Таңғажайып махаббат

Өткен аптада елімізге белгілі тұл­ғалардың естеліктерін жа­риялауды бастаған едік. Бү­гін жазушы-композитор Ілия Жақанов­тың эссесін ұсынып отыр­­мыз.

07.04.2017 827

1988 жыл. 15 тамыз. 

Аспан теңіз бетіндей көк­пең­бек. Тұп-тұнық. Алатаудың көк тор­ғын етегі мұнарсыз мүлгіп, кө­к­ке шаншылған шыңдары шаң­қи­ып тұрды.

Таңғы серуеннен келіп, үйге кі­ре бергенім сол еді, телефон шыл­дыр ете қалды.

– Алло, тыңдап тұрмын, сіз­ді…

– Бұл – Фрунзеден. Мен Жәлел Садықов...

– Ә, Жәке! Сәлеметсіз бе?

– Сәлем, Ілия! Ильке, мен Қыр­ғызстан мәдениет министр­лі­­гі­нен… осында бас редактор­мын ғой. Бізде КСРО халық ар­тисі, Қырғыз КСР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің бас ди­рижері, Асанхан Жұмахматов деген кісі бар емес пе, өзіңнің досың, сол Асекеңнің бір сәлемін айтайын деп…

– Иә, Жәке!

– Бүгін Фрунзеде… кешкі сағат жеті отызда Тоқтағұл Сатылғанов атындағы филармония залында «Шыңғыс Айт­матов және музыка» деген әдеби-музы­калы кеш өтеді. Афишалары біраз күн­нен бері ілулі тұр. Концерттің екінші бөлі­мінде «Жәмила», «Қызыл ора­малды шырайлым, менің» по­вестері бойынша жазған төрт әнің орындалады. Осы концерт жайында Асекең Алматыға бар­ған бір сапарында өзіңмен ақыл­дасып, келісіпті.

– Ондай әңгіме болған, Жәке.

– Бұл – Шыңғыстың алпыс жылдығына орай өткізіліп жатқан мәдени шаралардың бірі ғой. Өзіңе екі-үш күннен бері үзбей телефон соқтық. Үйде болмадың. Енді ғана сәті түсті. Білем, уақыт тығыз. Келгенің жақсы. Күтеміз.

Мен еш ойланбастан барамын, Жәке, – дедім.

Қырғыздың өзіммен дос-көңілдес көр­некті ақыны, драматург Жәлел Садықов­пен арадағы бәтуәлі сөз осылай болды.

Біз тез жиналып, кіші ұлым Данияр мен жеті жасар немерем Әлияны алып, өзіміздің «Волгамен» жолға шықтық. Сер­гек сезімді, жарқылдаған Да­нияр: «О, здорово, Шыңғыс Айт­ма­т­овпен жүздесеміз! Мен – Да­ниярмын ғой! Шыңғыстың Даниярымын! Ал, біздің Алюшка Шыңғыс ағамен бірге суретке түседі, телевизорға шығады!» деп қатты қуанды. Адам мұндай сәт­те толқиды, кейбір жайды ес­ке ала­ды. Мен зал лық толған үл­кен кон­цертті елестеттім. Сан-сақ­қа жүгіріп, шарқ ұрған қиялым ме­ні Фрунзеге қарай әкетіп бара жат­ты…

Даниярдың әні

«Жәмила» повесінде Жәмила­ның қайнысы Сейіт: «Ар-дайым бир жакка жол жүрөрдө мен ушул алкашы жөнекей жыгаштан жасалган сүрөттүн алдына келип турам. Мына ертең де айылға жөнөймүн. Сүрөтту карап, мен ан­дан жолума ак тилек бата алып жат­кан өңдүү, аны көпкө тиктейм» дейді.

Сейіт суретші еді. Сейіт Жә­мила мен Даниярдың суретін сал­са, мен бұл екі ғашықтың махаббат әнін жаздым! Махаббат әні! Әр кез Фрунзеге, қырғыз еліне жо­­лым түседі. Сонда сапарға шы­­­ғар алдында мені де сол өз ән­­­д­ерім толғанысқа салып, қилы-қи­­лы ойларға жетелейді.

Міне, мені өткен күндер елесі елең­детіп, жол үстінде ән тер­бе­тіп келеді.

Қалай шығып еді, сол әндерім?

1959 жылдың тамыз айы.

Университетті бітіріп, «Қазақ­стан пионері» газетіне қызметке тұ­рып, аз күнге елге келгем-ді. Біз­дің ауыл жылда өздерінің қо­натын жай­­лауы – суы кәусар Көлме-Көл­дің жағасында отырған-ды.

Қаратаудың батысқа қарай созылатын көп сілемі бар. Соның бірі – Ақтау. Ақтау біздің ауылдың тұсында биіктейді. Оның күн жеп, жел мүжіген қызылқоңыр кереге тастарын жарып шығып, алтын сәулесі алуан түспен құбылып, жа­мырай жүгірген күміс үнді бұ­лақтары осы Көлме-Көлге келіп құй­ылады. Жан-жағы сірескен қара жартас, жаратылыс өзі шеген­деп тастаған Көлме-Көл бір­де сұлудың көзіндей тұнып, мөлдірейді, жатады керіліп, бір­де толқиды көбік шашып. Бала­лық кез, жастық дәурен, бей­ма­за жүрек ұйықтатпайтын ай­­лы түн­дер… бәрін еске сала­тын Көлме-Көл, бұл! Сылаң қақ­қан аққу, қазы жарқылдаған қиялым болып жан тербейтін Көлме-Көл, бұл! Алғашқы жүрекжарды әнімнің алабұртқан толқындай қызулы лебін берген Көлме-Көл, бұл!

…Кіші бесін кезі. Үйде кітап оқып отырғам-ды. Күн қызуы қайтқан шақ. Тау жақтан қоңыр салқын леп білінді. Сапырылған толқын үні естілді. Көл шуы, ол! Еліктірді. Дәл осы кезде сырттан таныс үн шықты. Бізбен туыс Нұрғали ағай! Менен төрт-бес жас үлкен. Өзі мұғалім. Тарихшы, әдебиетші. «Тірі Тәттімбет!» Дом­бырасы адамша «сөйлейді». Сөзге тұйық, көп үндемейтін тұңғиық жан.

– Ілия, көлді аңсаған шығар­сың, -деп ол күле сөйлеп үйге кі­ре берді.

– Иә, – деп Нұрғалимен қуана қол алыстым.

– Сейілдеп қайтайық, – деді ол қолындағы ескі журналға үңіліп, – қымыз бар ма?

– Отырыңыз, Нұреке.

Екеуміз бір-бір тостаған қымыз іштік. Сыртқа шығып, үй іргесіндегі көлді жаға­лап кете бардық.

Нұрғали соғыстан кейінгі жыл­дары Алматыда Казпидің жанынан ашылған екі жылдық мұғалімдер курсын бітірген-ді. Арада біраз жыл өткен соң ол сол институттың тіл-әдебиет факультетіне сырттай оқуға түсті. Осы өткен шілдеде Алматыда болып, кезекті сессиясын тапсырып қайтқан-ды.

Нұрғалиға көзімнің астымен қарап қоям. Ол әлденеге іш­тей толқулы. Біз үн-түнсіз көл жа­ға­­лап біраз жүрдік. Бір кезде тө­­бе­мізден жалғыз аққу ұшып өтті. Нұрғали оған ұзақ қарады. Мұңайды. Дел-сал. Қабағында кірбің. Ол енжар көңілмен: – «Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айт­матовты жүздестіре алдың ба? Астанада жүрсіңдер, – деді, – шіркін-ай, өзімен бір тілдесер ме еді!».

Мен күтпеген сауал. Бірден не дерімді білмей бөгеліп қалдым. Ол әп-сәтте ғайып болған аққу­дың соңына сарыла қадалды. Оның осы бір қобалжулы кейпі­не таңғалып, біреулердің: «Нұр­ға­лиды езіп бара жатқан не ой?» дейтін сөздері есіме түсті. Әкесі Асан атамыз ел-жамағатқа сөзі өткен, аса ықпалды, салт жөнін мықты ұстаған, өз дегені болған, жуантұғыр, мығым жан еді. «Өзіміздің ескі сүйек… өзіміздің Ал­сай­дың қызы!» деп жалғыз ұлы Нұрғалиды ай-шайға қаратпай, жар таңдатпай, жап-жас қалпында Рахима жеңгемізге үйлендіріп қойған-ды. Үш ұл, бір қызы бар. Бірақ, Нұрғали салқын… қабағы қатыңқы жүреді.

Нұрғали «Шыңғыстың Данияры! Оның жүрегі» – деді сәл ғана күлімсіреп.

Сөйтті де ол қолындағы жур­нал­­дың беттерін аша бастады. «Алатоо» журналы… әбден ес­кір­­ген, кей жері сызылған, кей тұ­сы­на леп белгісі қойылған; біраз бет­тері жоқ, жыртылған. Түбі қайта түп­тел­ген. 1958 жылғы онын­шы саны.

– «Обон» деген повесть.

– Нұреке, «Жәмила» ғой бұл!

– Иә, былтыр осы повесть «Новый мир» журналының сегі­зін­ші санында жарияланыпты. Ол қолға түспеді. Алматы жұрт­шы­лығы оқып, дуылдасып жатыр екен. Іздедім. Таптырмады. Жоқ, біреудің қолынан көрдім де, бірақ, иесі бермеді. Орысшасы мықты деседі. Мына «Обонды» осы сапар Фрунзеден алдым. Әйтеуір оқып үлгердім. Ал, менен кейін оқығандардың ісін қара, кей бетін жыртып әкетіпті.

Нұрғалидың қыз реңіндей жұм­сақ, ұяң өңіне дыз етіп қызыл нұр ойнап шыға келді. Анау-мы­науға былқ етпейтін жанның шарасы кең жанарынан ұшқын білініп, ол тепсіне тулаған бұла сезімін зорға тежеп, жай ғана толқыған көлдің ақ жолақ боп тартылған алыс шетіне тебірене қарап: «Қызық екен, – деді ол мырс етіп, – бәрінің аты өзгерген. Адам аты, жер аты… Шыңғыс оны өзін­ше атапты. Біздің ауылдағы болған жайды ол кімнен естіген? Кім жеткізген Шыңғысқа, оны?».

Нұрғалидың бұл сөзіне мен іштей таңғалдым да қойдым.

Осы әңгімеден кейін адамға сыр аша қоймайтын томырық жан маған үйіріле берді. Онымен бір сұхбатты күндер басталды.

Шіркін, салқын самалы лып-лы­п еткен жайлаудың айлы түн­де­рі! Нұрғали екеуміз күнде көл жағасында ұзақ қыдырамыз. Көл­ме-Көлдің айдыны қалайыдай жал­тырап, жай ғана шымырлап жатады.

Сондай бір тып-тынық мақпал түн…

Көк жүзінде жақұт шашыл­ған­дай… жұлдыздар! Толықсыған ал­тын ай! Үнсіз ғана демін алып, тау қалғиды.

Ауыл жақтан сызылып ән ес­тілді. Түн тыныштығын бұз­бай­тын бір ұяң, биязы үн. Нұр­ға­ли көлге төне қарап тұрып: –

Тыңда… тыңда! – деді селт етпей ұйып, - бұл ән біздің ауылда баяғыдан бері айтылады. Оны өзің білесің. Тыңдашы:

Жайдың бир гана толук кезинде,

Адырлуу ғана тоонун бетинде…

– Шыңғыстың «Обоны» оқыла бастағалы бері біраз саябырсыған бұл ән қайта жаңғырды. Қалиқа, Сәбиға, Бәтималар… осы шеше­ле­рің, жеңгелерің салған ән. Сен со­ғыс жылдарында кішкентай бала­сың. Біз есейіп қалған едік. Көп жай есімізде.

– Біз де көрдік, кейбір жайды, Нұреке.

– Иә... Шыңғыстың мына шығармасын оқыдың ба, өзің?

– Оқыдым. Орыс тілінде.

– Сол жылдар келді ме, көз алдыңа?

Мен үнсіз ғана бас изедім, сол өмір жалт-жұлт еткен елес боп.

– Соғыс мезгілін жазушылар көп жазды, Ілия. Оқыдық біразын. Қызықтылары бар, әрине. Бірақ, Шыңғыстың «Жәмила­сын­дай» кітап жазылмапты. Өзі пышақ сыр­тындай ғана, жұп-жұқа. Жан-жүректі тер­бейтін бір ыстық тебіреніс. Біздің ауыл­дағы болған өмір… таңғалам осыған. Иә… иә, сол сұрапыл жылдарда мына маң­­қиып тұрған тау қойнауы азалы үн­мен күңіренді. Көлме-Көл ыңырана сыз­дады. Ел жылап жатты. Сол жылап-сық­тау­дың ара-арасында күлкі де тыйылмады. Күл­кі шапағы күн сәулесіндей ойнады. Ме­німше ол – қайғыны, бақытсыздықты же­ңетін махаббат па, қалай ойлайсың, а, Ілия? Шыңғыстың көзі! Қалай көреді, а? Шыңғыстың жүрегі! Қалай сезеді, а? Шыңғыстың толғанысы! Төгіліп тұрған ақынжанды бір болмыс. Қара сөздің ақыны, ол! Солай ойлаймын.

Міне, Ілияжан, «Жәмила»… кез келген бетін аш та оқи бер! Мысалы, мына бір жерін ...

Ілия ЖАҚАНОВ

(жалғасы бар)

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

29.04.2017

Сағынтаев Сауд Арабиясының министрі Халид Әл-Фалихпен кездесті

29.04.2017

Назарбаев қырғыз президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

29.04.2017

Жоғарғы Сот ұжымы жалпықалалық сенбілікке қатысты

29.04.2017

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылды

29.04.2017

Қызылорда облысының әкімі Қазақстан этносаясаты бойынша дәріс оқыды

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Елбасы Өзбекстан президентімен кездесті

29.04.2017

Сенаторлар сенбілікке қатысты

29.04.2017

Назарбаев табиғат апатына байланысты Қырғызстан Президентіне көңіл айтты

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Әуендер достыққа бастайды

29.04.2017

Қазақстан Президенті Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

29.04.2017

ОҚО-да тасқын судың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

29.04.2017

​Қыранның – бас, тұмсық, танау, көз, қанат-қауырсын сындары

29.04.2017

Қытайдағы қазақ жігіті Шыңжаң марафоншыларының көшін бастады

КОЛУМНИСТЕР

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Жол салсаң, мол сал

Санаулы күндерден кейін әлемдік деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – ЭКСПО-2017 Халықаралық көр­ме­сінің де жалауы желбіремек. Яғ­ни, бас қала ел айнасы болса, жол-кө­лік инфрақұрылымы оның беделін арт­тыратын бренді болып табылады. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қа­ла­ның базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол ай­рықтарын барынша дамытуға үнемі ба­сымдық беріп келе жатқандығы да сон­дықтан.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Дәріге байланған ғұмыр

«Қазір еліміздегі донор жетіс­пеу­шілігі өте өткір мәселе. Бүгінде ал­мас­тырылған органның 90 пайызы ті­рі донорлардан алынады. Егер бұ­лай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүй­ректі ұлт атану қаупі барлығын жа­сыруға болмайды. Одан шығудың жо­лы қандай?

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Көрменің көрігін спорт қыздырады

Ағымдағы жылдың 10 маусы­мында Астанада ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық мамандандырылған көр­месі келушілерге айқара есік ашады. Күллі әлем көз тіккен көрменің өтетін мерзімі жақындаған сайын бойды толқыныс сезімінің билейтіні түсінікті жайт. Иә, «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Әлемнің әр қиырынан ағылған меймандардың алдында жайылып жастық, иіліп төсек болу өз алдына, қолдағы барды көрсете білудің өзі өнер һәм зор міндет.

Зарема ШӘУКЕНОВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі

Этностар мүддесі барынша қорғалған ел

Қазақстан заманауи өмірге, ха­лықаралық қоғамдастыққа се­німді түрде кірігіп отыр. Біз елі­міз­дің имиджін көтере отырып, ин­вестициялық және экспорттық әлеуетімізді, экономикамызды қа­р­қынды дамытуға баса назар ау­дарып келеміз. Осы саясаттың ар­қасында Қазақстан әлем мой­ын­даған елге айналды.

Гүлзейнеп Сәдірқызы, «Егемен Қазақстан»

Ең ауыр күнә

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Пікірлер(0)

Пікір қосу