Ұрпақтар сабақтастығының ұстыны

Егемен Қазақстан
01.12.2016 206
kamshat-donenbaevaУақыттың шапқан аттай жүйрігі-ай десеңші. Бойда жастық жігер, күш-қуат барда мәңгі жас болатындай сезінуші едім. Ауылдағы әйелдер ылғи таң алакеуімнен ерте тұратын едік. Жұмыстың уақытына дейін сиырымды сауып, балаларды мектебіне жіберіп, үлкен кісілердің шәйін беріп үлгеремін. Одан тракторға міне сала егін басына, шабындыққа кетемін. Қайнаған еңбектің ортасынан үйге кешке бір-ақ оралғанда әйелді үйдің бітпейтін қыбырлаған көп жұмысы тағы күтіп тұрады. Соның барлығын халқымыз айта беретін «тас шайнап, мұз бүркетін» жастық шақта көтеріппін. Еңбектің арқасында оның зейнетін де, халқымның құрметін де көрдім. Міне, қазір біз де үлкейдік, жасымыз жетпістен асты. Денсаулықты күйттеп, немерелерді алданыш етіп, үйде отырамын. Арттағы өткен өмірді көзге елестетіп, санамен шолып қоямын. Алайда уақытты қанша жүйрік десем де, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл елдің басынан өткен тұтас бір дәуірдей елестейді. Өйткені, осы мерзімде Қазақстандағы орын алған керемет өзгерістер бір дәуірдің жүгі боларлық еді. Мемлекет жаңарды, ел көркейді, сана жаңғырды. Осы ұлық мерекенің қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегін оқып отырып, керемет ойға қалдым. Ғасырлар бойы бодандықтан бас иелігі болмаған, одан кешегі 90-шы жылдары бұрынғы әбден қалыптасқан экономикалық бай­ланыстардың үзілуінен туырлығы тозып, ағашы азған киіз үйдей жүдеген елімізді дағдарыстан алып шығып, әлем­ге танымал жаңа мемлекет деңгейіне кө­тер­ген Елбасының биікке көтерілген сайын халқына етене жақындығына қалай таңғалмайсың?! Жасыратын несі бар, көптеген саяси тұлғалардың кітабын қызметте, саясатта жүрген жандар немесе жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері болмаса, қарапайым жұртшылық оқи бермейді. Қасаң тілмен жазылған саясат мәселелері қарапайым адамдарды қызықтыра қоймайтыны рас қой. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының мына ой-толғаныстарын ірі саясаткердің өз халқының перзенті ретінде әр қазақпен сырласуындай қабылдадым, айтқан мәселелерінің барлығы да адамды тол­қытпай, тебірентпей, ойға жетелемей қоймайды. Автордың қазақ тілінің қаймағын қалқып отырып, оқырман назарына ұсынған мәселенің барлығы да көкейіңе қона кетеді. Біздің қатарластарымыз екі заманға куә болыппыз. Бәріміз де Кеңес Одағы кезіндегі тәрбие шекпенінен шықтық. Біздің ата-аналарымыз Кеңес Одағының қалай құрылғанын бастан өткерді. Сол заман өзгерістерінің барлығы да «мың өліп, мың тірілген» қазақты сілкіледі, санасын улады. ХХ ғасыр басталғаннан-ақ қазақтың басынан қиқу кеткен жоқ. Қуғын-сүргін, аштық, соғыс толқын-толқын болып келіп, халықты жосадай жусатып кетіп отырды. Менің қатарластарым соғыста опат болған боздақтардың және жауған оқтан аман қалып, елге орал­ған ақсақ-тоқсақ әкелердің балалары едік. Соғыстан кейінгі елдің әлжуаз жағ­дайы бала болсақ та есімізде. Сондай қиын кездердің барлығынан қазақтың ұлт ретінде құлдырамай, тозбай аман кел­гені бірліктің, мейірім-шапағаттың жоғалмағандығынан екені анық. Қазақ халқы басына қандай қиындық түссе соншалықты топтаса түскен секілді. Бірлікке аса мән берген. Нұрсұлтан Әбішұлының қарттарымыз, олардан жал­ғасып келген ұлттық мұраларымыз туралы жазғанын оқып отырып, сол бірлікке өзім келін болып түскен қазақтың қарапайым отбасы тамаша мысал бола алатынын түсіндім. Менің әкем Байғазы соғыстан жарадар болып келген кісі еді. Алланың құдіреті шығар, желкеден тиген оқ екінші жағынан тесіп шыққан, содан аман қалған ғой. Госпитальде жатып ұзақ емделіпті. Анам аурушаң кісі болды. Мен бой түзеген соң Темірбекке ұзатылдым. Қайын атам өзінің бір інісін, әскерден келген Темірбекті ертіп келіп, құда түсті де, мені біржола алып кетті. Содан көп ұзамай анам да қайтты. Сонда екі енем, атам маған анамның жоқтығын білдірген жоқ. Атам екі некелі болған кісі еді. Үлкен енемнің баласы шетінегеннен кейін артынан қара көрінбеген соң, атама ауылда күйеуі соғыстан қайтпай жесір отырған кіші енеме қосылуға ықтияр беріпті. Анасының соңынан еріп келген тоғыз жасар Темірбекті атам да, әжем де өз баласындай көріпті. Мен келгенде кішкентай қоржын үйде бәрі бірге тұрады екен. Қазақ ауылдарының әлі бауыры көтерілмеген, жүдеу кезі ғой, сол қума екі бөлмелі аласа қоржын үйде қыста ерте туған бұзау да, лақ-қозы да байлаулы тұратын. Сондағы екі кемпір, бір шалдың бірлігіне қазірге дейін таңғаламын. Кіші енемнің атаммен қосылған соң туған кіші ұлы үлкен енемнің бауырында ұйықтайтын. Тұрмыс қанша нашар болғанымен үйдің бірлік-берекесі алдағы жақсы күндерден хабардар еткендей, олардың көңілі бір сәулелі шуақ сеуіп тұрар еді. Біз де жетілдік, ата-анамызды қоржын үйден шығардық. Жұмыс бабымен көрші шаруашылыққа көшкенде Темірбектің өз анасын кіші ұлмен, атаммен қалдырып, үлкен енемді – әжемді өзімізбен алып кеттік. Бұл да бірліктің нышаны еді. Ол кісіні үйдің қариясы, берекесі деп сыйлайтынбыз. Бұл үйде өгейлік деген суық сезім болмайтын. Атам марқұм бәрімізді «жан» қоспай атамайтын, «Темірбекжан», «Кәмшатжан» деумен кетті. Менің алғашқы қызым туғанда көршілеріміз «мына үйдің шалы «жан» қоспай сөйлемеуші еді, немересінің атын да Гүлжан қойыпты-ау» деп күліпті. Мұндай тонның ішкі бауындай үйлесіп тұратын жылы қарым-қатынас тек біздің үйде ғана емес, жалпы қазақ ауылының сипаты болғанын аға ұрпақ өкілдері біледі. Бұрын бір әулетке, бір ауылға бір ақсақалдың ықпалы жүргені рас. Жастар үлкеннің айтқанынан шығып кетпеуші еді. Еңбекқор, қиындыққа қарсы тұрған, мейірімді, құймақұлақ, көкірегі алтын сандық қарттардың кейінгі жастар алдында беделі таудай болатын, олардың жүзіндегі әжімінің өзі шиырлаған тағдыр жолындай, даналықтың көрінісіндей әсер беруші еді. Ақсақалдың алдында тұрып, жас суырылып сөйлемейтін. Үйге кісі келсе олардың қолына су құйып, кетерде аяқ киімін алдына түзеп қойып, үлкеннен бата алғанды әр бала рухани демеу көретін. Осылай аға ұрпақ пен кейінгінің арасындағы сабақтастық үзілмейтін. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық. Жас өсемін деп ұмтылса, қарттың ақылы демеу болады. Жас үйренемін деп құлшынса, жайсаң үйретерін бүгіп қалмайды» деп жазады. Өкінішке қарай, қазір уақыттың сипаты өзгерді. Аға ұрпақ өкілдерінің мінберлерден айтқан сөзі жастардың жүрегіне жете бермейді. Ауыл ақсақалы мен жастардың арасындағы күмістің тініндей байланыстың әлсірегенін жасырып керегі жоқ. Мен қазір өзге дінге кетіп адасқан жастардың да теріс қадамдарына осы ұрпақ сабақтастығының әлсіреуі де бір себеп деп білемін. Біздің бала кезімізде қариялардың барлығы намаз оқитын, дастарқан басында шариғат айтып отыратын, ораза тұтатын. Оларды тыңдаған ауыл балаларының діннен жақсы хабары болушы еді. Мысалы, өзімнің атам Тасбай деген кісі терең білімді мол­да болды. Сол кісімен бірге 5-6 жа­­сым­да намазға жығылған екенмін. Атам­ның айтқан сүрелері мен орыс мек­тебінде оқысам да, коммунист болсам да күні бүгінге дейін есімнен кеткен жоқ. Зейнеткерлікке шыққан соң, қиналмай намазға жығылуыма да санамдағы бая­ғы атам қалаған имандылықтың берік ірге­тасы көмектесті. Кеңес Одағы кезіндегі, әсі­ресе 70-80-жылдардағы өте қатты жүр­гізілген атеизмнің уыты жастардан бұрын аға ұрпақ өкілдерінің де санасын улады. Дастарқан басында қол жаюды ұят көріп қалған кездер болды ғой. Ал дін адамдарды рухани, имани байытатын ұлы мәдениет. Елбасы айтқандай, ислам діні, одан бұрынғы бағзы замандағы Тәңірге табынудың өзі көшпелі халқымыздың дәстүр-салтымен жібек өрмектей өріліп кеткен емес пе? Ол ұрпақ тәрбиесіне де енді. Баланың тілі отбасында шығады, дін туралы да алдымен отбасында естиді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме халқымыз? Біз анамыз ғой, сырттағы орта басқа, үйдегі тәрбиенің жөні бір бөлек. Балаға өзі бауырында өскен атасының, әжесінің, әке-шешесінің құлағына құйған әңгімесі, көрсеткен үлгісі ғұмыр бойы оның санасынан өшпейді, өміріне бағыт-бағдар болады. Қазақ бір замандарда саясаттың салқынымен тапқа бөлінсе де, дінге бөлініп бір біріне мылтық кезенбеп еді. Осыны ойлағанда қамығамын. Ұғар сана болса, Елбасы осы еңбегінде дін туралы жеріне жеткізіп-ақ айтқан, одан асырып не деуіме болады? Дін де, халқымыздың дәстүрі де, халықтық педагогикасы да адамды алдымен адалдыққа баулиды. Өмірдегі жақсылықтың бұлақ көзі адалдық деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаймағы бұзылмаған халықтық тәрбиенің уызына жарыған жан. Оны осы кітаптағы ауылы туралы айтқан әңгімесінен де анық байқауымызға болады. Мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш шақырылымына депутат болған жылдарымда Нұрсұлтан Әбішұлымен жолымыз түйісіп жүрді. Коммунистік партияның ХХVІ съезінде тексеру және есеп комиссиясына Қазақ­стан­нан Нұрсұлтан Назарбаев екеу­міз мүше болдық. Оның білетіні көп кісі екені сөзінен де, ісінен де білініп тұратын. Жұмыс арасында әңгімелесе қалсақ, алдымен менің отбасымның амандығын, сосын елді сұрар еді. Сол кезде: «Елге басшылық жасап жүрген азаматтар қалай, ұйықтап жүргендер жоқ па?» деп қоятын. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Президент емес, қатардағы жоғары лауазымды адамдардың бірі ғой. Сонда елдің қамын жеп сөйлегені мені әлі күнге тебірентеді. Қазір ел сеніп, Елбасы сеніп басшылық қызметтің божысын ұстатқан жігіттердің қазынаның қалтасына түсіп, парамен ұсталып жатқанын естігенде ренжимін. Қанағат туралы айту өз алдына, сол жігіттердің ел алдындағы парызы, жауапкершілігі, намысы, азаматтығы қайда? Рухани ішкі өзегі мықты азаматтар атқа мінгенде алдымен елдің, жердің қамын ойлар болар. Байлық та уыстағы су секілді нәрсе екенін жігіттер түсінсе екен. Байып алғандардың арасында да мейманасы тасып, аспанға атылып, айға шабатындар жоқ емес. Қазағымның келешегі жарқын боларына мен сенемін. Жиырма бес жыл ішінде жеткен жетістіктеріміз еліміздің ертеңі де жақсы боларын меңзейді. Тәңіріміз сыйлаған осынау ұлан-байтақ жердің ол шалғайымен бұл шалғайына ұшқан құстың қанаты талады. Сол ұлы далада көшіп-қонған қазақтың тілі де, діні де шұбарланбап еді. Атырау мен Алтайдағы, Алатау мен Арқадағы қазақтың не тілінде, не дінінде, дәстүр-салтында зәредей айырмашылық болған жоқ. Жері де, тілі де, дәстүрі де бай халықпыз ғой. Қиямет- қайым заманның талайын бастан өткізген халқым жалмаңдап, жер жүзіне әмірін жүргізе бастаған жаһанданумен сипатталатын ХХІ ғасырда рухани іргесінің қазығын мықтырақ қағуы тиіс. Мұны Елбасымыз осыған дейін де талай айтып жүр. Бүгінгі уақыттың ерекшелігі – дүниені ақпарат билеп тұр. Мұхиттың арғы бетінде біреу түшкірсе, сол сәтінде біліп, естіп отырмыз. Өзгенің жылтырағына ұлдарымыздың да, қыздарымыздың да еліктеу-солықтауы көп. Дін жолы осы екен деп, қыздарымыз бүркеніп, хиджап киетін, ұлдарымыз сақал жіберетін болды. Халқымыз «ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деп жақсыдан үйренуді өсиеттеді, елікте деген жоқ еді-ау. Қыздарымыздың тұрмыс құрғанда ұлт таңдамайтыны, ұлдардың елді, жерді тастап шет елде қала беретіні де ойлантпай қоймайды. Осындай кеселді көріністердің барлығынан отбасының қазығын мықтағанда, үлкендеріміз айтқан өсиеттерге берік болғанымызда жеңілдейміз дер едім. Әр отбасында береке болса, мемлекет мықты болатыны айтылып жүр. «Ұлы дала ұлағаттары» осыны ұқтырады. Кітап әр қазақтың жүрегіне жетсе деп тілеймін. Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА, Социалистік Еңбек Ері, Қостанай облысының құрметті азаматы
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.01.2019

Қарағандылық инспекторға оқ атқан күдіктілердің фотосы жарияланды

18.01.2019

ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлек «Болашақ» арқылы шетелдерде оқи алады

18.01.2019

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Ғали Исқалиев тағайындалды

18.01.2019

Ақтөбе облысының шаруалары былтыр 228 млрд теңгенің өнімін өндірді

18.01.2019

Полиция департаменті айыппұлды уақытылы төлеуге шақырды

18.01.2019

Елордалық аурухана тұңғыш рет неврологиялық асқынуды азайтатын құрылғыны қолданды 

18.01.2019

Елордалық құтқарушылар жанып жатқан үйден 6 адамды шығарды

18.01.2019

Колумбиядағы жарылыс салдарынан 21 адам қайтыс болған

18.01.2019

Тимур Қожаоғлы: «Егемен Қазақстан» – Еуропа құрлығындағы маңдайалды басылым

18.01.2019

Алматыдағы тікұшақ апатынан кейін «Sky Service» рейстері тоқтатылды

18.01.2019

Геннадий Головкин ұлды болды

18.01.2019

Солтүстік Қазақстанда «Қайырымдылық керуені» акциясы жалғасты

18.01.2019

Головкиннің қарсыластары бір-бірімен жұдырықтасады

18.01.2019

Петропавлда ресейлік бас киімдер көрмесі ашылды

18.01.2019

Ақтөбеде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету меморандумына қол қойылды

18.01.2019

Алматыда газбен жүретін жаңа автобустар іске қосылады

18.01.2019

СДУ-да IT технологиялары саласында білім беру жобасы басталды

18.01.2019

Мемлекет басшысы «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына барды

18.01.2019

Елбасы кітапханасының Ақтөбеде өткен көшпелі көрмесін 120 мыңнан аса адам тамашалады

18.01.2019

Атырауда қазақтың үш биіне ескерткіш орнатылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Durystyq joly

Jaqsy kisi ataný, tirshilik-turmys, ómir qubylystaryna oı júgirtý, saralap zerdeleý, fılosofıalyq mádenıet qalyptastyrý, tájirıbe jınaqtaý, durystyq, adamshylyq, izgilik, ádildik, degdarlyq jolynda meıirlenip, berekeli qyzmet jasaý, ulttyń ádebi men qaǵıdattaryn jan-tánińmen qabyldaý – naǵyz tabıǵı abzal qasıet.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Bızneske ıkemdilik qaıdan shyǵady?

Adamnyń bızneske ıkemdiligi qaıdan týady degen suraq kóp adamdy oılandyrady. Árıne, motıvasıa kúshti, ol − aqshany kóp tabý. Isker adamdar eshkimniń aldynda ıilmeıdi, «malyń bolsa syılamaı tura almas el» dep Abaı aıtpaqshy, jurtqa da syıly bolady.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Bas paıda algorıtmi

Bas paıdany oılaý – búkil adam balasyna tán dúnıe. Ár adam balasynyń «ózim degende ógiz qara kúshim bar» degen qaǵıdat boıynsha tirshilik quratyny túsinikti. Biraq adam balasy qoǵam ishinde ómir súretindikten ár adamǵa tán osy qasıetti shektep ustaýǵa, ony qoǵamdyq múddege nemese qoǵamdyq ortada qalyptasqan tártipke baǵyndyrýǵa týra keledi. О́ıtkeni munsyz qoǵam damı almaıdy.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Ońtaılandyrý ońalta ma, omalta ma?

Orta bilim salasyna qatysty taǵy bir ońtaılandyrýdyń qulaǵy qyltıyp, «bul qalaı bastalyp, qalaı aıaqtalady?» degen sansyz suraq kóptiń kókeıin búlkildetip otyr. «Qundylyqtar aýysatyn, shyndyqtar shatysatyn uly ózgerister týysynda ómirdiń ózi karnavalǵa uqsap ketedi», dep Mıhaıl Bahtın aıtpaqshy, bilim salasyndaǵy mundaı reformalardan jurttyń júıkesi juqarý bylaı tursyn, karnavalǵa aınalyp bara ma degen kúdik joq emes. Qabyldanǵan, tolyqtyrylǵan zańdar, ár mınıstrdiń tusynda túzilgen baǵdarlamalar, oǵan bólingen qarjy – «óıtemiz de, búıtemiz» dep keletin jarnamaǵa bergisiz jıyndar, konferensıalar, onda sóılenetin sózder qısapsyz desek, artyq aıtqandyq bolmas.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Úılený men úı bolýdyń arasy

Statıstıka komıtetiniń ótken jylǵy máli­me­tine qaraǵanda, elimizde sońǵy on jylda 1,5 mıllıon jup otaý qursa, osy kezeńde 1 mıl­lıonnan astam jup ajyrasqan. Bul – árbir úshinshi neke buzyldy degen sóz.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу