Стрельниковтің бапкерлік әлемі

Александр Стрельников. Екі дүркін Әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиевтің жеке жаттықтырушысы. Стрельников пен Сәпиев дуэті шаршы алаңда сан жылдар салтанат құрғанын қалың жанкүйер жақсы біледі.
Егемен Қазақстан
29.06.2017 3211

Әйгілі бапкермен Қарағандыдағы Бей­біт­шілік бульварында кездестік. Ол жал­ғыз келмепті: жанында КСРО-ның екі дүр­кін чемпионы, КСРО-АҚШ матчының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берік Нұрмағамбетов бар. Бекең­ді баяғы­дан танушы едім, екеуміз бір ауыл­дың тумасымыз. 

– Мен Сашкамен 1972 жылдан бері дос­­пын. Оның төзімділігіне әбден тәнті бол­­ған жанмын. Серік екеуінің көрмеген те­пері­ші жоқ. Сашка соның бәрін ішінде ұс­тай білді, ақырына дейін төзді. Мұның не деген шыдамды адам екеніне әлі күнге дейін қайран қаламын. Ақыры, Алла тағала сол төзімділіктері үшін оларды жарыл­қады. Менің айтайын дегенім – бап­кер деген мүсінші: Серікті Серік еткен Стрель­ников қой, – деп тебірене айтты адал дос, білікті бапкер Берік аға.

«Бәріміз Райштың шекпенінен шыққанбыз»

КСРО мен Азия чемпионаттарында олжа салған Аманбаев, Юнусов, Мұңайтпасов, Га­шин сынды есімдері елге белгілі бокс­шылар Стрельников-Супрун жұбының жемісі екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. «Жалпы, Абай бокс мектебіне бөтен біреу тұмсық сұққан емес. Осындағы бапкерлер, олардың шәкірттері, бәрі-бәрі Андрей Богданович Райштың шекпенінен шыққандар. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Олег Маскаевтың бапкері Ерден Сүлейменов, атақты Серік Нұрқазовтың жаттықтырушысы Вик­тор Фетишин және басқа бапкерлер, олар­дың қатарында біз де бармыз, бәріміз бокс өнерінің тылсым сырына Тәңірі жарыл­қағыр Андрей Богдановичтей білгір маман, ұлағатты ұстаздың арқасында қанық­қан едік. Жақында менен сұхбат ал­мақ­шы болған бір журналист: «Сіз ұлы жат­тық­тырушысыз», – деп қалды. Мен оны бірден тойтарып тастадым. Сонда ойыма бірден Андрей Богданович түскен еді. Небір шебер боксшылардың мол шоғырын өсіріп, талай бапкердің талантын ашқан осынау ардақты адам жетпістің бесеуіне келсе де спорт залында күні бүгінге дейін бала баптап жүр. Міне, нағыз ұлы жаттықтырушы деп Райшты айтқан жөн шығар!», – деп ағынан жарылды Александр Владимирович.

Әлбетте, Стрельниковтің өзінің ұстазы­на деген шексіз құрметі адамды ерекше тәнті етеді. Осындайда қазақтың «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген аталы сөзі ойға оралады. Ұстазына деген өмір бой­­ғы құрметі мен адалдығы арада жылдар салып оның алдынан қара көрсетті. Жарат­қан оған Серік Сәпиевтей жаны таза, адам­­ға деген ізеті, үлкенге деген құрметі ерек­­ше шәкірт сыйлады. Кеше де, бүгін де ұс­­таз бен шәкірт арасындағы аса сирек кез­де­се­тін, жеңістерге жетелеген ерекше ілти­пат­ты қарым-қатынасқа жұрт аса қы­зы­ғу­шылықпен, тіпті, бәзбіреулер қызғанышпен қараған. Дос сүйініп, дұш­пан күйінді деген осы да.

Серікті серік еткен – еңбекқорлық

Александр Владимирович он жастағы Серіктің жаттығу залының табалдырығын алғаш аттаған күнін есіне жақсы сақтап қалған. Серік боксқа өзінің тете ағасы Сергеймен бірге келіпті. 

– Атың Серік екен, Серік Қонақбаевтай атақты боксшы болғың келетін шығар? – деп сұрапты Стрельников. 

– Бақытай көкемдей болғым келеді! – депті ол жұлып алғандай. Құдай аузына салған шығар, шынында да, ол кезде Серіктің көкесі Бақытай Сәпиевтің атағы Қазақстанда ғана емес, Одақ көлемінде дүрілдеп-ақ тұрған. 

Стрельниковтің қарамағында Серік үш жылға жуық уақыт жаттыққан. «Шынын айтқанда, – дейді Александр Владимирович, – Серіктің бойынан басқа балалардан оқ бойы озық тұрған артықшылық байқалған жоқ. Қазір кейбіреулер айтып жатыр ғой: «Серік боксқа алғаш келгенде Стрельников оның Олимпиада чемпионы болатынын бірден байқапты», – деп. Осының бәрі адам­ның күлкісін келтіретін бос сөз! Менің қолым­нан дәл Серіктей талай бала өтті. Серік­ті осындай дәрежеге жеткізген мақсат жолын­дағы ерен еңбекқорлығы ғой», дейді Стрельников.

Стрельниковтен үш жыл сабақ алған Серік 1996 жылы Қарағандыдағы Әлия Мол­да­ғұлова атындағы дарынды балаларға ар­нал­ған спорт интернатында оқыды. Бап­кер сөзінің жаны бар, чемпиондардың ұста­ханасы саналатын оқу орнында Серік көзге түспей, көптің бірі болып жүрді. Интернатты бітіріп шыққанында ең құрығанда облыс біріншілігін де ұтпаған елеусіздеу ғана боксшы болғаны рас еді. 

Бұл күнде азуын айға білеген мамандар ынтымағы жарасқан Стрельников-Сәпиев жұбының толайым табысына терең үңіліп, оның сырын ұғуға тырысып, қаузай зерт­теп жатыр. Уақыт өте келе бұл феномен туралы фильм түсіріліп, әдістемелік оқулықтар жазылуы да бек мүмкін. Тек осы зерттеушілер ұстаз бен шәкіртті елден ерекше еткен ең алдымен – ұлы мәртебелі еңбек екенін есте ұстаса болғаны. 

«Бейжің Олимпиадасындағы нәтиже, шыны керек, біз үшін үлкен соқ­қы болды, – дейді Стрельников. – Мені қой­шы, Серік ол кезде жас болды, аяғы­ның астында жер от болып жанды ғой. Дене­нің қалжырағанын дамыл алып, орнына келті­руге болады. Ал жан-дүниеңнің шаршағанын құдай басқа бермесін!».

Бейжің Олимпиадасының ширек финалындағы ел сенім артқан Серік­тің сүрінгені Александр Стрель­ников­тің шашын аппақ қудай ағартып кетіп еді. Осы мақсаттың жолын­дағы бес жылғы тынымсыз ең­бек, шелектеп төккен тер – бәрі құрдымға кеткен. Жұрттың бәрі бұлардан теріс айналып, шетсіз-шек­сіз әлемде шәкірті екеуі бақсының моласындай сопиып қала берген. Бұл нағыз ерді кебенек ішінен танитындай сын сағаты еді. Шалыс басқан бір қадам, тіпті артық-ауыс айтылған бір ауыз сөздің өзі бұлардың тағдырын бас­қа арнаға бұрып жіберер аса қауіпті шақ туған. 

Алдымен Алланың алқағаны да, тағдыр­дың соққысына төтеп берген ұстаз бен шәкірт осы бір ауыр сыннан аман-сау өтті. Бүкіл ел бұлардың шаршы алаңда ғана емес, өмірдің өзінде де болаттай берік, рухы мықты жандар екеніне тәнті болды. Стрельниковтің өзі сол бір қиын кезде қолтықтан демеп, жанашырлық танытқан жандарды аузынан тастамай айтып жүреді. «Бейжіңнен келген бетте Қараған­ды облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Нығматулиннің көңілді жұбатып, көмек қолын созғаны біз үшін күтпеген жайт болған еді. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейжің Олим­пиа­дасының жеңімпаздары мен жүлдегер­лерін марапаттаған кезде Серікті де бауырына тартып, әкелік қамқорлық танытып, кеудесіне орден таққанын қалай­ша ұмытайық?! Міне, осындай жайсаң жандар­дың көл-көсір пейілінің, сенімінің арқа­сында біз еңсе тіктеп, сапқа қайта қосыл­ған едік», деп толқи тұрып айтқан Стрель­ников­тің сөзінде бір мысқал да жалғандық жоқ еді. 

«Ал Лондон Олимпиадасынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз­дар мен жүлдегерлерді Ақорда­да қабыл­даған кезде менің қолым­ды қысып тұрып: «Серік үшін рахмет!», − дегенінде толқып кеткенім сонша, көзіме ыстық жастың қалай келіп қалға­нын сезбей қалдым», дейді Александр Владимирович. 

Бәрін айт та бірін айт: осы жерде біздің Тұңғыш Президентіміздің адамгершілік қасиеті мен ерен парасатына ерекше тәнті боласың. Әгәраки, Елбасы сол жолы елеп-ескермесе, онсыз да тауы шағылып тұрған болашақ чемпионның сағы сынып та кетер ме еді, кім білген?!

Сәпиевтің соққысы және бір мың еуро

«Бірде Қазбек Әшляев маған мынадай бір қызық әңгіме айтты, – дейді Александр Стрельников. – 2005 жылы Серік Қытайда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болғаннан кейін араға біраз уақыт салып Чехияның астанасы Прага қаласына жарысқа барған болатынбыз. Сонда, ол кезде Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті болған Қазбек Әшляев көрші үстелде отырған ресейлік бапкер­лер­дің Серік Сәпиев туралы әңгімесін құлағы шалып қалыпты. Ресей құрамасының бір жаттықтырушысы қызды-қыздымен: «Осы Сәпиевтің қалайша әлем чемпионы болғанына таң қалам. Өзінде соққы деген атымен жоқ», – деп салыпты. Оның сөзін іліп әкеткен екіншісі: «Осы жолы біздің Ковалев оның көкесін көзіне көрсететін шығар», – деп отқа май құя түседі. Осының бәрін естіп отырған қызуқанды Қазкең ресейліктердің жанына жетіп барып: «Әй, жігіттер! Сендердің Ковалевтеріңді біздің Сәпиев осы жарыстың финалында тас-талқан етеді. Осыған бәстерің бар ма?!», – деп қалтасынан бір мың еуроны суырып алып, үстелге тастапты. Ресейліктер басын­да күлген болып, жеме-жемге келген­де кібіртіктеп, көздерімен жер шұқып­ты. Сол жолы Қазкеңнің айтқаны айдай келіп, Серік ақтық айқаста Еуропа чемпионы Геннадий Ковалевті бет қаратпай жеңген болатын».

Стрельниковпен арадағы әңгіме қыза түскен кезде көкейде жүрген сауалдың бірін қоюға тура келді:
– Александр Владимирович, айты­ңызшы, көптеген бокс мамандары Сәпиевтің соққысы әлсіз деп жатады. Осының жаны бар ма?

– Қазір Қазақстанда екінің бірін алсаңыз, «бокстың жілігін шағып, майын алып» береді. «Ақылы асқан» ондайлардың сынын мен де талай естігем. Кезінде Казтоев деген де «соққысы нашар» деп, Серік­ті жастар арасындағы әлем чемпионаты­на ал­маған еді. Бұлардың ауыздарына құм құю үшін мен сізге мына бір жайтты ай­та­йын, Серік 1999 жылы өткен Азия чем­пио­натында төрт бірдей қар­сы­ласын нокаут­пен жеңген. Осыдан кейін Серіктің соқ­қысы туралы өзіңіз-ақ қоры­тын­ды жасай беріңіз.Тағы бір айта кете­тін жайт, Рес­пуб­ликалық диспансерде бокс­шы­лар­дың функ­ционалдық дайындық­тарын тек­сер­ген кезде барлық көрсеткіштер бойын­ша Сәпиевке жетер спортшы болған жоқ. Тіпті, «Қайрат» футбол командасының басшылығы Серікке өте мол ақша ұсынып, команда құрамында ойнауға шақырған да кез болған. 

«Менің хоббиім – отбасым»

Үлкен спорттың жолы қашанда ауыр. Оның соңына түскен адамды тағдыр маңдайдан сипай қоймайды. Мұндай қатал сыннан Стрельников те қашып құтыла алмаған. Жыл он екі айдың санаулы күнінде ғана үйдің бетін көретін адамның отбасында береке қайдан болсын: зайыбымен арадағы қарым-қатынасы сыр беріп, екеуі ақыры 2004 жылы ажырасып тынды. Екі ұл шеше­сімен кетті. Олар да кезінде бокспен айна­лыс­қан еді, екеуі де спорт шебері атағын алған. Кішісі Дмитрий Серік Сәпиевпен құрдас. Серік 2004 жылы Қазақстанның ересектер арасындағы чемпионы атанғанда, осы Дима күміс жүлдеге ие болып, Ұлттық құрама команданың сапына қабылданған болатын. 

Бұл күнде Александр Владимирович екінші рет шаңырақ көтерген. Шаңырағына Елена Викторовнамен бірге ырыс пен берекенің келгені рас еді. Өзінің дөңге­летіп отырған шаруасы бар екен: бүгінгінің іскер әйелі. Жүйкесі сымдай тартылып жүретін бапкердің бабын табудың оңай шаруа емесі белгілі. Александр Владимировичтің зайыбы туралы сүйсіне айтқанына қарағанда, оның екінші рет жар таңдауға келгенде қателеспегенін аңғарасың. «Бос уақытымның бәрін отбасыма арнаймын. Менде хобби деген жоқ, менің хоббиім – отбасым!», – деген сөзі де осы ойды қуаттай түседі.

Қазақ деген құшағы кең халыққа әуесқой бокстың ең биік шыңын бағындырған қас шеберді тарту еткен бапкер сый-құрметке бөленді. Бүгінде ол бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының жаттықтырушысы. Десек те, бес жыл бұрын ғана елімізге ерен батырды сыйлаған бапкердің осы күндері толып отырған 60 жылдық мерейтойы елеу­сіздеу қалған тәрізді. Бұл, әсіресе, спорт, оның ішінде бокс саласындағы басшы азаматтарға базына. 
Олимпиада, әлем чемпионын тәрбиелеу әрбір бапкердің арманы шығар? Осы орайда, Стрельников арманы орындалған бақытты бапкер... Бірақ, табиғатынан қарапайым жанның тап ертең тер исі аңқыған бокс залында бала жаттықтырып жатқанын көрсек таңданбас едік. Ол – боксқа бар болмысымен берілген бапкер. Өзін осынша дәрежеге жеткізген аса мәртебелі еңбектің қадірін бір білсе, Қазақ боксына құлша қызмет етіп жүрген осы Стрельников білсе керек! 

Қайрат Әбілдинов,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.07.2018

Қызылордада АӨК саласында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ

18.07.2018

Қамбаш көлінде демалушылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді

18.07.2018

Сыр өңірінде жазасын өтеушілер диплом алып жатыр

18.07.2018

Қызылордада қалалық аурухана жаңа құрылғылармен толықты

18.07.2018

Жалағаш ауданында күн электр станциясының құрылысы басталды

18.07.2018

Елімізде жеңіл автокөліктердің саны артты

18.07.2018

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жас офицерлермен толықты

18.07.2018

Ханшалар киген қасаба

18.07.2018

Степ­ногорск қалалық тарихи-өлкетану музейі ашылды

18.07.2018

Алматыда Кореямен бірлескен клиника ашылды

18.07.2018

Шекара туралы толғау

18.07.2018

Қытай елінің айшықтары

18.07.2018

Тұманды сейілткен «Талан

18.07.2018

Мағжанның «Батыр Баяны»

18.07.2018

Жеткіншектер сауықтыру лагерінде өз-өзін жетілдіре түсті

18.07.2018

Жетісайдағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия үздіктері көп үлгілі мектеп

18.07.2018

Семейлік оқушылар дін тарихын оқиды

18.07.2018

«Цифрлы Қазақстан» үлкен мүмкіндіктер сыйлайды

18.07.2018

Батыс Қазақстан облысында екі мектеп пайдалануға беріледі

18.07.2018

Жауын жастана жантайған Жабағы батыр

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Ауыл шаруашылығын цифрландыру болашақтың баламасыз жолы

Әлем елдерінде қазіргі уақытта ауыл шаруашылығын цифрландыру қарқынды түрде жүріп жатыр. Уақыт өткен сайын бұл салада неше түрлі жаңа технологиялар пайда болып, олар жедел түрде өндіріске ен­гізілуде. Мәселен, Еуропадағы компания­лар енді егістік жағдайын зерттеумен ай­на­лысатын дрондарды да шығара бас­тады. Бұл машиналар фермерлердің егіс шы­ғымдылығын алдын ала болжап бі­лу­леріне жағдай туғызуда. Осы үдеріс ке­ңі­нен қанат жая келе, бүкіл ел бойынша әрбір егіс алқабының шығымдылығын күні бұрын анықтау мүмкіндігі пайда болатын көрінеді. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Аяқдоп аламаны аяқталды

Әлем чемпионаты – тағатсыздана күткен футбол тойы еді. Енді барлығы аяқталып, той тарқасымен біз де алған әсерімізбен бөлісе кетсек. Бұл біріншілік несімен есте қалмақ?

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Биографиялық фильмдердің бәсі биік болуы тиіс

Кейінгі кезде «Еуразия бірінші арнасынан» әйгілі кеңестік манекенші-модель, сән әлемінде «Кремльдің ең әдемі қаруы» және «Кеңестік Софи Лорен» атанған Регина Збарская туралы сериа­л көрсетіліп жатыр. Былай қарасаңыз, сән әлемінің кіндігі саналған Парижді тәнті еткен өмірі жұмбаққа толы сұлудың сол кездегі кеңестік қасаң қағидаларға сыймаған ғұмырын өзгеше қырынан бейнелеген қарапайым, бірақ кемел түсірілген Ресейдің кезекті киноөнімдерінің бірі. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Халық әнінің тоналу тарихы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деді. Елдің ұлттық-рухани тамыры дегеніміз не? Ол ха­лықты сан ғасырдан бері адастырмай, алып келе жатқан салт-дәстүрі, фольклоры, әні мен жыры. Осылардың ішінде әннің ұлт руханияты үшін орны айрықша. Дана Абай атамыз, «Ұйықтап жатқан жүрек­ті ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар» дегенді бекер айтқан жоқ.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Ормуз бұғазы жабылған жағдайда...

Осы айдың басында Иран Ислам Рес­публикасының президенті Хасан Рухани Швейцария еліне жасаған сапары кезінде мұнай импорттаушы мемлекеттер Иранның мұнайын сатып алмаған жағдайда Ормуз бұғазын жауып тастайтындарын мәлімдеді. Президенттің бұл мәлімдемесі АҚШ билігінің Иран мұнайын сатып алмауға өз одақтастарын ықтиярсыз көндіруге бағытталған қысымына байланысты болса керек.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу