Тегінде бар ұлт замана көшіне теңеледі

Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті: Мұндай да сәйкестік болады! Ұлттық ғылым академиясының президенті, еліміздегі электрохимиялық технология және экология саласының бірден-бір жетекші ғалымы, академик Мұрат Жұрыновпен сұхбаттасуға келе жатырмыз. Ал сәйкестік деген сөз неден шықты? Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасына қатысты академик Мұрат ЖҰРЫНОВҚА қойғымыз келген сұрақтардың барлығы бұрыннан да көкейде жүрген болатын.
Егемен Қазақстан
19.04.2017 241

– Мұрат Жұрынұлы, қазір еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзгерістер жүріп жатқан жайы бар. Болашаққа бағдар бірінші кезекте қандай пайымға жетеледі?

– Жыл басында Президентіміз конституциялық реформа жасады. Мемлекет басшысы өзіне жүктелген бі­раз құқық пен құзыреттілікті Парл­а­мент пен Үкіметке жүктеді. Бұл дұ­рыс. Өйткені, мемлекет Парламент арқылы басқарылса пікір алуандығы да болады. Ол тиімді әділ шешімдер шығарады. Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет үшін бұл маңызды.

Одан кейінгі Жолдауда да елді асырап отырған экономиканың үш басым бағыты көрсетілді. Бұл – мұ­най-газ, ме­таллургия мен ауыл ша­руа­шылығы. Және бұл жерде ғылым жү­руі керектігін біліп отырмыз. Біз осы инновация деген сөзді көп айтамыз. Инновация – ғылымнан шығатын нә­тиже.

Ал рухани жаңғыру бағ­дар­ла­ма­сында ұлттық сананы жеке қа­рас­ты­ру­дың келешек үшін мәні орасан. Ру­хани жаңғыру – экономикалық, ин­дус­триялық жаңғырудың локо­мо­тиві. Және бұл бағдарлама өте тү­­сінікті. Баяғы «қай­та құру» емес, бар­ды сапаландыру. Жалғыз эко­но­ми­калық жаңғырумен қайда бара­мыз. Біздің халқымыз 100 пайыз сау­атты. Сана сілкінісіне ел дайын. Тегінде бар ұлт замана көшіне тез теңеледі. Біз қаны таза халықпыз. Ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алыс­­па­ған. Осының бәрін бүгін терең ұғы­на бас­тадық.

– Сана сілкінісін қазақтың тойларынан бастаса қалай болады?

– Халқымыздың қонақжай болғаны жақсы-ау. Көптің көңілінен шығамыз деп кейде артық кетіп қалады. Осыған ел алаңдап, айтып та жүрміз. Мына көршілеріміз Өзбекстан мен Тәжікстанда да біздегідей жағдай болған. Олар бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан шектеу қойды. 100 адамнан артық кісі шақыруға, жексенбі кешке той жасауға болмайды. Өйткені дүйсенбіде жұрт жұмысқа барады. Оған қоса, бәріміз де мұсылман халқымыз. Бақилық болған адамды, қазаны құр­мет­теуге келгенде тағы да жарыс бар. Кет­кен кісіге бірінен-бірі асырып мұнара салады. Осыны да көршілеріміз заңдық тұрғыда реттеп алды. Қайтыс болған адамға қойылатын ескерткіштің нақты көлемі белгіленген. Егер кеткен кісінің туысқандары оны қоя алмаса, онда сол стандартпен Үкімет қояды. Ал жағдайы бар адамдар мәрмәр мен граниттен қояды, бірақ білгіленген көлемнен аспайды.

Түрікменстанға барғанда маған жақсы бір үлгі көрсетті. Бір үлкен ма­зарда қақпа алдында бәрі картада сы­зулы тұр. Сектор-секторымен адам­дардың қай жерде жерленгені көр­се­тіл­ген. Келіп марқұм болған адамды айт­саңыз, олар картаға қарап бірден тау­ып береді. Мұны Үкімет емес, волон­терлер – студенттер мен жоғары сынып оқушылары жасаған. Біздің мы­на Кеңсайда бұрын көрмеген зират­тан, мыңдаған бақилықтың ішінен бі­реу­ді табу қиын. Осыны да ескеретін кез келді. Бұл да мәдениеттің бір түрі.

– Қазақтың өзі бірікпей, Қазақ­с­тан­ халқы бірікпейді дейсіз...

– Біздің халқымыз жұдырықтай жұ­мылу үшін өзіміздің аузымыз бір болу керек. Жанымыз ауырса да айта­йық, әр ру өзінің төбе биін сайлап ал­ған. Алауыздыққа шақыратын ру «би­ле­рі» емес, ауызбіршілікке бастайтын ауыл­дың ақсақалдары керек.

Одан кейін обал мен сауап­тың қа­дірін білетін ел едік. Ысырап­шыл­дық­ты дін де қолдамайды. Осыны бас­тайтын кез келді. Түркияға жиі барамыз. Өйткені, Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлының идеясымен Түркістанда құ­рылған Қазақ-Түрік университетін біраз жыл басқардым. Түркияда дос-жарандарым көп болды. Олардың тойлары әрі кетсе 2 сағаттан аспайды. Бас-аяғы жоқ, ұзақ тілек ай­тыл­майды. Тойға қатысудың өзі құр­мет деп қабылданады.

Мұның бәрі бұйрықпен жасалмайды. Біздегі сорақысы, ауылдық жерлерде банктерден несие алып, ұлан-асыр той жасайтындар бар. Жаңа үй­лен­ген­дерге көмектесудің орнына, бастары қосылмай жатып қарыз етіп қояды. Құда  деген Құдай қосқан туыс, сондықтан екі жақ шығын болмаудың жағына шықсын. Ал шамасы келетіндер де шектен шықпасын.

– Сол сияқты «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын алсақ, мә­селен, елге танымал болса да, шы­на­йы құрметке бөленген адамдар азай­ды. Бүгін жақсы аталса, ертең бір­деңесі шығып жатқаны. Осы ахуал неден туындады?

– Қазір жарнаманың заманы. Жекеменшік басылымдар, телевизия атын шығарамын дегендерге жол ашып берді. Алайда мемлекетімізде ел­дің тәуелсіздігіне, егемендігі мен эко­номикасына өлшеусіз еңбек сіңіріп жат­қандар бар. Олар өзін айта алмайды. Жаңадан сахнаға келген әртістерді соншалықты дәріптейміз. Елбасы осыдан құтылу үшін мемлекетке пайдасы тиген, еңбегі ерен жандарды өнеге етуді айтып отыр. Небір, ғалымдар, пе­дагогтер, талантты жазушылар бар. Құ­дайға шүкір, өткенімізде де мық­ты­лар болған, келешегімізден де парасат иелері табылады.

Ата-бабаларымыз бірнеше ғасыр бойы Қожа Ахмет Ясауидің ілімімен жүрді. Бұл біздің табиғатымызға өте үйлеседі. Ясауи бес парыздан басқа, мұсылманның бес міндетін былай екшейді. Мұсылман адам мәдениетті, жұмсақ сөйлеуі керек. Екіншісі, білім қуу. Үшіншісі, басқа діннің адамына арқаңды берме, ол да Алланың жа­рат­қан пендесі. Төртіншісі, Мұхаммед пай­ғамбардың өмірінен өнеге алу, бесіншісі, Патшаның тәртібіне бағыну керек дейді. Осыдан таймағанда жанжал да, жаманшылық та болмайды. Мұны тәрбиеде қайта жаңғыртқан жөн. Өйткені, қазір жастар анда-мында барады. Шетелдерде оқиды. Әртүрлі түсінік пен діни ағымдардың жетегіне ілеседі.

– 2017 жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бі­рыңғай стандартты нұсқасы қа­был­данбақ. Сіздіңше пернетақтада қа­зақ әрпі нешеден аспау керек? Қазақ әліпбиі қанша әріпке көнеді?

– Осы жерде асықпаған жөн. Ғалымдардың барлығының пікірін байыппен тыңдап, ортақ мәмілеге тоқ­тамасақ болмайды. Мысалы Әзер­байжан асығыстық жасады. Себебі, компьютердің пернетақтасына бейім­дел­мей болмайды. Негізгі платада 26 әріп бар. Бірнеше топқа бөлінетін платалар бар. Әзербайжандықтар не­гізгі латын платасынан шығып, қо­сымша платалардан  әріп алды. Солар қазір қиындық туғызып отыр. Мысалға, Токиоға, болмаса Еуропаға іс­сапармен бардыңыз делік, оларда қонақүйде міндетті түрде компьютер болады. Үйіңізге хабарласып не­месе іссапар бойынша мекемеге хабар, құжаттар жібергіңіз келсе, сол 26 әріптің айна­ласында жазасыз. Егер сіздің ұл­ты­ңыздың әліпбиі сол платаның аясына сыймаса, қате жа­зуға тура келеді. Өзбекстан 26 әріп­тен шыққан жоқ, 2 дыбысты апос­трофпен жазады. Сонда – 28. Мамандардың айтуынша, оларға 28 әріп аздау сияқты. Ал біз алты әріпке апостроф белгісін қойсақ немесе дыбыссыз һ әрпімен қосақтап жазсақ, бізге тән дыбыстар толық қамтылады. Грам­матикамыз осыған келеді. Біздің әліп­биден екі әріптен тұратын ё, я, ю, ц әріптерін алып тастауға болады. Орыс­­ша сөздерден келген, екі әріп­тен шығатын әріптерді алып, оны екі әріп­пен жазған дұрыс. Бұл ағыл­шы­н­да­р­дың да тәжірибесінде бар.

Он жыл бойы Қ.А.Ясауи атындағы қа­зақ-түрік университетінің ректоры бол­ғанда, осындай әліпби жасауға мәж­бүр болғанбыз. Өйткені, бізге Түркиядан, Қытай мен Моңғолиядан кириллицаны білмейтін оқытушылар мен студенттер келді.

– Елбасы бағдарламада саяси жаң­ғыруды алға қойып отыр. Осы бізде саясаттану ғалымдары бар. Саяс­аттанудың ғылымға жататынына күмән келтіретіндер бар.

– Саясаттың өзі ғылым емес, ал саясаттану ғылымы бар. Ол сіздің қандай саясатпен айналысып жатқаныңызбен шаруасы жоқ. Философияға кіретін саясаттану саясаттардың негізі неден туады, қанша өмір сүреді, соны зерттейді. Жалпы, біз ғылымды 50-60-қа дейін жік­­теп, көп бөліп кеттік. Шетелде ғы­лым­ның 5 түрі ғана бар. 

– Бұл бағдарламаны шын мә­нін­де жүзеге асыру қай жерден бас­та­лады?

– Бұл міндет Үкіметке жүктелген. Нақты тапсырмалары бар. Бірақ оны әрқайсымыз жүзеге асыруға атсалысуымыз керек. Сананың жаңғыруы да сол болады. Ұлттық код деген не? Оны біздің тіліміз, дініміз бен діліміз құрайды. Осыдан ауытқымаған жол бізді адастырмайды. Ал өмірде замана ағымына сай түрлі өзгерістер бола бермек. Оларға сәйкестене отырып дамуымыз керек. Елбасының көздегені де осы – өз елін өміршең ете отырып, мәңгілік ел жасамақшы.

– Рухани жаңғыру жүру үшін мектептердегі ер-азаматтардың жа­лақысы әйел мұғалімдерден жоғары болсын деген ұсыныс айтып отырсыз?

– Бұл ой қайдан шықты? Мәселен, АҚШ мектептеріндегі жағдайды әбден зерттегенде, ер балалар қыз балалар­дан әл­деқайда нашар оқитынын анықтаған. Тәртіпке үйренген ел мұның себебін біл­іп, экономикалық қызықтыру ар­қы­лы бұл мәселені шешті.

Мектептерде еркек мұғалімдер аз, балаларға әкенің, ер-азаматтың тәр­би­есі жетіспейді. Егер ер мұғалімдер оқу­шылармен жақсы қарым-қатынас орнатып, спортшы, өнерлі, биші, қолынан іс келетін адам болса, балалар соған еліктейді. Сондықтан, бір кездерде АҚШ-та еркек мұғалімдердің жалақысын 25-30 пайызға көтеріп, мектептерге ер-азаматтардың көбірек келуіне ықпал етті. Яғни, олар бұл кемшілікті бұйрық беру арқылы емес, нарықтық қатынас тәсілімен шешті.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.10.2017

5,5 пайыздық мөлшерлемемен несие бере бастады

21.10.2017

Роналду жылдың ең үздік футболшысын атанды

21.10.2017

Мешітті тонаған азамат ұсталды

21.10.2017

Кәсіпкерлер палатасы есеп берді

21.10.2017

Қазақ романсиадасына 20 жыл

21.10.2017

Қырғыз саясаткері Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш білдірді

21.10.2017

Сарыағаштық шаруалар қайта өңдеу ісін жандандыра бастады

21.10.2017

Газ келді. Қосуда қиындық бар

21.10.2017

Рухани келісім – бейбітшілік негізі

21.10.2017

Ауғанстан мешіттеріндегі жарылыстан құрбандар саны артуда

21.10.2017

Түркияда Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері

21.10.2017

Қостанайда құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды

21.10.2017

Қарттар үйіне көтеру құрылғысын тарту етті

20.10.2017

Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінде кадрлық өзгерістер болды

20.10.2017

Астанада жетімдер саны азайды

20.10.2017

Сарыағаш ауданында қарқынды бау көлемі артып келеді

20.10.2017

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтына 50 жыл толды

20.10.2017

Қазпоштада ашық есік күні өтті

20.10.2017

Сағынтаев DFJ венчурлік компаниясының тең құрылтайшысымен кездесті

20.10.2017

Оралда Алаш тарихына арналған халықаралық конференция өтті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Кімді тұлға тұтамыз?

Баяғының жастарына «Мен өмір­ден өзімді іздеп жүрмін» деп сөйлеу тән болатын... Жақында Америкада оқып жүрген қазақ­стандық жас өреннің пікірін тыңдап көруге тура келді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Дауыл алдындағы тыныштық болып жүрмесін

Төрткүл дүниені тығырыққа тіреген 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен 2009 жылғы «ұлы рецессиядан» енді ғана оңала бастаған әлем экономикасы 2016 жылдан бастап баяу да болса тұрақты даму бағытына бет бұрды.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Шексіз білім

«Білім шексіз бе, әлде білімнің шегі бар ма?» деген сұраққа жа­­уап­ іздеп жүріп, Оксфорд уни­вер­ситетінің профессоры, матема­тик Мар­кус дю Сотойдың «Біз нені біле алмаймыз: білім шегіне сая­хат» («What we cannot know») ат­ты кітабын сатып алдым. Про­фес­сор бұл кітабында нөлден бас­­­тап жетіге дейінгі межені бел­гілейді. Нөлінші межені «Белгілі, бірақ белгісіз» әлде «Белгілі, бірақ бей­мәлім» деген дұрысырақ па?­ Біз біле­тін нәрседен бастап еш­қашан біле алмайтынға, ал одан шек­сіздікке дейінгіні тұспалдайды. Біз нені білмейміз және нені біле ал­маймыз? 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Ұялы байланыс: ұтқан кім, ұтылған кім?

Бүгінде ұялы телефонды пайдалан­байтын адам кемде-кем. Олай болса осынау ертелі-кеш қолымыздан тастамай «рахатын» көріп жүрген игілік үшін кімдерге қанша ақша санап береді екенбіз?  

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қарсылық па, таршылық па?

«Біреу Алматыға бір «КамАЗ» сәбіз әкеліп төгіп, елге тегін таратты» деген хабардың шығуы мұң екен, веб-сайттар ақырғы жаңа­лықтың айналасына шыбындай үймеледі. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу