«Ярыш» – қазақ футболының қарлығашы

Футбол жеке бір ұлттың шеңберінен асып, адамзаттың ортақ ойынына айналғаны қашан. Сондықтан, жанкүйері ең көп спорт түрі де осы. Қазақтың баласы да бесіктен белі шықпай жатып допқа құмар. Қазір мектеп жасына жетер-жетпес балдырғандардың өзі әлем футболының жұлдыздарын тақылдап тізіп бере алады. Бүгінгі қазақ футболының даму деңгейі, әрине, дүниежүзілік футболмен салыстыруға келмейді. Десек те, «жас өспей ме» деп, болашағынан ешқашан үміт үзіп көрмеген халық емеспіз бе.

27.03.2017 276

Қазіргі жеткіншектер фут­болға құмартумен, шұғыл­да­ну­мен қатар, оның тарихын да біле жүр­гені абзал. Әсіресе, қазақ фут­болының ғасырдан астам тарихы барын солардың бірі білсе, бірі білмес. 

Қазақ топырағында тұңғыш ресми футбол командасы 1913 жылы Семей қаласында құрылып, ол «Ярыш» («Жарыс») деп атал­ған. Бірден айталық, оның құра­мында жартылай қорғаушы болып заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ойнаған. Алғашқы кездесуін Жаңа Семей командасымен өткізген «Ярыш» құрамасының сол кезде түскен фотосуреті де сақталған. Оның құрамында барлығы 24 ойыншы болыпты. 1914 жылдың 16 наурызында түсірілген суреттегі ойыншылардың аты-жөндері де белгілі. Бірінші қатарда: Ғабдрауф Сайфутдинов, Мидхат Мірсалімов, Молдабаев және Салах Хисматуллин; екінші қатарда: Жаббар Мұхамедшин, Әмір­жан Ситдықов, Мұха­ме­дулла Құрманов, Ғабделнәсір Миршанов, Сабыржан Ахмедшин, Ғабделбар Сайфутдинов; үшінші қатарда: Ғабделғазез Кәрімов, Омар Насибуллин, Бекметов, Ахметсәлім Кәрімов, Қасымжан Мұхаммедов, Ғабделхақ Ғаб­басов, Мұхтар Әуезов, Зиятдин Рысбаев; төртінші қатарда: Кәрім Бикмаев, Ғұсман Ям­бушев, Юнус Нигматуллин, Мұ­хам­мед Сайдашев, Рифкат Фаи­зов, Ғабделбар Ғұсманов тұр. Бұл сурет осы «Ярышты» құру­ға мұрындық болғандардың бірі Рахматулла Елкебаевтың қызы Халиданың қолында сақ­талған екен. Рахматулла Елке­баев, сонымен қатар, Қазақ­стан­да жетім балаларға арнап тұңғыш мектеп ашқан адам. Жас өскіндерді оқытып, тәр­бие­леумен бірге, оларды футбол ойынына тартып, қазақ жері­не аяқдоп өнерінің алғашқы дәнін сіңірген жандардың бірі. Рах­матулла Елкебаев сөйте жүріп, өз білімін жетілдірумен де шұ­ғыл­данған адам. Медреседе жү­ріп орыс тілін жете меңгеру үшін қосымша сабақтар алып отыр­ған. Мектепте, училищеде гео­графия мен жаратылыстану пәндерінен сабақ берген. 1912 жылы Семейде «Оян, қазақ!» өлеңі үшін сотталған Міржақып Дулатовтың қорғаушысы болып сотқа қатысқаны белгілі.

Кезінде «Ярыш» футбол командасының 24 дана эмблемасы жасалған екен. Соның біреуі команданың капитаны болған Юнус Нигматуллиннің қазір Германияда тұратын немере қарындасы Рамиса Ниг­ма­туллина сақтап, бүгінгі күн­ге жеткізген. Қазақстан фут­болының 100 жылдығы қар­саңын­да ол кісі тарихи жәдігерді және «Ярыш» командасы ойын­шыларының бірнеше суретін Семей қаласындағы Татар қоғам­дастығы орталығының жанын­дағы мұражайға жолдаған. Айта кету керек, сол суреттердің ішін­де ұлы Мұхтар Әуезовтің де бұрын ешқайда жарияланбаған, жастық шағындағы суреттері бар.

Мұсылман жастарынан құ­­рал­ған «Ярыштың» бірін­ші ұйымдастыру жиыны 1913 жылы тамыз айының ортасында,­ бі­лімді, мәдениетті отбасы Ни­г­ма­туллиндердің ша­ңы­ра­ғын­да өт­кен. Оған он адам қа­тысқан. Жиналысты ұйым­дастырушы Юнус Нигматуллин мен оның көмекшілері Мұхамед Сайдашев пен Ахметсәлім Кәрімов басқаларға ресми футбол клубын құруға шешім қабылдағандарын мәлімдейді. Команданың алғашқы құрамына 14 адам кіреді. Командаға мү­ше болу жарнасы 50 тиын болып белгіленген. Ол заманда қа­зір­гідей доп жоқ, допты ярыш­тықтарға таза былғарыдан жергілікті етікші тігіп береді. Пішін бастапқыда сопақтау бол­ған допты тігінші кейін ойын­шы­лардың ұсыныс-тілектері бойынша жетілдіріп, қанағаттанарлық қалыпқа түсірген. Бір қызығы, ойын қақпаларының бағаналары мен белтемірін де «Ярыш» ойыншылары өздері қолдан жасап, матч пен жаттығуларға өз­дерімен бірге алып келіп отыра­ды. «Ярыштың» белгісі жап­сы­рыл­ған аспан түстес жейделер мен ойынға киетін қара шолақ шалбарларды оларға көпке танымал тігінші шебер Гаффэ Баязитова тігіп берген. Тігінші қыз Юнус Нигматуллиннің бөлесі әрі өзі осы жігітке ғашық болған десе­ді. Оның командаға бар ынта-ықы­ласымен көмектесуіне мұның да әсері болса керек.

1914 жылы «Ярыштың» екі бөлек: ересектер және жастар командасы болған. Солардың бірінде кейін қазақ әдебиетінің классигіне айналған Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы ретінде ойнаған. Жазушының ұлы Мұрат Әуезов: «Бұл тек қана футбол емес еді. «Ярыш» ойын­шылары басқа да спорт түр­лерімен шұғылданды. Сон­дай-ақ, олар халық аспаптары оркестрін құрып, қабырға газе­тін шығарған», – деп жазады. «Ярыштың» құрамында ой­на­ған Салах Хисматуллин 1973 жылдың 6 қарашасында жарық көрген «Иртыш» газетінде естелігімен бөлісіп, «Команда алғаш құрылғанда біз қайда болса сонда, көбінесе, қазір метиз-фурнитура зауыты орналасқан, Мусин диірмені алдындағы алаңқайда, қазір педагогика учи­лищесі орналасқан, семинария алдындағы базар алаңында ойнадық...», деген екен.

Ал семейлік журналист Ев­гений Юдин өзінің бір кезде жазған мақаласында тұңғыш команданың ойын өрнегін былайша суреттейді: «Гимназия» және «Ярыш» футболшылары арасындағы матч қызықты өтіп, қауіпті сәттерге толы болды. Алаң жиегіне жағалай жиналған жанкүйерлер екі команданы да қолдап, демеп отырды. Әйтсе де, «Ярыш», алға!» деген айқай жиі естілді. Гимназияшылардың бірі қарсыласына қарсы ұмтылды, бірақ жартылай қорғаушы оны алдап өтіп, сол қапталдағы шабуылшының ашыла қойғанын көріп, допты оның аяғына салып бер­ді де, өзі алға жүгірді. Сол қап­­талдағы шабуылшы досының әрекетін түсіне қойды. Оның жауапты пасы тура және дер кезінде орындалды. Қорғаныстағы ойыншылардан ширақ қимылдап, жартылай қорғаушы ала доп­ты тоқтатпай тепті. Доп қақпа тоғыздығына тиді... Ярыштықтар шаршаса да, алаңнан шексіз қуанышпен шығып бара жатты. Хавбек Мұхтар Әуезов пен сол қапталдағы шабуылшы Салах Хисматуллин қарсыластарының қорғанысын қалай сеңдей соғыс­тырғандарын естеріне түсіріп, күліп бара жатты...» («Иртыш», №158, 11.06.1967 ж.).

Тарихи мәліметтерге жү­гінсек, миллиондарды баурап алған футбол ойыны ағыл­шын­дардан көрші Ресейге XIX ғасырдың аяғында жеткен. Ал біздің елге футбол осы көр­ші­мізден келгенге ұқсайды. 1912 жылы Мәскеуден Семейге Н.Куп­риянов деген келіп, көпес Плещеевтің дүкенінде қызмет жасапты. Ол өзімен бірге доп, қақпа торы, спорттық форма секіл­ді асай-мүсейлерін ала кел­ген. Доп қууға құмартқан жас­тар­дың басын құрап, ойындар өткізіп тұрыпты. Енді бір дерек­терге қарағанда, Сібір мен Орта Азияға ірі сауда орталығы ретін­де танымал болған Семейге ағыл­шын­дардың өзі алып келген-мыс.

Әйтеуір не керек, 1913 жылы Семейдегі ерлер гимназиясы мен семинариясында алғашқы футбол командалары ұйымдастырылады. Қазақ жерінде бұған дейін бол­ған футбол ойындары мен коман­далары туралы басқа дерек болмағандықтан, Семей қаласын еліміздегі футболдың отаны деп мойындаған ләзім. Ал мұндағы жүз жыл бұрынғы футбол ойындары туралы деректер жеткілікті. Мұхтар Омарханұлының ағасы Ахмет Әуезовтің «Бала Мұхтар» (1967 ж.) кітабы, «Ярыш» клубында ойнаған Әбдінасыр Мир­шанов («Спорт» газеті, 8.01.1963 жыл) пен Салах Хисматуллин («Семей таңы» газеті, 29.04.1977 жыл) және т.б. адамдардың мақалалары соған дәлел.

Елімізде футболдан алғашқы ха­лықаралық жолдастық кездесу де осы Семей қаласында өткізілді. Мұн­да бірінші дүниежүзілік со­ғыс кезінде тұтқынға түскен чех азаматтарынан құралған ко­манда болған. 1918 жылы ССК (Семипалатинский спортив­ный кружок) командасы солармен ойнапты. Сөйтіп, семей­лік­тер Қазақстанда алғаш рет нағыз үлкен футболдың куә­сі болған екен. Чехтардың тех­ни­калық дайындығы мықты бол­ға­нымен, кездесу 2:1 есебімен жер­гілікті команданың пайдасы­на шешілген. Бір айта кетері, ойын­ға қатысқан М.Семгин де­геннің естелігіне қарағанда, шет­­елдіктерден құралған ко­ман­д­­ада Стокгольмде өткен V Олим­пия ойындарына қатысқан авс­триялық үш азамат болыпты.

Ресейлік спорт журналисі Валерий Лямкин өзінің «Легенды Алтайского футбола» кітабында 1914 жылы Барнауыл мен Томбы қалаларынан командалар Семей қаласына арнайы барып, футболдан жолдастық кездесу өткізгені туралы жазған. Семейде «Ярыштан» басқа ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» командалары болғаны белгілі. 1914 жылдың жазында болған Семей мен Барнауыл командаларының арасындағы кездесуде Николай Иванов деген жерлесіміз гол соғып, семей­ліктердің жеңіске жетуіне үлес қосқан. Сол жыл­дың аяғына таман «Олимп» құра­мындағы Николай Иванов пен Иван Соколов әскер қатарына алынып, бірінші дүниежүзілік соғыста қаза болыпты. Майданға алынған тағы бір ойыншы Евгений Попов Қазан төңкерісінен кейін Семейге қайтып оралып, кейін басқа қалаға көшкен.

Қазақ жерінде ғасыр бұрын болған футбол командалары және бұлар ғана емес. 1915 жылы Павлодар қаласында «Ястреб», «Звездочка», Өскеменде «Марс», «Ястреб» деген команда­лар болған. Бұл командалар Ресей губе­р­нияларындағы ұжым­дар­мен бірнеше жолдастық кездесу­лер өткізіпті. 1921 жылы Әу­лие ата қаласында да (қазіргі Тараз) жерг­ілікті командалардың қа­ты­суымен жолдастық ойындар өткен. 1928 жылы Петропавл қаласында губерниялар арасында тұңғыш рет ресми жарыс өтіп, одан кейін Қазақстан құрама командасы жасақталған. Бұл ұжым Қазан қаласында өткен Бүкілодақтық жұмысшылар спартакиадасының іріктеу ойындарына қатысыпты. Қазақ КСР-нің тұңғыш чемпионаты мен кубогы 1936 жылы өткізіліп, онда Алматы қаласының құрамасы жеңіске жетіпті. 1937 жылы Алматының «Динамо» футбол клубы алғашқы болып шеберлер командасы мәртебесін алып, КСРО чемпионатының «Шығыс қалалары» тобында өнер көрсеткен. Бұл жарыста «Динамо» жеті команда арасында үшінші орынға табан тірепті. Ал 1940 жылы Алма­ты­ның «Динамо» командасы Кеңес Одағы шеңберінде алғашқы табысқа қол жеткізді. Динамошылар Дондағы Ростовта өткен дене тәрбиесі ұжымдары арасындағы КСРО кубогының ақтық сынында Таганрог қала­сының «Торпедосын» 3:1 есебі­мен ұтып, бас жүлдені жеңіп ал­ған. «Динамо» қатарынан екі рет Қазақстан чемпионы болды. Орта Азия командалары арасындағы Бүкілодақтық турнирде табысты өнер көрсеткен.

1955 жылы өткен Бүкілодақ­тық біріншілікте Қазақстан футболының атынан Алматының «Урожай» командасы өнер көрсетті. Бір жылдан кейін команданың атауы өзгеріп, «Қайрат» болды. 1960 жылы «Қайрат» КСРО чемпионатының «А» класында ойнайтын командалар қатарына қосылды. Жер­лестеріміз «Динамо», «Спар­так», «Зенит» және басқа да атақты командалармен күш сынасу мәртебесіне ие болды. «Қайрат» футболшылары өзінің тарихында ең үлкен табысқа 1986 жылы қол жеткізді. Сол жолы олар жоғары лигада ойнаған 16 команданың ішінде 7-орынға табан тіреген. «Қай­раттың» құрамында жүріп, Вадим Степанов, Сергей Квоч­кин, Станислав Каминский, Леонид Остроушко, Тимур Сегізбаев, Владимир Асылбаев, Виктор Абгольц, Сейілда Бай­шақов, Владимир Никитенко, Вахид Масудов, Фанас Сәлімов, Құрбан Бердыев, Сергей Сту­кашов, Евгений Яровенко, Евстафий Пехлеваниди және басқа да футболшылар Қазақстан футболының тарихында өшпес­тей іздерін қалдырды. Осын­дай тарихы бар, негізі мықты «Қай­раттың» 1992 жылы Тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш чемпионаты мен кубогын жеңіп алуы да заңды еді.

Ал Қазақстан Футбол федера­циясының ФИФА-ға мүше бол­ғанына 25 жыл, УЕФА-ға мүше болғанына 15 жыл толатын биыл­ғы жыл – егемен еліміздің футболы үшін айтулы белес. Алашорда үкіметінің ғасыр тойы­мен қатар келіп отырған бұл даталар атаусыз қалмауы керек. Алаштың онсыз да әйгілі Әуезові қазақтан шыққан тұңғыш футболшы болғанын таңданып та, мақтанып та айта жүргеніміз артық емес. Әйтеуір бір заманда қазақ футболының бағы ашылып, әлемге танылар күні туар. Сонда оның көш басында тұрған тұлғаның да осындай заңғар болуы абыройға абырой қосары анық.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

АСТАНА



КОЛУМНИСТЕР

Гүлзейнеп Сәдірқызы,

Ең ауыр күнә

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»

Ұлттарды ұйыстырудың ұтымды үлгісі

1995 жылғы 1 наурызда Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Президент жанынан басты міндеті мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы әріптестік негізінде этностар мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, тиімді этносаралық іс-қимыл жүргізу, біртұтас саяси, құқықтық, мәдени орта қалыптастыру болып белгіленген жаңа консультативті-кеңесші орган құрылды.

Айбын ШАҒАЛАҚ, "Егемен Қазақстан"

​Елбасы һәм елдік жобалар

Ғасырға бергісіз осы 25 жылдың ішінде біз санамыздағы «сарысулардан» арылып, еңсемізді тіктедік, елдігіміздің іргесін бекіттік. Отарлық саясат құрдымға жібергісі келген ұлттық құндылықтарымызбен қау­ыштық. Дініміз бен діліміз қайта жаң­ғырды. Тағдыр жазуымен түрлі кезеңдерде киелі Қазақ жеріне келіп тұрақтаған ұлыстардың ынтымақ-бір­лігі нығайып, біртұтас халық ретінде қалыптасуға бет алды. Оның бүгінгі айқын көрінісі – Елбасының Мәңгілік Ел идеясының Қазақстан қоғамы тарапынан дұрыс қабылдануы және осы мұрат жолында ұйыса бастауы.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

​Тарих кені – туған жер

«Қазағымның көп тарихы Көк­шеде, қаланып тұр Оқжетпестей текшеге»... Осыдан біраз жылдар бұ­рынғы бір өлеңімізде осылай деп­піз. Шын мәнінде де Көкшетау халқымыздың кенен тарихы қат­пар­ланған қасиетті жерлерінің қа­тарынан ойып тұрып орын алатынына сөз бар ма?

Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

​Ұлтты танып болдық па?

Өткен 25 жылдың ішінде дамыған елдердің үлгісінде технологиялық трансфертті жүзеге асырдық. Алыс-жақын мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынастарды реттедік. Осы үдерістерді қорытындылаған ғылыми орталықтар Қазақстанда экономиканы нарыққа көшіру үрдісі аяқталды деп отыр. Яғни, ендігі кезекте әлеуметтік-рухани, адами-шығармашылық мұрат­тарды сол экономика арқылы баянды етуді шұғыл қолға алу керек.

Пікірлер(0)

Пікір қосу