Дональд Трамп: Башар Асадқа көзқарасым күрт өзгерді
Дональд Трамп Сирияда бейбіт тұрғындарға химиялық қарудан шабуыл жасалып жатқанын сырттан бақылап қана отыра алмайтынын мәлімдеді деп жазады New York Times.
Президент бұл мәселе бойынша қандай шаралар жасалуы мүмкін екенін ашып айтқан жоқ. Бірақ Сириядағы оппозициялық күштер бақылауындағы аймақта жазықсыз сәбилердің газдан тұншығып жатқаны туралы жантүршігерлік суреттерді көрген соң өзінің жағдайға басқаша қарауға мәжбүр болғанын мәлім етті. «Сирияға және Асадқа деген көзқарасым түбегейлі өзгерді» деді Трамп мырза. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана ол Башар Асадты қалайда биліктен кетіруге тырысу «ақымақтық» деген болатын.
Сейсенбі күні Трамп мырза Сириямен қатар Иранға және Солтүстік Кореяға да АҚШ тарапынан лайықты жауап болатынын айтты. Бірақ нақты қандай іс-әрекет жасалмақ екенін тағы да жария етпеді. Бұдан Трамп бастаған жаңа әкімшілік Таяу Шығыс пен Азиядағы қауіп-қатермен күресуге дайын емес-ау деген күдік туады деп түйеді америкалық басылым.
Қытай Нью-Йорктан үш есе үлкен қала салмақ
Британдық The Guardian Қытайдың түтінге тұншыққан астанасы маңында жаңа қала салғалы отырғаны туралы жазады. Пекиндегі кептеліс пен ауаның ластануын төмендету мақсатында жаңа қала тұрғызу жөнінде «тарихи жоспар» жария бола салысымен, жұрт астана жанындағы бұрын көп ешкім білмеген аймақтағы жерлерді сатып алуға лап қойған.
Xiongan New Area деп аталатын, көлем жағынан Нью-Йорктен үш есе ірі болатын арнайы экономикалық аймақ туралы жоспарды Қытай Коммунистік партиясы лидерлері 1 сәуір күні жариялаған болатын. Жоспар бірден кеңінен насихаттала бастады. Қытай билігінің айтуынша, Пекиннен оңтүстік-батысқа қарай 100 км-дей жерде орналасатын қала «алдағы мыңжылдықта шешуші маңызға ие стратегия» аясында салынбақ. Синьхуа агенттігі хабары бойынша, жаңа шаһар 22 млн тұрғыны бар, көлігі кептеліп жатқан Қытай астанасының тынысын ашуы тиіс.
Жаңа жоба туралы хабар шыға салып бірнеше сағаттан соң-ақ аталған аймақтағы жылжымайтын мүлік бағасы екі есе өсіп кеткен.
«Twitter жек көруге шақыратын жазбалардың 1%-ын ғана өшіреді»
ВВС News Германия өкіметінің арандатушы жазбалар мен жалған ақпараттарды өшірмеген әлеуметтік желілерге 50 млн еуроға дейін айыппұл салғалы отырғанын жазады. Жаңа заң жобасына сәйкес, әлеуметтік желі компаниялары қылмыстық мазмұндағы контентті 24 сағат ішінде, ар-намысқа тиетін материалдарды 7 күнде өшіруі тиіс. Бұл хабарға қатысты алаңдаушылықты бірінші болып Facebook білдірді. «Біз заңға қайшы мазмұндағы хабарларды жойып отыру үшін көп жұмыстар жасап келеміз» деді компания өкілі ВВС-ге сұхбатында.
Twitter, Snapchat және Google әзірге бұл мәселеге реакция білдірген жоқ.
Германия әділет министрі өшпенділікке толы хабарлар адамдардың еркін, ашық, демократиялық қоғамда үйлесіммен өмір сүруіне қатер төндіретінін айтады. «Twitter жек көруге шақыратын жазбалардың 1%-ын ғана, Facebook 50%-ын өшіреді. Бірақ біз қойып отырған талабымызды орындауға болатынын білеміз. Өйткені, YouTube ондай материалдардың 99%-ын өшіре алып отыр ғой» дейді министр. Бірақ жаңа заң интернеттегі сөз бостандығын шектейді деп қауіптенетіндер де бар. «Қысқа ғана уақыт және ауыр жаза белгіленуі себепті провайдерлер сақтық үшін күмәнді жазбалардың бәрін өшіретін болады. Бұл желідегі сөз бостандығына айтарлықтай ықпал етеді» дейді Bitkom компаниясының өкілі Бернард Рохледер.
«Терроршылар шағын шабуылдар арқылы үрей туғызғысы келеді»
Ресейлік «Независимая газета» Санкть-Петербург метросында болған терактінің себептерін зерттейді. Сарапшылар бірауыздан исламистердің қала жағдайында партизандық соғыс жүргізуге көше бастағанын айтады. «Дін және қоғам» ақпаратты-сараптамалық орталығының жетекшісі Алексей Гришиннің ойынша, террорлық ұйымдар шағын шабуылдар арқылы тұрғындарды ылғи үрейде ұстауды көздейді. «Арнайы қызмет 20-40 адам жасайтын ірі терактілердің алдын-алуды үйренді. Ал «кішкентай фол» тактикасымен жасалатын терактіге 2-3 адам ғана қатысады. Осылайша, олар әлемнің кез келген аймағында жағдайды тұрақсыз етпек. Соңғы терактілер осы стратегияға толық келеді» дейді ол.
Сонымен қатар Гришин Орталық Азиядан терроршылардың келуіне посткеңестік елдерде терроризмге қарсы заңнаманың қатаюы себеп болғанын айтады. «Орталық Азия республикаларындағы қатаң заңдар боевиктерді Ауғанстанға және Ресейге ығыстырды. Ол елдерде олар 20 жылға дейін, кейбіреулері өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Ал Ресейде олардың ісінде экстремистік әрекет бар екенін дәлелдеу өте қиын» дейді Гришин.
Дайындаған Ержан Әбдіраман
Пікірлер(0)
Пікір қосу