Түрік қызы

Түрік қызы жетпіс жыл бойы қазақтардың келіні болып өтті.

13.04.2017 2347

Қызмет бабымен Астанаға көшіп, Алматы жақта қалған туған-туыстармен күнделікті, апта сайынғы байланыста қалтафон мен үй телефонына үйреніп алғанымыз сондай, олар үнсіз болып қалса, бірдеңеміз жетіспей тұрады. Бұл тұрғыдан осынау байланыс құралдарына жететін ештеңе де жоқ. Алайда, солардың беймезгіл соғылуына бойдың үйренуі қиын екен. Соңғы кездері аталас екі әулетіміздің үлкені Назли жеңешеміз әл үстінде жатқандықтан, қаралы хабар қай күні жетер екен деп алаңдап қоятынбыз. Қыс өтіп, наурызға іліккен соң тәтеміз әлі біраз жүре тұратындай болып көрінген. Сөйтсек, маңдайға жазылғаны басқаша екен, артында қалғандар жадында әрдайым ұстасын дегені болар, жыл айналып бір келетін әйелдер мейрамы қарсаңында демі таусылып, жамбасы жерге 8 наурызда тиетін болып белгіленіпті. 

Сол кездері медициналық операциядан шығып, әлі айығып кете қоймағандықтан, топырақ салуға бара алмадым. Былтырғы жылы баршамыз жақсы көретін қызы Сағираш қайтыс болғанда көңіл айтуымыздың соңын тәтеміздің өзі бақұлдасуға ұластырғаны ойға оралған.  

– Мен Құдайдан өлім сұрағалы, міне, сегіз жылға аяқ басты, жамбас сүйегім сынып, жүріп-тұрудан қалғаныма сонша уақыт болды. Білмеймін, не жазғанымды жарықтыққа, алатын емес. Құдай төрт ұл-қыз берді, үш ұлым бір төбе болса, Сағирашым бір төбе еді ғой. Келіндерімнен айналайын, Зәурем де, Халимам да садағаң кетейіндер, екеуі де күтті, бақты. Сонда Сағираш апта сайын Алматыдан «Қазақстан» ауылына, өз ауылымызға келіп, жуындырып тұрды. Өз қолында болғанымда дәрігерлерге қаратты, үстіме шаң жуытпады. Маған бір алаңдайды, көңілімді сұрап келгендерге тағы алаңдайды. Жұмыстағыларынан да ұят болды. Былтыр күн жылынғанда «Ауылға қайтайын, Халима үйде ғой» дегенмін. Қызым келісіп алып келді, кетерінде «Үш-төрт күнде келіп қалармын», деп еді. Үш күн өткенде «Сағираш қайтыс болды», деді ғой. Естиін дегенім осы ма еді?

Дәл соның алдында ағаларыңды түсімде көрдім. Маған қарамай, осы үйдің алдынан өте шықты. «Әй, Шәкем-ау, қайда барасың, мені алып кетші», деп айғайладым. Қарамай кетіп еді. Сөйтсем, өзі де 61 мүшел жасында қайтыс болып еді. 61 мүшелінде жүрген қызын әкетіпті ғой. Сағирашты өте жақсы көретін. Күн жауса болды, «Қызымның аяғы балшық болады», деп үлкен көшеден үйге дейін арқалап келетін. Алтыншы сыныпқа дейін сөйтті. Қызы да әкесі дегенде өзгеше болатын. Күйеуге тиерде Еділді алдымен әкесіне көрсетіпті. Сол Еділ ерте қайтыс болғанда қызым қатты қайғырды. Оны ылғи түсімде көремін деуші еді. Еділі мен әкесі екі жақтап алып кетті ғой. – Жеңешем біраз үнсіз отырды да әңгімесін әрі қарай жалғастырды. – Кішкенем-ау, келін екеуің алыста жүрсіңдер. Бұдан кейін көре алмайтын шығармын сендерді. Бір айтатын сөзім бар. Ағаларыңның етегінен ұстап, артынан ергеніме алдағы жылы жетпіс жыл болады. Соғыс кезінде соқада, тырмада жүрген балалардың ішінде Ұлан, Рақымжан, Шаймерден секілді есейіп қалғандары болған. Сонда көріп жүрдім ғой. Тұқым себуде, шөпте біраз бойжеткендер істедік. Ол кезде жас талдай үзіліп тұрған кезіміз болатын. Ағаларың да мен жаққа қарағыштай беретін. 47-ші жылы қазақтарға келін болып түсіп, бар әдет-ғұрпын сақтадым. Үлкендерге келін, кішілерге – сендерге жеңге болдым. Бар өмірім қазақтармен өтті. Сондықтан мен өлгенде қазақы дәстүрмен жерлеңдер. Кәдімгідей қонақасымды, жеті күндігімді, қырқымды өткізіңдер, жыл толғанда асымды беріңдер. Түріктің қызы болып туып едім, қазақтың келіні, қазақтың кемпірі болып бұл дүниеден өтейін. Тәтем солай бақұлдасқан деп еске ала жүрерсіңдер...

Содан кейін де жылға жуық кенже ұлы Рахымбайдың үйіне хабарласып, жеңешемнің хал-жағдайын біліп тұрғанмын. Келініміз Халима Сағираш қайтқаннан кейін тоқыма тоқуды тоқтатқанын айтқан. Бұдан алты ай бұрын құлағы естуден, екі ай бұрын көзі көруден қалғанын жеткізген. Наурыздың басында «түк тамақ ішпейді», деп қамыққан. «Шәкем келіп жүр, молда атаңа апарамын дейді, әбден тазарайын, мені жуындырыңдаршы», дегені соңғы сөздері, соңғы тілегі болыпты.

Баяғыда мен бір жасқа толғанымда өзі тіккен жейде әкеліп, «әпкем-ау, екінші ұлды «кішкенем» деп едім, кішкентайыңыз бір жасқа жетті ғой, енді екінші ұлды «ортаншым», ал мұны кішкенем» дейін. Әрдайым аман болсын!» деп тілегін білдіріпті. Апам айтқан бұл әңгімеден бері менің атымды еш атаған емес, жетпістің табалдырығында тұрсақ та, жеңешем үшін «кішкенем» болып қалдым.

Ес білгенімде ауылда екі молда болатын. Бірі етжеңділеу келген, ұзын бойлы, үнемі атқа мініп жүретін, атақты Мәлке қажының ұлы Әбзейіт молда да, екіншісі тәпелтек келген, көзінің айналасындағы еті қызарып тұратындықтан жұрт қызылкөз молда деп кеткен, бұл кісі де қажының ұрпағы, Өтеміс қажының баласы Молдағали атамыз еді. Туыстығымыз жөнінде өзі бірде үйге құран оқуға келгенде сөз қозғаған. «Күләш, сен білесің ғой, біздің аталастығымыз Қазанғап бабамыздың ағайынды екі ұлы Сұнты мен Құнтыдан басталады, – деген атамыз апамның атын атағанымен, бұл әңгімеден құлағдар болсын дегені шығар, бізге – Смайылдың артында қалған үш баласына қарап отырып айтқан. – Ағайынды екі атамыз көзі қарақты, ауқатты болыпты. Сол Сұнтыдан Өтеш, одан Смайыл болып сендер тарайсыңдар. Ал інісі Құнтыдан Өтеміс, одан Молдағали болып мен кетемін». Кейін «Қазақстан қажылары» атты кітаптан, «Жетісу» дейтін энциклопедиядан көргенбіз: шынында да, қасиетті орындарға 1912 жылы Верный уезінен барған 51 адамның арасында, уақыт өте келе атақты болған Асансопы Иманқұловтың, Бекболат Әшекеевтің, Түрке Жалайыровтың, Ботпай Байғабыловтың, үш ағайынды Көпбай, Мәнеке және Мәлік Топы балаларының қатарында 55 жастағы Өтеш Сұнтиев пен 45 жастағы Өтеміс Құнтиев те бар екен.

Әкем Смайыл қайтқан соң молда атамыз айында бір рет, ал Ораза, Құрбан айт күндері міндетті түрде біздің үйге келіп Құран оқитын. Дауысы ақырын шыққанымен, университетте араб тілінен дәріс алғандықтан, сол дауысты есіме түсірсем, Құранды сауатты оқыған екен ғой. Кіп-кішкентай осынау қарияны бұрын ел аралап, той-думан қуып жүретін сері болды деп айта алмайсың. Өзіміз бозбала жасқа жеткенде атамызды әңгімеге тартқымыз келіп, бай болған ата-бабаларымыз жөнінде сұрайтынбыз. «Әй, оның сендерге не керегі бар, байдың баласы, молданың баласы болып, біреулеріңнің жарты дорба бидайға бола сотталғандарың аз ба?» дейтін.

1953 жылы көктемде Сталинмен бір күнде әкеміз қайтыс болып, жүдеп-жадап қалған кезіміз болатын. Жаздың күзге ауысар шағында апам құдайы тамаққа деп молда атамның үйіне ертіп барған. Сталиннің қайтыс болуына байланысты жасалған кешірімге сәйкес жарты дорба бидаймен ұсталып, сот кезінде байдың, молданың баласы екені айқындалып, сотталған Шаймерден аға ертерек босанып шыққан беті болуы керек.

Сол құдайы тамақтың кезінде Шаймерден аға мен іші шермиіп қалғанына қарамастан, жүгіріп жүрген Назли жеңгемізді алғаш рет көргенмін. Бұл жағдайға тәтемнің ересек екі қайнысы, көкем мен молда атамның екінші ұлы Иманғали аға назар аударып, қалжыңмен мазасын алатын. «Үлкен ұл Құрманалы түсінікті, оны бауырымыз сотталмай тұрып тудыңыз, ал мына екіншісін ағамыз түрмеде жүргенде қайдан көтеріп үлгергенсіз?». Тәтеміз алғаш қызарақтап, үндемей қалатын. Келе-келе сөйлейтін болған: «Мына тетежан мен мырзажігіт қызық өздері, ағаларың түрмеге кетер алдында ол жақта алаңсыз жүрейін деді емес пе, содан ...осылай болды», дейтін. Екі қайнысы да қоймайтын. Жеңешем екінші ұлы Құрманбайдан кейін қызы Сағираш пен кенжелері Рахымбайды дүниеге әкелген. Қайнылары аяғы ауыр әр кезінде «жеңгеміз осылай боп қапты», деп күлісетін.

Жеңешем қайныларына ғана емес, үлкендерге де жаққан. Шаймерден аға колхозға соғыс жылдары жер аударылып келген түріктердің 18-ге толмаған қызын әкеліп, құдаларының алдынан өтуге барған молда атамыз бастаған бес-алты кісіні үш ағайынды Еменовтердің әйелдері қарғап-сілеп, еркектері балта-пышақтарын ала жүгіріп, ауылдағы қазақтар мен түріктер ұлтаралық жанжалдың аз-ақ алдында қалған. Өз әке-шешесінің мінезін білетін жеңешеміз Шаймерден аға арқылы «Біз бес-алты ай көрші ауылда жұмыс істей тұрайық, оған дейін дадамдардың ашуы басылар», деп пікір білдіріпті. Көрші Іле стансасында тұрып, қыста өзен бойынан қамыс орып, жазда одан үй салуға каркас тоқыпты. Аптасына бір рет түнделетіп келіп, үлкендердің киімдерін жуып, үйлерін тазалап кетеді екен. Атам келініне разы болып, өзі некелерін қиып, батасын берген ғой. Бірде үйлеріне Мардан құдасы келіп: «Ай, Молдеке, екеуімізді балалар қосып, құда болдық. Мен кештім, балаң мен келініңе айт ауылға қайтсын», депті. Осылайша, басы қатты басталған істің аяғы тәтті болып біткен. Сөйтіп, Назли жеңешем қазақ-түрік достығының бір дәнекеріне айналған. 1958 жылы түріктер Әзірбайжанға көшеміз деп көтерілгенде, үш ағайынды Еменовтер осы қыздары үшін ауылда қала берген.

Шаймерден ағамыз көрікті кісі еді. Бала кезінен еңбекке араласып өскендіктен де қолынан келмейтін іс жоқ болатын. Су суғарғандағы кетпен шабысына адам сүйсінетін. Шөп шауып, мая салды, қос ат жегілетін арбаға шөп тиегенде екі адам оған шөп әперіп үлгермейді екен. Арбаға тиеген шөбі кейін шыққан трактордың тіркемесіне тиейтін шөптен де көп болатын. Тәтем екеуі он жылдай қой бағып, озат шопан атанған. Шаруашылықтағы қай жұмыста да алдыңғы қатарда жүретін. Ағамыз қайтыс болғанда жеңешем ылғи: «Құдай менің маңдайыма жазған арысым еді, қайтейін», деп отыратын. Кейде көңілін аулау үшін: «Не ауылда басқа жігіттер жоқ па еді, түріктердің де небір сойлары бар еді ғой», дейтінбіз. «Қайдан білейін, оның бұрын үйленгеніне де, ата-анамның қарсы боларына да қарамадым. «Артымнан ересің бе» дегеніне көніп, сол жылы ағаңның өзі өсірген жүгерісінен атты кісі көрінбейтін, соның ара-арасымен кете бардық қой», дейтін.

Апам осы келінін ұнатты. Оның үйді ұстағанын, ата-енесін қадірлеп, күткенін, Шаймерден аға екеуінің сыйластығы мен өзара құрметін ұнататын. Молда атамыз дүние салған соң Яжан жеңгесінің көңілін аулауға барған сайын мен де еретінмін. Үлкендердің әңгімесінен гөрі тәтемнің шай қамдағаны қызықтыратын. Жеңешем дастарқанды жайнатып жіберетін. Құрт-май, қатық-кілегеймен бірге жұп-жұмсақ тоқаш келетін. Соның бәрін әпкесімен сөйлесіп жүріп істейді. Арасында огородынан қызанақ пен қияр, шалғам мен көкпияз әкеліп, оларды жуып, турап үлгереді. «Ініңіз жаңадан үзіп әкелгенді ұнатады, сондықтан үйге жинамаймын», деп қояды. Күзге қарай бақтарынан алма мен өрік, құлпынай мен таңқурай теріп беретін. Бұрын үйінің жанындағы жерге қарамайтын біздің ауылға жер аударылған поляктар, түрік пен кәрістер огород дегеннің пайдалы екенін үйретті. Ал біздің туыстар Назли жеңешемнен көп үйренді. Тәтемнің кейінгі қыз-келіндеріне көрсеткен үлгі-өнегесі жетіп жатыр. Олардың бәрі дерлік тоқыма тоқудың небір әдістерін, бейне сурет секілді болып түсетін құрақ-өрнектерін құрауын үйрене алды. Үлкенге деген құрметін, кішіге деген ілтипатын көріп, үлгі тұтты.

Үлкендері дүниеден өткен соң әулетінің, біздің анамыз о дүниелік болғаннан кейін аталас екі әулеттің ақылшы үлкеніне айналды. Көп мәселеде жеңешеме жүгінетінбіз, тіпті болмағанда ол кісіні хабардар ету қалыпты әдетіміз болатын. Жеңешемнің «Қызың моншақты, ұлың оншақты болсын!» деп келетін батасын тұрмыс құрған жастарымыздың бәрі де естіген. Тәтеміз жүріп-тұрудан қалғанымен, өмірден қалған жоқ. Қызы қайтқанға дейін сөзі ширақ, көңілді болатын. Қазір де жарықтық жеңешем:

«Кішкенем-ау, сенің даусыңды естімегелі қашан!» деп тұрғандай.

Ержұман СМАЙЫЛ

АСТАНА

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

29.04.2017

Сағынтаев Сауд Арабиясының министрі Халид Әл-Фалихпен кездесті

29.04.2017

Назарбаев қырғыз президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

29.04.2017

Жоғарғы Сот ұжымы жалпықалалық сенбілікке қатысты

29.04.2017

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылды

29.04.2017

Қызылорда облысының әкімі Қазақстан этносаясаты бойынша дәріс оқыды

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Елбасы Өзбекстан президентімен кездесті

29.04.2017

Сенаторлар сенбілікке қатысты

29.04.2017

Назарбаев табиғат апатына байланысты Қырғызстан Президентіне көңіл айтты

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Әуендер достыққа бастайды

29.04.2017

Қазақстан Президенті Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

29.04.2017

ОҚО-да тасқын судың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

29.04.2017

​Қыранның – бас, тұмсық, танау, көз, қанат-қауырсын сындары

29.04.2017

Қытайдағы қазақ жігіті Шыңжаң марафоншыларының көшін бастады

КОЛУМНИСТЕР

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Жол салсаң, мол сал

Санаулы күндерден кейін әлемдік деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – ЭКСПО-2017 Халықаралық көр­ме­сінің де жалауы желбіремек. Яғ­ни, бас қала ел айнасы болса, жол-кө­лік инфрақұрылымы оның беделін арт­тыратын бренді болып табылады. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қа­ла­ның базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол ай­рықтарын барынша дамытуға үнемі ба­сымдық беріп келе жатқандығы да сон­дықтан.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Дәріге байланған ғұмыр

«Қазір еліміздегі донор жетіс­пеу­шілігі өте өткір мәселе. Бүгінде ал­мас­тырылған органның 90 пайызы ті­рі донорлардан алынады. Егер бұ­лай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүй­ректі ұлт атану қаупі барлығын жа­сыруға болмайды. Одан шығудың жо­лы қандай?

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Көрменің көрігін спорт қыздырады

Ағымдағы жылдың 10 маусы­мында Астанада ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық мамандандырылған көр­месі келушілерге айқара есік ашады. Күллі әлем көз тіккен көрменің өтетін мерзімі жақындаған сайын бойды толқыныс сезімінің билейтіні түсінікті жайт. Иә, «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Әлемнің әр қиырынан ағылған меймандардың алдында жайылып жастық, иіліп төсек болу өз алдына, қолдағы барды көрсете білудің өзі өнер һәм зор міндет.

Зарема ШӘУКЕНОВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі

Этностар мүддесі барынша қорғалған ел

Қазақстан заманауи өмірге, ха­лықаралық қоғамдастыққа се­німді түрде кірігіп отыр. Біз елі­міз­дің имиджін көтере отырып, ин­вестициялық және экспорттық әлеуетімізді, экономикамызды қа­р­қынды дамытуға баса назар ау­дарып келеміз. Осы саясаттың ар­қасында Қазақстан әлем мой­ын­даған елге айналды.

Гүлзейнеп Сәдірқызы, «Егемен Қазақстан»

Ең ауыр күнә

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Пікірлер(0)

Пікір қосу