемен Қазақстан» 2010 жылы Президенттің мерейжасына орайластырып, «Елбасы» деген қалың кітап шығарған. Сол кітаптағы «Біртуар» атты мақаласында Серік Қирабаев былай жазады.

«1988 жылы Желтоқсан оқиғаларының салқыны әлі басылмаған кезде Нұрекең Қазақстан Жазушылар одағына келіп, сөз сөйледі. Шешен, алғыр, жұртты өзіне тарта білетін қасиетін көрдік. Жұбанның сөзі есіме түсті (Мұның алдында автор: «Жазушылар одағының сол кездегі басшысы Жұбан Нұрекеңе риза болып шықты. Маған: «Түбі осы жігіт ел билейді», – дегені есімде» деп жазған – С.А.): «Осы кісіге мен де кіріп-шығайыншы» деген ой келді. Бір жапырақ қағазға аты-жөнімді жазып, жиналыстан соң жұрт қоршап мінберден түсірмей тұрған Нұрекеңе таянып барып, қағазымды ұсындым. «Нұреке, мүмкіндігіңіз болса, мені бір аз уақытқа қабылдасаңыз екен», – дедім. Ол кісі менің берген қағазымды қолын көтеріп оқыды да, аты-жөнімді көріп: «Сіз бе?» деп сұрады. «Иә, менмін». Сонан соң қағазды Ни деген көмекшісіне берді: «Мына кісіні ертең шақырамыз»,– деді. Әдетте басшылардың бірден қабылдай қоюы сирек болады. Ол әдеттен хабарым бар мен «ертең» дегенге онша елпілдей қойғаным жоқ. Қабылдаса болды деп ойладым. Жоқ, мен ойлағандай болмады. Ертеңінде таңертең Ни телефон соқты: «Кеше біз сізге уәде беріп едік. Нұрсұлтан Әбішевичтің қабылдауына келіңіз» – деді.

Нұрекең орнынан тұрып мені жақсы қарсы алды. Оған рахмет айтып: «Нұреке, менің кім екенімді сіз білмейсіз ғой» деп, өзім жайлы қысқа мәлімет берейін деп сөз бастап едім, Нұрекең сөзімді бөліп: «Қалай білмеймін! Серік Қирабаевтың фамилиясын жаттап өскен, қазақ мектебінде оқып, сіздің оқулықтарыңызды оқыған ауыл баласымын, – деді. – Мен сізді шал ғой деп ойлаушы ем».

Ішім жылып қоя берді».

Солай. Кем қойғанда соңғы жарты ғасырдың ішінде қазақ мектебінде оқығандардың бәрі Серік Қирабаев деген фамилияны жаттап өскен. Демек, ол – біздің бәріміздің де ұстазымыз. Ұлт ұстазы.

Әди Шәріпов туралы естелігінде Серік Қирабаев 1951 жылы Қазақстанда «ұлтшылдықпен күрес» науқаны басталып, бұрынғы оқулық авторлары Қажым Жұмалиев пен Есмағамбет Ысмайылов партиядан, қызметтен аластатылғанын, олардың оқулығы жарамсыз болып қалған соң енді-енді көзге түсе бастаған жас әдебиетшілер Серік Қирабаевқа, Зейнолла Қабдоловқа, Айқын Нұрқатовқа Оқу министрлігінің тапсыруымен жаңа мектеп оқулығын жазу жауапкершілігі жүктелгенін, олар дайындаған оқулық келесі, 1952 жылы жарық көргенін келтіреді. Демек, болашақ Елбасы – Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінің шәкірті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ әдебиеті» оқулығының шамамен бесінші-алтыншы басылымымен оқыған.

Оқулығымен отыз жыл бұрын оқыған адамға Президенттің «Мен сізді шал ғой деп ойлаушы едім» дейтін жөні бар. Серік Қирабаев 25 жасында жазуға қатысқан «Қазақ әдебиеті» оқулығының алғашқы басылымының жарық көргенінің өзіне биыл тұп-тура 65 жыл толғалы отыр! Осы жылдар ішінде сол оқулық, оның кейіннен толықтырылған, түзетілген нұсқалары неше рет, қанша таралыммен басылды, олармен қаншама қазақ баласы оқып шықты десеңізші! Оқулықтар таралымы басқа кітаптардай он мыңдап емес, жүз мыңдап саналатынын ескерсеңіз, оны ондаған жылдарға көбейтсеңіз алдыңыздан андыздап астрономиялық сан шыға келеді. Қирабаев жазған оқулықтармен оқыған миллиондаған (иә, таңданбаңыз – миллиондаған) қазақ баласы әдебиет атты әсемдік әлемінің әліппесін танып, жүрегіне ізгіліктің, сұлулықтың, адамгершіліктің нұрын құйды, өмір танудың мектебінен өтті. Сол миллиондардың бірі – Елба­сы­мыз. Президенттің ана тілінде еркін көсіле­ті­нінде, көркем әдебиетті сүйетінінде, ақын-жазушылардың жаңа туындыларын жиі оқып, ара-арасында авторларына хат жа­зып қоятынында, тіпті жанын тербеген тақы­рыпқа жыр жазып та жіберетінінде сол ауыл мектебінде жүргеніндегі «Қазақ әдебиеті» оқулығының орны орасан екені күмәнсіз.

Әдебиеттанушы ретінде біз Серік Қирабаевты алдымен кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің бас маманы деп білеміз. Өзінің бас редакторлығымен жарық көрген он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» кеңес дәуіріне арналған үш томының жұмысын тікелей басқарғаны, көптеген тарауларын өзі жазып, түгелдей редакциялап шыққаны бұл ойдың бір дәлелі. Кандидаттық диссертациясына Спандияр Көбеевтің, докторлық диссертациясына Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын арқау етіп алған автордың «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» деген атпен тұтас кітап жазғаны, онда адам баласының тарихында ең бір күрделі, қайшылығы да, қалдырар ғибраты да мол дәуір болып табылатын бүтін бір ғасырдың сөз өнерін кезеңдендіру мәселесін шешіп, жиырмасыншы жылдардағы қызықты ізденістермен басталған қазақ әдебиетінің бара-бара белгілі бір ықпалдың күшімен таза идеологияға бой алдырғанын, көркемдікпен ұғылуға тиісті дүниелердің тікелей үгітпен жасалуға көшкенін, ақын-жазушылардың талайы саясаттың қолшоқпарына айналғанын, жылымық жылдарынан кейінгі жаңғыру кезінде және ғасыр соңында көркемдік ізденістер тұрғысынан да, халық тарихының оқиғалары негізінде ұлттық сананы оятып тәрбиелеуге көркем әдебиет туындыларын пайдалану тұрғысынан да үлкен серпіліске қол жеткізіп, әлемдік әдебиеттің үздік үрдістері арнасына шыққанын жан-жақты, кең құлашпен қамти көрсеткені рас. Бүтін бір ғасырдағы көзге ілігерлік, ауызға алуға тұрарлық дүниелердің ғалым назарынан тыс қалғаны жоқ деп сеніммен айтуға болады. Барлық жанрлардағы жүздеген шығармаларды түгел оқудың, әрқайсысына түйіп-түйіп баға беріп өтудің өзі тәнті етпей қоймайды. Жалпы, Серік Қирабаевтың ұлттық сөз өнерінің алдындағы аса ірі еңбегі ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ғылыми сарапталған, жүйеленген тарихын жазып шыққандығы, күрделі де қайшылықты сол тарихтың сараланған, сарапталған бағасын бергендігі дей аламыз.

Қайта құру кезеңінен кейінгі, тәуелсіздік біршама орнығып, ойымыз сабаға түскенге дейінгі елең-алаңда тарихымыздағы талай тұлғаға көзқарасымыздың төңкеріліп түсе жаздағаны бар. Солардың бірі социализм жыршысы, революция жаршысы Сәкен Сейфуллин болатын. Сол Сәкенді жеріне жеткізе зерттеген, сол Сәкеннің арқасында ғылым докторы атанған Серік Қирабаевтың монографиялық еңбектеріне де кезінде қиғаштай қарау, кезінде берілген бағаның әділдігіне күмән келтіру орын алуы заңды да еді. Уақыттың бұл сынынан да Қирабаев абыроймен өте алды. Қай заманға да, қай қоғамға да, қай адамға да сол дәуірдің тұрғысынан қарай алу, өз уақытының безбенімен өлшей білу, соның бәрінде қаламгер қызметін түптеп келгенде елдік мұраттар биігінен бағалау Серік Қирабаевтың ана бір жылдардағы жариялылықтың желімен жаппай жазғырыла жаздаған Сәкеннің асыл атын арашалап алуға мүмкіндік берді. Осы арада Серағаңның мына бір сөздеріне сілтеме жасаумен тоқтасақ та ғалымның Сәкен еңбегіне де, сол кездің шындығына да сара санамен, салқын сабырмен қарағанын көреміз. «Қазақстаннан осы топқа қосылған тұңғыш ақын Сәкен Сейфуллин болды. Адам баласын құлдықтан, езгіден құтқаруды, олардың біріне-бірі сеніскен, тең қоғамда өмір сүруін аңсаған ұлы таланттар әр жерден бой көтеріп, халықтың революцияшыл күштерін қолдады. Соны ұрандап, жаңа шығармалар жазды. Кейбірі осы жолдағы күреске тікелей қатынасты. Бүгін олар жайлы қандай пікір айтылып жатса да, социалистік қоғамды олар мұрат тұтты, халқының бүкіл арман-тілегін сонымен байланыстырды. Бұл – олардың сенімі еді. Сондықтан адам сенімін, талант сенімін сыйлау керек. Олар сол сенімге сүйеніп қызмет етті. Сенімнің алдамшы болғаны, олардың көбінің содан опық жегені, тіпті өздері орнатысқан өкіметтің қолынан қаза тапқаны да бүгін жасырын емес. Соған қарамастан, кеңес әдебиетін жасаушылар тобының ұлы еңбегін жоққа шығаруға болмайтыны да түсінікті», «Ақын сенген идея, ол жасаған жаңа әдебиет бірте-бірте тап тартысының, партия идеологиясының құралына айналды, шындықтан жалтарып, жарамсақтыққа ұрынды». Сәкен Сейфуллин туралы зерттеулері топтастырылған алтыншы томға осындай сарабдал кіріспе жазу арқылы Серік Қирабаев Сәкен жайындағы сөзін де орнында қалдырды, сөзін орнында қалдыру арқылы өзін де орнында қалдырды. Сәкеннің ақындық арынын, қарасөздегі қарымын, публицистік пайымын, зерттеушілік зердесін терең талдаған, тамаша танытқан ол еңбектер қазір де қадірлі қалпында. Өтпелі кезеңнің өкпек желі өткен соң олардың бағасы қайтадан артуы да мүмкін.

Академик Сейіт Қасқабасовтың «Тәуелсіздік Серік Қирабаевтың екінші тынысын ашты» дегені бар. Рас. Жай сан жағын алсақ та кейінгі ширек ғасыр ішінде академиктің қалың-қалың алты кітап ұсынғанының өзі көп жайды аңғартады. Сонда жетпіске, сексенге, тоқсанға жақындаған жасында Серағаң орта есеппен төрт жылда бір кітап беріп тұрған болып шығады екен. Оның сыртында 2007 жылы жарық көрген сегіз томдық шығармалар жинағын ертелі-кешті отыз шақты кітабынан іріктеп, заман тезін ескере отырып, қайта қарап дайындаған еңбегі тағы бар. Егемендігіміздің елең-алаңынан-ақ ғалым ендігі жерде ел қамын жейтін елгезектік ерекше керектігін ескерткен болатын. Оның сонау 1993 жылы айтқан «Әдебиет, өнер туындылары арқылы қоғамдық идеологияға ықпал ететін ой-пікірлердің бірі – халықты, жас ұрпақты отаншылдыққа, туған еліңді, халқыңды сүйе білуге тәрбиелеу. Кеңестік идеология бұл тұрғыда айрықша қызмет етті. Кеңестік патриотизм адамдар бойында ерекше көрініс тапты. Бірақ ол кездегі біздің отан дегеніміз дерексіздеу, нақты адамның туған, өскен топырағынан тыс қалыптасқан жалпылама ұғым еді. Бүгін біздің нақты отанымыз, тәуелсіз еліміз, қазақтың халықтық өз мемлекеті бар. Ендеше, осы ұрпақты осы мемлекеттің бостан азаматы ретінде мақтануға, оның намысын жырта білуге, дәстүрін, елдігін ойлауға, оны әрі қарай дамытуға күш салуға баулуға тиіспіз» деген сөздері қазір де сол күйінде қайталайтын ойымыз.

Тәуелсіздік тұсындағы әдебиеттанудың сипатын танытатын ең зерделі зерттеулердің бірі де Серік Қирабаев қаламынан шыққанын атап айту міндет. ХХ ғасырдың басында алмасқан қоғамдық құрылыстар жіктеген екі дәуірдің шекарасында өмір сүріп, сол заманның аласапыран шындығын әдебиет әлемінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгер, ақын, драматург, публицист, прозашы, сыншы, аудармашы Жүсіпбек Аймауытов туралы жазылып, 1993 жылы жарық көрген еңбек сол тұстың өзінде жасы жетпісті желкелеп қалған академиктің қалам қуаты бұрқырап тұрғанын ғана емес, ғалымның еркін сана биігінен ой толғайтын қарымдылығын, нәзік талғам тұрғысынан талдау жасайтын шалымдылығын айшықты ашып берді. Ғалым еңбегі арқылы «қазақтың сөз өнерін еуропалық жазушылық өнердің биік дәрежесіне ұластырған» шын зергердің, саңлақ суреткердің бөлек бейнесі бітімделіп шықты.

Әдебиеттің ұлттық сипаты – ғалым еңбектерінің алтын арқауы. Қолға қалам алған балаң шағынан сыншы-ғалым әдебиетті тек әдебиет үшін жасауға, шығарманы тек көркемсөз үлгісі түрінде жазуға жатсына қараған. «Қазақ поэзиясының ұлттық сипат алып, дами бастаған тұсынан бергі тарихына көз салсақ, оған желі болып тартылған тұтас бір ұлттық идеяны көреміз. Ол – ұлттық тәуелсіздік идеясы» деп қадап айтқан С.Қирабаевтың бір кітабы «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» деп аталады. «Халықтың дербестігін сақтау, ұлттық намыс, ұлт абыройы Мұхтардың өмір бойғы арманы болып кетті. Ол халқын, оның елдігін, көшпелі мәдениеттің үлгісін әлемге паш етті» деген түйінді сөздерде де Әуезов шығармашылығының басты қасиетін дәл табу бар. Абай, Шоқан, Ыбырай, Жанақ, Шортанбай, Ақан сері, Ахмет, Міржақып, Мағжан туралы еңбектерінің бәрінде де  ғалым олардың ұлттың рухын ұлықтауға қосқан үлесіне алдымен мән береді.

Ғалым еңбектерінің оқылымдылығына тағы бір себеп – тілінің тартымдылығы, қай тақырыпты да ойымен, білімімен қоса сезімін салып жазатындығы. «Ақан сері туралы сөзде» С.Қирабаев: «Елі де оны бағалады, пір тұтты. Ақжігіт деп атын да атамай, еркелетіп Ақан қойды, сұлуды Ақан құшты, жүйрікті Ақан мінді, қыран құс пен алғыр тазыны Ақан ұстады, сері атанды. Халық қиялы болған істі он есе өсіріп, сүйікті геройын көз алдында көтере түсті. Сондықтан біз Ақанды жер бетінде жасаған пенде ғана емес, халықтың тілек-мұңына тиек болған Арманға балаймыз», дейді. Біле білген адамға бұл сөздер кеңестік кездегі «әділетсіз заманда бағаланбаған дарындар» туралы таптаурын түсінікті теріске шығаратын ой пайымы ретінде де қадірлі.

Қаламгердің ғалым ретіндегі, сыншы ретіндегі, ұстаз ретіндегі қымбат қырларының қай-қайсысының да бастау-бұлағы кісілік келбетінде, өзі жүріп өткен өмір жолының өнегелілігінде, қашанда жақсыға жақын жүруден жазбаған жайсаң жанында. Серік Қирабаевтың ғұмырбаянымен таныс әрбір адам оның кешегі күрделі кезеңнің небір бұрылыс-бұлтарыстарында да қадірі қашпағанын, билік бетін бері бұрғанында асып-таспағанын, бетін әрі бұрғанында жасып-саспағанын жақсы біледі. Жаяу көкпары таусылмайтын әдебиет ауылының айналасындағы адамдардың өткен кезеңде сөзге ілікпегені аз. Сол аздың бірі – Серік Қирабаев. Әрине, қалам тербеуді сыншылдықпен бастаған, заманның сөз саптауымен сойыпсалды сынның да талайын жазған (Тайыр ақынның «Қирабаев деген біреу келіп, қиратып жатыр» дейтіні сол кез), көп кітаптың кемшілігін қазған адамның әдебиетші атаулының аяулысына айнала алмайтыны анық. Соның өзінде де барша жұрт Қирабаев қаламының заманның жұлқи соққан желімен қисайған тұсы табылса да, өз еркімен, әдейі, әлдебір есеппен қияс тартқан кезі табылмайтынын, не айтса да адалын айтқанын, Ғабиден ағамыздың сөзімен сөйлесек, білімі жеткен жерге дейін әділ болғанын растайтыны тағы анық. С.Қирабаевтан жас әдебиетшілердің алар көп ғибратының бірі адамның өмірі мен өнерінің ара-жігін айқын ажыратып, бір-біріне жарығын немесе көлеңкесін түсіртпейтіні. Ол өмір бойы өзі жас күнінде мақала арнаған Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясындағы «Біреуді қор тұтсаң, қор боларсың, біреуді зор тұтсаң, зор боларсың» деген сөзді ұстанумен келеді. «ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған ұлттық әдебиеттегі жаңа дәуірді еске алсақ, «Әбіш шыңы» осылардың дәп ортасында, биікке самғап, қол жетпейтін өрде тұрғанын бүгін әрқайсымыз-ақ мойындаймыз», дейді Әбіш Кекілбаев туралы жазылған «Суреткер» атты мақаласында. Иә, Қирабаев қаламына тән тамаша сипаттардың арасынан алдыңғылардың қатарында аталары – әділдік. Өмірдегі қарым-қатынасынан өнердегі қарым-қатынасын жасап жататын жаман әдет жұқпаған ол қаламға. «Ғабит мінезі басқа шалдардың бәрінен де ауыр еді. Карта ойнап отырып, быт-шыт боп ашуланып, картаны тастап, отырған үйдің асына қарамай кетіп қала салу ол кісінің әдетінде жиі болатын. Қонақ үстінде ашуланып, тұстастарына бөтелке лақтырған шағы да болған. Бірге жүрген, әзіл-қалжыңы араласқан достарының үстінен арыздар түсіп жатқан кезде, оған ара түсу орнына, «шоқ, шоқ» мінез көрсеткені де жасырын емес». Бұл – өмірдегі Ғабит Мүсірепов. «Сол бір қиын заманда кім қалай өмір сүрді, не жазды, оның өзі қандай жазушы, ақын, өнерпаз екендігін білу үшін олардың еңбегін оқу, көру керек. Тек осылай қарағанда ғана кімнің кім екенін түсінеміз. Ғабиттің де ұлы тұлға екенін білеміз, мойындаймыз». Бұл – өнердегі Ғабит Мүсірепов.

Бұл тұрғыдан қарағанда өмірдегі Серік Қирабаев пен өнердегі Серік Қирабаевтың айырмасы жоққа жуық деп сеніммен айта аламыз. Бір жағынан атқарған қызметіміздің, екінші жағынан ғылыми ізденісіміздің арқасында кейінгі отыз жылдың орайында Серағаңмен талай тұста тірлігіміз тоқайласып қалып жүрді, соның ішінде әсіресе, соңғы он-он бес жылдың ішінде етене араласып кеткен де жайымыз бар. Ағаның ақ жайлаудай алдында қаншама рет болып, Әлия апайдың ел элитасының аузында аңызға айналған ақ дастарқанынан сан мәрте дәм татқанбыз, өңір-өңірдегі талай мерейтойда бірге болғанбыз, шетел сапарларына да бірге шыққанбыз. Әсіресе, 1997 жылы Әуезовтің 100 жылдығын ЮНЕСКО аясында атауға Парижге бірге барғанымыз ерекше есте қалды. Бұл кісінің мініп кеткен көлікті ұзағырақ ұстап қалғанына бола жоқ жерден шала бүлініп, тіпті тіл тигізуге дейін барған сапарлас бір інісінің үнін бір ауыз үндемей-ақ өшіргеніне айызым қанғаны бар сонда. Аға сыйлай алсаң, мінезің үйлессе   Серағаңмен жол жүру, дастарқандас болу бір жанның рақаты. Әңгімесі қандай. Қазақтың игі жақсысының арасында ол кісі араласпағаны сирек. «Сераға, Сафуанның коньягын айтыңызшы», «Қалтайдың түсін айтыңызшы», «Садықбектің Қапанға көңіл білдіруін айтыңызшы», «Ғабеңмен қақтығысып қалғаныңызды айтыңызшы»... деген сияқты іліп-іліп отырсаңыз болды, алпыс жылдай бойы дәріс оқи-оқи сәл қарлығыңқыраған дауысымен бір хикаядан кейін біреуін бипаздап шерте береді. Алдыңғы жылы Нұрлан Оразалиннің үйінде Әбіш ағамен, Мырзатай ағамен, Сейіт ағамен бірге болғанымызда Ғабеңнің елге тарап кеткен «Менің ЦК-м Қирабаев болды» деген сөзінің айтылу жайын өз аузынан тыңдап алғанбыз. Сол дастарқандағы әңгіменің үш жарым сағаттық диктофондық жазбасы менде сақтаулы. Ана бір жылы біздің үйде болғанда айтқандары да таспада қалды. Қай жерде де, қандай жағдайда да сабырлы мінезінен, салиқалы сөзінен, абыз ақсақалдығынан бір айнымайтын қымбатты қалпына қызыға қараудан танбай келеміз. Тоқсанға тақаған жасында да жолынан бір жығылмай, қыстың көзі қырауда Астанаға жедел жетіп, біреудің қуанышына немесе біреудің қайғысына ортақтасып жататыны тіпті қайран қалдырады.

Өмір тану тек әдебиеттен, өнерден, ғылымнан тұрмайтыны түсінікті. С.Қирабаев еңбектері де тек руханият аясымен шектеліп қалмайды. Қазақ мемуаристикасының үздік үлгілерінің қатарынан табылатын «Өмір тағылымдары» атты тамаша кітабындағы Нұртас Оңдасынов, Жұмабек Тәшенов, Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Ахмет Жұбанов, Әбдіхамит Сембаев, Шапық Шокин, Кенжалы Айманов, Сағындық Кенжебаев, Өзбекәлі Жәнібеков,  Нұрғиса Тілендиев сияқты тау тұлғалар туралы естеліктерін оқығанда ұзақ өмірінде қазақтың небір жақсысы мен жайсаңын көрген, етене араласқан тағдыр иесіне қызыға қарайсыз, кімнің кім екенін, халық тарихында қандай орын алатынын олардың көзі тірісінде-ақ білген, басына ұлттың ұлы перзенттерімен аралас-құралас болу бақыты бұйырғанын бағалай алған сұңғылалыққа сүйсінесіз. Ол естеліктер қазақтың ғажайып перзенттерінің сан қырын сондайлық сергектікпен суреттейді. Мәлік Ғабдуллин Батыр атанғанда майдандас дос ағасы Бауыржан Момышұлының: «Ел күйзелген кезінде, ерлік еткен бауырым. Жау жағадан алғанда, батырлық еткен бауырым. Ел намысын құрметтеп, ер намысын ардақтап, құтты болсын айтамын, шын жүректен, Мәлігім!» деп хат жолдағанын келтірген автор 1946 жылы өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына майдан батырлары алдымен ұсынылғанда депутаттыққа кандидаттыққа Мәліктің бірден келісім бермегенін, кішіпейілдікпен: «Менен де батырлығы үлкен Бауыржан Момышұлы неге тізімде жоқ. Мен жолымды сол кісіге беремін. Менен гөрі халық қалаулысы болуға Бауыржан лайық» дегенін жазғанында аға сыйлаған, адам ардақтаған қазақтық ғажап қалпымызды жеткізсе, ертеңінде Мәлікті Орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов шақыртып: «Біз Бауыржанды білмей отырғанымыз жоқ. Ол өзінің жолын өзі кесіп жүрген жігіт» дегенін айтқанында ноқтаға басы сыймай өткен ер Баукеңнің бағасын білгенімен, аты аңызға айналған жолбарыс жүректі жанды «ұлтшыл» деген аттан айыра алмай, Мәскеуге мойындата алмай заманның запыранын жұтқан қайран ағамыздың асыл бейнесін де биіктетіп жібереді. «Қазақ өнерінің қайталанбас бір ұлы дүниеден өтті. Қазақтың күйі мен әні жетім қалды. Мен оған «Құдай саған өлшемей, пішпей, мол талант берген, шашып-төгіп жүргендерің де аз емес. Қалғанының өзі де сені ұлылыққа жеткізеді», деп қалжыңдаушы ем. Қалжыңдап айтқан сөзде шындық барын ол да түсінетін, кейде мені мытып қап, күлетін, мойындайтын. Шынында, оның ұлы таланты қазақтың күйі мен әнін біріктіріп, елінің арманы мен мұңын, көңіл-күйін арқалады. Оның көкірегіне Құрманғазы мен Тәттімбет, Біржан мен Ақан қатар сыйып кеткендей еді. Осылардан қалған күй мен ән Нұрғисаның ғана кеудесіне сыйды», дейді Нұрғиса Тілендиев туралы тебіренген бір тұста. Ал енді Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров, Мұхамеджан Қаратаев, Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов, Сапарғали Бегалин, Шахмет Хұсайынов, Әбу Сәрсенбаев, Мұқан Иманжанов,  Кемел Тоқаев, Бердібек Соқпақбаев, Зәки Ахметов, Қалтай Мұхамеджанов сынды сөз саңлақтарына келгенде ғалымның ойлы қаламы тіпті көсіле түседі.

Серағаңның осы жасқа туған халқының алдында абырой арқалап, елдің батагөй ақсақалы, аузына қараған ақылманы күйінде, қолынан қаламын тастамай жетуінде ол кісінің бойына жаратылыстан біткен дарын, табиғатынан сіңген талантқа, жүйелі түрде, талмай жинаған білімге қоса өмір бойы өзін өзі тәрбиелеген табандылығының, мінез байлығының, жақсыға салысып жақсы болуға ұмтылған ұлағаттылығының да орны үлкен. «Менде жалғыз өскен жалқы жігіттің кекшіл мінезі барын байқап, содан сақтандырды» деп өзі айтқандай, Серік Қирабаевтың өмірі өнеге күшінің ұлы күш екенін көрсетуімен де өрелі. Ол өнегені Серағаң алдымен алысты жақын тұтып, бауыр еткен қазақтың туыстық дәстүріне қанық суарылған ел өмірінен, бірінің балаларын бірінің бауырына басқан ағайынды Смайыл, Жәкен, Жаманнан алған. «Үшеуінің өзара құрметі балаға деген көзқарастан да танылатын. Бірінің көңіліне бірі келмесін деп, асырауға берген баласына екіншісі жақындамайтын, іш тартпайтын. Смайылға бергеннен кейін Жәкен маған таянып, іш тартып, сөйлесіп көрген жан емес. Смайыл өлгеннен кейін де осы әдетінен жаңылған жоқ. Қайтыс болар алдында көңілін сұрай барғанымда: «Әкеңнің көңіліне келер деп бетіңнен сүйіп көрмеп ем, қолыңнан сүйейін», – деп, сәлем беріп ұстаған қолымның сыртынан сүйіп еді. Дініне қандай берік, ағасының аруағын сыйлауға қандай мықты адам деп ойлағам сонда» («Менің әкелерім»). Серағаң – өмір бойы жақсыға жанасып, таланттыға тақасып, аға қадірін, дос қадірін, іні қадірін, жалпы адам бағасын біліп, өзі де өнеге биігіне өрлеу­мен келе жатқан адам. Ол ұстаздарына іні бола білді, тұстастарына дос бола білді, кейін­­гілерге аға бола білді. Жастарға аға бола білудің басты шарты – ағаларға іні бо­ла білу. Ондай жан кейін аға да бола алады, уа­қыты келгенде ата да бола алады. Қазір Се­рағаң халық алдына тосатын ата биігінде тұр.

Қазақы тоймақаланың соңына қарай мерейгердің жұбайы жайында жылы сөз жазып, оның осы биігіне жетуіне өмірлік қосағының қосқан үлесі үлкен дегендей етіп келтіру шарт екенін білмейді емеспіз. Дегенмен, біз ағаның асыл жары, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, география ғылымдарының докторы, профессор Әлия Сәрсенқызы Бейсенова туралы сөзді Серағаңның өзінен артық айта алмайтынымызды шамалаймыз. «Осындай бір қызығы жоқ сұрқай өмірден мені сүйреп алып шығып, шын өмірдің қандай болатынын, «өмірдің қызығы» дегеннің не екенін танытқан, сөйтіп, менің өмірімді жаңарт­қан, жаңғыртқан осы Әлияшым еді. Алғаш көргенде күн сәулесіндей жарқ етіп, жа­бырқау көңіліме жан бітірген оны көргенше, кездескенше асығушы едім мен. Отбасы дегенде, алдымен оның ұйытқысы – әйел еске түседі ғой. Менің Әлиямен танысқаным, үйленгенім, әртүрлі өмір өткелдерінде оның маған сүйеу болғаны, ғылымдағы ізденістері туралы әңгіме айту – мен үшін мәртебе. Әлия, шын мағынасында, менің шаңырағымның иесі ғана емес, оны құрушы, менің бүкіл өмірімді, тұрмыс-тіршілігімді жасаушы және ұйымдастырушы. Ол отбасының қызығын, екеуміздің жаңа өмірімізді де өзі жасады. Міне, бүгінге дейін менің өмірге деген құштарлығымның тарқамайтыны – осы аяулы жарымның арқасы» деген сөзге не қосармыз?

Қазақ жазушыларының, әдебиеттану­шы­ларының арасында тоқсан жасағандары, одан да асқандары жоқ емес, бар. Бірақ, дәл Серік Қирабаевтың биігіндегі, оның дәре­жесіндегі қаламгердің, ғалымның тоқсанға толуы елімізде тұңғыш рет аталып отыр десек, ешкімнің шамына тие қоймаспыз. Оның үстіне академиктің бұл жасқа қаламын қолынан түсірмей, қоғамдық белсенділігін бәсеңсітпей жеткені тағы бір олжамыз.

Жақында ғана «Егемен Қазақстанның» бетінен Серағаңның «Менің дауысым» деген ой-толғауын оқыдық. Серағаң Елбасымыздың еңбегі жайында айта келіп, шағын мақаласының соңын былай түйіндейді:

«Тынымсыз, ізденімпаз, бірінен соң бірі туындап жататын жаңа идеялар оны Қазақстанды осы дәрежеге көтеруге жеткізді. Алла оған өмір берсін! Тоқсанға толуына бір ай ғана қалған қарттың ағалық батасы болсын бұл тілек!».

Біз де мақаланы абыз ағаның өзінің сөзіне ұқсатып аяқтайық.

Ел үшін еткен жетпіс жыл бойғы ерен еңбегі, қажымас қайрат-жігері, талмас табандылығы, адамдық асыл қасиеттері оны қазақ әдебиеттануының патриархы, ұлттық сөз өнерінің ақсақалы дәрежесіне көтерілуге жеткізді. Алла ағамызға өмір берсін! Тоқсанға толған ұлт ұстазына ел газеті арқылы берілген ел батасы болсын бұл тілек!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.11.2017

ОҚО-да биыл жалпы өңірлік өнім көлемі 1 340 491 млн. теңгені құрады

18.11.2017

Үкімет басшысы Жамбыл өңірінің жай-күйімен танысты

18.11.2017

Атырауда ақын Өтеген Оралбаевтың шығармашылық кеші өтті

18.11.2017

Өзге ұлт өкілдері де латын қаріпті көне кітаптарды ұстап көрді

18.11.2017

Оңтүстікте он айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 684 млн теңгеге жуық өнім өндірілді

18.11.2017

ОҚО-да орташа жалақы мөлшері 101 мың теңгеден асқан

18.11.2017

Төрт дүркін чемпион дүркіретіп той берді

17.11.2017

Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы өтті

17.11.2017

Сағынтаев оңтүстік өңірлердің аграршыларымен кездесті

17.11.2017

ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

17.11.2017

Үкімет басшысы Жамбылдағы минералды тыңайтқыштар зауытына барды

17.11.2017

«Нұр Отан» партиясында «Көш көлікті болсын» акциясы өтті

17.11.2017

Қыздар университетінің студенті гран-при иегері атанды

17.11.2017

Түлкібаста биыл 31 өндірістік кооператив құрылды

17.11.2017

Назарбаев «Royal Dutch Shell» концернінің бас атқарушы директорымен кездесті

17.11.2017

ТМД-ға мүше мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі Кеңесінің отырысы өтті

17.11.2017

Динара Сәдуақасова БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы елшісі болып жарияланады

17.11.2017

Лос-Анжелесте Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері өтеді

17.11.2017

ОҚО бала туу мен табиғи өсім бойынша республикада көш бастап келеді

17.11.2017

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы

Коммерциялық кино: ақша һәм арзан күлкі

Немістің атақты кино теоретигі Зигфрид Кракауэрдің «Коммерциялық кино мен көпшілік психологиясы өзара байланысты және ол спираль тек­тес болып келеді» деген пікірі бар. Шынында да, коммерциялық ки­но мен  көпшілік, яғни көрермен пси­хологиясының арасында қандай байланыс бар?   

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Зардабын қателіктің тартқан білер

Кез келген адам шешімі күрде­леніп, бірнеше сот процестеріне ұласатын дауға басын сұға қой­май­ды. Одан өзіне пайда жоқ екенін де біледі. 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Күйгелектік қадірді кетіреді

«Қоғамда болып жатқан терең өзгерістерге байланысты біздің тарихқа қайтадан үңіліп, сол кездерден бүгінгі күннің проблемаларынан шығудың жолын іздеп, болашаққа сабақ алуымыз керек», деген еді Президент Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабында. Тарихтан сабақ алу – қай заманда болса да күшін жоймайтын, ескірмейтін маңызды мәселе.        G M T     Определить языкАзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский   АзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский                   Звуковая функция ограничена 200 символами     Настройки : История : Обратная связь : DonateЗакрыть

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Тілде буын жоқ...

Көп сөйлейміз. Көпіріп. Әңгі­ме­­ні көп айтамыз. Тіл безеп. Ше­шенсиміз. Көсемсиміз. Кеуде ұра­мыз. Біз білеміз дейміз. Біздікі ғана дұрыс. Өзгелердікі сандырақ. Біз ба­тырмыз. Біз ақынбыз. Біздей данышпан халық жоқ. Осының бәрі рас па екен өзі?..

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Түрлі өмірді бастан кешу мүмкіндігі

Оны адамға кітап қана бере алады

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу